Қант қызылшасына қырағы қараған жөн

0
747

   Егінжайға қолайлы киелі Әулиеата өңірінде қандай дән ексеңде, күзде көл-көсір өнім жинап алуға болады. Оның ішінде қант қызылшасы да бар. Жалпы соңғы жылдары өңірде балтамырды өсіруге баса мән беріліп, жергілікті шаруалардың кәсібінің бойына қан жүгірді. Алайда, инновациялық технологияларды енгізу арқылы тәтті түбірден мол өнім алуға болатынын түсінген диқандарға қазіргі уақытта тәжірибе жетіспеуде. Осыған орай, Меркі ауданында «Инновациялық тәсілдерді қолдана отырып, қант қызылшасын өсірудің өнімділігін арттыру» тақырыбында дала семинары өтті.


Қызылшадан қыруар пайда табатын шаруалар білгендерін басқаларға үйрете отырып, өзара тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылған шараның өтуіне облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы ұйытқы болды. Бұл жиынға аймақ басшысының орынбасары Мұратхан Шүкеев, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашев, аудан әкімдерінің орынбасарлары, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшылары, шаруашылық жетекшілері мен тыңайтқыш және өсімдік қорғау құралдарын өндіру-жеткізу мекемелерінің өкілдері қатысты.
Семинар әуелі «Трансфер» шаруа қожалығының тамшылатып суару әдісімен өсірілген қант қызылшасы алқабымен танысудан басталды. Өз кезегінде шаруашылық басшысы Владимир Бондаренко 11 гектарға егілген «Тиссерин» сұрыпты тәтті түбірді күтіп-баптаудың қыр-сырымен таныстырып, аталған өнімнен гектарына 1000-1080 центнерге дейін өнім алуға болатындығын жеткізді.Осы уақытқа дейін тәтті түбірдің германиялық КВС және франциялық Авантаж тұқымдарынан өнім алып келген шаруаның айтуынша, «Тиссерин» сұрыпының олардан ерекшелігі бар екен. Себебі қазіргі таңда бұл өнімнің бір түбірінің өзі 2,5-3 келі тартатын көрінеді. Қызылшаның қазылып алуына алда әлі екі ай барын ескерсек, тәтті түбірдің тағы да салмақ қосатындығы айқын.Қожалық иесі бұдан өзге мол өнім алу үшін мамыр айын күтпей-ақ наурыз айының соңғы 10 күндігінен бастап дәнді себу қажеттілігіне тоқталып, тыңайтқыштарды беру тәжірибелерімен де бөлісті. Тағы бір айта кетерлігі, шаруашалықтың техникалары да сақадай сай. Тереңдетіп жер жыртуға арналған қос соқасы мен қопсытқыш техникаларын жаңартыпты. Сондай-ақ, В.Бондаренко жиынға қатысушыларға «KLEINE» комбайны туралы да мағлұмат беріп, оның күніне 10 гектардың өнімін жинауға қауқары бар екендігін жеткізді.
Келесі кезекте қатысушылар «Сыпатай батыр» ЖШС-нің 100 гектарға жаңбырлатып суару әдісімен отырғызылған қант қызылшасы алқабына барды. Мұнда серіктестік басшысы Қанат Шайхиев «Тиссерин» сұрыпты дақылын органикалық заттармен қоректендіру, суару сияқты тәсілдерін түсіндірді. Мұндағы тәтті түбірлер сәуірдің 4 жұлдызында егіліпті.
– Жалпы мол өнім алу үшін тұқымды ерте сепкен жөн. Көп шаруалар жаңбырдан кейін жердің қатып қалуынан қорқады. Бұдан қорқудың еш қажеттілігі жоқ. Меніңше, жаңбырлатып суарудың пайдасы көп. Себебі тамшылатып суарғанда су дақылдың тек түбіне ғана барса, жаңбырлатып суаруда өнімнің жапырақтарына да ылғал тиеді. Осы арқылы егінді алқапта белгілі бір климат қалыптасады. Сондай-ақ, тыңайтқыштарды да уақытында берген дұрыс. Бүгінде біздің шаруашылық «ЕвроХим» компаниясының өнімдерін қолданып жатқанына 3 жыл болды. Олардың тыңайтқыштарының ерекшелігі тез еріп, тез сіңеді, – деген Қ.Шайхиев шаруалардың тыңайтқыш беруде қиындыққа тап болатындығын айтады. Себебі, егін егетін жердің топырағына сараптама жасалмағаннан кейін ненің беріліп, нені бермеу керектігін білмейтін шаруалар жердің құнарын бұзып жатады екен. Сондықтан егіншілікпен айналысатын мамандарға жердің топырағын зерттеп беретін орталық қызметкерлері қол ұшын созса деген ұсынысын жеткізді.
Биылғы жылы аймақта 5,6 мың гектарға қант қызылшасы отырғызылса, оның 2 мың гектары Меркі ауданына тиесілі. Осыншама жерге 274 шаруа қант қызылшасының дәнін сеуіп, күзде мол өнім аламыз деп үміттеніп отыр.
– Облыста қант қызылшасын өсіретін шаруаларды қолдау басты назарымызда. Мұндағы мақсат – халықты өзіміз өндіретін өнімдермен қамтамасыз ету. Аймақта қант өсіру бағдарламасы жасалынған. Соның аясында жұмыстар атқарылып жатыр. Сонымен қатар біз шаруалардың білімін әрдайым жетілдіріп отыруымыз қажет. Бүгінгі шарада осы мақсатта өтіп жатыр. Семинар өтіп жатқан шаруа қожалықтарында барлық жағдайлар жасалынған әрі су үнемдеу техникасы да айтарлықтай. Өйткені, су мәселесі бойынша Қырғыз Республикасына тәуелділігіміз бар. Суару маусымында ол жақтан шектеулі су келіп, шаруаларға қиындық тудырады. Мұндағы қожалық осыны түсініп, өздерінің су үнемдеу технологиясын қолдануда. Негізінен жай технологияны қолдану арқылы қант қызылшасын еккендер гектарына 250-300 центнер өнім алса, бұл қожалық иелері 1000 центнерге дейін қант қызылшасын жинауда. Бұлардың технологиясымен өзге де шаруалар танысып, қолданысқа енгізулері қажет, – дейді шараға арнайы қатысқан облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев.
Егін басынан бастау алған семинар Сұрат ауылындағы ауылдық клубта қорытын-дыланды. Жиында Қазақстанның қант, азық-түлік және өңдеу өнеркәсібі қауымдастығы-ның президенті Айжан Наурызғалиева ҚР Ауыл шаруашылық министрлігі тарапынан қант қызылшасын өсірушілерге баса мән беріліп отырғанын жеткізіп, өңірдегі шаруашылыққа көңілі толатындығын білдірді.Сондай-ақ «Грим» ЖШС басшысы Мұрат Мұқанов Еуразияда алғаш рет қант қызылшасының қалдықтарынан пектин өнімін алып жатқандарын баса айтты. Сонымен қатар басқосуға Түркиядан арнайы келген «BETA ZIRAAT ve TICARET» компаниясының өкілдері қант қызылшасы тұқымы технологиясының ерекшеліктерімен таныстырды. Аталған компанияның тауарларды сату жөніндегі жетекшісі Мұрат Дженгиз өңірдегі шаруалармен берік байланыс орнатып, бірлесіп жұмыс жасау туралы ұсынысын білдірді және өздеріндегі тұқымды осында әкеліп саудалауға қарсы емес екендіктерін жеткізді. Ал осы компанияның тұқым өндірісі бойынша менеджері Мұстафа Озарслан шаруа қожалықтарындағы алған әсерімен бөлісіп, қант қызылшасын өсіруде жаңбырлатып суару тиімдірек екенін сөз етті.
Жиында Меркі қант зауытының директоры Назар Сүлейменов өндіріс ошағына жөндеу жұмыстарын жүргізгендерінен хабардар етіп, өнім қабылдауға дайын екендігін жеткізді. Сондай-ақ, ол өз сөзінде биыл тәтті түбірдің келісін 8 теңгеден қабылдайтындықтарын мәлімдеді. Оның осы мәлімдемесі қант қызылшасымен айналысатын шаруалардың шамына тиіп, олар зауыт директорына дүрсе қоя берді. Өйткені шаруалар дәл осы бағамен өндірген өнімдерін зауытқа өткізетін болса ала жаздай еткен еңбектері еш кетеді екен. Тұқым себілмей тұрып шаруаларға зауыт басшылығы балтамырдың келісін 10 теңгеден қабылдайтындықтарын айтыпты. Тіпті, осы 10 теңгеден алу жөнінде облыс әкімдігі мен зауыт басшылығы арасында меморандумға қол да қойылыпты. Соның нәтижесінде жергілікті билік облыстық бюджеттен зауытта өтпей тұрған қапшық-қапшық қантты бақандай 500 миллион теңгеге сатып алып, облыстық тұрақтандыру қорына өткізген. Мұндағы мақсат стратегиялық азық-түлік – қанттың бағасын қаз қалпында сақтау. Осылайша облыстық әкімдік тығырыққа тірелген зауытты қарыздың құрсауынан шығарып алып, күзде шаруалардан қант қызылшасын 10 теңгеден алатындығына сенген. Дегенмен, қиын кезеңнен өтіп алғаннан кейін зауыт уәделерінде тұрмай, бес жылғы бағаны биыл да қойып отыр. Бұл мәселе шаруалардың да, облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеевтің де шамына тиді.
– Бұл мәселені көктемде айту-ларың керек еді. Қожалықтарға жасамаған жақсылықты сендерге жасадық, қол ұшын созып, қиындықтан шығарып алдық. Одан өтіп кеткеннен кейін баяғы бағаны қайта айтып отырсыңдар. Шаруалардың мұндай бағамен қызылшаны сендерге өткізгенше, мал бордақылайтын орындарға өткізгендері тиімді. Бұлай болмайды, деген Мұратхан Жүнісәліұлы мұның себебін зауыт директорынан сұрады. Өз кезегінде ол басшылыққа жақында келгендігін айтып, сұраққа мардымды жауап бере алмады. Дегенмен оған зауыттың құрылтайшыларымен кеңесіп, шаруалар үшін тиімді баға қоюы үшін арнайы уақыт берілді.
Расында, шаруалар тәтті түбірдің әр келісіне Үкіметтен 12 теңге ақша да алады. Бұған зауыттың қабылдайтын 8 теңгесін қосқанда бар-жоғы 20 теңге шығады. Ал бұл қаржы кеткен шығынымызды еш ақтамайды дейді егістік басынан нәпақасын айырып жүргендер.
Жиын соңында ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашев су үнемдеу технологияларын енгізу және ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуды субсидиялау бойынша мемлекеттік қолдауларды атап өтті. Осындай қолдаулардан балтамырмен айналысатын азаматтарда қалыс қалып кетпеуларін айтып, құжат өткізу керектігін баса айтты.

Саятхан Сатылғанов

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.