Жұртты дүрліктірген 5 пайыз және зейнетақы қоры

0
1087

Жақында елде зейнетақы аударымдарының жаңа ережелері қабылданып, келесі жылдың 1-ші қаңтарынан бастап әр жұмыс беруші өз қызметкерінің есепшотына 10 пайыздық міндетті зейнетақы жарнасынан бөлек, өз қаражаты есебінен 5 пайыз зейнетақы жарнасын аударуға міндеттелетін болды. Ең қызығы, дәл осы 5 пайыз зейнетақы жарнасы жеке тұлғалардың меншігі болып саналмайды екен, тіпті қайтыс болғаннан кейін де мұраға қалдырылмайды. Қаражат бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының активінде болады. Және зейнеткерлер арасында қайта бөлінеді. Мамандар бұл жаңашылдықты енгізбес бұрын әлемнің үздік тәжірибиелеріне сүйенгенін айтса, отандық білікті саясаткерлер мен кәнігі сарапшылардың бұған қарсы айтар уәждеріне назар аудардық. Расул Жұмалы, саясаттанушы: «Зейнетақы қорының бірден-бір мақсаты – зейнет жасына келгенде азаматтың өзін-өзі асырау мүмкіндігі. Қазіргі шығындарға қарағанда зейнеткерлікке шыққанда ол ақша қазақстандықтарға жетпейтін сыңайлы. Әрқайсымыз зейнетақы қорын толтыруын толтырамыз, оған тіпті бізді мәжбүрлеп қойған. Бірақ сол ақшаны азаматтарға қайтаруға келгенде күмән, күдік өте зор. Ал әр азаматтан 10-15 пайызын жинап отыру – бұл заңдастырылған тонаудың бір түрі. Мұны жаңа бір салықтың түрі деуге болады. Салық төленеді, бірақ қайтарымын біз көрмейміз. Бұл тағы да биліктің өз былықтарын, жыртықтарын жамаудың айла-тәсілі. Олар бұл олқылықтарын өздерінен көрмейді, оның есебін өтеуге қоғамды жүктейді. Сол баяғы жыртықтарын жамау керек, оған өздерінің қаражаты жоқ. Сол үшін қайтадан халықтың есебінен сол бес пайыз арқылы алып отырады. Білуімше, бес пайыз төлем азаматтардың жеке өзінен емес, жұмысқа қабылдаушы кәсіпорындардан, орта және шағын бизнес мекемелеріне жүктелген. Бірақ онсыз да әрең күн көріп отырған олар қазіргі аянышты жағдайынан одан бетер үлкен дағдарысқа ұшырауы мүмкін. Тіпті кейбіреуі мүлдем жабылады. Сөйтіп жұмыссыздықты одан әрі көбейтеді. Бұл қайтадан әлеуметтік қиындықтарға алып келеді. Қазір әлемдік экономикалық дағдарысқа еніп отырмыз, осындай сапасыз шешімдердің нәтижесіне сол жағдайға келуіміз әбден ықтимал ғой».

Саясаттанушы Ерлан Саиров: «Мемлекет басқа елдерге қарап осындай шешім шығарған болуы керек. Негізі бәсекелестікке орын берілгені дұрыс болар еді. Соған қарап, мен бұл жұмыс алды-артты ойламай, тым асығыстықтан жасалынып отыр деп есептеймін. Себебі, бұл жұмысты салымшылар салған ақшасын күнделікті көріп отыратындай етіп ойластыру керек еді. Өз басым зейнетақы төлемінің мөлшері 5 пайызға өсуіне қарсымын. Халыққа бұл жүйе мүлде қолайсыз әрі тиімсіз дер едім. Маған салса, пайызды көбейтпей, керісінше салымдардың пайдасының көбейгенін қарастырып, салымның өзінің оңтайлылығын жасау абзал болар еді. Тіпті, қазіргі таңда көптеген адамдардың зейнетақыға салған салымын жасы жетпей алып жатқаны да жасырын емес қой. Қалай десек те, бұл жүйеде әділеттілік болуы керек-ақ. Қолда билік тетігі тұр деп өзекті мәселені тізеге салып күшпен шешудің жөні қалай болар екен? Меніңше, билік тарапы салымның төлем пайызын көбейтпей, керісінше зейнетақының өсуін қарастыруы керек еді».

З.ғ.д, профессор, Сайын Борбасов: «Шын мәнінде кез-келген заң адамға қызмет етуі керек. Біздің мемлекетте бәрі басқаша ауанда өрбиді. Әрине, оның субъективті және объективті себептері барын жоққа шығаруға болмас. Дәл қазіргі күні елімізде бюджет әмиянының бүйірі солып, ақша азайып қалды. Сол себепті де билік жанталасып, жер-көктен алатын ақша іздеп әлек. Биліктің қазіргі соны «жаңалығын» бюджет қаржысының орнын осы бес пайыз өсіммен толтыруды қарастырған қитұрқы әрекет пе деп ойлаймын. Заң тілінде мұны — халыққа жасап отырған зорлық, заңсыз шара деу орынды. Бұл жерде биліктің мұндай шетін әрекетке баруына ешқандай негіз жоқ. Басқа сөзбен айтсақ, атқарушы билік қолындағы артықшылыққа сүйеніп, қызметтік лауазымын асыра пайдалану арқылы халыққа зорлық жасап отыр. Бұдан халыққа келер пайдадан гөрі залал көп сияқты көрінеді маған. Билік қазір жұртқа тиесілі зейнетақысын төлеп жатыр, бірақ оның қызығын ертеңдері салымшылар көре ала ма, жоқ па, міне, мәселе қайда. Бұл жағы әзірше беймәлім. Ертең әлгі адам оқыста бақилық болып кетсе, ол жинаған қаржының қызығын кім көрмек? Әлгі заң бойынша бес пайыздық адам мұраға қалдырылмай, БЖЗҚ активінде қалып, артынан басқа адамдарға қайта бөлінеді екен. Мұндай әділетсіздікке жол берілетіні бар, әлгі бес пайыздық өсімді жұмыс берушінің мойнына салудың қанша қажеті бар еді? Сондықтан биліктің бұл әрекетін тыңнан жол табу емес, оның әлсіздігі, қателігі, халықты ойламайтындығы деу орынды сияқты. Сондықтан да мен биліктің бұл «жаңалығына» түбірімен қарсымын»,— дейді.

Э.ғ.д, профессор, Раушанбек Төлемісов: «Зейнетақы жүйесі кеше де, бүгін де, ертең де жұмыс істейді, қоғам мүшелері одан қашып құтыла алмайды. Ол кезінде КСРО тұсында өмірді жоспарлау құралы ретінде дүниеге келген болатын. Біріккен зейнетақы жүйесі сол шақтардағы шығындарды өтеуге тиіс еді. Ал, бүгінгі қолданыстағы жинақтаушы зейнетақы қоры инфляция, басқарылмайтын дефолт тәрізді бірқатар өзекті факторларға тәуелді. Ол әсіресе тұрақсыз, дамушы экономикаға өте қауіпті. Қалың жұртты әлгі қосымша бес пайыздық өсім қатты алаңдатуда. Дегенмен, бұл жерде бір нәрсені ескерген жөн сияқты. Мәселен, қазіргі күні анау кәрі құрлық — Еуропадағыдай болмаса да, халықтың өмір сүру ұзақтығы аз-аздап өсе бастағаны байқалып отыр, ал көзі тірі зейнеткерлердің алаңсыз қарттығын қамтамасыз етуге ақша жетпеуде, бәрін инфляция жеп құртуда. Содан да болар, көпшіліктің көкейін кейін қазіргі жинап жатқан зейнетақымызға жете алмай қаламыз ба деген үргедек күдік жайлап алған. Ондай күдікті сейілтетін бірден-бір құрал — біріккен зейнетақы қоры десем, артық айтқандық болмас деймін. Ал қартайғанда жақсы өмірді аңсайтындарға жеке, сақтандырылған және индексацияланатын қорлар жақсы шешім болмақ деп ойлаймын»,— дейді.
Қалай десек те, аталған мәселе ұзақ зерттеп, жеті рет өлшеп, бір-ақ рет кесетін өзекті проблема деу орынды. Бұған қалың оқырман не дер екен?

Дайындаған — Ермек Сахарев

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.