Түркі дүниесінің рухани астанасы — Түркістан облыс орталығына айналғанына 1 жыл

0
175

Түркістан – қаншама ақын жырға қосып, абыздар ұлықтаған, хандар қоныс теуіп, ойшылдар дүниеге келген құтты мекен. Қойнауы қазынаға толы ұлы даланың әр бір түйіршік тасы тұнған тарих, өткен күннің елесі. Қазақ халқының ғана емес, түркі жұрты үшін аса қадірлі мекеннің облыс орталығы болып, Түркістан облысы атанғанына да, міне, бір жол толып отыр. Алғашқы қадам жасалды, енді шегінерге жол жоқ. Үкімет бекітіп, өңір басшылығы жүйелеген бас жоспар да алғашқы жемістерін беруде. Облыстық жастар орталығы секілді заман талабына сай бой көтерген ғимараттар қалаға ерекше ажар бере түсуде. Дегенмен, жұртшылықтың ойы қандай? Бұл бастаманы қолдайды ма? Түркістанның түбі түркі елінің рухани ордасы болу мүмкіндігі қанша? Осы секілді сауалдарға тұшымды жауап алу мақсатында сан сала мамандарынан пікір сұраған болатынбыз.

Қадиша Шалғынбаева, Педагогика ғылымының докторы, профессор, Педагогика Ғылымдар Академиясының академигі, 2012 жылғы “жоғары оқу орнының үздік оқытушысы” грантының иегері, ҚР Білім беру ісіне қосқан үлесі үшін төс белгісінің иегері, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры:
«Орта Азия мен Тұран даласындағы ең көне қала»

Тарихи деректер бойынша Түркістан – Орта Азия мен Тұран даласындағы ең көне қала. Түркістан туралы Алаш қозғалысының қайраткері, ақын, педагог-ағартушы Мағжан Жұмабаевтың “Түркістан-екі дүние есігі ғой, Түркістан ер түріктің бесігі ғой. Тамаша Түркістандай жерде туған, Түріктің Тәңірі берген несібесі ғой” деп басталатын шығармасынан Түркістанның қазақ халқының тарихында ерекше орын алатынын ұғынуға болады. Қойнауы қазынаға толы, құт дарыған қасиетті мекен қай ғасырда болмасын қазақ халқы үшін ерекше маңызға ие болған. Хандарымыз қоныс теуіп, билеріміз төрелік етіп, сұлтандарымыз ел басқарса, сол қастерлі мекенді қорғау үшін қаншама батырларымыз жандарын пида етті. Әбу Насыр Әл-Фараби әлемнің екінші ұстазы атанып, ұлы даламызға 40-қа жуық ойшылды сыйлаған көне Фараб қаласы да осы далада орын тепкен. Атақты Арыстан баб пен Қожа Ахмет Яссауи бабаларымыздың кесенелерінің өзі бір дәуірдің үнін шертіп тұр.
Міне, сол бір киелі өлкенің облыс орталығы болып, Түркістан облысы деп аталғанына да бір жол толды. Елбасымыз атауын өзгертіп, облыс орталығын көшіру туралы Жарлыққа қол қойған сәтінде бүкіл ел болып қуанып, бір марқайып қалдық. Себебі бұл тарихымызға құрмет, елге мәртебе болды. Қазақ хандарының астанасы атанған жердің қандай мадақ иеленсе де артық болмасы анық. Түрленген қала күн санап ажарланып, жаңаша келбетке бөленуде. Дегенмен, өз болмысын жоғалтпай, ұлттық нақышта қайта жаңғыруда. Шығыстық сәулет стилінде салынатын ғимараттар Түркістанның өз бейнесінен ажырамай, керісінше өзіндік артықшылығын сақтай отыра, жаңа қалыпта танылуына мүмкіндік бермек. Бұл Үкімет пен облыс басшылығының әзірлеген бас жоспарында тайға таңба басқандай бекітілген. Алдағы уақытта осы бір құтты мекеннің әлемдік шаһарлармен теңескен кезеңін көреміз деп сенемін.

Оңайгүл Тұржан, ақын, филология ғылымдарының кандидаты, «Димаш» эссе-кітабының авторы:
«Бір жыл ішінде атқарылған іс аз емес, алдағы
жоспар да айқын»

Тарих – өткенмен үндесетін, бүгінге сабақ, келер ұрпаққа аманат болатын құнды ұғым. Қазақ халқының тарихының терең, түбінің мазмұнды болуы сол тарихтан сыр шертетін көне жәдігерлер мен қорымдардың, кесенелер мен ескерткіштердің көптеп орналасуынан болса керек. Тастағы жазулар алғашқы адамдардың қолтаңбасы болса, солтүстік өңірден табылған жылқы сүйектері мен ат әбзелдері біздің дала халқының ежелден ат үйретіп, мал ұстағандығын дәлелдейді. Сол секілді көне дәуір мәдениетінің озық үлгісі ретінде осы күнге дейін сақталып келген Түркістан өңіріндегі тарихи-мәдени қорымдар, Түркістан қаласының өзі ғасырға бергісіз мол мұрамыз. Ежелгі заман тарихынан бері бүгінге дейін отырықшылық кезеңнің озық үлгісін көрсетіп, сол уақыттарда мекен еткен жұрттың өз заманының алды болғандығын дәлелдейтін жәдігерлерге толы Түркістан – түркі дүниесінің рухани астанасы болып табылады.
Өз қойнауында хандарымыз бен билеріміздің, сұлтандарымыз бен бектеріміздің, батырларымыз бен абыздарымыздың қорымы жатқан құтты жер қазақ халқы үшін құнды аймаққа жатады. Рухани азық іздеген жұртшылық Арыстан баб пен Қожа Ахмет Яссауи кесенелерін жағаласа, тарихқа сапар шеккісі келгендер атақты Отырар қаласына аттанып, сан ақын жырлаған кереметті өз көзімен көруге асығады. Содан болса керек, 2018 жылдың 19 маусымында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысының орталығын Түркістан қаласына көшіріп, Түркістан облысы деп қайта атау туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл біріншіден, тарихқа деген құрмет, екіншіден, халық мәртебесін асқақтату болса, үшіншіден, болашақта туризмнің қайнаған ортасына айналдыруға деген алғы шарт деп түсінемін. Бір жыл ішінде атқарылған іс аз емес, алдағы жоспар да айқын. Дей тұрғанмен бүтін бір ұлтымыздың өткенінен сыр шертетін қасиетті орданың түпкілікті ажары жоғалмай, бүгінмен үндесе отыра дамыса, нұр үстіне нұр болар еді деп ойлаймын.

Аян Сакошев, Батыс Қазақстан облыстық жастар
саясаты мәселелері басқармасының басшысы:
«Бүгінгі Түркістан – қайнаған құрылыс ортасы»

Түркістан – қазақ халқының ғана емес, түркі жұртының рухани астанасы саналады. Тарихтың қатпар-қатпар беттерінде тағлымды әрі өнегелі дүниелеріменен есте қалған бұл шаһар қазыналы мекеніміз. Атақты хандарымыз, билеріміз, сұлтандарымыз бен батырларымыздың қорымдары орналасқан мекенде жер жүзі мойындаған Қожа Ахмет Яссауи және Арыстан баб кесенелері бар. Мұнда жылына мыңдаған елден және шет елден туристер келіп, ерекше қызығушылық танытуда.
2018 жылдың 19 маусымында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысының орталығын Түркістан қаласына ауыстыру және Түркістан облысы деп қайта атау туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл тарихи қадамды жұртшылық бірден қолдап, қолпаштай кетті. Себебі, барлығымыз тек тарихымыз үшін емес, ұлтымыз үшін Түркістан қаласының қаншалықты маңызға ие екендігін толық сезінеміз. Елбасы Жарлығынан кейін арнайы жасақталған комиссия Үкімет басшысының қадағалауымен Түркістан қаласының жаңа бас жоспарын бекітіп, қызу іске кірісіп те кеткен болатын. Бір жыл ішінде атқарылған істер аз емес. Бүгінгі Түркістан – қайнаған құрылыс ортасы. Жаңа әлеуметтік және кәсіпкерлер нысандар құрылысы басталып, алды аяқталып та қалды. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, өңірлерде қалыс қалмады. Әр бір облыс Түркістан қаласында бір-бір сәулетті ғимараттан салып бермекші. Бұл ретте, Батыс Қазақстан облысы Тарихи-киелі орындар орталығының құрылысын жүргізу арқылы өз үлесін қосып, Түркістанды түлетуге атсалысуда екендігін атап өткім келеді. Облыста жастарға да ерекше көңіл бөлініп, алғашқылардың бірі ретінде Облыстық Жастар орталығын тұрғызып, өскелең ұрпақтың барынша дамулары үшін жағдай жасалуда.

Арман Тосқанбаев, кәсіпкер, «OTAN» сағаттарының авторы, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы,
«Идеядан бизнеске» кітабының авторы:
«Түркістан сан қилы ұсталар
ұштасқан аймақ»

Мен өзім кәсіпкер ретінде әр бір дүниеден пайда түскенін қалаймын. Қалай табыс табуға болады, оның қандай артықшылықтары бар деген сауалдарға жауап іздеймін. Әр істің ақ-қарасын ажыратып алғаннан кейін барып, ол іспен айналысуға кірісемін. Бұл орайда Түркістан – біз секілді азаматтардың нағыз арман қаласы. Мұның бірнеше себептері де бар. Біріншіден, қаланың тарихи тұрғыдан маңызды болуы және туризмнің айтарлықтай дамымауы – қалада кез-келген кәсіппен айналысып, алғашқылардың бірі атануға мүмкіндік береді. Мұның бір артықшылығы мемлекет те, жергілікті билікті бизнестің дамуына ерекше ынталы болады және 57 туристік класстардың қалыптасуы басты артықшылықтардың бірі деп есептеймін. Екіншіден, логистикалық тұрғыдан тауар айналымын жасауға да өте ыңғайлы. Кезінде Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан шаһар үстінен Батыс Қытай – Батыс Еуропа автодәлізі өтеді. Үшінші себеп алдыңғысымен етене байланысты. Себебі, бұл аймақтағы жылы климат өзге өңірлерге қарағанда ұзақ сақталғандықтан ауыл шаруашылық саласын, әсіресе, егін егу, диханшылық мәселелерімен айналысуға мүмкіндік бар. Тым болмаса көкөніс өсіріп-ақ, оны алыс-жақын шет елге жеткізіп, айтарлықтай табыс табуға болады. Келесі бір себеп жеңіл өнеркәсіпті, қолөнер бұйымдарын әзірлеумен де айналысуға барлық жағдай бар. Түркістан сан қилы ұсталар ұштасқан аймақ. Сондықтан бұл жағынан да біраз артықшылық көремін. Ең басты артықшылық – киелі өңірдің облыс орталығы атанып, Түркістан облысы ретінде өзгертілуінде. Мұндай жағдайда жергілікті билік сол аймақта бизнестің дамып, шағын және орта кәсіпкерліктің белең алып, кеңінен өрістенуі үшін жұмыс жасайды. Қазірдің өзінде қызу құрылыс жұмыстары жүргізіліп, көптеген ірі компанияларға мүмкіндіктер жасалуда. Болашақта өзге де салалар бойынша қарқынды дамып, өңір жетекші қалалардың қатарына қосыларына сенімім мол.

Гүлмира Бердімағанбетова,
жалпы тәжірибелік танымал дәрігер,
бірнеше салалық марапаттардың иегері:
«Ғасырға бергісіз кесенелер мен ғимараттар жетерлік»

Түркістан – қазақ халқы үшін қастерлі де қадірлі мекендердің бірі әрі бірегейі болып табылады. Тарихи санаға сінген тармақталған тізбекті іздер қатарында Түркістандағы ғасырға бергісіз кесенелер мен ғимараттар атаулары ерекше жаңғырып тұрады. Бір ғана Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың кесенесін көру үшін түркі елдерінен жылына мыңдаған адам ағылып келеді. Сол секілді көне Отырар қаласы мен Арыстан баб мазары мәдени мұрамыз саналады. Көне Жібек жолының тармақтарының ойысып, сауда қалашықтарының көптеп болуы да шаһарға да, аймаққа да өзіндік артықшылық сыйлайды. Жер жүзі мойындаған Әл-Фараби секілді ойшыл туған құтты мекен кезіндегі Алаш туын көтерген қоғам қайраткерлері үшін де пана болды.
Хандарымыз жиын өткізіп, билеріміз төрелік еткен қасиетті жер бүгінде облыс орталығы ретінде Түркістан облысы деп аталатын болды. Бұл тарихи шешімді қабылдаған Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бір сөзінде «Әрбір халық, әрбір тәуелсіз мемлекет өзінің рухани орталығын нақтылап алуы керек. Қазақстанның рухани орталығы Түркістан», — деген болатын. Осы бір жыл ішінде айтарлықтай өзгерістер орын алып, батыл бастамалар қолға алынды. Шаһардың қайта жанданған жоспары бекітіліп, қалада күрделі қайта жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Әр облыс Түркістанға сый ретінде әлеуметтік маңызда ғимарат сыйға тартып, қызу құрылыс жұмыстары жасалуда. Жаңа Халықаралық әуежай шет елдік туристердің ыңғайлы жетулері үшін мүмкіндік сыйласа, жаңадан бой көтеретін қонақ үйлер барлық стандарттарға сай келмек. Мұнан өзге, көпбалалы отбасылар менен әлеуметтік аз қамтылған жаняұларға пәтер беру ісі де қолға алынып, алғаш қоныс тойын тойлағандар тізімінде есімдері аталуда. Бір жыл аз уақыт. Мұндай қысқа кезеңде белгілі бір жобаның ақ-қарасын ажырату мүмкін емес. Дегенмен, бастамасы жаман емес. Келер он жылдықта түрленген Түркістан түркі жұртын ғана емес, төрткүл дүниені таңырқататын кербез шаһарға айналарына нық сенімдімін.
Дайындаған:
Бекарыстан НҰРЛАНҰЛЫ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.