Аманатқа қиянат жасама, бауырым!

0
714

Күнделіктегі қу тіршілікке толы өмірімізге тереңірек зер салып, философиялық, моральдық-психологиялық тұрғыдан (нақтырақ айтқанда,қазақи көзқараспен) ой толғауына салғанда бүгінгі қоғамымыздың даму мәселесін сөз етер болсақ, өзге елдерден үйренетін, тәлім-тәрбие алатын кемшін тұстарымыздың көптеп кездесетіні ешкімге де жасырын емес.
Үстіміздегі жылдың көктем айларындағы жол сапарым барысында орын алған шағын бір оқиға солардың қатарында. Нақтылай түссем, өткен наурыз мейрамының қарсаңында бір топ кісілер, сонау батыстағы ағайынды көрмек болып, Алматы-Атырау поезына отырып, кешкісін жолға шықтық. Өз орындарымызға орналаса жатып, көрші-сапарлас кісілермен танысып та, әңгіме-дүкен құрып та үлгеріп жатырмыз. Ертесі күні қызу-әңгімелеріміз әйгілі ғарыш айлағы Байқоңыр қаласына дейін жалғасып, кешелі-бері сапарлас болған бір топ көршілеріміз бізбен қош айтысып түсіп қалды.
Арада, төрт-бес сағат өтер-өтпей ойламаған жерден Байқоңырдан қоштасып түсіп қалған аға қоңырау шалып, хал-жағдай сұрасқаннан кейін, асығыстықтан шағындау сөмкешесін ұмытып қалдырғанын, оның ішіндегі заттардың бағалары айтарлықтай қымбат болмаса да, көп жыл өмірсерік болып келген жеке қолданыстағы заттары ретінде оған өте қымбат екенін, оны тауып алып, жолсерікшіге табыстауымды өтінді. Алматыға қайтарында Тараздан, ойда жоқта айырылып қалған сөмкешесінің көрімдігін беретінін аманат етіп табыстады.
Айтылған сөздің мән-жайын түсінген мен, сол сәтте ақ іздеуге кірісіп, жоғарғы жатар орыннан ағаның суреттеген сөмкешесін тауып алып, сол заматта ақ вагонымыздың жолсерігінің біріне (олардың екеуі де әйел кісілер болатын), ағаның айтқан өтініштерін жеткізіп, өз кезегінде аманат етіп табыстадым. Ұмыт қалған бұйымдарының өз орнынан табылғанын, оларды жолсеріке табыстағанымды қоңырау шалып айтып, көңілім біршама орын тапты, тіпті жасыратыны жоқ, кісі затының оңай табыла қойғанына, кісі аманатын бұлжытпай орындаудың оңай сәті түсе кеткенінен болар, бойымды біртүрлі жағымды сезім ұялады.
Көп ұзамай ауылға оралып, күнделікті жұмысымызға да кірісіп кеткенбіз. Ойда жоқта, арадан шамалап бір жеті уақыт өткенде, аға телефон соғып, аман-саулықтан соң баяғы жолсеріктерінен ешқандай хабардың жоқтығын, телефон қоңырауына жауап бермейтінін айтқанда, абдырап не айтарымды да білмей қалғаным осы күнге дейін есімнен шығар емес. Керісінше, есіме түскен сайын өзімді біртүрлі қолайсыз сезініп, мойынға алынған аманаттың орындалмауына не себеп, қандай кедергілер болуы мүмкін деген сияқты көптеген сұрақтар есімнен кетпей мазамды ала бастады. Енді, араға екі-үш күн салып, сол ағаға өзім мән-жайды білмек болып, қоңырау шала бастадым. Таңқаларлығы ешқандай өзгеріссіз жауаптар. Ол да, менде аң-таңымыз өз алдына, қолайсыз жағдайда жүріп жаттық. Солай түсініксіз жағдайда жүргенімізде және де біраз уақыт өте шықты. Күндердің күнінде ағамыз хабарласып, әңгіме арқауы болып отырған жолсерік азаматшаның сол сапардан соң-ақ ауырып қалғанын, бір сөмкешені біреулердің табыстағанын, бірақ оған дұрыс мән бермегенін, ол бұйымдарды сол вагонда қалдырып кеткенін, тіпті ол жайлы ұмытып кеткенін айтып, сөз соңында әріптестері арқылы сұрастырып білуге тырысатынын жеткізетінін айтып ақталғандай сыңай танытыпты. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, іздестірген бұйымнан бүгінде ешқандай дерек те, үміт те жоқ. Бұл кездегі басты көзделген мақсат жоғалған сөмкешедегі заттарда емес, әлдеқайда тереңде жатыр еді. Осындайда ұлы данышпандарымыздың: “Әлемді өзгерткің келсе, өзіңнен баста”, деген ұлағатты сөздері еске түседі. Мына бәсекелес жаңа технологиялар заманында әлем халықтарымен терезесі тең ел атануымыз үшін ең алдымен өз-өзімізді тәрбиелеп, сана-сезімімізді, ар-ұятымызды, ұлттық намысымызды қайрап, әрбір ісмізге, сөзімізге жауапкершілікпен қарап, кешегі ата-бабаларымыз салып кеткен дара жолдан айырылмаудың қамын жасауымыз керек қой деген ойдың үнемі маза бермеуі бекерден-бекер емес шығар. Әлем өркениетінің осындай шарықтап дамыған кезеңінде өзгенің жанайқайына, жалпылай алғанда қоғам өміріне немқұрайлық таныту, өз азаматтық парыздарымызға деген қарапайым жауапкершіліктің жоқтығы ұлтымыздың әлемдік сахнада тәуелсіз ел ретінде алға басуымызға үлкен кедергі болары айдан анық.
Кісінің табыстаған аманатына адал болу, шама-шарқынша оны бұлжытпай орындау кешегі ата-бабалар өмірінің алтын қағидасы еді. Тіпті өлім алдында жатқан кісінің тапсырған аманатын ол бұл жалған дүниеден өтіп кетсе де, өзі табыстағандай етіп орындау адамгершіліктің, үлкен жауапкершіліктің белгісі, ал діни тілмен айтқанда сауап іс екендігі баршамызға да белгілі.
Сөзімді түйіндей келе айтпағым мынау: Бүкіл әлем, оның ішінде адам баласы Алла Тағаланың қалауымен жаратылғандықтан, сол ұлы Жаратушымыздың салған жолымен, парыз етілген сөзімен, жазылған қағидаларымен өмір сүруіміз керек. Солардың бірі-тапсырылған кісінің аманатына берік болу. Ал аманат сөзінің түпкі мағынасы- тапсырған істі ықыласпен орындау, бір затты иесіне тапсыру немесе қайтару.

Сапар Қалмұратов.
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.
Жамбыл облысы.
Байзақ ауданы.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.