Ұлытауда ұлттық рухтың бастауы бар

0
663

Өткен аптада ҚР Президенті Қ.Тоқаев Қарағандыда, Жезқазғанда және Ұлытауда болды

Қазақ хандарының аллеясы бой көтерді

Өткен аптада Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ жұмыс сапарымен Қарағанды облысына келді. Мемлекет басшысы «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағындағы нысандардың жұмысымен танысты. Сондай-ақ, Президент Арқа аймағындағы жұмыс сапарының екінші күні ұлт ұясы – Ұлытау ауданына ат басын тіреді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыс әкімдігі, Мәдениет және спорт министрлігі мен «Кazakh tourism» ұлттық компаниясы ұйымдастырған ауқымды «Жезкиік» ІІ Халықаралық музыка фестивалін тамашалады. Әлем елдеріне қазақтың мәдениеті мен өнерін паш еткен фестивальде ата-бабаларымыздың рухы туризмнің озық үлгілері арқылы дәріптелді.

Этнографиялық туризмнің орталығы болуы тиіс

Мемлекет басшысы «Жезкиік» ІІ Халықаралық музыка фестивалінің ашылу барысында алдымен, «Ұлытау 2019» халықаралық туристік форумының жұмысына қатысты.
Қазақстанда ішкі және сыртқы туризмді дамытуға қатысты, әсіресе, этнотуризмді дамытуға, шетелдік және отандық туристерді қызықтыратын нысан қалыптастыруға қатысты ойын ортаға салды. Форумға ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, «Kazakh tourism» ұлттық компаниясының, ЮНЕСКО бюросының сарапшылары, туризм қауымдастығы өкілдері, Қазақстан, Германия, Моңғолия, Түркия және Қырғызстан туроператорлары, этнографтар қатысты. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік және отандық туристер үшін Қазақстанда тартымды жерлерді қалыптастыру, сондай-ақ этнотуризмді дамыту жөніндегі ойымен бөлісті.
– Ұлытау ауданының орталығында Қазақ хандарының аллеясы бой көтерді. Енді еліміздің осындай баға жетпес бай мұрасын өзге жұртқа танытудың жаңаша жолдарын ойластыруымыз керек. Мысалы, Монғолия Шыңғыс хан тұлғасын халықаралық туризмді дамыту үшін өте тиімді пайдаланып отыр. Ал, ұлы ханның үлкен ұлы – Жошының мазары қазақ жерінде тұрғанын бүгінде еліміздегі және шетелдегі жұртшылықтың көбі біле бермейді.Ата-бабалардың аманатына адал болу – бізге сын. Сондықтан, біз Алтын орданың негізін қалаған Жошы ханның есімін ұлықтауды міндетті түрде қолға алуымыз қажет.


Оның тарихи тұлғасына әлемнің назарын аударып, кесенесін мәдени туризм нысанына айналдыру – өте маңызды міндет. Ұлытау – халықаралық деңгейдегі этнографиялық туризмнің орталығы болуы тиіс. Бұл жұмыстар Алтын орданың 750 жылдығын мерекелеу аясында басталуы қажет, — деді Қасым Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы көптеген шетелдік туристерді бес жұлдызды қонақүйлер, курорттар сияқты әмбебап дүниелер жалықтыратынын айтты. «Оларды әртүрлі халықтардың мәдениетін, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін зерттеу, барған елдің тарихымен танысу қызықтырады. Сондықтан, әлемде өзіндік ерекшелігі бар жерлерге баруға, тарихи фестивальдарға және көне әрі қайта қалпына келтірілген маңызды оқиғаларға қатысуға деген сұраныс артып отыр. Біз осындай үрдістерді пайдалануымыз қажет. Қазақстанның әлемге ұсынатын бірегей орындары бар», – деді Президент.
Қазақстанның туристік әлеуеті мен оны дамытудың міндеттері туралы айта келіп, кәсіби кадрларды даярлаудың маңыздылығына тоқталды.
– Туризм – өте күрделі сала. Тиісті мамандарды дайындауымыз керек. Сондықтан Туризм университетін ашу жөнінде шешім қабылдадық. Дәл осы салада жұмыс істей алатын білікті кадрларды дайындауымыз қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент туризмді дамыту аясында өңірде көлік-логистикалық инфрақұрылымды қалыптастыру және Қазақстанның барлық рекреациялық аймағында қонақүйлердің, тамақтанатын және демалатын орындардың құрылысына кәсіпкерлерді тарту қажеттігіне тоқталды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы креативті және инновациялық шешімдердің көмегімен Қазақстанның туристік әлеуетінің ақпараттық қол жетімділігін қамтамасыз ету қажет екенін атап өтіп, Ұлытаудың қадір-қасиетін бағалай білу – баршамызға ортақ парыз екенін тілге тиек етті.
Форумда «Қазақтуризм» Ұлттық компаниясы Моңғолия және Германия туроператорларымен, «Инди гайд» швейцариялық компаниясымен және Қазақстанның Скауттық қозғалысын ұйымдастырушылармен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.
Форумға сондай-ақ, арнайы шақырылған қонақтар қатарында республикаға белгілі ақын, жазушылармен қатар мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары болды.
–Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев форум барысында еліміз үшін маңызы зор мәселелерге тоқталды. Жошы хан есімін ұлықтап, Хан ордасының 750 жылдық мерейтойын атап өту керек деген бастама көтерді. Оған қоса, Ұлытау – бабалар рухына тағзым ететін туризмнің орталығы болатынын атады. Тарихы терең Ұлытауды ұлықтаймыз деген Президенттің бастамасына халықтың ризашылығы шексіз, – деді «Qazaqstan dauiri» халықаралық қоғамдық газетінің бас редакторы Сәуле Мешітбайқызы.
Форумнан соң Қазақстан Президенті «Jezkiik» халықаралық музыкалық фестивалін тамашалап, қалпына келтірілген ұлттық киімдер топтамасы қойылған және атты-шабандоздардың шоуы көрсетіліп жатқан этноауылға барды.

«Италияда мұндайды көрген емеспіз»

Қонақтар мен қатысушылар үшін Болатсай мекенінде төрт аумақтан тұратын үлкен этноауыл құрылды. Қонақтар LED экраны бар саxнадан салтанатты шараның өтуін тамашалады. Салтанатты шоу ат құлағында ойнаған NOMAD STUNTS каскадерлер тобының қойылымымен басталды. Саxнада «Тоқырауын толқындары» (Қазақстан), Hassak (Қазақстан), MORESCA NOVA (Италия), CARMEN GUERRERO FLAMENCO (Испания), Serbian Abrasevic band (Сербия), Dunaj banda (Венгрия) ансамбльдері өнер көрсетті. Сонымен қатар қазақтың дәстүрлі ән өнерін биікке көтерген өнерпаздар Айгүл Үлкенбаева, Жанғали Жүзбаев, Айгүл Қосанова, Ұлжан Байбосынова дәстүрлі ән мен күйден шашу шашты.
Аманжол Әлтаев пен Сара Тоқтамысованың айтысын көпшілік қошемететтеді. Шет елдік фольклорлық ансамбльдердің өнеріне ел тамсанды.– Шараның ұйымдастырылуы керемет. Барлығынан бұрын бұл фестивальдің табиғат аясында, арнайы салынған ауылда өтіп жатқаны қатты ұнады. Италияда біз мұндайды ешқашан көрген емеспіз. Жергілікті ұлттық тағамдардан да дәм татып көрдік. Ерекше екен, дәмі керемет. Сонымен қатар мен домбырада ойнап көргім келеді, – дейді Италиядан келген музыкант Пьетро Маскиандаро. Сондай-ақ, испандықтар да фестивальден алған әсерімен бөлісті.
– Мен алғаш рет бұл фестиваль туралы мексикалық музыканттардан естідім. Олар бұл шара туралы өте жақсы пікір білдірді. Сонымен қатар, бұл фестиваль енді ғана қанат жайып келеді, біз оған қатысуға, өзіміз үшін жаңа нәрсе ашқымыз келді. Біздің топ 1991 жылдан бері гастрольдік сапарларға шығып келеді, біз көптеген елдерде болдық, бірақ Қазақстанға алғаш рет келіп отырмыз. Бұл біз үшін өте қызықты тәжірибе, – дейді Испаниядан келген Мария Гуерреро Гитиеррез.

«Ұлы дала жаңғырығы»

Этно аумақта «Ұлы дала жаңғырығы» атты қолөнер шеберлерінің көрмесі өтті. Онда былғары, киіз, ағаштан және басқа да материалдардан жасалған бұйымдар келтірілді.
Тамақтану аумағында қонақтар үшін ұлттық тағамдар әзірлеу бойынша шеберлік-сыныптар ұйымдастырылды. Кез келген ниет білдіруші көшпенділердің ұлттық тағамын әзірлеуді үйреніп, өңірдің үздік аспаздары даярлаған тағамдарынан дәм татты.
Jezkiik этно ауылында спорттық алаң да болды. Онда асық ату, қол күрес, қазақша күрес, тоғызқұмалақ және басқа да ұлттық спорт түрлері бойынша сайыстар өтті. Жеңімпаздар үшін фестивальдің белгісі бар арнайы грамоталар мен медальдар табыс етілді.
Фестиваль Қазақстанның эстрада жұлдыздары қатысқан гала-концертпен аяқталды.
Айта кеткен жөн, «Жезкиік» ІІ халықаралық музыка фестивалі – мемлекеттік «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтіп жатқан еліміздің мәдени өміріндегі ең маңызды оқиға. Өткен жылы «Жезкиік» фестиваліне Түркия, Тәжікстан, Ресей, Польша, Перу, Мексика, Франция, Шотландия, Жапония елінің фольклор ұжымдары қатысты.

Аяулым совет
Қарағанды облысы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.