Махамбет домбырасы — мұражайда

0
1865
   Махамбет Өтемісұлы -*1803 жылы Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданында туған – ақын, күйші, батыр. Исатай Тайманұлы бастаған көтерілістің (1836-1838) рухани көсемі әрі жалынды жыршысы. Байұлы ішіндегі Беріш руының, Жайық бұтағынан  атасы Құлмәлі, әкесі Өтемістен он ұл туылған. Елге беделді би болған. Бұл әулет Тайсойған құмындағы іргелі ауылдардың бірі. Құлмәлінің тұқымынан би де шешен де шыққан.  
Махамбет өзінің барша болмыс қасиеттерімен көшпелілер арасындағы көсем тұлғалардың бірі. Өзі өмір сүрген заманның ағымына жүйрік, қыр сырын жетік меңгерген, көзі ашық, көкірегі ояу білімдар адам болған. Орыс, татар, араб тілдерін жақсы меңгерген.
Махамбет халқының сөзін сөйлеп, кегін қайтарған ақыны    мен батыры. Азаттық үшін алысқан, елінің егемендігі үшін егескен, қазақ елінің асылы, арыстан бабамыз, ақберен ақыны. Тарихшы ғалым Тілекқабыл Боранғалиұлы өзінің «Ғасырдан тәбәрәк» атты еңбегінде: Қазақ жырының ойсанасы–Абай, ар-намысы–Махамбет. Бірі рухани ұстазымыз, бірі рухты ұранымыз» – деп Махамбеттің өзгеше жан болғанын көрсетті. Жалынды ақын, намысшыл ер жүрек жауынгер өзінің қысқа да жарық өмірін жан-тәнімен халқына арнап, еркіндікпен әділеттілікті ұран етіп, найза ұшымен қалам құдыретін ұштастыра білді. Күллі түркі халқына ортақ Қорқыт бабамызбен, Асанқайғыдан, Шалкиіз бен Қазтуған, Ақтанбердіге дейін–ақырында Махамбеттен жорық жырауларының бір-бірімен ғасырлар қойнауының сабақтасқан жалынды үнін анық естуге болады.                      Ол жыраулық поэзияның көркемдік әлемін байытып, шығармаларында ұлт–азаттық идеяларын көтеріп, елдікті сақтап қалуға шақырды
Махамбеттей батыр бабамыздың аңсаған арманы – Қазақ халқының азаттығы, мен елінің теңдігі жолында, ақ найзаның ұшымен, азаткер асқақ жырымен, қасық қаны қалғанша, күрескен, тіпті сол жолда құрбан болған, әрі ақын,  әрі батыр, әрі күйші, әрі сазгер. Сол қалыптасқан өнердің ішінде – күйшілік өнері. Бөкей Ордасында аса күшті домбырашылардың күйшілік мектебінің қалыптасуына Махамбет күйлерінің шығармашылығы да негіз болады.
    Мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасымен ел тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы және Алматы қаласының 1000 жылдық тарихи мерекелеріне арнап  2016 жылы 18 қыркүйек  күні ашылды. Орталықтың тарихи-мәдени ескерткіштер (мемориальный) залында қойылған негізгі жәдігерлер топтамасы – қазақ елінің өңірлік дәстүрлі ән- күй мектептері, белгілі өнер тұлғаларының, өздері пайдаланған музыкалық аспап-мұраларының негізінде эспозиция жасақталған. Осы залдың қақ төрінен орын алған Махамбат Өтемісұлының өзінің «Нарын», «Жорық», «Жепе-жек», «Ақ желең», «Жұмыр-Қылыш», «Ақтабан», «Жайық су» күйлерін орындаған «Асыл-Мұра»  домбыра аспабы жасақталған мұражай жәдігерлері топтамасын толықтырды.
Шөкей Несіпкүл Қалдыбайқызы,
 Мультимедиялық дәстүрлі
музыка  орталығының қызметкері

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.