ДОЛЛАРДЫ ЖЕЛ ШАЙҚАСА, ТЕҢГЕНІ КӨКТЕН ІЗДЕ!

0
207

Дәл қазір Астанада доллардың орташа бағамы 387 теңге 45 тиынды құрап тұр. Егер доллар бағамы 387 теңгеден әрі өссе, қандай жайттарға алаңдау керек?! Қымбатшылық белең алып кетпей ме? Бұл көпшілік үшін ең маңызды мәселе деп ойлаймыз.
Бірдей айтайық, әлемнің басқа валюталары да ауытқып тұр. Қытай юаньді қолдан құлдыратты. Қазір бір АҚШ доллары 6,9 юань тұрады. Әлемдік нарықта алыпқа айналған Қытай АҚШ-қа қарсы осындай амал ойлап тапқан. Бұл арадағы алыс-берістің кері ықпалы әлемдік экономикаға оң әсерін тигізбейтіні анық. Ақ үй басшысы 1 қыркүйектен қытайлық тауарға тарифті өсіретіні жайлы мәлімдеген. Сауда соғысы былай қалып, енді валюта соғысы басталғандай. Бұл өзгерістер біздің елге қаншалықты әсер етпек? Отандық сарапшылар бұл жайлы не дейді?
Қазір көк қағаздың құнының болашақта қанша болатыны жұртшылықты қатты қызықтырып отырғаны анық.
Ұлттық банк «жаз мезгілінде долларға сұраныс артып тұрғандықтан бұл уақытша құбылыс, алдағы уақытта доллардың бағамы 384 теңгеден аса қоймайды» дегенмен доллардың болашағы жайлы долбар көп. Отандық сарапшыларымыздың бір қатары «күзге қарай бір доллардың құны 420 теңге болуы мүмкін десе, енді бірі долларды қымбаттатуға негіз жоқ» деп отыр. Қалай десек те, қымбат доллардың ел экономикасына әсіресе ішкі экономикаға артар ауырпалығы бары анық. Қаржы министрінің бірінші орынбасары Берік Шолпанқұловтың сөзіне сенсек қазір қорқынышқа бой алдыруға болмайды : – «Мүмкін күзде бюджетті қайта қараймыз. Қазір есептеп жатырмыз. Бүгінгі таңда есеп қалыптастырылған. Есепке алған доллардың бағасы көзделген. Иә, Ұлттық банк есептерін шығарып болғаннан кейін доллар бағамы түспесе, күзде еліміздің басты қаржы институтының өкілдері Парламент алдына барады. Бюджетке қайта өзгертулер енгізуді ұсынады. Бір жыл ішінде доллар бағамы көтерілуі де, түсуі де мүмкін. Біз оның орташа жылдық бағасын 370 теңгенің төңірегінде бекіттік. Сондықтан келер жылға бюджет қаражаты осы шамада реттестірілетін болады. Бірақ әлі нақты шешім шығарылған жоқ. Алдағы уақытта белгілі болады» дейді. Дегенмен қаржыгерлер: «Әлі әліптің артын баққан абзал», – дегенге сай ой айтылды.
Негізі дүние жүзінде әлемдік экономикалық ахуал нашарлауы мүмкін деген жорамал бар. Әрине, біздің ел де осының ішінде. Біріншіден, қазір болып жатқан алып елдердің сауда соғысы ұлттық валютаның әлсіреуіне әкеліп соғады.
Ал сарапшылардың пікірінше, алдағы уақытта айтарлықтай өзгерістер болмайды. Негізі салыстырсақ, былтырдан бері теңге бағамы 12% әлсіреген. Әрине, бұлардың бәріне мұнай бағасы ғана емес, сыртқы факторлар да әсер еткен. АҚШ пен Қытай, екі алыптың текетіресі мұқым жаһан экономикасына салқынын тигізгендей.
Сонымен доллардың өсуінен қандай зиян бар: 1. Халқының тұтыну шығыны доллар өссе жармаса бірге «есейеді».
2. Шағын және орта бизнес «қиналады». 3. Экспорт пен импортқа да «қатер» туып тұр. 4.Тарифтердің көтерілуі де көріне бастайды т.б.

Нағашыбай Қабылбек

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.