Жындыдан құтылар күн қашан?

0
1010

«Тәрбие басы – тіл» деген екен Махмұд Қашқари. Тобықтай ғана сөздің терең түйініне бойлай бермейтініміз өкінішті-ақ. Бойлаған былай тұрсын, жат сөздерге жата жармасып,  жатырқамастан жаттап, жадыға сіңіріп алатынымызға не дерсің?

Жаргон сөздерді айтамын, тілді тізгіндеп, тартып сөйлейін десең де, ойламаған тұста орынсыз қылаң беретіні бар. Қарабайыр тірлікте қалыпты құбылыс көрінгенмен, қазақтың құнарлы тілін іштен шірітетін шұбар жылан демеске лаж жоқ. Қыстырылып қайдан, қалай қосылып үлгергенін кім білсін, әйтеуір жаргон сөздер жастар арасында кәдімгідей сәнге айналған. Лингвистердің пайымдауынша,  13-23 жас аралығындағы жастар жаргон сөздерді қалт жібермей қағып алып, сөздік қорына енгізіп жіберетін көрінеді.

Жалпы, «жаргон» сөздер дегеннің мағынасын түсіндірме сөздікте «Жаргон (ағылш. slang; jargon;) – әлеуметтiк диалект, белгілі бір әлеуметтік немесе қызығушылығы ортақ топтардың басқаларға түсініксіз, құпия мағынада сөйлесуі. Жастар ара­сында ауызекі сөйлеуде жиі тараған әдеби мән-мағынасы жоқ үйлесімсіз сөздер» деп көрсеткен екен. Сонда, мәні мен мағынасы жоқ, сыйқы кеткен сыңаржақ сөздерге неге құлықты екенімізді түсінбей-ақ қойдым.

Оны қойшы, атам қазақ «сынықтан басқаның бәрі жұғады» деп тегін айтпаса керек, құлаққа түрпідей тигеніне қарамастан тұрпайы сөздерді біз де сіңіріп алған екенбіз. Көп алдында сыпайы сөйлеп, аңдап баққаныңмен, күнделікті тұрмыста аузыңнан сырғып,абайсызда шығып кетеді екен. Тамырымен отамасың, жаңбыр тисе қаулай түсетін арам шөп іспетті. Хош, сонымен сөзді лайлап, тілді шұбарлаған қандай сөз десеңізші.

Әлдеқашан «сәнге» айналған «ЖЫНДЫ» сөзін айтамын. Рас қой. Әлдебір ойымызды әсірелеп, нақышымен әспеттеп жеткізу үшін қолданылатын  гипербола дерсіз.

«Мынау үй ЖЫНДЫ екен. Анау көлікті айтсаңшы, ЖЫНДЫ ғой, ЖЫНДЫ».

Мағынасына келсең, үш қайнаса сорпасы қосыла қоймайтын, қарабайыр сөз. Әйтпесе, түбін тарқатсаң, ақыл- есінен алжыған адамды «жынды» демей ме? Немесе «жын соққан, ішіне жын кірген» деген мағынаны білдірсе керек. Ал, біз үшін, ЖЫНДЫ деген хит сөз. Өткенде бір сауда орталығын аралап келе жатып, дүкенің маңдайшасына жазылған жазуға көзім түсіп кетпесі бар емес пе?

«ЖЫНДЫ КӨЙЛЕКТЕР» деп жазып қойыпты. Ал, керек болса. Жынды көйлек сатып алып, үйге қайттым.  Хош, сонымен, несін жасырайын, менің де санамның бір түкпірінде осы сөз қашалып, қалып қойған ғой. Бір күні дәмділеп тұрып бәліш пісіргенмін. Енді, бәліш тамаша шығыпты. Дәмі тіл үйіреді. Әсірелеп мақтанбасаң болмайды. Содан не керек, жолдасыма: «Отағасы, бәлішім қалай пісіпті? Дәмі жынды ма екен?» деп көз салдым. «Жынды екен» деп жымиып еді. Жанымызда кішкентай қызым қарап отырған болатын. Оған мән бірген жоқпыз.

Бір күні қаперімде ештеме жоқ, алаңсыз теледидар алдында жайғасып отырғанмын.  Бар пәрменімен қызым жаныма жүгіріп жетті. Ентігін баса алмай: «Ана деймін, анашым! Әкем … әкем … ана жақта…» деп тұтығып тұрып қалды. Тапырақтап жетіп келген қызымның аузына қарап қалыппын. Терең тыныстап алды да: «Әкем  ЖЫНДЫНЫ жеп қойды» дегені бар емес пе? Күлкіден ішегім түйіліп қала жаздады.

Әсілінде, күлетін жағдай емес, жылайтын-ақ дүние.

Ұлтарақтай жерін қызғыштай қорып, тілі мен дінін шашау шығармай саф күйінде ұрпағына қалдырған бабаларымыз бұл күйімізді көрсе күйініп, бетін басар ма еді, кім білсін. Кезінде Кеңес дәуірінің қыспағына қарамастан қазақ тілін көзінің қарашығында қорып, тіл туралы еңбектер жазған алаш қайраткері, ағартушы-ғалым Ахмет Байтұрсынұлы былай деген екен: «Өзтіліменсөйлескен, өзтіліменжазғанжұрттың ұлттығы ешуақыттаадамықұрымайжоғалмайды. Ұлттыңсақталуынада, жоғалуынадасебепболатыннәрсеніңеңқуаттысы – тілі. Сөзіжоғалғанжұрттыңөзідежоғалады».

Қарабайыр, жат сөздерді қыстырмалап сөйлеудің кесірі бүтін бір ұлттың тіліне нұқсан келтіретінін ойлап жатқан кім бар? Жаргон сөзді жапсырмай сөйлесек тіліміз сынып қалатындай. Әспеттеуге теңеу таппай амалсыз ауызға алған сөздеп ақталуға да келмейді. Өйткені, қазақ тілі –сөздік қоры бойынша әлемдегі ең бай тіл қатарында екен. Дерекөздеріне үңілсек, әлемде алты мыңнан аса тіл болса, қазақ тілі сөздік қоры бойынша үздік үштіктің қатарында тұр екен (Islam.kz).

Қазақ тілінің кеңдігіне күмән келтірудің өзі зор күнә. Ақын-жазушылар қазақ тілінің шұрайлығына тәнті болып, әрбір жазбасында айрықша әспеттеп отырды емес пе? Мәселен Бауыржан Момышұлы: «Қазақ тілі сұлулығымен бой балқытып, тамыр шымырлататын, жан жүйеңді жандырып, құлақ құрышын қандыратын, өткірлігімен қысылтаяң тұста ер мен елге бірдей медет беріп, адам түгілі жағдайдың аузына құм құятын ғажайып, кемел тіл» десе, Жүсіпбек Аймауытов «Ана тілі — халық болып жасалғаннан бері жан дүниесінің  айнасы, өсіп-өніп, түрлене беретін  мәңгі құламайтын бәйтерегі».

Олай болса, тіл тұнығын лайлауға тосқауыл қойғанымыз жөн.

Рас, ана сүтімен дарыған қазақ тілін қорып, қорғайтындар да баршылық. «Тіл сақшысы» жасақталып, жат сөздер мен теріс аудармаларды, мағынасы мәнсіз сөздерді тазартуға кірісіп те жүр. Дей тұрғанмен, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» екенін ескеріп, тіл тазалығын әрбіріміз өзімізден, өз отбасымыздан бастағанымыз жөн. Сөз басындағы әйгілі ойшыл Махмұт Қашқаридың «Тәрбие – тілден басталады» деген сөзін жадыдан шығармағанымыз абзал.

Баян Талдыбай

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.