“Ұлттық кеңес” жайлы…

0
136

30 жылдың ішінде жеңіл-желпі жүргізілген косметикалық реформалар туралы айтатын болсақ, ол «жаңа» Президенттің «ұлттық қоғамдық сенім кеңесі» деген Қазақ қоғамына ұсынған реформасы деуге болады.
Бұл реформаның алдында да осыған тікелей ұқсастау «Ағалар кеңесі» деген бастамалар да болды.

Қазақ қоғамының аздаған дүмпуінен кейін, Қазақстан Республикасы «жаңа» Президентінің алдында халықты тағы да біраз алдарқату үшін, біршама міндеттер қойды. Менің пайымдауымша, «Сенім кеңесі» бұл бастамасының да алдыңғылардан айырмашылығы тек сөздерінде ғана тұрғандай. Алдында «Ағалар кеңесі» болса, бұл жолы «Ұлттық қоғамдық», ол аздай «сенім»-ді қосыпты.
Менің білуімше, әзірге аты-шулы «Кеңестің» бірінші отырыстарында Президенттің өзі қатысқан соң бірден бірдеңе істеліп жатқандай немесе келешекте жүзеге асатындай көрінетін шығар. Келе-келе бұл көлденең «ұсыныстардан» бір-екі жылға жетпей Президенттің өзі де жалыға бастауы мүмкін. Кейін оның «орнын» орынбасары, сонан соң хатшысы басатын болар. Осы кезде «ақылды-саналы» деп есептелгенге ұсыныстарын өткізе алмаған «Кеңестің» мүшелерінің де еңсесі түсе бастайды. Шындығын айтқанда адамдар тіпті ешкімге керегі жоқ, нәтижесі «нөл» отырыстан да жалығады. Себебі, адамдарды-адамдар еріксіз сыйлататын пәрменді тетігі болмаса бостан-босқа құрметтей бермейді ғой. Алайда бұл «сәуегейлік» емес, өмір талабы. Сондықтан «Кеңестен» аузыңды толтырып айтқанда, халыққа бір тиын пайда жоқ, көпірме «сөздер» немесе, дәлірек айқанда, нәтижесі «нөлмен» аяқталатын құбылыс. Бұдан шығатын қорытындыдан да, пәрмені жоқ кеңесшіден де бір орынға қағылған қазықтай ауыспайтын мүшелерден де, дәрмені жоқ «сенімді» кеңестен де халқымызға пайда болады ма?
Ал, саяси-экономикалық «реформа» ол билікке ұнай ма, ұнамай ма оған қарамайтын, тіпті оған бағынбайтын, тек ұлттық мүддені ғана көздеген далалық-демократиялық, тең құқылы ұлттық, бірақ азаматтық қоғам емес, сол «қоғамның» өзіне ғана ұнайтын пәрменді құралы болуы керек.
Менің пайымдауымша, қарапайым халық ереуілге шығып, билікке тас лақтырып, от жағып, суыққа тоңып, аязға қатып, амалсыз, тас мүсінге айналуы демократияның, зайырлы мемлекеттің белгісі емес. Бұндай іс-әрекеттер ұлттық мүдде орындалмастан тапталып жатқанда ғана орын алатын жағдай деп есептеймін. Неге қоғам ұлтық мүддесін биліктен «сұрап» алуы керек, керісінше, билік қоғамының әділетті жұмыс істеуі үшін қызмет етуі керек емес пе?!
Алайда, біздің бәріміз періште емеспіз, күнделікті өмірде қара жерді басып жүрген қаратабан-пенделерміз ғой. Сондықтан, қарапайым халықтың билікке әсер ететіндей пәрменді құралы болуы керек, ол тек – Батыстан шыққан көше, аула дейтін, атының өзі айтып тұрғандай, халықты әуре-сарсаңға салатын әділетсіз сайлау да емес. Тек сайлау секілді науқанда ғана жанданатын, жәй күндері жоқ болатын қызыл-жасылды партиялар да емес!
Осыған орай айтарым, «Қазақ елінің» триллиондаған тең-гесін «үнемдейтін» қазақтың «жеті жұлдызды» реформасы қажет. Келешекте Қазақстанда дүниежүзінде теңдесі жоқ және ешбір мемлекеттік құрылымдарына мүлдем ұқсамайтын бұл мемлекеттің «күрт» дамыған экономикасында әрбір қазақтың өзіндік сүбелі үлесі болуы тиіс. Бүкіл әлемде «жеті жұлдызды» Қазақ мемлекетіне айналатынына мен кәміл сенімдімін!!! Сонда ғана қазіргі «су жаңа» Президент, Қазақ халқының тарихында «жаңашыл-Президент-реформатор» ретінде, тарихта қалатынына да мен толықтай сенгім келеді.
Ерте ме, кешпе бәрібір сүйікті туған халқына қарай, Қазақ елінің билігі бірінші болып қадам жасайтынына да және ол алдағы күндерде, тіпті жуық жылдарда жүзеге асатынына да мен күмәнсіз сенемін. Себебі, қазір адамзат баласы өркениеттің бастауында «тұрған» біздің ата-бабаларымыздың «аманаттарына» адалдық таныта бастады. Қысқасы, біз осы кезге дейін, осы күндерге дейін қалай жеттік, енді соған қайта тоқталмақшымыз, соны зерттеп, зерделеп, саралап талдамақшымыз.
Бұл кезде Қазақ ұлтының ұрпақтары өзінің байырғы батыр да саналы сақ пен даңқты да жауынгер ғұн тайпаларының әруақтарын ардақтап, бітім-болмыстарын, парасаттарын бүкіл әлемге мойындатуымыз керек! Сондықтан, қазақ халқы Батысқа да, Шығысқа да, тіпті Еуропа мен Америкаға да қарамастан өзінің ұлттық мемлекетін, сыбайласқан жемқорлықтан арылған, дені сау «қазақ қоғамын» жаңғыртатын «саяси реформаны» дүниеге әкелуге де мүдделі және сол ұлттық мүддені іске асыруға да дайын болар деген ойдамын. Алайда, бұған Қазақстан Республикасының «жаңа» Президенті әкімшілігінің аппараты не дер екен?!…

Асқар Сәрсенбай

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.