Абайды толық танып, білдік пе?

0
1181

«Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос…» деп түгел шығармашылық ғұмырын бір ауыз сөзбен түйіндеп кеткен Абайды «қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деп күрсіндірген немқұрайлылық, тиянақсыздық, салғырттық әдет бүгінгі ХХІ ғасыр қазағы біздің бойымыздан әлі де арыла қоймағаны анық. Неге?
Абайды танып, Абай еңбектері мен Абай философиясын бойға сіңіріп, Абай аңсаған арман үдесінен шығуды айтпағанның өзінде, біз әлі күнге дейін Абай туған күнді толық ажырата білмейді екенбіз. Біріміз 10 тамыз десек, біріміз 23 тамыз деп «бал ашып, құмалақ салып» кететініміз бар. Сөйтіп, хакім Абайдың туан күні жөніндегі дерек те, пікір де бір арнаға тоғыспай екіге жарылып, қоғамда екі түрлі көзқарас қалыптасқан. Алайда, мұндай қос-қос дата, қосақталған атаулар екіұдайылық пен екіге жарылушылықтан басқа ешқандай опа бермейтіні белгілі.
Осы мәселені ескеріп, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының «Руханият» орталығы «Абайтану мәселесі: туған күні жөніндегі деректер» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Жиында абайтанушы ғалымдар және басқа да қоғам қайраткерлері мен қаламгерлер ұлт ұстазы Абайдың 175 жылдығы қарсаңында хакімнің рухани мол мұрасын жүйелі зерттеу мақсатында ғылыми орталық ашу, шығармашылығын топтастырып, насихатталуына ықпал ету мәселелерін талқылады.

Ақынның туған күні қашан?

Белгілі қаламгер, қоғам қайраткері Сұлтан Оразалы: – «Ұлы Абайдың туған күні дегенде ең алдымен хакімнің көзін көрген, оның қасында талай жыл жүрген Әрхам Кәкітайұлының естелігіне жүгінеміз. Сонда ол ойшылдың дүниеге келген күні ретінде 10 тамызды көрсетеді. Бірақ осы датаның жанына «ескіше» деген сөзді де қосып жібереді. Осы бір ғана сөзге бола жұрт шатаса бастады. Қазақ Совет энциклопедиясында, одан соң Қазақстан энциклопедиясында да Абайдың туған күні ескіше – 29 шілде, жаңаша – 10 тамыз деп жазылған. Мұны өте дұрыс дерек деп есептеймін. Бірақ, Мұхтар Әуезов 1940 жылы Алматыда Абайға құлпытас жасатқан. Мұны Абайдың 100 жылдығынан біраз жыл өткеннен кейін әкеліп, басына қойдырған. Құлпытасқа Абай 10 тамыз күні дүниеге келді деп жаздырған. Сондықтан, Абайдың туған күнін енді көкпарға айналдырмай, бұл датаға тоқтауымыз керек. Осы уақытқа дейін, 100, 125, 140, 150 жылдықтары 10 тамызда тойланды»- деп, хакімнің туған күні төңірегіндегі деректердің әлі де зерттелгенін, ғылыми нақтыланғанын қалайтынын жеткізді. Ал, ақын, абайтанушы Алмахан Мұхаметқалиқызы: – «Абайдың туған күні ретінде 10 тамыз деген дата халық санасына сіңіп қалған. Әрхам «ескіше 10 тамыз күні дүниеге келді» деп жазды ғой. Ал Әрхамның әкесі Кәкітай Абайдың өмірдерегін тұлғаның өзінің тапсырмасымен жазады. Сонда «Абай жылан жылы, мал күзеуге түсетін кезде туған» деген деректі алдымызға тартады. Мал күзеуге түсетін кез, бұл – тамыздың соңы. Өзім кезінде мына жайтқа куә болдым: 1992 жылы Абайдың 150 жылдығы әлемдік деңгейде тойлануға бекітілген кезде ЮНЕСКО көлемінде мерейтойды қай күні атап өтеміз деген мәселе туындады. Өйткені бұған дейін ғалымдар Әрхамның дерегіне сүйеніп, хакімнің туған күні 23 тамызда деп айтып, жазып жүрді. Қайым Мұхамедхановтың Абайдың дүниеге келген күні жайлы зерттеу мақалалары бар. Бірақ 10 тамыз бен 23 тамыз таразы басына түскенде, «той кезінде 10 тамызда өтіп еді, бұл да бір тарихи күн» деген тоқтам жасалды. Ал енді Кәкітайдың дерегінен басқа қандай дерек керек? Сондықтан 23 тамызға тоқтауымыз керек деп есептеймін. Осы күнді ресми түрде құжат жүзінде бекітіп алуымыз қажет»,- деген пікірімен бөлісті.
Абайдың туған күні туралы бір тоқтамға келу керектігін, енді бұл «дауды» соза берудің еш абырой әпермейтіндігін айтқан Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының директоры Ербол Тілешов: – «Біз әлі күнге дейін қай істе болмасын тиянақтылық пен ұқыптылыққа, істеген ісімізге қайта оралмастай нүктесін қойып кетуге дағдыланбай келе жатқан халықпыз. Солай екенбіз деп, енді, Абайдың туған күнін екі түрлі датамен атап өтуге хақымыз жоқ. Қолымызда Әрхамның естелігінен басқа дерек жоқ. Әрхамға сенбейтін қандай хақымыз бар?! Ол – жай кездейсоқ адам емес қой, Кәкітайдың баласы. Ал Кәкітай – Абайдың өмірбаянын жеткізген, шығармасын жинаған адамдардың бірі. Осы істің басында Кәкітай мен Тұрағұл тұр. Әрхам өз естелігінде «Құнанбай ауылы Қасқабұлаққа келіп қонғаннан кейін 1845 жылы, ескіше 10 август күні Құнанбайдың екінші әйелі Ұлжан толғатып, бір ұл дүниеге келеді. Атын арабша Ибраһим деп қояды» деп жазған. Енді осыдан артық қандай дерек керек?! Ескіше деп жазып тұр. Егер «ескіше» деген анықтауыш болмаса, біз бұл мәселені көтермес едік»,- деді.

Абайтану ғылымы «қартайды»

«Абай – терең теңіз, алып мұхит. Абайды таныған сайын оның түбіне маржандарын алу үшін сүңги беруің керек. Ал мен оның бетін ғана қалқыдым» дейді, хакім жайлы төрт том жазып, әлемге әйгілі еткен жазушы Мұхтар Әуезов. Ендеше, Абай мұхитынан бір ғана тамшы бұйырса екен деп, оның өлеңдерін жаттап, әндерін жарыса айтқанмен, ұлы Абайдың ұлағатын бойымызға сіңіру, жыр тұнығынан қанып «ішу» бүгінгі қазақ баласының қолынан келсе, қанекей?! Иә, көптеген абайтанушы ғалымдар «ақынды өскелең ұрпақтың есінде қалдыру үшін мекеме мен көшеге есімін беру жеткіліксіз, оның мол мұрасын жан-жақты зерттеп, насихаттау жағы кемшін. Сондықтан Абайдың хакімдік тұлғасын ұғуымыз, түсінуіміз, бойға сіңіріп, жүрекке дарытуымыз үшін Ұлт ұстазының ішкі сырына тереңірек бойлай алатын лайықты ғылыми зерттеу институтын ашу керек» дейді.
Ақын, абайтанушы Алмахан Мұхаметқалиқызы: – «Ескерткіш, қала, мекемелер атауы бұл тек Абайға жасалған құрмет қана. Ұлттың ұстазы Абайға бір ғылыми зерттеу орталығын ашу заңдылық. Қала бойынша ашылсын. Абай еңбектері бүкіл аудармаларын қосқанда бар-жоғы 308 ғана. Сол 308 еңбекке бойлай алмай жүрміз»,- деді. Осы орайда жас ғалым Елдос Тоқтарбай: – «Абайдың туған күні «ұсақ» мәселе болғанымен, бұл қоғамды тәрбиелеуде үлкен мәселенің басы. Қазір барлық жастар алдымен википедияға қараймыз. Сол википедияда Абай Ресей империясында туған, Ресей азаматы, туған күні 10 август деп жазылып тұр. Ендеше бүгінгі жиынды құр өткізіп қана қоймай, қаулысын мемлекеттік ұйымдарға жеткізуіміз керек. Жиын қорытындысы википедия қорындағы, басқа да энциклопедия, ақпарат құралдары мен сайттарда жүрген өрескел қателерді түзеуге, жөндеуге бағытталуы керек. Абай Құнанбаев емес, Абай Құнанбайұлы деп жазу да бір ізге түсуі тиіс. Сондай-ақ шындығында абайтану ғылымы қартайып кеткені соншалық, ең үлкені Мекемтас Мырзахметов ақсақал болса, ең жасы Жабал Шойынбет қарасақалдық жасқа жетті. Яғни, бүгінгі жастар арасында абайтану проблемасымен айналысып жүрген жастар жоқ. Сондықтан абайтанудың айналасындағы зерттеу советтік көзқарас деңгейінде қалып қалмай, қазіргі уақыт тұрғысынан зерттеліп, зерделенуі үшін абайтану ғылыми орталығы ашылуы керек. Болашақ жастардың алдындағы парыз өтелуі үшін де Абай төңірегіндегі қате деректердің барлығына ғылыми тұржырымды түзетулер енгізілуі қажет»,- деді.

Абайға абайлап баруымыз керек

Абайтануда алдымен хакімнің туған күнін нақтылап алмасақ, келешекте біз Абайға жақындағаннан гөрі алшақтап кетуіміз бек мүмкін. Өйткені, екі ұшты дүниеге ешкім ден қоймайды және сенбейді. Сенім болмаған жерде махаббат болмайды. Махаббат жоқ жерде тану, ынтығу ұмтылу сезімдері де ұмыт қалады. Хакім Абай өзі де «махаббатсыз дүние бос» деді емес пе!? Яғни, Абайдың туған күні туралы нақты датаның бекітілмеуі, күмәнді деректердің сақталуы бізді Абай төңірегіндегі ең басты мәселелерден алыстатаны анық. Абайтанушы ғалым Омар Жәлелдің айтуынша, қазірдің өзінде абайтанудың халі шын мүшкіл. Қазір Абай күнтізбелік тұлға ретінде ғана ескеріліп жүр. Тіпті, соңғы кездері Абайдан науқандық тұлға жасап алдық.
– «Біз әлі Абаймен бетпе-бет келген жоқпыз. Сондай-ақ қазір Абай науқандық тұлғаға айналды. Бұлай кете берсек, Абайдың қадірін жоғалтамыз»,- дейді Омар Жәлел. Шынында соңғы кездері Абайдың өлеңдерін оқу, Абайдың қара сөздерін мысалға келтіру «модаға» айналды. Жаппай Абайды білу керек шығар, бірақ Абайға терең бойлау үшін, Абайды тану үшін «қызыл тілдің» сайрауы аздық етері сөзсіз. Хакім Абайдың өзі
«…Не пайда бар – мың надан
Сыртын естіп таңдансын,
Онандағы бір есті
Ішкі сырын аңғарсын.
Өздерің де ойлаңдар,
Неше түрлі жан барсың.
Ғылымда жоқ, ми да жоқ,
Даладағы аңдарсың.
Жүрегімен тыңдамай,
Құлағыңмен қармарсың…» деп, «әсіре қызыл тез оңар» дегенді меңзейді. Яғни, бүгінгі қазақ қоғамындағы абайтанудың деңгейі сыртын ғана бағалаумен шектелмей, «ішкі сырына» үңілудің маңыздылығымен бағалануы керек. Қазір Абайды мектептердің жоғары сыныбында ғана оқыту қолға алынған. Дегенмен, қазақ баласы көзін тырнап ашқаннан Абайды оқуы, Абайды жаттауы керек екенін ешкім жоққа шығармайды.
Рас, Абай бізге не үшін керек? – «Абайды әлемдік тұлғаға айналдыру біздің мақсатымыз емес. Біздің мақсатымыз Абайды тану. Неге? Өзіміз үшін, қазақтың тағдыры үшін Абайды тану міндет. Абай хакім. Хакімдер не үшін керек? Абай айтады «Адаспай тура іздеген хакімдер болмаса, дүние ойран болмақ. Хакімдік ғылымнан биік нысана. Оның кеңістігі – рухани әлем. Рухани әлем мазмұны – ізгілік» дейді»,– деді Омар Жәлел. – «Егер біз Абаймен бетпе-бет келсек, оның хакімдігін танысақ қана, біз, кемелдене бастаймыз. Оның хакімдігін тану үшін Абайдың өзі айтқан ғылым мен өнерге жетелейтін ортаның қалыптасқаны керек. Әлі күнге дейін Абайдың хакімдігін танытатын ғылыми иниститут аша алмай отырғандығымыз қазақтың үлкен трагедиясы. «Той болған жерде ой болмайды» деді Абай. Біз Абайды тек тойлаймыз. Бұл Абайға жасалып жатқан қарсы әрекет. Сондықтан, Абайға надандық көзқараспен емес, Абайға хакімдік көзқарас қалыптастыратын уақыт келді. Ендігі кезекте Абайдың сыртын ғана емес, сырын, ішін танитын «көкірегінде болсын көз» дегеніндей, көкірек көзіміз ашылса екен деймін. Абай қазақ баланы қазаққа күзетші болуы үшін оқытуы керек дейді. Яғни, әрбір қазақ біріне бірі күзетші болса, жаны ашыса, махаббатқа негізделген ұлы мектеп қалыптасса деп армандады. Бүгінгі біз айтып жүрген ұлттық мектеп, ұлттық білім беру жүйесі, ұлттық концепция, әлемге ұлттық көзқараспен қарау – барлығы Абай арқылы ғана қалыптасатын қасиет»,– деді Омар Жәлел.
Демек, данышпан Абай «…Көкірегі сезімді, тілі орамды, Жаздым үлгі жастарға бермек үшін…»,- деп айтқанын ескерсек, алдағы уақытта айтылар сөз тек жастарда және Абайдың хакімдік тұлғасын тәуелсіз сана тұрғысынан зерттеп, зерделей алатын, «хақтықтың сәулесі түскен» жастарда деп сенеміз. Кеше ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Абай өлеңдерінен үзінді оқып, эстафета жолдаған 9 жасар Ләйлім-Шырақ Рысқали мен бұл эстафетаның бастаушысы – Англиядағы Leicester university-дің түлегі Шынар Шәкен сынды өскелең ұрпақтан үміт зор. Жиын соңында Ләйлім-Шырақ Рысқали хакім Абайдың «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» өлеңін оқыса, әнші Ерлан Рысқали «Алыстан сермеп…» өлеңінен шашу шашты.

Тілекгүл Есдәулет

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.