ЕКІ СИЫР АЙРАН ЕМЕС, «ОЙРАН» БОЛЫП ТҰР…

0
480

“Nur Otan” партиясының саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында сөйлеген Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жұмыссыздарға алақанын жайып көмек сұрай бермей, микрокредит алып, екі сиыр сатып алуға кеңес беруі әлеуметтік желіде де, ауыл-аймақ ішіндеде кеңінен талқылануда. Шенеуніктер қолдаған ниет танытып жатқанымен, дүйім жұрт президенттің сөзін сан-саққа жүгіртіп жатыр. Ашынған кей адамдар әлеуметтік желі арқылы «Екі сиырдың сүтін сатып, айран, құрт, май, қаймақ қылып кәдеге жаратайық. Сөйтіп алдағы бір-екі жылда байып кетерміз» деп келеке етуде. «Бүкіл отбасы екі сиырдан асыраса, бәрінің үйінде сүт болады. Сонда оның сүтін кімге сатады?» деп жатқандарға не дерсің?

Бұқараның саяси көзқарасы мықты ма, жоқ әлде, нарық заманы екі бүйірден қысып жіберді ме, қарапайым ағайынның қабағы қатулы. Ойлары да түйдек-түйдек, сөздері де мірдің оғындай! Бұл пайымға Назарбаевтың мәлімдемелері қоғамда қызу талқыланып, түрлі пікірлер туғызып жатқаны айқын дәлел. Сонымен «Nur Otan» партиясы басшысының елді дүрліктірген бұл сөздері қаншалықты қисынды? Қандай негізге сүйенген. Мемлекет шынымен қаржылық қиындықты бастан кешіп жатыр ма? Әлде кедейленген әлеумет шектен шығып кетті ме? Ең қызығы екі сиыр сатып алып, онымен шиеттей бала – шағаны асырау мүмкін бе? Сұрақ өте көп?
Мемлекетке тәуелді, әлеуметтік көмекті алып жүрген бес баланың анасы Сарыкүл Сатабаеваның сөзінше, «көп баламен пәтер жалдап жүрген отбасылардың сиыр асырайтын жері жоқ».
— Біз көшеде қаңғырып жүрміз, сиырды қайда асыраймыз? Қазіргі заманда екі сиырдың өзін асырау керек. Оның шөбі, суы бар. Сиырдың өз шығыны өзіне кетеді. Бір литр сүт бес балаға жетпейді. Мен күніне бес балаға екі литр сүт, екі литр айран аламын. Мың теңге кетеді. Сиыр ондай тамақ бермейді. Бізді көп балалы деп бөлмесін. Бес балам бар, біреуі мүгедек. Қалай жұмыс істеймін? Мүгедек баламды қайда қалдырам, бізде олардың да құқығы қорғалмағаны ма? – деп еңірегенде етегі жасқа толады.
Биыл көктемде көпбалалы аналар проблемасын өзі көтерген Нұрсұлтан Назарбаевтың, араға 5-6 ай салып «Өз күніңді, өзің көр» деп ашуға мінуін түсіне алмай жатқан халықтың сөзін кім тыңдайды? Экс президенттің сөздерін тігісін жатқызып тәпсірлеп беретін шенеунік қайда?
Қалай десек те, «Айтылған сөз, атылған оқпен тең». Ел ішін кезіп кетті. Ел ішін қаңқу сөз кезіп кеткесін, бізде ел ішіне барып, халықпен тілдесуге қам жасадық.
Астанадан 70 шақырым шалғайдағы «Мәншүк» ауылына ат басын бұрдық. Халық жаңалықтан хабардар. Көңіл-күйлері жоқ. Әсіресе көп балалы аналардың қабақтары қатулы. Үнемі президенттің жолдауы мен жаңа бағдарламасынан, игі тапсырмасынан жақсы сөз естіп жаны семіріп жүрген ауыл жұрты, бірнеше күнде көздері кіртиіп, ауыздары бұртиып, сұраққа жауап бере алмай қитығып қалыпты. «Журналист едік» деген жалынышты кейпімізді көріп аяды ма, әлде іштеріндегі запыран – ойларын шығарып бір жеңілдеуді жөн көрді ме, әйтеуір әрең деген де тілге келді. «Атымызды атамайсыңдар, суретке түсірмейсіңдер деп өз талаптарын да ашып айтты. Оған себеп: алып отырған әлеуметтік көмектеріне «зияны» тиюуі әбден мүмкін екен… Осындай келісім шарттан кейін шаруамызға кірістік.
Қатира апай: Қарақтарым, халық қазір сауатты. Бәрі соткада тұр ғой. Қай бастықтың қайда барғаны, не істегені, кімді сабағыны, кімге ақырғаны, нені ұрлағаны… «Жүйелі сөз киесін табады, жүйесіз сөз иесін табады» деген бар. Адам бірдеңе айтарда ойланбайтын ба еді? «Бала туарда бізбен ақылдасып па едіңдер» деген не сөз! Менің естуімше ата заңда бірінші орында адам тұр. Мемлекеттің қуаты – демек адам. Ал адамсыз мемлекет бола ма? Мемлекет болмаса оны бүгінгі шенеуніктер басқара алар ма еді? Олай болса мемлекет бала санының көбеюіне мүдделі емес пе?
Ал екі сиыр жайлы айтқаны әзілі болар. Көптен елмен жүздеспегендіктен, бір күлдіріп алайын деген шығар. Әйтпесе ауыл да өскен қазақ баласының осыншалықты сөз айтуы көңілге қонбайды тіпті. Қазір осы ауылда әр үйде екіден, үштен сиыр бар. Одан асыра алмайды. Себебі жайылым жоқ. Маңайдың бәрі егін. Сосын бір тележка майдаланған шөп 50 мың теңге тұрады. Бір сиырға оның екі-үшеуі аздық етеді. Сонда есептей бер. Сүт сатасың ба, қыстық азығын дайындайсың ба? Арпа, бидай, сұлы сатылады. Тоннасы 35 мың теңге. Қыс келе жатыр. Көмір алу керек. Оның тоннасы 19 мың. Бір үйді жылытуға кемі 5-6 тонна қажет» деп кемсеңдеп жылап жіберді.
Сәбира (жас келіншек): Мен Моңғолиядан келген оралманмын. 1992 жылы алғашқы көшпен келгендердің бірімін. 4 балам бар. Күйеуім Астанада жұмыс істейді. Оралмандарды масыл деген орайдағы сөз құлағыма тигелі, мазам қашып кетті. Себебі қай оралман билікке қол жайыпты. Нені көрсек те елмен бірге көрудеміз. Артық ештеңе сұраған емеспіз. Бұл сөз қазақтар арасын жіктегісі келетіндерге таптырмайтын жол ғой. Ала қойды бөле қырқу кімге қажет болды екен?
Атаулы әлеуметтік көмекті ала алмай отырмын. Себебі 2 сиыр, 1 жылқы, 5-6 қой ешкі бар. Осылар кедергі келтіруде. Үкіметтің ойынша осы малдарым болғандықтан мен орташа тұрмыс кешіп жатыр екенмін. Ағайын –ау, бұл не масқара? Ол малдар шөп жемей ме, бақташыға ақша төленбей ме? Екі сиырдан алған бір шелек сүтті ауылда кім алады? Оның бағасы қанша? Сүтті жинап сата алмайсың, ашып кетеді ғой. Сүтті майға айналдыру, сүтсіз шай ішу, баланың аузын ақтан айыру деген сөз. Сонда билікте отырғандар ауылдағыларды мазақ етіп отыр ма? Күйеуім балаларға төленетін 21 мың теңгені алу үшін қолдағы бар малды сатайық дейді. Мен байғұс қимаймын. (Жылап алды). Бұлай жалғаса берсе сөйтеміз ғой. Меніңше билік малды құртуды өз қолдарымен жасап отыр. Ақша алу үшін адамдар түрлі айла шарғыға баруда.
Ашаршылық жылдары қазақты ең алдымен малынан айырды, сосын жерінен айырды. Малсыз қазақ аштан қырылды, босып кетті. Бүгінгі таңда соның аналогиясын көріп отырмыз. Қазаққа мал бағатын ешқандай мүмкіндік қалдырмады, билік. Жердің бәрі алпауыттардың қолында.
Мен өзім еш партияда болмасам да, «Нұр Отанға» бүйрегім бұрып тұратын. Мынадан кейін кімге сенерімді білмей қалдым…

P.S: Халық арасында «Екі сиыр айран» деген мақалдың мағынасы ауысып, «Екі сиыр ойран» деп айтылып жүр. Бұл да болса ел адамдарының өкпе-ренішінің ауаны.
Ауылда шынымен-ақ мал жаятын жер жоқ екен. Құмы бұрқыраған жол. Шаңы шыққан қырқа. Сонадайда сап – сары боп жайқалып тұрған егін алқабы… мына жақта жырым-жырым жыртылған бел. Анадайда сиыр баққан бақташы, әрегіректе қой қайырған бала. Одан алысырақ жылқы қуған жылқышы… Малдарын көзден таса етпейтіні байқалады олардың. Сәл мызғып кетсе, ашыққан мал егінге бас қоюға дайын тұр…
Мұны бәрін ауылдың сыртына шыққанда байқадық. Бұл қып-қызыл шындық! Барлық ауыл осындай күйде болса жетіскен екенбіз. Өткенде бір əңгіме шығып еді, ауылдардың айналасындағы жекешеленіп кеткен мал жайылымдары мемлекетке қайтарылады деген. Көпшілік оған кәдімгідей қуанып қалып еді. Ақыры ол да сиыр құймышақтанып кеткені жанға батады. Сөз соңында ауыл ақсақалы Каппар атаның мына бір сөзін келтіре кеткенді жөн көрдік.
«Ауылдан бүгін қызық қашып тұр, балалар. «Жастар жылы» деп жатыр ғой. Осы ауылдың барлық жасы Астанада құрылыста, әртүрлі жерде нәпақа тауып жүр. Үкімет қысқасы, ауылға реформа жасай алмады. Алғашқы жылдары жер, әр отбасыға бөлінді. Шаруашылыққа инвесторлар, инвестиция тартылды. Халық өсті. Кейінгі жылдары өнім, өзін ақтамады. Халық, қалаға бар жерін сатып, көшу жалғасты. Сатып алғандар-жергілікті байлар… Қазір ауылда екі сиыр ұстап, бала-шағаны бағу мүмкін емес нәрсе. Соны білгендіктен де ауыл тұрғындары мал ұстауға құлықсыз. Жасыратын несі қалды, мен көрген осы төңіректегі барлық ауылдардың көрген күйі осы. Жердің бәрін үкімет жағалағандар жекешелендіріп алып, қазір мүлдем сырттан келгендерге (байларға)сатып жіберген. Енді келіп мал ұста деп ақыл айтатындарын қайтерсің. Халықпен ойнауын қоймады, ғой бұлар …».

Нағашыбай Қабылбек

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.