БАСПАНА БАСТЫ МӘСЕЛЕ БОЛМАУЫ ТИІС

0
799

«Қазақстандық жастар – қоғамдағы әлеуетті әрі ең ірі әлеуметтік топтардың бірі. Жоғары мақсатқа талпынған, дарынды, ақпаратқа сауатты, белсенді, еңбекқор жастар елді түрлендіру үрдісіне өте қажет. Дегенмен олар биіктерді бағындыруы үшін елімізде адамдардың өмір сүру деңгейі де жоғары дәрежеде болуы тиіс. Мұны терең түсіне білген Елбасымыз, ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев биылғы жылды «Жастар жылы» деп жариялап, жас қазақстандықтардың болашаққа нық сеніммен қадам басуына, тәуелсіз болуына ықпал етті. Алматыдағы «Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архиві» РММ-нің (бұдан әрі – ОМҒТҚА) жас архивистері Елбасының Жастар жылының ашылуында айтқан отбасылық қолдау бағдарламаларын ерекше ықыласпен қабыл алды. Мәселен, «7-20-25» бағдарламасының арқасында көптеген жас буын төмен пайызбен тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік алады. Ал бұл өз кезегінде жас отбасыларға өздерінің шаңырақтарын көтеруге үлкен көмегін тигізеді. Ал жұмыспен қамту бағдарламасы бұл мақсатқа жетуге жағдай жасайтыны түсінікті.
Қазіргі таңда «7-20-25» бағдарламасына мемлекеттік қызметкерлер арасында, жастар арасында қызығушылық артып келеді. Жалпы бұл бағдарламаға қызығушылықты көбейткен – бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтіндердің бастапқы 20% жарнасының жартысына мемлекеттік субсидияның берілуі.
Баспана басты мәселеге айналмауы үшін жасалып жатқан осындай ерекше жобаларға қатысу шарттары да өте жеңіл. Біріншіден, сатып алынатын баспананы таңдау керек. Осы орайда тұрғын үйдің шекті құны белгіленеді. Бастапқы кезеңде тек жаңа тұрғын үйді сатып алу өтінімдері қарастырылады. Екіншіден, адамдар тиісті өтініммен және құжаттармен банкке келуі тиіс. Үшіншіден, баспана алуға ниетті адамда несиеге қызмет көрсету үшін қажетті табыстылық деңгейі болуы керек. Төртіншіден, тұрғын үй алатын адамның меншігінде баспанасы болмауы тиіс. Яғни, жаңа бағдарламаға баспанасы жоқ азаматтар ғана қатыса алады. Бірақ әрбір адамның төлем қабілеттілігіне баса назар аударылатынын естен шығармауымыз керек.
Қазіргі күні архив ұжымы да едәуір жасарғанын, жастармен толыққанын айта кеткен жөн. 2 жыл бұрын еңбек ұжымының орта жасы 55 жас болса, қазір бұл көрсеткіш 35 жастың төңірегінде болып отыр. Биылдың өзінде 2 бірдей қызметкеріміз мемлекеттік бағдарлама аясында баспаналы болып отыр. Жалпы алғанда, біздің елімізде жастарды қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалардың тиімді тұстары жетерлік. Тек талмай еңбек етіп мемлекеттіміздің де көркеюіне өз үлесімізді қоса беруге тиіспіз.

Мақсат Шегебаев,
«Орталық мемлекеттік ғылыми–техникалық құжаттама архиві» РММ жоғары санатты архивист маман

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.