Мектептегі кемшілік — болашағымызға сын

0
150

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында елдегі білім саласын дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөлген болатын. Ол қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасының әртүрлі екенін атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, білім мекемелеріндегі материалдық-техникалық база нашар. Әзірленіп жатқан білім саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы еліміздің білім саласының өркендеуіне үлес қосады деп сенейік. Бүгінгі жаңа айдарымызда білім саласының өзекті деген мәселелерін қамтып өттік. Бұл сыни пікірлерді мұғалімдер «сыбырлап» жеткізді (аты-жөндерін айтуға қорқады).

«Цифрлық мектеп» – қарапайым мектептерде жоқ

Болашақтың іргесі қаланатын білім саласында цифрландыру қандай деңгейде? Білім беру саласы – өте маңызды тақырып. Ұлттың болашағы білім-ғылыммен қаруланған келешек ұрпақ¬тың қолында екені айтпаса да түсінікті. Бүгінде елімізде білім саласы айтарлықтай деңгейде компьютерлендірілген, мультимедиялық және интерактивті технологиялар енгізілуде. Мектеп қабырғасындағы жас жеткіншектердің технологиялық жаңғыруға дайын болғанымен қарапайым мектептерде «Цифрлы Қазақстан» бойынша жүзеге асып жатқан істердің нәтижесі әзірге байқалмай отыр. Дегенмен, Назарбаев зияткерлік мектебі стандартына қарапайым мектептер әліде жете алмайтыны анық. Назарбаев зияткерлік мектебінің басты ерекшелігі – мұнда ғылыми кабинеттер толық жабдықталған. Арнаулы пәндер кабинеттерінің толық жабдығы бар. Назарбаев зияткерлік мектептерінде оқытушылар мен оқушылар ақпараттық дәрежесі өте биік ноутбуктермен қамтамасыз етілген. Қарапайым мектептерде «Цифрлық кабинеттердің» саны саусақпен санарлық қана.

Жаңа бағдарлама, әліппе және үштілділік

Жаһандануға байланысты біздің елімізде де оқу форматы жаңаланды. Жаңартылған білім алу мазмұнына өту халық арасында даулы мәселеге айналғаны белгілі. 2016 жылы 1-ші сынып оқушылары жаңартылған білім мазмұнымен оқытылды, ал 2017-2018 оқу жылында 2-ші, 5-ші және 7-ші сынып оқушылары жаңартылған білім мазмұнына көшті. Апам да аң таң, мен де аңтаң» демекші оқушылар да, ата-аналар да абдырап қалды. Жаңартылған оқу мазмұны бойынша әліппенің алып тасталғаны белгілі. «Әліппені» бастауыш сыныптың бағдарламасынан неге алып тастады, – деген сұрақты қоймаған адам болмады. «Басқа түссе баспақшыл» деп халық көніп келеді. Жаңа бағдарламадан әліппенің тыс қалуына бірінші болып мұғалімдер қарсылық білдірді. Қазақ тілі туралы айтқанда, жаңартылған оқу бағдарламасы бойынша білім беруде әлі де кемшіліктер аз емес. Оқу құралдарының сапасы әлі де сын көтермейді. Қазақ тілі мұғалімдерінің айтуынша, әдістемелік нұсқау мен оқулықтағы тапсырмалар сәйкес емес. Берілген тақырыптар кітапта жоқ болғандықтан, мұғалім оны өз бетімен іздеп табуы керек. Сондай-ақ ұзын-сонар мәтіндер де баланы жалықтырып жібереді. Пән мұғалімдері жаңа бағдарлама бойынша шыққан 5 және 7 сыныптардың оқулықтары біршама жақсарғанын алға тартты. Ал өзге сыныптардың оқулықтары мен оқу құралдары қайта қарастырылғаны дұрыс дейді. Үштілділікті дамыту кезінде қазақ тілінің қалыс қалмауы үшін, оны үйренуге құлшыныс тудырудың жолдары қарастырылыр, мектептерде қазақ тілі мен қазақ әдебиетінің сағаттарын көбейту керек. 2050 жылға дейін әлемнің бәсекеге қабілетті 30 елінің қатарына кіру үшін жаңа бағдарламалар енгізіп, мұғалімдер мен оқушыларды екі ұдай күйге түсірмей білім беру сапасын тиімді жолмен арттыру қажеттігі туындап отыр.

Оқушы формасы қымбат, сөмкесі зіл…

Жаңа оқу жылы жақындаған сайын еліміздегі мектеп оқушыларының ата-аналары балаларын мектепке дайындай бастады. Шілде айынан бастап мектеп оқушыларына арнайы жәрмеңкелер де ұйымдастырылып жатыр. Балалар мен ата-аналары оқуға қажетті құралдар мен киім-кешектерін сатып алуда. Əрбір ата-ана баласын киіндіріп, мектепке қажетті құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз ету үшін тапқан таянғандарын жұмсайды. Десек те, тұрмысы төмен, көпбалалы отбасылар үшін бұл оңай шаруа емес. Қай жерге барсаңыз да, мектеп формалары мен қажетті кеңсе тауарларының жәрмеңкелері ұйымдастырылып жатыр. Ата-ананың қалтасына салмақ салатын да осы тұс – науқандық қымбатшылық. Жағдайы көтеретіндер балаларын арнайы сауда орындарынан киіндірсе, ал қарапайым жандар үшін базардың бағасы қолжетімді. Бір анығы, заттардың құны былтырғыдан əлдеқайда қымбат.
Балаға мектепке керек жарақтар алмас бұрын міндетті түрде алдымен оқушы формасын, сосын сөмке таңдаймыз. Сосын басқа қажетті заттарды алып, сөмкені толтыра бастаймыз. Бірақ сөмкенің қандай болу керек екеніне мән бере бермейміз. Жалпы, мектеп сөмкесін таңдаған кезде ең алдымен оның баланың омыртқасы мен иығына салмақ түсірмейтіндей берік құрылымы болғанын ескеру керек. Мектеп сөмкесіне қатысты негізгі талаптар бойынша оқушының сөмкесі бос сөмкенің салмағы бір келіден аспауы қажет. Арқаға тиіп тұрған жері қатты болуы шарт. Иықбаулары жалпақ, мойынға салмақ түсірмеуі тиіс. Ауыр рюкзактың салдарынан сколиоз, остеохондроз сияқты аурулардың туындайтынын ұмытпауымыз қажет.
Кеңсе заттарын алуда аса қиындықтар тумаса да, оқушылардың мектеп формасы жыл сайын түрленіп, өзгеріп жатыр.
Кез келген ата-ана баласы үшін барын аямайды. Десек те, көпбалалы отбасыларда үш-төрт, бәлкім, бес-алты бала мектепке барады. Ал олардың барлығына жаңа зат әперуге бүгінгі нарық мүмкіндік бере ме? Оның үстіне, қазіргі заманның балаларына кеңес кезеңіндегідей бір-бірінің киімін кидіру де оңайға соқпас. Бүгінгі балақайлар әрқайсысы бір дара тұлға ретінде тәрбиеленеді. Көпшілігі жаңа киім киіп, жаңа зат ұстағысы келеді. Ал тапқаны тамағынан артылмайтын отбасы үшін ше?
Қорыта келгенде, балаларды мектепке дайындау біраз қаражатты қажет етеді. Мұндайда көпбалалы отбасына түсетін ауыртпалықты түсіну қиын емес.

Қағазбасты-лық азайған жоқ!

«Цифрлы Қазақстан» жобасының аясында еліміздің барлық мектептерінде Kundelik.kz бағдарламасы іске қосылды. 2016 жылы жасалған Kundelik.kz жобасы 2018 жылдан бастап қолданысқа енгізілді. Бүгінгі күні еліміздің 4 мың мектебі аталған жобаны қолдануда. Электронды күнделік арқылы ата-ана да, мұғалімдер де баланың оқу үлгерімін көріп отырады. Kundelik.kz бағдарламасын естігені болмаса көзбен көрмеген ауыл мектептері де жетерлік. Бұл бағдарлама толыққанды белең алу үшін күшті қарқынмен жұмыс істейтін ғаламтор желісімен қамтылуы тиіс. Бұл электрондық журнал арқылы мұғалімдердің тез бағалауға, ал қойылған бағаны ата-ана мен оқушының сол мезетте көруге мүмкіндігі бар. Ата-ана мектепке келмей-ақ өз баласының білім деңгейінің қандай екенін бақылап отыра алады. Бағдарламаның негізгі мақсаттарының бірі мұғалімдерді қағазбастылықтан «құтқару» болғанымен әзірге бұл мақсат толықтай жүзеге аспай отырғандығын мұғалімдер қауымы растап отыр. Мұғалімдер күнделікті сабақ жоспарларын электонды көрсетіп қана қоймай тағы да қағаз жүзінде шығаруға міндетті. Министрлік «қағаз бастылықты азайттық» деген сайын толтырар қағаздары көбеюде. Бұның бәрін мектептегі шаруа, артқаруға тиісті де шығар дейміз. Бірақ, бүкіл мәліметтер базасы автоматтандырылған заманда тамыздың соңында мұғалімдер көше-көшені аралап, үй басын санап мектепке барар баланы анықтайды.

Гауһар Тұрсынқожа

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.