Сәт сапар, «Мұнайлы астана!»

0
1312

Осыдан ғасырдан астам уақыт бұрын, яғни, 1899 жылы қазіргі Атырау облысы аумағы, Қарашүңгіл елді мекенінен алғаш мұнай табылған болатын. Биыл сол Қарашүңгіл кен орнындағы №7 ұңғыманың 40 метр тереңдігінен алғашқы мұнай фонтанының атқылағанына 120 жыл толады. 1911 жылдан бастап мұнайды өнеркәсіптік деңгейде өндіре бастаған Атырау бүгінде «Мұнайлы астана» атына ие болды. Қазірде мұнай мен газға бай Атырау өңірінің экономикалық өсімі жылдан-жылға жақсарып келеді. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев басшылық етіп отырған аймақ елді мекендері көгілдір отын және ауыз сумен 100 пайыз дерлік қамтылған. Өңірде көптеген ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, Атырау алып өнідіріс ошағына айналды. Бұл өңір нағыз мұнайлы астана. Республикада өндірілетін барлық мұнайдың 52 пайызы Атыраудың еншісінде екенін айтсақ та жеткілікті. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық әлеуеті артып, өндіріс, тұрғын-үй, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, мәдени сала, ғылым-білім, цифрландыру бағытында да іргелі істер атқарылуда. Жалпы алғанда, аймақтың даму қарқыны жақсы. Соған сәйкес, «Қазақстан дәуірі» газеті мұнайлы аймақтың жаңалықтарын беріп отыратын «Мұнайлы астана» бетін ашуды қолға алды. Мұнда өңірде болып жатқан барлық жаңалықтарды, тіршілік-тынысын, көкейтесті мәселелерін, мұнайшылардың өмірін, тағдырын, тарихын кеңінен толғап жазып, назарларыңызға ұсынып отырамыз. Сәт сапар, «Мұнайлы астана!»

Қаржы жеткілікті ме, жұмыс істе, полиция!

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев құқық қорғау органдарын цифрландыру мәселелері бойынша ведомствоаралық комиссия отырысын өткізді. Бұл туралы Атырау өңірлік комуникациялар қызметі хабарлады. Облыс прокуроры Х.Дәуешовтың айтуынша, өңірде цифрландыру, қылмыстық істерді электронды түрде тіркеу жұмыстары әлі де жетілдіруді қажет етеді. 2017 жылы облыстық бюджеттен полиция департаментін, бөлімшелерді қажет техникамен жабдықтауға 406 млн теңге бөлінген. 262 компьютер сатып алынды.
— Тіркелген істердің 27,3% ғана электронды түрде жүргізіледі. Бұл төмен көрсеткіш. Электронды түрде тіркеліп, кейін қағаз үлгіге ауыстырылатын деректер де бар. Бұл көбіне ашылмаған қылмыстарға қатысты. Алайда, электронды үлгіге ауыстырылған қылмыстық істердің көрсеткіші төмен. Ақтөбе, Атырау, Ақмола облыстарында электронды жүйедегі істер қатары аз. Ақмола облысында техникамен қамтылу —3%, Ақтөбеде — 30% болса, бізде — 75%. Барлық қажетті техникамен қамтылғансыздар, бәрі жаңа, бірақ дұрыс пайдаланылмайды. Себебі неде? Бюджеттен 406 млн теңге бөлінген, бірде бір облыста мұндай қаражат қаралмайды, бұл әкімдік тарапынан үлкен қолдау, алайда, көріп отырғанымыздай полициялар мүмкіндікті пайдаланбайды, — деді облыс прокуроры.
– Бұл полиция департаментіне ғана айтылған сын емес, атқарушы органдарға да қатысты. Бүгін прокуратура полицияны сынайды, миллиондаған қаржыны алып отырып, мүмкіндікті пайдаланбады деп. Ертең есеп комиссиясы егер жұмыс жүрмесе, неге осынша қаражат бөлетінімізді сұрауы мүмкін. Бұл қаржыны неге мысалы басқа әлеуметтік нысандарға бөлмейміз? Сонда не деп жауап береміз? Бұл сұрақ бәрімізге қатысты, — деді Нұрлан Ноғаев. Бұл ретте жағдайдың нақты себебін анықтау маңызды. Пікірталаста отырысқа қатысушылар полицияның осы бағыттағы жұмысының көңілден шықпауына кадр жоқтығы басты себеп деген қортындыға келді. Жиында, сондай-ақ, жергілікті полиция басшысы Әлібек Қайыровтың баяндамасы тыңдалды. Қылмыстың көбейгені туралы деректер болғанмен, жалпы жағдай тұрақты. Облыс әкімі атқарушы билік құқық қорғау органдары дұрыс жұмыс істеу үшін барлық қажет жағдайды жасап отырғанын атап өтті.
— Жергілікті тұрғындар проблема бола қалса, алдымен учаскелік полицияға және әкімдік өкілдеріне хабарласады. Біз учаскелік полиция қызметкерлерін тұрғын үймен қамтып отырмыз, учаскелік полиция бөлімшелері салынуда. Бұл өз кезегінде қылмыс санын азайтуға мүмкіндік береді. Фото, бейне тіркеу жобасын жүзеге асырудамыз. Жыл соңына дейін бейнебақылау камераларының санын 1,5 мың бірлікке жеткіземіз. Сіздердің тараптарыңыздан да жұмыс пен нәтиже керек, — деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.
Облыс әкімі отбасыларды талқандап, адамдарды банкроттыққа дейін әкеліп жатқан букмекерлік кеңселердің жұмысына полицияның назарын аударды.
— Букмекерлік кеңселердің жұмысына қатысты шағымдар көп. Адамдар бір күнде бар жиған-терген ақшаларын шашып кетеді. Олар заңды жұмыс істейді дейді, бірақ заңсыз казинолар мен осындай орындардың бары рас. Біріккен рейд жүргізіп, заңсыз әрекеттерді анықтау қажет. Мұның бәрі түптеп келгенде қоғамдық қауіпсіздікке әсер етеді. Бұл кәсіпкерлік қызмет, жұмыстарына араласуға ниетті емеспіз, бірақ олар да құқықтық алаң шеңберінде жұмыс істеулері тиіс, — деп атап өтті Н.Ноғаев.

Құрғақ құрылыс қоспалары қайта шығарыла бастады

Атырау облысы, Индер ауданы орталығында «Ақтау Битум» құрғақ қоспа зауыты ашылды. Озық технологиямен жарақталған өндіріс орны нарыққа сапалы өнім шығарады. Алдағы уақытта 82 адам жұмыспен қамтылмақ. Жалпы, «Алтын сандық» аталған Индер ауданында қазба байлықтың алуан түрі бар. Оны алғашқыда кешенді игеру мақсатында «BIAS TECH» ЖШС жұмыс жасай бастаған. Өндіріс көлемі де ауқымды еді. Жобалық қуаты 125 мың тонна гипс шығаруды қамтамасыз ете алса, құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру жылына 150 мың тоннаны құраған. Дегенмен, 120 адам жұмыс істеген зауыттың тірлігі көпке ұзамады. Осыдан бес жыл бұрын қаржылық қиындықтарға байланысты өндіріс тоқтап қалды.

Өткен жылдың қыркүйегінде «АзияКредитБанкі» мен «Fincraft Resources» акционерлік қоғамы жалға алу арқылы сатып алу келісім-шартын жасаған болатын. Соған сәйкес, «Fincraft Resources» компаниясының еншілесі — «Ақтау Битум» серіктестігі жыл басында зауытты оңалтуды қолға алды. Ескі техникаларды қалыпқа келтіріп, жаңасын әкелді. Түркияның құрал-жабдығын орналастырды. Білікті мамандарды тартып, жұмысты жүйеге түсірді. Соның нәтижесінде енді зауыттың жылына 120 мың тонна өнім шығаратын мүмкіндігі бар. Еліміздің гипс тас пен құрғақ құрылыс қоспаларына деген сұранысының бір бөлігін қамти алады. Өндіріс орнынан 30 шақырым жерде гипс өндіретін және ұсақтап сұрыптайтын кешен жұмыс жасайды.
Бұл жерден 0-300 фракциялы гипс тасын алуға болады. Зауыт жеке теміржол тұйығымен қамтамасыз етілген. Осының бәрі сапалы өнімді тұтынушыға кедергісіз жеткізуге мүмкіндік береді, — дейді «Ақтау Битум» құрғақ қоспа зауытының қаржы жөніндегі директоры Дамир Мусин.

Бір аудандағы қос мәдениет үйі

Индер ауданының Есбол және Бөдене елді мекенінде мәдени нысандар өз жұмысын бастады. Жаңа нысандар «Теңізшевройл» ЖШС-нің «Игілік» ерікті әлеуметтік инфрақұрылым бағдарламасы аясында салынған. Нысандардың ашылу салтанатына Атырау облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Таубаев, «Теңізшевройл» ЖШС-нің бас менеджері Әсет Құрманбаев, облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов, Индер ауданының әкімі Мейірім Қалауи және ауыл тұрғындары мен ардагерлері қатысты.

2016 жылы «Теңізшевройл» аталған бағдарлама аясында Индербор ауылында 400 орындық мәдениет үйінің құрылысын жүргізген болатын. 2017 жылы осы ауданның Ынтымақ ауылында компания есебінен 120 орындық мектепті іске қосты.ТШО компаниясы 90 жылдан бері облыста 84 әлеуметтік инфрақұрылымдық нысан салған болатын.
Бүгін кезекті нысандардың ашылуына куә болып отырмыз. Нысанның салынуына 2 жыл уақыт кетті. Бөдене ауылындағы 200 адамдық және Есбол ауылындағы 300 орындық мәдениет ошақтары толықтай қажетті жабдықтармен жабдықталған,- дейді Әсет Құрманбаев.Бөдене ауылындағы мәдениет үйі 200 адамға арналған. Оның құрылысы осыдан үш жыл бұрын басталған еді. «РайымбекСтройСервис» ЖШС өкілдері жаңа нысанның барлық талапқа жауап беретінін айтады. Өйткені, нысан сапалы салынған. Жекешелендіру кезінде бұрынғы мәдениет үйі талантаражға түскен ауыл үшін бұл айта қаларлықтай жаңалық.Есбол ауылының тұрғындары да ерекше қуанышқа кенелді. 300 орындық нысанның жалпы сметалық құны 805,2 млн. теңгені құрайды. Шынымен көмкерілген мәдениет үйі ауыл көркіне ерекше сән беріп тұр.

Ансамбльдер
мен
оркестрлер шеруі

Атырауда 7 мың мектеп оқушысы мен колледж студенттерінің қатысуымен халықаралық балаларды қорғау күніне орай ансамбльдер мен оркестрлер шеруі өтті.Атаулы мереке мұнайлы өңірде дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырылып отырады.Сонымен бірге, айтулы шарада түрлі этномәдени орталық өкілдері мен Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5556 әскери бөлімінің оркестр ұжымы да өнер көрсетті.Шара қатысушылары алдымен орталық көпірдің үстімен салтанатты маршпен жүріп өтті. Кейін Сұлтан Бейбарыс атындағы орталық алаңда бас қосты. Онда құнды мұражай жәдігерлері қойылып, мерекенің шығу тарихынан сыр шертті. Өнерлі оқушылар мен студенттер ән-жырдан шашу шашып, шырайлы шаһарды ерекше думанға бөледі.Жиналғандарды облыс әкімі Нұрлан Ноғаев құттықтап, мемлекет тарапынан өскелең ұрпақ үшін барлық жағдай жасалып жатқанын айтты.

«Мұнай дәуірі аяқталған жоқ!»

Атырауда V геологиялық форум өтіп, оған геолог-барлаушылар, мұнай өндіру компаниялары, ғылыми-зерттеу институты, жобалау мекемелері, мұнайшылар қатысты. Форумда сөз алған «KAZENERGY» қауымдастығы төрағасының орынбасары Ұзақбай Қарабалин «Мұнай дәуірі аяқталған жоқ!» — деп мәлімдеді.

Бұл оның ресейлік экономист Герман Грефтің «тас дәуірі секілді мұнай ғасыры да аяқталды» деген танымал мәлімдемесіне жауабы болатын. Рас, Греф мұны бірнеше жыл бұрын «қара алтынның» бағасы қатты құлдыраған кезде айтқан еді. «Содан бері қарай мұнай бағасы 3 есеге артты. Мұнай әлі де ұзақ уақыт жер шарының негізгі энергия ресурсы болады. Халықаралық автоөндірушілер ұйымының болжамы бойынша, таяудағы 20 жылда дәстүрлі жеңіл көліктер саны әлемде 1 миллиардтан 1,5 миллиард бірлікке дейін өседі. Мұнда жеңіл автокөлік мұнай тұтыну құрылымының 27 пайызын ғана қамтиды» деді Ұ. Қарабалин. Оның айтуынша, мұнайгаз-химия саласында соңғы 40 жылда әлемде термопластикті тұтыну 7 есеге артқан. Халықаралық энергоагенттіктердің болжамы бойынша, кем дегенде ол таяудағы 20 жылда екі еселенеді. Әлемдік химия нарығының көлемі қазір 4,5 трлн. доллар деп бағаланып отыр. 2030 жылға қарай ол екі есеге өседі деп күтілуде.
Жиында облыс әкімінің орынбасары А.Крамбевтың атап өткеніндей, республикада өндірілетін мұнайдың 52 пайызы Атырау облысының еншісінде. Біздің өңірімізде 2018 жылы 47 млн. тоннадан астам мұнай мен 23 миллиард ілеспе газ өндірген 28 жер қойнауын пайдаланушы бар.Бүгінде Қазақстан барланған мұнай қоры бойынша әлемде 12-орында тұр. « Өндіру көлемі артуда. Өткен жылы 94,1 млн. тонна рекордтық деңгейге жеттік. 2025 жылы өндіру көлемі 100 миллионнан асуы тиіс. Бірақ ресурстық базаны толықтыру артта қалып отыр. 2009 жылы ҚР мұнай бассейндерін кешенді зерделеу және қолда бар геологиялық деректерді талдау жұмыстары басталды. Қазіргі уақытта «Қазмұнайгаз» бассейндік модельдеу бойынша Каспий маңы, Маңғышлақ, Оңтүстік Торғайдың ең перспективалы аумақтарын қамтитын кең ауқымды жұмыстар жүргізіп жатыр, — деді ҚР Энергетика бірінші вице-министрі Махамбет Досмұхамбетов.

Н.Ноғаев:
Өзгерістерге халықты
алдын ала дайындау
керек

Атырауда дәрілердің рецептісіз сатылмауы үлкен дау туғызды. Бұл дүрбелең әлі де басылар емес. Оның себебі, Денсаулық сақтау министрінің 2019 жылғы 15 сәуірдегі бұйрығына сәйкес «Рецептілерді жазу, есепке алу және сақтау қағидалары туралы» бұйрыққа өзгерістер енгізілген. Енді дәрігердің жазған рецептісі үш жылға дейін дәріханада сақталады. Осыған орай, дәріханалардан жауапкершілік сұралатындықтан, олар тұтынушылардан рецепт талап ете бастаған. Тіпті бас ауруы не қан қысымы дәрілеріне де рецепт сұралуда. Бұған атыраулықтар наразылық танытты. Тіпті, білікті фармацефт, провизорлардың өзі мұның дұрыс еместігін алға тартады.
Аталған мәселеге орай денсаулық сақтау саласының мамандары түсініктеме беріп, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Т.Мусағалиевтің айтуынша, мәселенің ушығуы дәріханадағы қызметкерлердің сауатсыздығынан туындаған. «Препараттар рецептімен бұрында да сатылып келді. Енді рецептілер дәріханада 3 жыл сақталуы тиіс. Ал мұны дұрыс түсінбеген кейбір дәріхана қызметкерлері тіпті парацетамол, корвалол, цитрамондарды сату үшін дәрігердің рецептісін сұраған» дейді. Ал Фармация комитеті Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Сара Оразова «Антибиотиктер, гормондық препараттар, құрамында есірткі құралдары, психотроптық заттары бар дәрілік заттар, парентералдық және стационар жағдайында қолданылатын дәрілік заттар дәрігердің рұқсатымен жіберіледі, ал, дәрумендер, мұрынға арналған тамшылар, сироптар, шөптен жасалған шәй және жиынтықтар, суық тиюге қарсы және ауруды басатын кейбір препараттар дәрігердің рұқсатынсыз сатыла береді» дейді. Мәселеге нүктені облыс әкімі Н.Ноғаев қойды. «Бүгінгі дәріханаларда болып жатқан жағдайдың артық кеткендігі айқын. Адамдарға кімнің кінәлі екені маңызды емес, ол – фармацевтер немесе дәрігерлер ме… Адамдарды хабардар етпестен мұндай шараларды енгізуге болмайды. Аяқ астынан бір күнде бәрін өзгертпей, алдын ала түсіндіру жұмысын жүргізу керек еді. Асыра сілтегендіктен, адамдар дәріханаларда рецептісіз сатылатын қарапайым қызу түсіретін дәрілерді де сатып ала алмады. Мұндайды қайдан көрдіңіз? Осындай өзгерістерге халықты алдын ала дайындап алу керек. Дәріхана қызметкерлеріне қандай дәрілерді рецептісіз сату керектігін түсіндіріңіздер, бұл жағдайды дереу тоқтатыңыздар!» Десе де, кейбір дәріханалар шалағайлығынан шыға алмай, дәрінің бәріне бірдей әлі де рецепт сұрап отыр…

Қала аумағы өсіп жатыр

2016 жылы Атыраудың Бас жоспары бекітілді. Соған сәйкес, облыс орталығы негізінен қала маңындағы Талғайраң ауылының аумағында жоспарланған серігі — Лаэти қаласының (жақын жердегі көне қалашықтың атауымен) есебінен кеңейеді. Бұл туралы Атырау облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Гүлбаршын Арыстанова брифингте хабарлады. Лаэтиде әзірге 100 гектар жерге тұрғын үй массивінің құрылыс жоспары бекітілді. Бұл жерде көппәтерлі 137 үй, әлеуметтік-мәдени маңыздағы нысандар салынады. Бірінші кезеңде таяу уақытта бес қабатты 24 үйдің іргетасы қаланады. Тоғыз қабатты 46 үйдің жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Қала серігінің жалпы алаңы 1300 гектар, бұл жерде барлығы көппәтерлі 365 үй салынып, 75 мың адам қоныстандырылады.14 мамырда облыс әкімдігінің қаулысымен Исатай ауданы Зинеден (Забурын) ауылының теңіз жағалауына алаңы 300 га демалыс аймағын салу жоспары бекітілді. Ол жақта мейманханалар, коттедждер, жартасқа өрмелеуді дамытуға арналған аттракцион, картингке арналған алаң, веложолдар жоспарланған. Осы жерлерде ауысыммен 500 балаға дейін қабылдай алатын демалыс лагерінің жобасы бөлек қаралуда.Атыраудың оң жақ жағалауындағы үйлерді бұзу жұмыстарына келер болсақ: Бас жоспар аясында 2035 жылға дейін мұнда ауданы 430 гектар жердегі үйлерді күреу жоспарланған. Негізінен бұлар қаланың ескі бөлігі. Өткен жылы 18 гектар бойынша жұмыстар басталды. Ол жерде 268 үй бұзылуы тиіс. Бұл жердегі баспананың 171 меншік иесі келісімшарт жасаған, енді өтемақы алады, қалғандарымен келіссөздер әлі жүріп жатыр. Екінші кезеңде 17 гектар бойынша 345 үй күреледі. Ол жерде де меншік иелеріне өтемақы төлеуге қомақты бюджет қаржысы бөлінуі керек.Бас жоспар бойынша Атырау қаласында жеке құрылыс салуға басымдық берілмейді. Жеке тұрғын үй құрылысы бойынша жеке үйлер тек қала маңындағы ауылдарға салынады. 16 ауылдық округ, оған қоса Махамбет ауданының Береке және Алмалы ауылдары әкімшілік тұрғыда облыс орталығына қосылып, тиісінше, Атыраудың ресми ауданы 16 мыңнан 45 мың гектарға дейін көбейеді.

Материалдарды
дайындаған — Ғ.Әділ,
Атырау облысы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.