Алтай Көлгінов: Елорда үшін өзекті мәселе қала шеті

0
199

Бүгінде үлкен мегаполиске айналып үлгерген Нұр-Сұлтан қаласында сәт сайын шешімін тауып, халық игілігіне айналуы тиіс мәселелер санын саусақ бүгіп санап беру мүмкін емес. Алайда, алып қаланың уақыттан озық болу мәселесі сәл ғана күтуге де мұрша бермейтіні белгілі.
Сонда да болса, елорда әкімі қала халқы үшін ең өзекті үш мәселені атады. Алтай Көлгінов: – «Біріншісі – бұл салымшылардың мәселесі. Қазіргі таңда қалада 50-ге тарта проблемалық нысан бар. Олардың құрылысы 5 немесе 10 жылдан асып кеткен. Ал салымшылардың саны 14 мыңға жетіп отыр. Олардың проблемалық санатта жүргендері – 10,5 мың адам. Біз Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша министрліктермен бұл мәселені шешіп жатырмыз. Әр үй бойынша нақты механизм бар», -деді. Әкімнің айтуынша, аталмыш мәселеде арыз бойынша даулар, инвесторлар мен салушыларға қатысты мәселелер, салымшылардың өз арасындағы келіспеушіліктер секілді сұрақтар бар. «Міне, сол себепті, әр үй бойынша жеке жұмыс жүргізілуі тиіс. Осы жылы 10 үйді пайдалануға берсек, келесі жылғы кезекте тағы 15-і тұр. Алдағы 3 жылда жағдайды түпкілікті өзгерткіміз келеді», -деді әкім.
«Елорда үшін өзекті екінші мәселе – қала шетін абаттандыру»- деді әкім. «16 кент, қосылған тұрғын үй кешендерінде қала халқының 25 пайызы өмір сүріп жатыр. Ондағы халық саны – 280 мың адам. Оған қатысты сұрақтарды да үшке бөліп отырмыз: біріншісі – инфрақұрылым, екіншісі – әлеуметтік нысандар, үшіншісі – абаттандыру. Жылы аялдамалар, автобустардың бағдарларына келгенде қала шетіндегі тұрғындар біршама қиналатынын жасырмаймыз. Бұған қатысты Мемлекет басшысының жеке тапсырмасы бар. Алдағы үш жылдың жоспары бекітілген», – деді қала басшысы.
Ал үшінші мәселе – елорданы газдандыру жұмысы. Нұр-Сұлтан қаласының отын-энергетикалық кешен және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ербол Төлеуов: – «Елорданы газдандыру жұмысы үш кезеңге бөлінген. Қазір бірінші кезеңге белгіленген жұмыстар жүріп жатыр. Оған қаланың ішінде 9 іске қосу кешенін салу жобасы да кіреді. Ал «ҚазМұнайГаз» компаниясы Қызылордадан ұзындығы 1200 шақырым болатын құбыр тартып жатыр. Олар құбырды елордаға дейін жеткізіп береді. Ішкі желілерді біз салуымыз қажет. Осы желі тарту ісі бойынша бір проблема бар. Қаңтар айынан бері мердігер ұйымды анықтау мүмкін болмай отыр. Барлық құжаттарын мемлекеттік сараптамадан өткізіп, мемлекеттік сатып алу бойынша конкурс жариялағанбыз. Бұл жобаны іске асыруға 11 компания ниетті. Қазір солар өзара соттасып жатыр. Конкурстың нәтижесімен келіспей, қайта-қайта соттасуда. Осының кесірінен жоба кешеуілдеп жатыр. Кестеден жарты жылға кешігіп келеміз деуге болады», -деген болатын. Басқарма басшысы жалпы газдандыру жұмысы 2019-2021 жылдарға межеленген. Бұйырса, жыл аяғына дейін Көктал ауданында көгілдір отын беріледі деген жоспар бар екенін айтты.

LRT құрылысының жұмысы жалғасады

Нұр-Сұлтан қаласында көз ілеспес жылдамдықпен жүйткитін жедел көлікке арналған LRT құрылысынан басталмай жатып, «ши» шыққаны белгі.
Алайда, құрылыс жұмысы қалайда аяқталуы керек екенін жеткізген Премьер-министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек: – «Жоба аяғына дейін жеткізіледі, нысанды тапсыру мерзімі алдағы жылдың соңына белгіленіп отыр», – деген болатын. Осы орайда Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов тілшілер тарапынан туындаған елордадағы LRT құрылысына қатысты сұрақтарға жауап берді. Алтай Көлігінов: – «LRT бойынша: барлық нормативті-құқықтық құжаттар үкіметтік және жергілікті атқарушы органдар деңгейінде қабылданды. Қытайлық инвестициядан бас тартып, 800 млн АҚШ долларын үнемдеп қалдық. Біз «Халық банкпен» 3 пайыздық қарызбен 500 млн (АҚШ доллары), сондай-ақ, 100 млн (АҚШ доллары) бойынша «Бәйтерек» холдингімен келістік. Бұл қаражат жұмысты бастап кетуге жеткілікті», – деді.

Нағашыбай Қабылбек

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.