Қытай инвестициясынан бас тарту «модаға» айналып барады…

0
376

Әлемдегі көптеген елдер «стратегиялық әріптес» ретінде айтып жүрген Қытайдың кейбір жоспарлары мен инвестициялық келісімдері ендігі жерде «май шаммен» қаралатын мәселеге айналып бара жатыр. Қытай тарапынан ортаға тасталған, «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасы да халықаралық қауымдастық алдында «күмәнді жоба» екендігі талқыға салынғалы да бірнеше жылдың жүзі болды. Ішінара кейбір мемлекеттер Қытай инвестициясының болашақтағы қатерін ескере отырып, бастапқы уәделерінен тайқып шығуда. Ал кейбір елдер «Бір белдеу, бір жол стратегиясынан» ресми түрде бас тарту туралы ойланып жатқандығы айтылуда.
Австралиялық «АВС арнасы» жақында, Австралия федералдық парла-ментінің депутаты, «дипломатия, мемлекет қорғанысы, сауда комитетінің» жетекшісі Ник Чампион мырза «оқшау ойын» жариялады. Телеарнаға сұхбат берген Ник Чампион, Австралия үкіметіне, Қытайға 99 жылға жалға беруге келіскен Дарвин портының меншіктену құқығын қайтарып алуға үндеді. Никтің айтуынша Дарвин портының жекешелендірілуі мемлекет қорғанысына ықпал етеді екен. «Бұл аса маңызды порт. Солтүстік аймаққа мемлекет қорғанысына қажетті құрылғыларымыз орналасқан. Сондықтан бұл өңірге көбірек көңіл бөлуіміз керек» дейді. Никпен көзқарасы ұқсас көптеген депутаттар, стратегиялық жақтан аса маңызды саналатын портты Қытайларға ұзақ мерзімге жалға беруге қарсы екендіктерін айтқан. Ондағы себеп- экономикалық тұрғыдан маңызды әріптес саналатын қытайлар мен «келіспей қалу», Австралия үкіметіне орасан зор шығын әкелетін көрінеді.
Австралияның Солтүстік автономиялы аймағы (Northern Territory) үкіметі, 2015 жылы Қытайдың Landbridge компаниясымен, Дарвин портын 99 жылға жалға беру туралы тоқтамды жария еткен. Порттың жалға берілу құны 500 миллион доллар делінген. Аталмыш келісім жария етліген кезде, шетелдік басылымдарда бұл Қытайдың Үнді-Тынық мұхит аймағына ірге кеңейтуінің бір көрінісі ретінде бағаланған. 2019 жылдың маусым айында БАҚ-беттерінде «Австралия үкіметінің солтүстіктегі порттың маңынан жаңа терминал ашып, оны АҚШ- теңіз армиясы құрлықтық соғыс бөлімшелеріне бермекші» болғандығы туралы мақала да жарық көрген. Бұл хабар тарала салысымен Қорғаныс министрлігі пікір білдіріп, оның «жалған ақпарат» екендігін айтқан еді.
Қытайдан келетін инвестиция мәселесіне сақтықпен қарап отырған елдердің бірі- Қырғыз Республикасы. Бұл елдегі халықтық толқуларға мемлекет көңіл бөліп отырады. Кешеден бері әлеуметтік желілерде, Қырғыз Республикасы, Нарын облысы өңіріндегі Солтон-Сары кенінде жұмыс істеп жатқан Қытайлық жұмысшылар мен жергілікті тұрғындар арасындағы жанжал туралы бейне жазбалар таралып жатыр. Қырғыз БАҚ-тарының хабарлауынша қазір Бішкектен шыққан үкімет өкілдері халықпен сөйлесіп жатқан көрінеді. Қазірге дейінгі мәлімет бойынша жанжал кезінде 30-дан астам адам жараланған. Оның барлығы Қытайлық «Jhong ji Mining» компаниясының жұмысшылары екен. Жергілікті тұрғындар, Бішкектен барған мансаптыларға «кен орнында жұмыс істеп жатқан Қытай компаниясының жұмысы тоқтатылсын!» деген талаптарын қойған. Бұл даудың қалай аяқталары әзірге белгісіз.
Қытайлық «Jhong ji Mining» компаниясы, Солтон-Сарыда кен қазу туралы мемлекеттік лицензияны 2012 жылы алған екен. Бастапқы мөлшерде, бұл кен орнында 11 тонна алтын қоры бар деп болжанған.
Сонымен Қытаймен «одақтасуға» мүдделі елдер саны кеміп барады. Әсіресе соңғы жылдары қытай жұмысшыларымен жанжалдасу – үлкен проблемаға айналып тұр. Қазақ пен Қытай жұмысшылары арасындағы дау – жанжал қазір әлемге белгілі. Енді оған ТМД аймағынан айыр қалпақты қырғыз ағайын қосылды. Мақсаттары: Әділетсіздікке тосқауыл қойып, қытай мен қырғыз жұмысшыларының еңбек шарттарын қайта қарату. Бұл бізге де сабақ болса, шіркін!

Ерқазы Сейтқали

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.