«Наркескеннің намысын көп қайрадым!»

0
493

СҰЛУ ЖЫР,СЫРЛЫ  КӨҢІЛ,  АДАЛ  НИЕТ ИЕСІ (Рза Оңғарбай мен сырласу)

Мынау өмір бар болғаны қас – қағым!

Алматы. Қырқүйек өтіп, қазанға жол берді.   Орман қамығып, ойға бөкті. Алма бағы сарғайды, көк жапырақ  көзден кетті. Шөкім бұлттың     бүркіп жауған  жаңбыры қара жерді сілекейлеп, жансебіл  тіршіліктің  езуінен еріксіз сорғалап тама  бастады. Көктің жиегінде, шыңның иегінде жылтылдаған найзағай көрінеді. Шамасы  жазықты мен кінәліні, не болмаса момынды тауып алып  өтін алып аузына құйып жазалап жатыр-ау деймін. Әйтеуір,  күміс қамшы жиі-жиі жарқылдап, сойқан сойылдың хабарын беріп тұр. Алматыда тұрмын. Таныс қала, таныс маң. Алматының Алатауына  қарап тұрып, өзегін  өксік  кернеген  беу дүние  сенің сырың бізге де біршама аян болды. Түсіндік те, теліндік, түртпек ойға  мән бермей  құлазыған  жанның қалауына  көштік. Тірінің жоғы таусылмайды, шаруасы бітпейді. Аққан жұлдыздай ғұмырымыз бар. Кезінде Мұқаңдарда, Мұқағали Мақатаев:

Дүниенің ағында, қарасында,

Мыңқ етпейсің, қабылдап  аласың да.

Қарасымен шамаң жоқ таласуға,

Ей, өмірім, зымырап барасың ба?

Жер мен  көктің  желпініп  арасында,

Желігесің, түсесің  қара суға.

Құйын  қуған қаңбақтай аласұра,

Ей,  өмірім, зымырап  барасың ба?-депті.Ұлы тұлға, ұланғайыр шабыттың иесі, ақын ағамыз бір бұрылып, шалқыған оттай шарпынып, күңіреніпті. Бұл тақырыптың да өзегін өлеңнің  өртімен аластап, айтып өткен екен, басқа амал қайсы. Оймақтай ғана ойлы жырдың қойын-қолтығы аза мен қазаға толы. Төбеңнен қорықтық құйғандай жүрекке барып быж ете қалады. Ол сол үшін де: -Мұқаң, Мұқаң ғой!  Өмірдің шындығы солай. Декаденттік үрдіс қой деп қақпақылға салып, жанды сезімді сүйекше мүжіп, азуға кептеп қаржап тастайтандарда бар.Әрине, күрес керек, майдансыз мән жоқ. Алайда, соның соңы дарияның аяғын құмға телігендей көрініспен  тұйықталып шыға келеді. Дағдарыстан құрыққа түскен асаудай рухың тулап, бой бермейді. Тірліктен мән іздейді. Мұндайда,    Рза Оңғарбайдың:  Көз алартпа бақытына басқаның,

Ашық болсын азаматтық аспаның.

Жауласуға, дауласуға уақыт жоқ,

Мынау өмір бар болғаны қас-қағым –деген өрелі өнегесін басшылыққа алғың келеді.

Ол да ақиқат. Ойланшы өзің…Дүние өте шығар судай парлап…қалай еді? Ән бар болатын. Құлағымның шарбағында  зары тұр, заманы бұлдыр. Ғ.Құрманғалиев атамыз тамылжытып айтқанда, қариялар қайдағыны еске алып отыратын еді.

Дүние  өте шығар  судай парлап,

Кетпейді өтерінде сірә жарлап,

Жан қалқа, ойланшы өзің-деп қайырып алып қалықтата жөнелетін.

Осылай басталатын. Менің осы ой түбіне малтығып жан арпалысқа түскен сәтімді сезгендей , төбемде қос торғай шырайналып жүр.Алып қалада адасып жүрген неткен мұңдықтар, білмедім.Бірақ осылар қалаға үйір. Ауылды қазақтан бұрын тастады.Қала – мәдениет пен кісіліктің, мейірімнің орталығы деп ойлайтын болар. Ауылдың аты-ауыл ғой,кеңістік пен кемеңгерліктің тұнбасы ғой. Кең Құдай жақсылыққа бастай гөр. Қазақстанымыз гүлденіп, жақсылық болар. Торғайдай топтасқан қазағыма – берекет келсін, бірлік орнасын.Үп еткен самалдан үркіп, үдере көшіп өкшелескен сары жапырақтарда зәре жоқ, соңғы тұяқ серперін жасап, жамырасып бара жатты. Не бір дүрлерді қалыптастырып, қағидалы ерге, қаһарман тұлғаға айналдырып, сосын, әлгі үзілген жапырақтардай талайды сары алтын күйінде Кеңсай(қорым) жаққа аттандырып салған  Алматы ғой,-бұл. Кеңсайға барып дұға-тілектің  бесігінде тербеліп жатсаң ештеңе емес, айт пен той ғой. Оның алдындағы  зұлматтардың қайнаған ордасының бірі де  осы жер болатын. Тасты бұлақ, тар көшелер не көрмеді.

 

Қазақтың мәдениетін өлтірген ашаршылық

 

1932 жылы ашаршылықтың араны ашылып, қазақты қарпып топ-тобымен жұта бастағанға дейінгі  қазақтардың саны

7  миллионның маңында болса,1937 жылдың қарсаңындағы ресми ақпараттарда бар болғаны 2  миллионнан  сәл көбірек  қазақ бар деп берілген.

«Бұл ашаршылықтың  қазақтарды  ойсыратқаны  соншалық, қазақтар  бұл  зұлматтан  соң  тіпті  басқа халыққа айналды.  Олар өз жерінде азшылыққа  түсті. Қазақтардың  бүгінгі  таңдағы  мәдениетін, тілін дамытудағы қиыншылықтарының түпкі себебі сол кезден бастау алады. Қазақтың  мәдениетін  өлтірген – ашаршылық» (Д.Верхотуров, тарихшы.авт.С.Ж.  «Ашаршылық ақиқаты»).Енді бұған рухани ашаршылық қосылды. Тоқсан тарау діл мен дін, саяси «сауықтар», жаһандану…т.с.с.Өзіміз  бір қазақты екеу қыла алмай жүргенде, қыздарымыз әртүрлі нәсілдерге тұрмысқа шығуды дәреже-дақпырт санап жүр. Ұлдарымыз жаттың майданында, жан беріп жүр.Тіл, ұлттық мәдениет мәселесі қайта қалғып, өзгенің етегінен ұстаушылық басым қалыпта өріс ала бастаған сияқты. Бұрын құрсауда жүріп ұлттық тұтастық пен құндылықтарға қол жетпеді делік, ендігіміз не ?!..Қандай мешеулік, аты бар дерт пе?!..Меніңше бұл жолғы шегініс өте қауіпті қадам. Себебі, түңілу бар, ол өте жаман кесір,кесапат.Тоқырау дейміз бе?..Жұмыссыздық, Жемқорлық, саяси сапырылыс, мансаптық жылпостықтар бұқараны қашанда шаршатып, діңкелеткен. Ұлттық тарихтың жұмбақ сырын, жұқана ғана әл-дәрменін көріп жүрміз. Біздің қазақ көрген зорлық пен қорлықтың, шытырман оқиғаның  өңін айналдырып, өрмегін тарақтап беруді детективті әдебиетке арта салармыз, бәлкім? Бірақ,бұл мәселеге поэзия жалаң қылыш, жарты малта ерен ерлікпен кірісіп кеткен. Ұлт тағдырына келгенде ұлы жыр мен өлеңнің жерге қараған тұсы жоқ. Қашанда еңсесі биік, жүзі жарқын.Үміт еткің келеді. Жансебіл ашу да бар. Түңілу емес, шындыққа жүгіну.Өмірдің  өртіне қанатын тосқан көбелектей күй кешу. Қайғы астында- қуаныш, қар астында –  көктем бар деген ынтызар тірліктің сәулесі үзіктен қарап, жүзіктен сығалайды.

 

Рза Оңғарбай:  Қияладым  қиынның көк тайғағын,

Наркескенін намыстың көп қайрадым.

Мен  құласам құлайын, сенің үшін,

Сен  құлама, киелі көк байрағым!

Ақынның ұстанымы.Ұлтының болашағына деген мөрлі хат, қырағат – дұғасы. Тәуелсіздік!..Көк байрақ!..Оның тұтастығы мен мерейі, беріктігі!.. Қазақ Елінің тағдыры.Оған деген сенім мен үміт.Сол ұлы мақсаттың жолында өзі де құрбандық болуға дайын.

Негізі, Рза Оңғарбайдың бойында дөңайбат дөрекілік пен кебеже көкірек желбуаздық жоқ. «Бәрінен де Мен- сұлу, бәрінен де Мен -асыл» дейтін, өкшесі қанамаған қысыр құрсақ жеңілтектік жоқ. Жарық дүниені жаны қалмай жүрегімен құшақтап, ниетімен сүйеді. Демек, ақын ұлтының аяққа нық тұрғанын көргісі келеді, асығады. Құлшыныстан туған құдіретті поэзия сорлы жүректің соңғы сөзін айттырады. Ақынның жаны бір де көл, бір де шөл. Тебірене сүйіп, кейде тегеурін бермес толқындай шапшып жатады. Сонысымен құнды.

Өмір ме?…Өтеуі  жоқ  жыл боп  кетті,

Кісілік…Сақал сипар  пұл  боп  кетті.

Азамат ар-ұятын  белге түйіп,

Құнжыңдап  құлақкесті  құл  боп  кетті- дейді, Рза Оңғарбай. Ал, түсініп ал, жаңа ғана жайма-шуақ жырдан жөргек жайған ақынның, бұл ашуы құйын болып соққандай әсер қалдырды.

Шындық-сұлу, ақиқат-ару. Ақ сөз – ащы да болса, бал сөз. Сонда қалай қыламыз, кім бар, не істемек керек? Түсінбейді емес, түсінеміз. Ақын қасқайып қара қылды қақ жаратын тұсыңды    көрсетіп тұр. Әлде, ұлы Абайдың өз өлеңін өзіне ғасырлар бойы қайта оқып беріп, қашарман ойнағанды дәреже қыламыз ба? Орынды, құптаймыз, жасөспірімдер үшін керек. Данышпанның өсиетін қашан іске асырып өсіп-өркендеудің жолына түсіп, амал-әрекетке көшеміз?! Оған жауап іздейтін кім бар?! Бірімізді–біріміз жоққа шығарып, балақтан  тістелеп,орға итеріп жүре береміз бе?! Ел іші қара майдан, қаңқу өкпе, зәрауыз  өсек, керауыз керіс. Қолдарында бір-бір кесек бар. Епіршік атып қарын тойса  қарақияның ойпатына, ебін тапса Отпанның биігіне лақтыра салып,  сөз базарын қыздырып, қылаңытып қиырдан қарап тұрмаққа керек.  Кейбір дандайсыған  билік иелірі де қызметінен гөрі, қызыл етік, шоңқайма жүріске құмар. Халық-қожайын! Қызметкерлеріне ие болып, тезге салып отыру керек. Рза ақынның «Жаңа қазақ» атты өлеңінде:

 Тасқа ұрсаңда басыңды күнде мейлі,

Сортаң бақта сәмбі тал гүлдемейді.

…Тіршіліктің тетігін тауып алған,

Жаңа қазақ жылмиып, үндемейді.

 

«Жаңа қазақ жылмиып, үндемейді»

 Жаңа қазақтың бәрі бірдей жаман емес. Олар ұлттың ұл мен қызы,болашағы, үміті.Жаңару керек.Ұлттық буржуазия қалыптасып жатса құба-құп.Рзаға мұның барлығы да аян, түсінікті. Мәселе, «Жаңа қазақтың» атын жамылып,жаттың ісін істеп тайраңдап жүргендерде болып тұр ғой.Жең ұшынан ала қаппен жалғасып, алашты тоз-тоз қылып жатқандар да бар емес пе?..Олар сыбайлас келеді, сыбырласуды да жолға қойып алған.Адалдың ісін-арам заяламасын.Әркім орнында болсын.Заң төрелік етсін.Елдің есі кетіп, дағдарысқа ұшыраған сайын, қазан маңындағы қара мысықтарға қолайлы жағдай туады. Қаралысында қатын семіредінің кебі ғой, баяғы.

«Жаңа қазақ  жылмиып, үндемейді».Есебі түгел, еселеп қарпып жүр, басқа не керек.

Жұмекен Нәжімеденов:

Саусақ бөлу, міне, былай басталмақ:

«Ортан терек», «шылдыр шүмек», «бас бармақ»,

Бір қолдың әр саусағына ат байлап,

саусақты да бөлген қазақ қақпайлап

нені  бөлмес…

бөлуге әуес жұрт осы,

анау- үйі,

мынау жалғыз  күркесі.

Бір-бір үйден.

Ауыл  деген атағы,

Әр қабақтан түтін бықсып жатады.

 Ақын – қоғамның тамыршысы. Ұлттық дерттің себебі менселкеу тұсын дәл тапқан, көрсете білген. «Әр қабақтан түтін бықсып жатады» дейді, қараңыз!..Осы түтін біздің түбімізге жетіп-ақ болды.Не отқа айналып жанып кетпейді, не жоққа айналып қалып кетпейді. Сонадайдан сығалап, сыртыңнан сібелеп, бықсып еріп отырады. Қазекемнің әр саусағына ат қойып төрелескеніне жол болсын, төртеуін ішіне бүгіп, сұқ саусағын ғана өз  қандасына кезеніп, желкесінен жебедей ату үшін, ашық, оқтаулы күйінде қалдырғаны түсініксіз?..

Сұрақ көп!?..Сонымен, Солайда-солай ашаршылық нәубеті өтті.

Әңгімемізді жалғайық.

Оның ізі Ұлы Отан соғысына ұласты, ерлеріміз түгіл, қыздарымыз да майданға аттанды, қырылдық. Азық-түлік, оқ-дәрі мен қамтамасыз еттік. Басқа түскен ауыртпалықтар мен шетқақпай шектеулерді айтпағанда, 1986 жылғы желтоқсанда,сол ақ пейіл, адал ниетке:-  «қанжоса-алғыс» алдық.Патша заманынан бері қарайғы сойқан мен ойран өз алдына, бөлек әңгіме.Маңғыстау жайлы сөз қозғап есептесе кеткенде  тарихтың талағы торсиып,талай Империя мен Диктаторлардың тілі байланар еді.Ей.., Алматы, Сен соның бәрін білесің,үндемейсің.Есесі қайтып, шындығы айтылмаған елдің  жүрегінің басында күйік, жанында дерт, амалы мен ісінде шідерлі тұсау, шерлі ашу мен запыран болады. Осы орайда:

Құдай-ай  ақын қайда анық текті?

Айтатын ақиқат  сөз шолып көкті.

Ақынның патшасы жоқ  бұл  заманда,

Патшаның  ақындары толып кетті – деп жырлаған Рза Оңғарбай ағамыздың  төрттағаны еске түседі. Қоғамда, Тәуелсіздіктің төрінде шын тарих пен ақиқаттың ақ туы желбіремей, бақытты халық атану мүмкін емес. Аллаға шүкір етеміз. Бәрі де кезең-кезеңімен келер. Рухани жаңғырып, ұлы даланың жеті қыры егеулі қылыштай жарқырап, ұлтымыздың  ұлы даңғылын,тұғыры мен  келбетін, бейне-болмысын көрсетер.Жастар бар, азаматтар бар…дегіміз келеді.Сол, сол-ақ екен, тағы бір ой келіп: -Жо-жоқ.., бұлай, жатаған, бұлыңғыр марғаулыққа жол жоқ сияқты.Оянатын уақыт жеткен секілді.Ауру асқынып,жүректен өтіп, ұлттың құрсағын мекендеп,қан түйіршігіндегі дегдарлығы мен тектілігінің қобдишасына қол сала бастаған сияқты деп қарсы қадам жасайды.Ұлт тағдыры-бәрімізге ортақ.Жауаптымыз! Не жасадық, не бітірдік?!..

 «Ақынның патшасы жоқ  бұл  заманда»

Патшаның ақындары толып кетті»-деп, Рекең, басқаны қойғанда ақындардан ат-тонын ала қашыпты.Бір-ақ ауыз сөз, өлең. Шіркін мірдің оғындай және аса кең мағынаға ие.Ақынның көзіне ақындар осылай көрініп жүрсе, ксенофобия (үрей ) дерті дегеніміз осы шығар,қоғамды шырмап, ұйыққа тартып бара жатырған,-құрдым.Әлем,-осы қаратордың шырмауында.Дәл осы екі жол өлеңмен біте қайнасып, қоғамның барлық бүге-шігесіне дейін ой жүгіртіп ақтарып шығуға болады. Ханға да, қараға да әділ сөйлеп, төрелік қылған поэзияға, өлең мен өнерге не көрінді?! Қандай қысым, неткен жаза?..Ақиқаттан айнымаған өлең патшалығы-ықылымнан ырысымыз еді ғой, онда, өмір деп жүргеніміз: қарынның қамы ғана болды десеңші.

Алматы, сен мені  күбір-күбір бұлағыңның үнімен сырлы тарихқа сүйреп бара жатырсың.

Қарапайым қазақтың  ұл-қыздары тай құлындай тебісіп осы қалада,Алматыда оқыдық, білім алдық. Жыл құстары секілді сан-салаға сапар шегіп, өмірдің ағысымен, тағдырдың толқынымен тоғысып, міндет-парыздарымызды өтемек болып  жүрміз. Күз болса мынау жылап тұр, сары жапырақ болса анау орын таппай ондалап жүр.Аға толқын Рза Оңғарбайлар жетпістің  тұмарын тағып,қоңырауын қағып көрмекші. Күріш Тасболаттан қалған «Жеті қайқы-Ән» жер түбінен жоқтау айтып, қай баланың күміс көмейіне ұя салсам екен деп жүр.

Қашаған:

Әзіреті Ғали шер өткен,

Көреген Темір дүр өткен.

Қатар-қатар ел өткен,

Сол елдердің ішінде

Әруақты ер өткен.

Шыңғыстай асқар шың өткен.

Сан пайғамбар, сахаба –

Құдайдың досты  –  бұл өткен –деп толғаған екен.

Рза Оңғарбай:

Өмір толқын, сен қалай құтыласың?

Сен толқыннан ақыры ұтыласың.

Кеше сен де  толқын ең,  бүгін міне

Бір толқынға өзің де жұтыласың-депті.

Жалғаншыға кімдер келіп, кім кетпей жатыр.

Адамзаттың Әбіші ,Әбіш Кекілбаевтар  қайтқан қаздай «қош, сау бол» деп қоштасып ғайыпқа бет бұрды, бел асып көзден кетті.Ғапыл дүниеге сағынышы мен өксігін және өлмес мұрасын  қалдырды. Су төккісіз жорға тілдің сұлулығына  сөз, биіктігіне көз, тереңдігіне ой мен бой жетпей  жол үстінде жолаушыдай  есеңгіреп тұрмыз.Әбіш аға барда Алматы мен Астанада қазыналы Қаратаудың біртұтас бөлігі, қаранардай қазақтың жүгін арқалап көшіп жүретін еді. Арқа сүйеп, таудан тірегіміз,жүз арыстан жұлқынса да тіксініп бүлк етпейтін жолбарыс қайрат жонымыз  бен  жүрегіміз,көкбөрі сүрлеу жолымыз бар еді.Мың қазақ мың жыл бірге толғатса да,Әбіштей ұлды жақын ғасырларда қайта туа салуы  екі талай болар.

Күз келіпті-ау…Маңай  түгел  сап-сары,

Жадап-жүдеп қалған екен бақ тағы.

Қоңыр  қаздың  қаңқылдаған  дауысы

Қайта-қайта «қош,  сау бол»  деп  қақсады.(Алматы,күздікүні бульварда.  1959ж.Көне дәптерден. «Дүние ғапыл»Ә.Кекілбаев.)

«Ағай, сіз біздің ағайынсыз ба?»

Салық Зиманов: «Рәсуа» деген сөздің обал-сауап, төл мағынасын  ұлттың  айшықты ұл-қыздарымен тарихи тұлғалардың тағдырынан да іздеп үйрену керек екендігін ескерткен болатын. Құнын біліп, Құдайға шүкір етіп сақтау да міндетіміз.( Рза Оңғарбай да осы сағымды дала, сағынышты дәуреннің,жауһар жырдың жұпарына сусап, « ауыл» атты- аруананы еміп өскен, сайын сахараның ботақаны.Әбіш Кекілбаев ағамыздың  ізет пен тілектен жаралған інісі.Мен әдебиет сыншысы емеспін.Мамандар бар.Әдебиет теориясы мен тарихының тігісін шебер жатқызып, әдіптеп беретін ғалымдарымыз бар.Әдебиет – дәуірдің көркем де, жанды көрінісі мен баяны, ішкі сұраныс пен сыртқы құбылыстардың жиынтық үні. Жәй ғана оқырманмын.Өлеңді сүйемін, қазақты сүйемін, адамзаттың аман болғанын, соғыссыз, түсіністікпен ғұмыр кешкенін қалаймын.Аллаға құлшылық, дәстүр-салтымыз бен дінімізге,ұлттың болашағына қызмет жасауға талпынамын.Тәуелсіз Қазақстанды-ұрпаққа аман-есен аманаттап, абыроймен кететін толқын болсақ екен деймін.Күмән бар, күдік көп, үміт бәріненде жоғары! Адам-адамға қонақ.Рза Оңғарбай әріптесім, көзкөрген ағам, құрметтеймін, сол үшін қарапайым тілек-мақаламды жазып, еңбегін атап,өз көзқарасымды білдіріп,құттықтап, мерей жасқа абыроймен келгенін айтқым келді. )Жә, бірді айтып, бірге кетеміз.

Алматы. Көше толған жарнамалар.Біз аңсаған қазақы тіл мен мәдениеттің,ұлттық  рухани құндылықтардың   өте әлсіз, мардымсыз, қуатсыз қамқорлыққа ділгір жағдайын, елеусіз екенін  сол жарнамалар  айғақтап тұр. Жат тілдегі жазулар, бейне-көрсетілімдер мен бейәдеп суреттер, өз елің, өлең төсегіңде көңілге жетімдік ұялатып, күндікшінің күнін кешкендей арыңа тиеді.Жәутеңкөзденіп, жәбірленіп қаласың. Жылы шырай мен  туыстық  лебіз іздеп, қандастарыңа алаңдайсың, ескі таныстарыңды мазалағың келмесе де амалсыз

хабарласуға мәжбүр боласың.Себебі, бейтаныс  қазағыңның қабағы қатқыл, сөзі суыт.

Бауырға өгей, суық, біршама қатігезденіп те алған.Ару қаланың  шөлмек үйлері асқақ болғанымен, шыны-  көңілі сынық  екен,соны байқадым.

Махамбет:

Арғымақ, сені  сақтадым;

Құлағың  сенің серек деп.

Азамат, сені сақтадым,

Бір  күніме керек деп

…жырлаған, жорықты күндердің жолбарыс ақыны.

Әрбір қазақ –барша қазақтың,барша қазақ –әр қазақтың мәңгілік семсері,қорғанғанда қалқаны, сүйенгенде тірегі, тілегі мен жүрегі.Көшеде әр қазақтың баласын таны, мейлі, таныма, сен оны бауыр етіңнің жартысындай жақын тартып тұруың керек. Тәрбие солай болуы тиіс.Сол жолы көшеде келе жатырған бастауыш сыныптың оқушысы:  «Ағай, ата-анама телефон соғып бересізбе»-деді.(Өзінің қолында да телефон бар.Шамасы қуат көзі сарқылған).Айтқанының барлығын орындадым. Балаларымды, немерелерімді сағындым ба, маңдайынан сүйіп,оқы, халқыңның азаматы бол!-деп, қолына қалтамдағы қаламсабымды беріп жібердім.Сол кезде бала күлімдеп:-« ағай, Сіз біздің ағайынсыз ба?»-деді.Ия, балам, біз бәріміз ағайынбыз, себебі, қазақпыз ғой,-дедім.Менен қара үзіп кеткенше артына қарай-қарай кетті.Құлыншақтар, солар аман болсын! Тәуелсіз Қазақстан-құлыншақтар үшін.

Достарымның бірін  қонақтап, шағын мейрамханада тыныстап алмақ болып, ойдың  құрсауынан шығудың  амалын  көздеп, қалта телефонымды қолыма алып бұрыла  бергенім  сол еді,  тек -тұрағы Ақтөбелік,  досым – Сағынтай  Сері(Өз арамызда солай атаушы едік) кездесе кетті.Керемет  сәттілік болды. Қуанғаным соншалық  қапсыра құшақтап сөзге келмей бір-бірімізді бұйдалап,  тірсектесіп алдық.Оныңда жүзі жарқын, кеудесі керіктеніп күлген үстіне күле сөйлеп, кеңкілдеп,  әрі біздің елді  нағашы қылып, әңгімені Амалдың ақша қарындай боратты. Тал бойымды сергітіп, тамыр ұстап  тілдескен емшідей айтпағымды аңдап, ұсынбағымды ұлықтап: «дұрыс!..Дұрыс!..Сәке! Бір демалыс керек, көп болды кездеспедік»- деп кеңінен кемелдеп, орайластырып жатыр.Тегінде балалық кезді бірге өткізген азаматтың орны бөлек қой, шіркін-ай, десеңші… Студенттік кез.Осы Алматы, бірақ,бұдан бөлектеу сұлу  еді.Қазақ эпосының  алтын алқасының бір нұсқасы – «Алпамыс батыр»жырында:

Ауыздықпен алысып

Ұшқан құспен жарысып…

Бір күн шапса шұбар ат

Айлық  жер  алып береді.

Осыменен ұдайы

Он екі күн жүреді.

Айналдырып санаса

Он екі айлық  жер еді, –деген  жырдың  жорық алды тұсы бар.Сол айтқандай, біз үшін Алматыға аттану, арманның  ақ туын көтеріп, жолға шығу, жанартаудай лапылдаған сезімге толы  шақ болатын.Оны айтып жеткізу оңай емес. Кеңес үкіметінің қанқұйлы әрекетінен еміс-еміс естімішіміз болғанмен,көп нәрсе жұмбақ, жабулы қазан болатын.Сосында солай біржақты қалыптасып өскен болармыз.Құлдық сана өзгере қоймайды ғой, қос жағалау бір өзеннің құрбандарымыз.Тәуелсіздікке не жетсін. Тәуелсідік-бар байлығымыз, ар мен намысымыз!Тәуелсіздік-шартты, салыстырмалы ұғым.Адамзат, мемлекеттік құрылымдар,әлемдік жүйе ішек-қарнымен матасып жатыр.(Қаскөй ұйымдар тағы бар.Абсолюттік Тәуелсіздік жоқ. Осыны біле тұра, біз,абсолюттік құлшыныс пен Тәуелсіздікке қарай ұмтыла беруіміз керек).Ұлттық сана мен сапа қаншалықты қуаттыболса –Тәуелсіздік,ұлттық саясаттың дербестігі соншалықты деңгейде болады.Көп зар мен мұңның қайсыбірін айтасың, жараның беті ашылған сайын көкірегіңе күбірткелі шығып іріңдей түседі.Ұлттық тарих- ұлы мектеп, толассыз көш.

-Арманға қол  жеткізген  көңілденер,

Жүнжіме жете алмасаң « елім»,-деп өл.

Ел үшін бір іс  қылған  азаматтың,

Бойынан бір міндеті жеңілденер.(Рза Оңғарбай). Міне, біздің сансыз сұрағымызға ақынның жауабы. Осы түсінік, қазықтай қағида, бұлжымас талап, елге деген махаббат пен азаматтық, перзенттік серт,-асулардың асқарына алып шығады.

Біз неден тәуелсізбіз?

Жанымызды жақсы армандарға толтырып алғанымыз дұрыс. Алайда үркердей үйездеп, шошынып қалған халықпыз ғой.

Алматы –Алматы  ғой!Алматы асқақ, шалқыған жастықтың жалыны еді.  Қазақ аз болса да, көп еді. Аузы бір, Атамекеншіл, аршыл еді дегің келеді.Алаштың арыстарын айтпағанда, сексен алтының желтоқсаны соның айғағы. Мүмкін әркімнің жастық дәурені мен мезгілді мекені солай көрінетін болар.Қаншама жылдар өтті.Уақыттың қанжығасында не жоқ…сұр мергеннің қолындағы қарабауыр  қасқалдақтай-тарихтың  қаны тамшылап  тұр.Сағынтайдың оқыған орны бізден бөлек еді.Күй тартып, ән айтқаны өз алдына, поэзияға деген махаббаты тіптен ерекше көрінетін.Талдап, жіліктеп отыратын.Аңқылдаған асау көңілге, дегдарлығы  дем беретін.Біз оны сол үшін өз ортамыздан көргіміз келетін.Әйтеке би, Жалаңтөс, Қазанғап т.с.с. бабаларының сөзін, ерлігін, күйлерін дәріптеп отыратын.(Дұрыс қой, Бабаларымыз-темірқазықтарымыз ғой, соларды ту қылып көтеріп, қарға тамыр қазақты қандас қылып, Атамекенді көздің қарасындай сақтап, мақтаныш қылмайтын болсақ, тірі жүргеніміз кімге керек, бәрінің құны көк тиын дей беріңіз.)Ол дәуірде бодандықта едік.

Енді, Тәуелсіз Қазақстанбыз!..Отыз жылға жуық уақыт  өтті…Айтарға сөз жоқ,түсініксіз  һәм  түсінікті…Түсініксіздігі: -біз неден Тәуелсізбіз?!..Дұрыс Империялардың шынжыры үзілді.Сыртқы күштердің бодандығынан босағандай болдық.Ал, ішкі, өзжан сарайымыз бен санамыздағы, қоғамдық қарым-қатынастағы, ұлттық мүдде аясындағы руханияттық «империялардан» азатпыз ба?!..Ойланыңыз, ол сыртқы жауданда жаман,көрінбей келіп көк жұлыннан қанжар салатын дұшпан ғой.Тағы да, Ойлан!..Демократияның да түрі бар. У.Черчилль:- «Демократия – плохая форма правления, однако ничего лучшего человечество не придумало-депті.Демек, Демократия керек.Бірақ, біз оны ұлттық мүддеміз бен дәнекерлестіріп, пайдамызға асыратындай тұтас халықтық деңгейде қорыта алсақ.Алып мемлекеттердің өз қағидалары бар.Аузы қисық болсада, айтқанын жасатады.Дэн сяопин:-«Неважно, какого цвета кошка – главное, чтобы она ловила мышей»-деп,-құрықты алыстан толғайды. Былайынша айтқан, Қытайға не керек, соны жасаймыз-дегенге саяды.

Жарайды, Алматыға оралайық. Сонымен мейрамханаға кірдік. Кірдікте..,басқа бір әлемге еніп кеттік. Ақай-шу, музыка, ағылшынша, орысша, әйтеуір, қазақшадан басқаның бәрі бар.  Даяшыға: «Дауысын  азайтып қоя гөр, бәсеңдетіп қоя гөр»- деп жалынып жатырмыз…Жалынған сайын.., бұққан сайын бұтқа  бұғы жегіп келіп, мың бұтақ  мүйізін көрсетіп бәлденіп-ақ тұр. «Доспыз..! Бауырмалмыз!..Ол қағиданы қазақ қана сақтауы керек», сондықтан, шектеулі қалыптан шықпадық. Әрине, бізден басқаларда бар ғой, оларға ұнап-ақ отырған сияқты. Жалтыр сан, жарғақ  кеудешіктерін әуелете лақтырысып билеп жатыр.Адамзат араласпай тұрмайды, дегенмен, әр нәрсе  орнымен, сәнімен, мөлшерінен аспай біте қайнасуы керек.Сыйластық екі жақтан бірдей дәрежеде болғаны лазым.Босағаңнан құрмет кетсе, төріңнен кие кетеді. Біз өзіміз: босаға мен төрімізге ие болғанымыз жөн.Ұлттық саясат –ұлт үшін!Өзге мен үйлесім-ұлттық мүдденің шеңберінде гүлденсе, кімге өкпеміз бар.Қонақжайлық пен қорлану бір шаңырақтың қонақтары емес. Достық керек, достарымыз да солай әдеппен келсе.

Кезінде Сырбай Мәуленов  атамыз:

Британия, Британия аралы!

Ақын сенен алыс кетіп барады.

Көңілі оның бұлт төнгендей қаралы,

Өмірі оның оқ тигендей жаралы,

Ашылмайды тұманындай қабағы

Британия, Британия аралы!-деп қоштасқан екен.1957 жылдары болса керек. Енді сол тұманды Британия мен ағылшынның тілі мен тізгіні кез-келген мейрамханаң мен санаңның төрінде өзіңді ығыстырып иықтап барады.Орақты тісеп, шалғыны шарлағандай өз жүрегіңді қайрап, жүйкеңді жұқартып, булығып барып деміңді басасың. Амалың қанша кінәні өзіңнен іздейсің.

Қазақстан, қазағым тілің қайда?

 Жә, сонымен, қайда барсаңда көрер күнің осы болғасын көндік, бір-біріміздің құлағымызға үшкіре сөйлеп, түшкіре мақұлдап  ел мен жер, өткен жылдар, өнер мен өлең  жайында біраз сыр шертіспек болдық.Қазақы шыдаммен, көнбістігіміз бұл жолы нәтиже бермеді.Төрімізге шығып алған  жаттың мәдениеті  шамырқанып, шарықтап, бетіне жел боп тисең қазақы шүкіршілікпен бет моншағыңды, бет теріңмен қоса сыпырып алуға дайын-ақ тұр.Көмейлеріндегі көп келеке көздерінен көрініп, ындын-ниетіндегі ышқынған дауылдың ығзғары – кейбіреулерін тамыздың қарақұртындай ісіндіріп жіберген.Сартап ажар, сасық түтін, суырдың айғырындай шаңқылдаған әнші сымақ пен құрғақ ритмнің тасқын-талауы  құлағымыздың шеміршегін тірілей шайнап, жүрегімізді  жұлып ала жаздады.Сөздің сәні, ойдың мәні болатын емес.Ақыры,даң болған басымызды, дағарадай қылып ісіп-кеуіп сыртқа шықтық.Шыға беріс ауызда еріндерімен темекіні  емірене мылжалап тұрған қазақтың егде тартқан қос төменетектісіне  Сағынтай Сері  ақыл айтып, кіжініп өтті, темекінің  әйел адамға аса зиян екенін  айтты.Олар Сағынтайдың күнінде сері болғанын қайдан білсін,  өзіміз білеміз депкөкшең ете қалды.Көше кезіп, Көктөбеге қарап, алақарын Алатаудың  өркешінен сығалаған күміс көзілдірік күннің дидарына сүйсіндік. Талай – талай тақырыптың  ақ сәулесін тебенге сабақтап, тереңге шақырып   жүрек байғұс  бұлқынады.Жәудіреген бір шөкім боздау бұлттың бота көзінен үміттің шығы мөлтілдеп,сорғалай сырғып барады.Ей, жалғаншы сен осы өткіншіңмен қымбатсың.Дүние көк мұз болып бедірейіп қатып қалса қайтер едің.Өмірдің құны –өліммен,жастықтың құны –қарттықпен, бақыттың құны –қайғымен, сағыныш түбі-сары алтын,оны да жаттап өскенбіз. Сарғайған жапырақтар да әлде нені сыбырлай айтып, сыбдырлай жөңкіліп мекенсіз уақыт пен бақыттың  тұрақсыз екендігін дәлелдей түскендей.Тең-құрбы, замана сазы,тағдыр талайымыз, қоғам мен қордаланған бағыт-бағдардың  мән-жайын тұсаулы пікір, шідерлі шермен екеуара ежелей толғап, есепсіз күрсіндік.Бйік үйдің жартелімінен(балкон) Сағынтайдың танысы білем бір кеуделі  жігіт керанау керіліп, күжілдеп, орысшалап: «Саке, Привет!..Домбыран кайда?!..ха-ха-ха»- деп, төс  киізін айыра қасып күліп алды. Сәкең: « Ертеректе көрші болдық. Тілі орысша болғанмен, ділі қазақ, домбыраны жақсы көреді.Егер ресми биліктен,жүйелі тапсырыс, ұлттық  мейірім болғанда  орыс тілді ағайындардың көбі бұл күнде баба тілдің жоқтаушысына айналар еді»-деп қымсына реуеттеп,сырттай сырғақтатып таныстырды.

Орыстың  тілі бізде кіл ыңғайда,

Жұлыным бұл қорлықтан жұлынбай ма?!

Сақаумыз жиырма жылда тіл  шықпаған,

Қазақстан, қазағым  тілің қайда?-Рза Оңғарбай. Тілге тиек, сөзге дәлел. Тілге деген құрмет-елге деген құрмет.Ақынның жырына қарағанда ол құрметке жиырма жылда жетпеппіз.Қазір, отыз жылдың  омыртқасын санап жүрміз. Сол жартас, бір жартас.

Қазақ салтанат көруі керек. Сонда бойындағы сан ғасырлық кек пен керелеп бірге қатқан шері ортайып, өзіне-өзі келе бастайды. Қазақта: «Бала жеңіне қарап өседі» -деген мақал бар. Жақсы өмір, құрмет көріп өсуі тиіс деген сөз.Ең кемі бес жүз жыл арпалысқа шыдаған қазақ халқының «Бір тойы қашан болады?!..». Өз жерінде, қандай сән-салтанат пен құрметке де, жеңілдіктерге де лайық екендігін ескеретін кез, дәл осы тұс. Солай болуы тиіс.Даланың қожайыны-Қазақ! Тұқырып, тұмшалай беру бұқараны түңілдіріп, езіп, барлық талпыныспен тәтті үміттен, арман мен қиялдан айырып, санасын сал ауруына ұшыратып  дәрменсіздікке жеткізеді.

Құл байғұстың көзіндегі үмітті

Үрей сүртіп тастайды.

Сен қайтарма «Елім!» деген жігітті,

Аласарып бастайды.

Құлдық сана-буындағы сары су,

Күн бұлттасса бірге сыздап, қақсайды.

 Бұл менің «Құлдық сана» атты өлеңімнен үзінді. Өз ойым, өз пікірім-(осы мақаланың авт-ы.С.А). Айтпағым: Құлдық сана- бұлт пен бірге бұғау салатын сыздау-сырқат сияқты. Құлдық сана әншейінде бұғып жатқанмен ел басына күн туып, қара бұлт қаптағанда,  жау мен жарнақтасады.Ұлға –әке, ұлтқа-перзент болғысы келмейді.Құл, Құлдық тірлігін аңсап, қожайын іздейді. Сол үшін жат пен жаудың сойылын соғады. Оны өзі де сезбейді.Қалыптасқан, қанына сіңген әрекет.

Сөздің бір ыңғайы мен сәтінде, Сағынтай: « Сәке, Сіздерде Рза Оңғарбай деген ақын бар, соның бір кітабы менің қолыма түсті, ой, шіркін-ай, тамаша, таза жүректі, сезімі мөлдір ақын екен.Жастанып жатып оқыдым, тіпті, кейбір өлеңдерін  жаттап алдым»-деп, желпініп, желдіртіп, желкілдетіп ала жөнелді.Дауысы қандай, әбден төселген, жырдың ырғағымен бірге шайқалып, атан жегіп, ат баптап Маңғыстаудың қаройына  көшіп бара жатқандай иықтарын ыңырси қомдап, Қорқыттың қобызындай күңіреніп қояды.Менің көзіме мың құпия –Маңғыстау,киелі-дала, кербез-мекен,келе-келе  түйелер, байрағы көп, бағы аз- көкмойнақ, ақтылы қой, аққулы теңіз,аңқау Адай, адырналы садақ, самсаған сағанатам,сағым кешкен- әулие,ордалы Отпан,Қарашаңырақ-Адай Ата, баталы –Қосай, егеулі найза ЕрЛабақ, періштелі көк, пернелі күй,Жеті қайқы, Бес жүйрік, пірім –Бекет елестеп кетті.  Сонымен қоса, кенедей қадалып, масадай ұңғылап, сүліктей сорып, иіліп-бүгіліп,қара алтынның тамшысын қалдырмай  жұтып жатқан майшығырларды (мұнай качалкаларын) жанымның жанарынан бір-бір тізіп  өткіздім.

– Жан-жүрек неге  жалықты,

Түсінбей мынау халықты?

Тұнжырап  тылсым  тіршілік,

Көңілім жүдеп  жабықты.

Жеткізбей қойды мұраттар,

Көңілім қайда тұрақтар?!

 Кернейді  менің  миымды,

Миллион  сұрқай сұрақтар.

 Өмірім  ойдың  өрмегі

Әуре қып  қойды,  көр  мені!

Күндіз –түн  мені  мазалап,

Әйтеуір  тыншу бермеді.

 Сәулесі  нәрсіз  нұрдың да,

Қуаты әлсіз жырдың да,

Опасыз  ойды  қуалай,

Құлармын  мен де  құрдымға.

(Авт.Р.Оңғарбай).

-Міне,өлең…Поэзия.., ғажап…Санадағы сансыз сұрақ, сұрқай өмір, жауап іздеген жанпида талпыныс,өртенген өзек…Бұл-адамзаттың бәріне тән шер-шемен.Дегенмен ақын бір серпілістің үстінде ақиқаттың ақ туын қайта көтереді. Ақынның жанын жегідей жеп осыншалықты түңіліс пен  түбегейлі жан шошырлық шешімге әкеліп,аранға түскен ақбөкендей жанжүрегін қызыл қанға  бөктіріп, қиғаштың  қызғышындай «аһ» ұрғызып тұрған не нәрсе?..Қазақтың қамы, халқының болашағы! Рза Оңғарбай: -жасампаздықтың жаршысы, болашақтың босағасы,батагөй қарты.Қазақ поэзиясы – қазақтың қаны мен жаны, ұлттың ішкі әлемі, үні. Бірақ, біз өзімізді өзіміз тыңдамаймыз.Сосын, аң-таң, шаң-шаң болып адасудан арылмаймыз.

Осы тұста:

Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,

Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.

Жақсы менен жаманды айырмадың,

Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың-деген дана Абайдың зары еске түседі.

Біздің бәріміздің де саясатқа қатысымыз бар

Ақындар айтпайды, неге үнсіз?!.. деп жатады. Ақындар айтып-айтып, ақыры, міне,өзін-өзі іштей жеуге айналды.Киіктер сияқты, жолаушы –қоғамның көзсіз « машинасының» алдынан кесіп өтіп, аңқасы кепкен тұста аяусыз ажал  құшып, біріне-бірі үнсіз өлімді, тілсіз тірлікті  мұра қылып тастап барады. Біреулер: «Біздің саясатқа қатысымыз жоқ» деп мақтанады.Саясаттың саған қатысы бар, ол еш уақытта еш елден, ешкімнен көзжазбай қадағалайды.Әлемдік саясат дегеніміз-Еліңнің бүтіндігі, ертеңгі ұрпағыңның аманшылығы.Әлемдік саясат ұлттың тынысын өлшеп отыр.Осы қарапайым ұғымнан тыс өмір сүру мүмкін бе,Жоқ! Ендеше саясаттан тыс өмір сүру мүмкін емес. Ақындар айтқаннанжәне зауал кешіп, зәр ұрттағаннан оянатын халық болғанда  адамзатты білмеймін, біздің қазақ Алтайдан Атырауға дейінгі аралыққа  ақындардың сұраусыз  сүйегінен жол салып аларлықтай уақыты болды.(Кезінде бұл мәселені Әбіш ағамызда жеріне жеткізіп айтқан).Ащы шындықтың алғаусыз ақиқатынан  білім мен бірлікке, ұлттық ар мен намысқа толы бір-бір сәулетті ғимарат  тұрғызып, сәулелі руханияттың құзар шыңын құлжасымен қоса көшіріп әкелетін кезі болды.Рза ақынның шыңғырып, шырыл айқайға салып отырғаны да осы сырқау-селқостық.Осылай ойдың орманына кіре бергенім сол екен, Сағынтай: «Сәке, Сен Рза ағамыздың қасында жүрсің ғой, өлеңіне де, өзінің кісілік келбетіне де,  әңгімесінде, әдеби шығармаларына да тоқ шығарсың, солай ма?!-деді. Бірақ, мен үшін  ол азаматтың,  ақынның орны бөлек,ерекше,айтары бар талант,  тыңдаңыз!?..-деп, сөзін бір тұйықтап алды.Қаншама дарын мен даланың ұлы перзенттері өз биігінен көріне алмай жүр, әсіресе, Маңғыстау сияқты шет аймақтардың көрген теперіші көп болар, ей, есіл елім-ай деп арпалысып бара жатқан  ерсілі-қарсылы жолаушыларға аянышпен қарап қойды.Сөйтіп, сәл шегініс жасап,тағы да ақынның (РзаОңғарбайдың) өлеңдерін лек-легімен түйдектетіп оқи бастады.Құлағыма жағып барады, неге?!..Себебі,Өз ағам, өз дауысым, өз  үнім!..Сонау қазақ мәдениетінің алтын құрсақ, ақ бесігінде менің ағам Рзаның ,Рза Оңғарбайдың өлеңдерін, өлең көрген, өрнек көрген тең атаның баласы құлшына оқып, құлпыра дәріптеп келеді.  Ол мен үшін шексіз қуаныш,берілген баға, берен қылыш ұстатқандай  айтулы сәт, айшықты дәлел емеспе?! Еліме, Маңғыстауыма жасаған құрметі емеспе?!..Өнердің құдіреті, міне, осы.Алла разы болсын, қазағымның көзі қарақты ұл мен қыздарына!Солар ғой, елді ел қылатын, біріктіретін, алтынды танып, адалды көтермелейтін.Сағынтай шаршайтын емес,тағы да, Рекеңнің «Аруанасын» боздатып ала жөнелді.

Аруана бауыр дүние!

Өрістен аруана  боздай келді,Дауысы сай-сүйекті  қозғай келді.Желіге жетер –жетпес  тоқтай қалды,Бір аттап  ілгеріге озбайды  енді. Жанары  жауардың  сауыс-сауыс,  «Не болды? Қарағым-ай,  кәуіс-кәуіс»,деп  жеңгем  түйесінің бауырына енді, Сөз  айтпай  әйелдікпен  артық-ауыс.Ауа да  тұнық  еді  күй сіңгендей, Жануар  ыңырсыды исінгендей.Қос ана  бауыр басқан,  бауырласқан-Көрініс  әдемі  еді сүйсінгендей. Тамыры жануардың бүлкілдеді,Ақпейіл алакөнек  іркілмеді. Машық  қол  мамасына  майдай  жағып,  Аппақ  сүт ақ  шелекке  күрпілдеді.Ынтымақ ырысыңды құрайды анық,Ағам  тұр  ботаны  ұстап,  шырайланып.Ышқынып кенет  жеңгем  құлап  түсті,Дүние кеткендей-ақ  шыр айналып.Басыңа заманақыр төнген ақыр,Болады пәруана пендең пақыр.Қасында  ақтарылған  ақ  шелегі,Малшынып аппақ  сүтке жеңгем  жатыр. Желіде  жемір  бота  жамырады,  «Мамалап» алты перзент аңырады.Соққанда тағдыр  дауыл  тұңғиықтан, Теңселіп  кетті ағамның шаңырағы.  Бұл  қайғы  жүк болғандай қара нарға,Шалдығып, шаршағанмен  шара бар ма.Зауал  күн  ұмытылар  артта қалып, Уақыт  жазбайтұғын жара бар ма?…Түйе  тұр аң-таң болған  пішімдегі,Кім  ұққан  сезімдерін  ішіндегі.Адамдар  көнді  ажалға, мойынсұнды,Тек  қана аруана  түсінбеді.Дерт болған  тума-туыс,  қауымына,Төзер-ау жұрт  қайғының ауырына. Тек  қана аруана сарнай  боздап,Жолатпай  қойды ешкімді  бауырына.Зырлайды  ұры  уақыт  оқтай  көкем,Көз  жасы  жылай-жылай  тоқтайды екен. Шіркін-ай, ақыл-есті адам түгіл,Жақсыны жануар да жоқтайды екен.Көзіңе  тығындаған  тозаңды ұшқан,Қатыгез  тағдыр  кейде  тажал-дұшпан. Жайыңыз  жәннат болсын,  жеңгем  менің,Аруана бауырында  ажал  құшқан.

-Ей.., он сегіз мың  ғалам, естідің бе, ақын жүректің алапат дүрсілін, нәзік ишарасын, үнсіз  жоқтауын?!..Рза аға, Сен осы өлеңіңмен кешегі Т.Айбергенов, М.Мақатаевтардың жыр әлеміне бір барып қайтқан боларсың.Несі бар, жұлдызды  жырлар осылай мекендес, тектес келеді.Поэзия –сұлулықтың патшайымы.Барлық болмысың мен жан сарайыңды аралап,не бір жұмбақ сезімдердің тінін жалғап, тілдестіріп, мынау жарық дүние тылсыммен бір сәт үндестіріп, періштелермен қанаттас халге жеткізеді.Поэзия –бағалай білгенге бақыттың кілті. Жеті қат жер мен көкті жүрек құрсағыңа құйып алып шалықтағың келсе,поэзияның балын іш, байрағын  көтер.Сағынтай бауырым,неткен сезімтал жансың.Қайдан ғана қолыңа түсті, осы өлең.Сенің шын ықылас –ниетің, тебірене оқыған жүрек жарды лебізің,онсызда ғаламат жырды аспандатып, ғарыштан бір-ақ шығарды. Жоқ, әлде, біз бірге қалықтап көкке көтерілдік пе?! Әйтеуір, бір құпия құбылысты бастан кештік.Осындай бір- ақ  өлең жазып, өзіңді аламанға ақын ретінде танытып кетуге болады ғой.Қараңыз!

Төлеген Айбергенов:

Аруана жаудың  қолына  түссе, ботасын шайнап өлтіріп,

Қаралы мойнын қайтадан артқа бұрмастай халге келтіріп,

Жеріне тартып отырады екен моншақтап жасы боздаумен,

Омырауын шерге толтырып,

Өмірде ұзақ жасауың үшін болғаныменен қайғың қас,

Туған жер, сен деп қайғыра алмасам, тағдырда мені бай қылмас. «АРУАНА БАУЫР  ДҮНИЕ».

Мұқағали Мақатаев:

Болған-ды менде бір жеңге,

Жылайтын еді бір демде,

Күлетін еді бір демде;

Күлетінді күллі әлем,

Дариға жеңгем  күлгенде;

Жас тамып жасыл бүрлерден:

Қарағай, терек, бүргеннен;

Жылайтын еді гүлдерде,

Дариға жылап жүргенде;

Ауыра қалып бір демде,

Айығушы еді бір демде.

«Аққудай еді көлдегі,

Сұңқардай еді жердегі».

Айта да жүріп осы әнді,

Дариға-жүрек шөлдеді. «ДАРИҒА –ЖҮРЕК».

Рза  Оңғарбай:

Дерт болған  тума-туыс,  қауымына,

Төзер-ау жұрт  қайғының ауырына.

Тек  қана аруана сарнай  боздап,

Жолатпай  қойды ешкімді  бауырына.

Зырлайды  ұры  уақыт  оқтай  көкем,

Көз  жасы  жылай-жылай  тоқтайды екен.

Шіркін-ай, ақыл-есті адам түгіл,

Жақсыны жануар да жоқтайды екен.

Көзіңе  тығындаған  тозаңды ұшқан,

Қатыгез  тағдыр  кейде  тажал-дұшпан.

Жайыңыз  жәннат болсын,  жеңгем  менің,

Аруана бауырында  ажал  құшқан.

«АНА МЕН  АРУАНА».

«  Қасында  ақтарылған  ақ  шелегі,Малшынып аппақ  сүтке жеңгем  жатыр».(авт.Р.О)Жырдағы осы көрініс бұл жалғанда менің көз алдымнан кетпес, сірә.Жүрегімді жүз паршалап сағынышымды оятады.Біресе Аруананың ботасын, біресе мені кезек сүйіп, уыз қатып, қозы-лақты ауыздандырып,төрт түлікті айналып-толғанып отыратын қайран Әжем есіме түседі.Өмірімде бетіме жел болып тимеген Анам есіме түседі.Ағаның адал жары, ауылдың ажары, отбасының базары, еркелетіп күй тартқызып, елеуретіп жыр оқытып, күлімдеп күндей шуақ шашып отыратын жеңгелерім еске түседі.Қайран Төлеген Айбергенов сен туған елге жете алмай Аруана бауыр дүниенің қолтығынан қоңыр кеште боздаған ботадай ақ парақтың бетіне бұлау жыр төктің. «Бір кезде алты бұрым ойнақтаған» апаларыңның шарайна – көңілін әмудің толқынымен шайып, қияндағы қазақтың қиялын арқалап Алматыға аттандың. Жырға-жүрек, ұлтқа-тірек болдың.Жұлдыз боп ақтың, жұлын боп үзілдің.Зұлмат пен зорлықтың құрбандары  сен болып зар айтып, шер төгеді.Алашыңды аялап,«Оралман» атанып жүрген әділетсіз майданның боздақтарын желеп-жебеп жата гөр.Оқырман болса әлі күнге түс көргендей.Себебі, сен тірісің!..Мұнаралы жалын, мұңды сарынсың.

 

«Жап – жарық қып қолдарыма күн іліп»

Мұқағали Мақатаевтың «Дариға-жүрек» – кеудесінде күймелі керуен, күміс қоңырау жыр сыңғырлап тұр.Біз түгіл, періштелер әлемі ұйып тыңдайтын осы жырдың болмысында  бордай езілген қазақтың бауыр мен ауылдан жаралған үрдің қызына үлгі болатындай инабат-сезімі, әдеп пен иманы, қимастығы бар.Соғыс сойқан салған бозбала тағдырдың  кісілік пен кемел бітімі, жан шуағы, қарапайым тірліктің күпісін киіп,Хан Тәңірінің басынан,әлде, Қарасаздың баурайынан әлі қарап тұрғандай.Осынша опат болған қабырға бойлы қайғымен, шеміршек бойлы шерлі поэзияның нақақтан жылаған  көз жасын кім сүртеді?!..Ұлы жүрек ұлтына теңдік тиген күні ғана өксігін басады. «Фариза, Фаризажан, Фариза қыз,Өмірде ақындардың бәрі жалғыз»- деп еді, Мұқаң. Мұқа, жалғыз емессіз.Айбергенов Төлегеннен аманатқа алған «Аруана бауыр дүниені»,Сізден қалған «Дариға –жүрек» жалғаншыны:-«  Қасында  ақтарылған  ақ  шелегі,Малшынып аппақ  сүтке жеңгем  жатыр»-деп,- Рза Оңғарбай ақын да «Аһ» ұрып кешіп келеді.Оныңда жүрек-көзінің  кірпігінде сүртілмеген бір тамшы жас пен сарқылмас сағыныш бар.Айырмашылығы, Тәуелсіз Қазақстанның төрінде жүр. Осы үш өлеңнің өзегі  мен тамыры бір, тағдыры бөлек.«Аруана бауыр дүние», «Дариға-жүрек», «Ана мен аруана», «Қара бауыр қасқалдақ», «Көкмойнақтың үйірі»-деп кеңістікті кезіп келеміз.Ашырқанып тыңдап, тұшырқанып егіліп «Тәуба!..» дейміз.Шыңғыс Айтматовтың  «Қош, Гүлсары» повесіндегі Гүлсары мен «Боранды Бекет» романындағы Қаранар, «Ана –Жер-Ана» повесіндегі –Табиғат ана бейнесін, адамзат пен табиғат әлемі арасындағы параллельдердің қаламгерлерге тән зергерлік үлгісін әдебиеттанушылар тамсана жазып келеді.Қазақ эпосында да осы көріністер бар.Рза Оңғарбайдың «Ана мен аруана» өлеңі де  қазақы сезімге суарылған, шебер жазылған,құнды дүние.Ауыл –қазақтың қалыбы, қайнар бұлағы.Рза Оңғарбай –ерекше дарын иесі, аса нәзік және ойшыл,Қаратаудың бұлағындай мөп-мөлдір, мінезгеде бай, ыстық-суығы да жеткілікті ақын.Қаламгерліктің арын таптатпай, айбынын асау күйінде әбзелдеп, кермеден кесіп өтіп өзіне тиесілі орнын олжалап жүрген әріптес.Поэзияның, әдебиеттің айдынына көктем шыға қона салмай, кербез толғап, кемел қалықтап жаз орталағанда  жалғыз келіп мамырлап, сәнімен таранып, әнімен жаңарып жағалай қоға жалпақ елге балпаң-балпаң жүрісімен, балдай тәтті үнімен, жырымен танылып үлгерген елжанды- ер, егеулі қалам, тұғырлы – Талант!Тек, сөз естір құлақ  болса, түсінер сана,ұлтқа тән тәрбие  мен рухани құнардан нәр алған парасат пен пайым болса,ұл-қызының адал ниет, ақ сөзін рәсуа қылмай керегіне жаратайын деп жүрген ойлы орта, ділгірзиялы, кемеңгер халық болса, Рзадай ұлының бар екендігіне қуана берсін.Шаттансын,шарықтатып  ұрпаққа үлгі етсін! Ол –ескі һәм  жаңашыл  тұлға! Ел болған соң, ер тумай тұрмайды, іздейді де.Іздеушісі бар, әрине.Оның бәрі де бар ғой, болған..,болғасын ғой, сонау дүр шалдардың атағынан ай үркіп, күн  күмілжіп  жүргені.Рза Оңғарбайдың өлеңдері де күндердің күнінде өзіне ғана айғақ, шеңберлі шеру,айшықты әлемнің шарықтау нүктесінен оқырманға, туған  еліне қызмет жасайтын болады.Жоқты аңсау әркімнің қолынан келеді, барды бағалай білу-мерейлі мектебі мен өрелі өрісі, Құдайдан үміті бар жұрттың ғана қолынан келеді. Даламның данасы, елімнің панасы, Құдайдың құлы, Адамзаттың  ұлы -Әбіш Кекілбай ағамыз бұл жайында  шегелеп тұрып айтқан болатын.  Өлең-Аллаға ғана тәуелді!  Хақтың қалауынан шыққан жырды періштелер оқиды.Өлең-оқырманға мұқтаж емес, таза жүрек, тұнық сезім мен еркін санаға зәру.Іштей күбірлеп: -Сағынтай, Сен қалай  дөп басып танығансың, осы өлең менің де ет-жүрегімді елжіретіп жібереді-деп,-үнсіз  үгіліп,көңілім толқып үнсіз қалдым.Сағынтайдың талай отырыста өлең оқығанын көрдім. Ол көбіне  Мұқағалиды, Жұмекенді, Қадыр ағаны, Төлегенді ,Тұманбай мен Сағиларды, Сергей Есенинді( Сол жылдары Қадыр Мырзалиев ағамыз аударған қазақша нұсқасы шығып жатты) жатқа оқитын.Енді, міне  өзіміздің Рза, Рза Оңғарбай ағаның өлеңдерін  үсті –  үстіне жатқа оқып келеді.

«Туған жерге оралуым керек пе,

Оралмаймын, жоқ өтетін  кері өткел.

Жасыл қанат жапырағы сыңғырлап

Маған енді сырын шертпес теректер.

Аласа там менсіз жерге шөгулі,

Кәрі төбет көрмей кетті көмуді.

Мың  бұралаң көшесінде Мәскеудің

Құдай маған жазған шығар өлуді…»-деп басталатын С.Есениннің өлеңін,қаладан көңілі қалғанда айтып отыратын. Періште «Әумин!» дедіме, өзі де сол Алматы да шырғалдап қалды.Өкінбесе керек. Өресі биік, деңгейі асқақ. Ғылым мен білім,саясат, өнер жолындағы Маңғыстаулық жастар белгілі бір мерзімде осындай  ортада болып, ысылып, өміршеңдікті үйрену керек.Туған өлкеге тура әкелік қамқорлық жасайтын ұл мен қыздар керек. Мен, мұны орталықтан шалғай болғасын  Маңғыстаулық жастарға әдейі айтып отырмын.Сағынтайдың -өмірі ұзақ, дені сау болсын.

Ақынның дәрежесін көтеретін қағидалы халық, ойлы оқырман, ұлт жүрегіндегі алғаусыз  сүйіспеншілік.Қандай жақсы, қандай мақтаныш. Қасымызда жүргесін көрмейміз, бағаламаймыз. Академик Салық Зиманов:«Күнде-күнде алыптарды туып ала береміз деп ойлаймыз, соның салдарынан өз ұлдарымызды рәсуа қыламыз»-деп, әңгіме айтқанын талай жерде еске салып жүрмін.Ескеріп, еселеп пайдамызға асыратын өсиет.Болмаса, бізде кімдер жоқ, ей, Маңғыстау, қарғатамыр қазақ. Ой..! Тағы да, Ой!..Сағынтай болса қаңтарда жараған бурадай Хақтың мейір-Рахымынан жаралған, періштелер перделеп жеткізген әлгіндей жырдың ләззатынан айыға алмай, өз  сезімімен мігірсіз, толассыз жағаласып алшақтап кетіп еді,мінтіп басып маған қайта жақындай түсті де, Рекеңнің(Р.Оңғарбайдың) тағы бір  өлеңін өрден тасқындатып, тоғанын алған дарияның  суындай ағытып жіберді.

-Осы келбет,осы  қайрат  күшімде,

Мен  өзімді  жиі  көрем  түсімде.

Жүрегімді  қолыма  ұстап  ылғи да,

Қалқып  жүрем  ақ  бұлттардың  ішінде.

Жап-жарық  қып қолдарыма  күн  іліп,

Жерге  сосын  қарап  қоям  үңіліп…

Ақынның бұл өлеңі осылай басталады.Ақ бұлттардың ішінде қалқып жүрген кіршіксіз сезімнің, кірсіз көңілдің азабы аз, жазары көп болғай.Қолдарына күн іліп, қауырсын қанатымен жыр себездеп, сәулелі жарық дүниенің шуағын туған елге төккісі келіп, өңі түгіл түсінде  міндет арқалап, парызын өтеп жүрген таудай талантқа,тарыдай інілік тілегімізді білдірдік.Рекеңнің лирикалық туындыларытөрттағандары, әнге арналған мәтіндері, аудармашылық қыры, әлеуметтік және қоғамдық белсенділіктері, журналистік  талғам мен талабы, ауыл әкішілігіндегі қызметтері өз алдына, бір мақала.Азамат, кісілігі мол, қарапайым!Сұлу жыр, сырлы көңіл, адал ниетті ағамызға, жетпіс жас меретойыңыз  құтты болсын демекпіз.Сәния жеңгеміздің де үлесі көп.Отбасына алғыс айтамыз.Қарапайым пікір-баянымызды қабыл ал,  Аға!Сағынтайдың сәлемін жеткіздім.Ол мені Ақтауға аттандырып тұрып:- Сіздің өлкеде дәстүрлі өмір бар, өлең бар және мінез бар, бақыттысыңдар ғой,-деді.Біз солай қоштастық.Барды бағалайық, жоғымызды іздейік!

 

Біздің бәріміздің де саясатқа қатысымыз бар

Ақындар айтпайды, неге үнсіз?!.. деп жатады. Ақындар айтып-айтып, ақыры, міне,өзін-өзі іштей жеуге айналды.Киіктер сияқты, жолаушы – қоғамның көзсіз «машинасының» алдынан кесіп өтіп, аңқасы кепкен тұста аяусыз ажал құшып, біріне-бірі үнсіз өлімді, тілсіз тірлікті мұра қылып тастап барады. Біреулер: «Біздің саясатқа қатысымыз жоқ» деп мақтанады.Саясаттың саған қатысы бар, ол еш уақытта еш елден, ешкімнен көзжазбай қадағалайды.Әлемдік саясат дегеніміз-Еліңнің бүтіндігі, ертеңгі ұрпағыңның аманшылығы.Әлемдік саясат ұлттың тынысын өлшеп отыр.Осы қарапайым ұғымнан тыс өмір сүру мүмкін бе,Жоқ! Ендеше саясаттан тыс өмір сүру мүмкін емес. Ақындар айтқаннанжәне зауал кешіп, зәр ұрттағаннан оянатын халық болғанда адамзатты білмеймін, біздің қазақ Алтайдан Атырауға дейінгі аралыққа ақындардың сұраусыз сүйегінен жол салып аларлықтай уақыты болды. Кезінде бұл мәселені Әбіш ағамызда жеріне жеткізіп айтқан). Ащы шындықтың алғаусыз ақиқатынан білім мен бірлікке, ұлттық ар мен намысқа толы бір-бір сәулетті ғимарат тұрғызып, сәулелі руханияттың құзар шыңын құлжасымен қоса көшіріп әкелетін кезі болды. Рза ақынның шыңғырып, шырыл айқайға салып отырғаны да осы сырқау-селқостық.Осылай ойдың орманына кіре бергенім сол екен, Сағынтай: «Сәке, Сен Рза ағамыздың қасында жүрсің ғой, өлеңіне де, өзінің кісілік келбетіне де, әңгімесінде, әдеби шығармаларына да тоқ шығарсың, солай ма?! – деді. Бірақ, мен үшін ол азаматтың, ақынның орны бөлек,ерекше,айтары бар талант, тыңдаңыз!?.. – деп, сөзін бір тұйықтап алды. Қаншама дарын мен даланың ұлы перзенттері өз биігінен көріне алмай жүр, әсіресе, Маңғыстау сияқты шет аймақтардың көрген теперіші көп болар, ей, есіл елім-ай деп арпалысып бара жатқан ерсілі-қарсылы жолаушыларға аянышпен қарап қойды.Сөйтіп, сәл шегініс жасап,тағы да ақынның (РзаОңғарбайдың) өлеңдерін лек-легімен түйдектетіп оқи бастады.Құлағыма жағып барады, неге?!..Себебі,Өз ағам, өз дауысым, өз үнім!..Сонау қазақ мәдениетінің алтын құрсақ, ақ бесігінде менің ағам Рзаның, Рза Оңғарбайдың өлеңдерін, өлең көрген, өрнек көрген тең атаның баласы құлшына оқып, құлпыра дәріптеп келеді. Ол мен үшін шексіз қуаныш,берілген баға, берен қылыш ұстатқандай айтулы сәт, айшықты дәлел емеспе?! Еліме, Маңғыстауыма жасаған құрметі емеспе?!..Өнердің құдіреті, міне, осы. Алла разы болсын, қазағымның көзі қарақты ұл мен қыздарына!Солар ғой, елді ел қылатын, біріктіретін, алтынды танып, адалды кө­тер­мелейтін.Сағынтай шаршайтын емес,тағы да, Рекеңнің «Аруанасын» боздатып ала жөнелді.

Аруана бауыр дүние!

Өрістен аруана боздай келді, дауысы сай-сүйекті қозғай келді. Желіге жетер-жетпес тоқтай қалды,Бір аттап ілгеріге озбайды енді. Жанары жауардың сауыс-сауыс, «Не болды? Қарағым-ай, кәуіс-кәуіс»,деп жеңгем түйесінің бауырына енді, Сөз айтпай әйелдікпен артық-ауыс.Ауа да тұнық еді күй сіңгендей, Жануар ыңырсыды исінгендей. Қос ана бауыр бас­қан, бауырласқан-Көрініс әдемі еді сүйсінгендей. Тамыры жануардың бүлкілдеді, Ақпейіл алакөнек іркілмеді. Машық қол мамасына майдай жағып, Аппақ сүт ақ шелекке күрпілдеді. Ынтымақ ырысыңды құ­рай­ды анық, Ағам тұр ботаны ұстап, шырайланып.Ышқынып кенет жеңгем құлап түсті, Дүние кеткендей-ақ шыр айналып.Басыңа заманақыр төнген ақыр,Болады пәруана пендең пақыр.Қасында ақта­рыл­ған ақ шелегі,Малшынып аппақ сүтке жеңгем жатыр. Желіде жемір бота жамырады, «Мамалап» алты перзент аңырады.Соққанда тағдыр дау­ыл тұңғиықтан, Теңселіп кетті ағамның шаңырағы. Бұл қайғы жүк болғандай қара нарға,Шалдығып, шар­шағанмен шара бар ма.Зауал күн ұмытылар артта қалып, Уақыт жазбайтұғын жара бар ма?…Түйе тұр аң-таң болған пішімдегі,Кім ұққан сезімдерін ішіндегі.Адамдар көнді ажалға, мойынсұнды,Тек қана аруана түсінбеді.Дерт болған тума-туыс, қауы­мына,Төзер-ау жұрт қайғының ауырына. Тек қана аруана сарнай боздап,Жолатпай қойды ешкімді бауырына.Зырлайды ұры уақыт оқтай көкем,Көз жасы жылай-жылай тоқтайды екен. Шіркін-ай, ақыл-есті адам түгіл,Жақсыны жануар да жоқтайды екен.Көзіңе тығындаған тозаңды ұшқан,Қатыгез тағдыр кейде тажал-дұшпан. Жайыңыз жәннат болсын, жеңгем менің,Аруана бауырында ажал құшқан.
– Ей.., он сегіз мың ғалам, естідің бе, ақын жүректің алапат дүрсілін, нәзік ишарасын, үнсіз жоқтауын?!..Рза аға, Сен осы өлеңіңмен кешегі Т.Айбергенов, М.Мақатаевтардың жыр әлеміне бір барып қайтқан боларсың.Несі бар, жұлдызды жырлар осылай мекендес, тектес келеді. Поэзия – сұлулықтың патшайымы.Барлық болмысың мен жан сарайыңды аралап,не бір жұмбақ сезімдердің тінін жалғап, тілдестіріп, мынау жарық дүние тылсыммен бір сәт үндестіріп, періштелермен қанаттас халге жеткізеді. Поэзия – бағалай білгенге бақыттың кілті. Жеті қат жер мен көкті жүрек құрсағыңа құйып алып шалықтағың келсе,поэзияның балын іш, байрағын көтер.Сағынтай бауырым,неткен сезімтал жансың.Қайдан ғана қолыңа түсті, осы өлең.Сенің шын ықылас – ниетің, тебірене оқыған жүрек жарды лебізің,онсызда ғаламат жырды аспандатып, ғарыштан бір-ақ шығарды. Жоқ, әлде, біз бірге қалықтап көкке көтерілдік пе?! Әйтеуір, бір құпия құбылысты бастан кештік.Осындай бір-ақ өлең жазып, өзіңді аламанға ақын ретінде танытып кетуге болады ғой.Қараңыз!
Төлеген Айбергенов:
Аруана жаудың қолына түссе, ботасын шайнап өлтіріп,
Қаралы мойнын қайтадан артқа бұрмастай халге келтіріп,
Жеріне тартып отырады екен моншақтап жасы боздаумен,
Омырауын шерге толтырып,
Өмірде ұзақ жасауың үшін болғаныменен қайғың қас,
Туған жер, сен деп қайғыра алмасам, тағдырда мені бай қылмас. «АРУАНА БАУЫР ДҮНИЕ».

Мұқағали Мақатаев:

Болған-ды менде бір жеңге,
Жылайтын еді бір демде,
Күлетін еді бір демд;
Күлетінді күллі әлем,
Дариға жеңгем күлгенде
Жас тамып жасыл бүрлерден:
Қарағай, терек, бүргеннен
Жылайтын еді гүлдерде,
Дариға жылап жүргенде
Ауыра қалып бір демде,
Айығушы еді бір демде.
«Аққудай еді көлдегі,
Сұңқардай еді жердегі».
Айта да жүріп осы әнді,
Дариға-жүрек шөлдеді. «ДАРИҒА–ЖҮРЕК».

Рза Оңғарбай:
Дерт болған тума-туыс, қауымына,
Төзер-ау жұрт қайғының ауырына.
Тек қана аруана сарнай боздап,
Жолатпай қойды ешкімді бауырына.
Зырлайды ұры уақыт оқтай көкем,
Көз жасы жылай-жылай тоқтайды екен.
Шіркін-ай, ақыл-есті адам түгіл,
Жақсыны жануар да жоқтайды екен.
Көзіңе тығындаған тозаңды ұшқан,
Қатыгез тағдыр кейде тажал-дұшпан.
Жайыңыз жәннат болсын, жеңгем менің,
Аруана бауырында ажал құшқан. «АНА МЕН АРУАНА».
«Қасында ақтарылған ақ шелегі,Малшынып аппақ сүтке жеңгем жатыр».(авт.Р.О)Жырдағы осы көрініс бұл жалғанда менің көз алдымнан кетпес, сірә.Жүрегімді жүз паршалап сағыны­шым­ды оятады.Біресе Аруананың ботасын, біресе мені кезек сүйіп, уыз қатып, қозы-лақты ауыздандырып,төрт түлікті айналып-толғанып отыратын қайран Әжем есіме түседі. Өмірімде бетіме жел болып тимеген Анам есіме түседі. Ағаның адал жары, ауылдың ажары, отбасының базары, еркелетіп күй тартқызып, елеуретіп жыр оқытып, күлімдеп күндей шуақ шашып отыратын жеңгелерім еске түседі.Қайран Төлеген Айбергенов сен туған елге жете алмай Аруана бауыр дүниенің қолтығынан қоңыр кеште боздаған ботадай ақ парақтың бетіне бұлау жыр төктің. «Бір кезде алты бұрым ойнақтаған» апаларыңның шарайна – көңілін әмудің толқынымен шайып, қияндағы қазақтың қиялын арқалап Алматыға аттандың. Жырға-жүрек, ұлтқа-тірек болдың.Жұл­дыз боп ақтың, жұлын боп үзілдің.Зұлмат пен зорлықтың құрбандары сен болып зар айтып, шер төгеді.Алашыңды аялап,«Оралман» атанып жүрген әділетсіз майданның боздақтарын желеп-жебеп жата гөр. Оқырман болса әлі күнге түс көргендей. Себебі, сен тірісің!.. Мұнаралы жалын, мұңды сарынсың.

«Жап – жарық қып
қолдарыма күн іліп»

Мұқағали Мақатаевтың «Дариға-жүрек» – кеудесінде күймелі керуен, күміс қоңырау жыр сыңғырлап тұр.Біз түгіл, періштелер әлемі ұйып тыңдайтын осы жырдың болмысында бордай езілген қазақтың бауыр мен ауылдан жаралған үрдің қызына үлгі болатындай инабат-сезімі, әдеп пен иманы, қимастығы бар.Соғыс сойқан салған бозбала тағдырдың кісілік пен кемел бітімі, жан шуағы, қарапайым тірліктің күпісін киіп,Хан Тәңірінің басынан,әлде, Қарасаздың баурайынан әлі қарап тұрғандай.Осынша опат болған қабырға бойлы қайғымен, шеміршек бойлы шерлі поэзияның нақақтан жылаған көз жасын кім сүртеді?!..Ұлы жүрек ұлтына теңдік тиген күні ғана өксігін басады. «Фариза, Фаризажан, Фариза қыз,Өмірде ақындардың бәрі жалғыз»- деп еді, Мұқаң. Мұқа, жалғыз емессіз.Айбергенов Төлегеннен аманатқа алған «Аруана бауыр дүниені»,Сізден қалған «Дариға – жүрек» жалғаншыны: – «Қасында ақтарылған ақ шелегі,Малшынып аппақ сүтке жеңгем жатыр»-деп,- Рза Оңғарбай ақын да «Аһ» ұрып кешіп келеді.Оныңда жүрек-көзінің кірпігінде сүртілмеген бір тамшы жас пен сарқылмас сағыныш бар. Айырмашылығы, Тәуелсіз Қазақ­стан­ның төрінде жүр. Осы үш өлеңнің өзегі мен тамыры бір, тағдыры бөлек.«Аруана бауыр дүние», «Дариға-жүрек», «Ана мен аруана», «Қара бауыр қасқалдақ», «Көкмойнақтың үйірі»-деп кеңістікті кезіп келеміз.Ашырқанып тыңдап, тұшырқанып егіліп «Тәуба!..» дейміз.Шыңғыс Айтматовтың «Қош, Гүлсары» повесіндегі Гүлсары мен «Боранды Бекет» романындағы Қаранар, «Ана – Жер-Ана» повесіндегі – Табиғат ана бейнесін, адамзат пен табиғат әлемі арасындағы параллельдердің қаламгерлерге тән зергерлік үлгісін әдебиеттанушылар тамсана жазып келеді.Қазақ эпосында да осы көріністер бар.Рза Оңғарбайдың «Ана мен аруана» өлеңі де қазақы сезімге суарылған, шебер жазылған,құнды дүние. Ауыл – қазақтың қалыбы, қайнар бұлағы.Рза Оңғарбай – ерекше дарын иесі, аса нәзік және ойшыл,Қаратаудың бұлағындай мөп-мөлдір, мінезгеде бай, ыстық-суығы да жеткілікті ақын.Қаламгерліктің арын таптатпай, айбынын асау күйінде әбзелдеп, кермеден кесіп өтіп өзіне тиесілі орнын олжалап жүрген әріптес. Поэзияның, әдебиеттің айдынына көктем шыға қона салмай, кербез толғап, кемел қалықтап жаз орталағанда жалғыз келіп мамырлап, сәнімен таранып, әнімен жаңарып жағалай қоға жалпақ елге балпаң-балпаң жүрісімен, балдай тәтті үнімен, жырымен танылып үлгерген елжанды- ер, егеулі қалам, тұғырлы – Талант!Тек, сөз естір құлақ болса, түсінер сана,ұлтқа тән тәрбие мен рухани құнардан нәр алған парасат пен пайым болса,ұл-қызының адал ниет, ақ сөзін рәсуа қылмай керегіне жаратайын деп жүрген ойлы орта, ділгірзиялы, кемеңгер халық болса, Рзадай ұлының бар екендігіне қуана берсін.Шаттансын,шарықтатып ұрпаққа үлгі етсін! Ол – ескі һәм жаңашыл тұлға! Ел болған соң, ер тумай тұрмайды, іздейді де.Іздеушісі бар, әрине.Оның бәрі де бар ғой, болған.., болғасын ғой, сонау дүр шалдардың атағынан ай үркіп, күн күмілжіп жүргені.Рза Оңғарбайдың өлеңдері де күндердің күнінде өзіне ғана айғақ, шеңберлі шеру, айшықты әлемнің шарықтау нүктесінен оқырманға, туған еліне қызмет жасайтын болады. Жоқты аңсау әркімнің қолынан келеді, барды бағалай білу-мерейлі мектебі мен өрелі өрісі, Құдайдан үміті бар жұрттың ғана қолынан келеді. Даламның данасы, елімнің панасы, Құдайдың құлы, Адамзаттың ұлы – Әбіш Кекілбай ағамыз бұл жайында шегелеп тұрып айтқан болатын. Өлең-Аллаға ғана тәуелді! Хақтың қалауынан шыққан жырды періштелер оқиды.Өлең-оқырманға мұқтаж емес, таза жүрек, тұнық сезім мен еркін санаға зәру.Іштей күбірлеп: – Сағынтай, Сен қалай дөп басып танығансың, осы өлең менің де ет-жүрегімді елжіретіп жібереді – деп, – үнсіз үгіліп,көңілім толқып үнсіз қалдым.Сағынтайдың талай отырыста өлең оқығанын көрдім. Ол көбіне Мұқағалиды, Жұмекенді, Қадыр ағаны, Төлегенді, Тұманбай мен Сағиларды, Сергей Есенинді (Сол жылдары Қадыр Мырзалиев ағамыз аударған қазақ­ша нұсқасы шығып жатты) жатқа оқитын.Енді, міне өзіміздің Рза, Рза Оңғарбай ағаның өлеңдерін үсті – үстіне жатқа оқып келеді.
«Туған жерге оралуым керек пе,
Оралмаймын, жоқ өтетін кері өткел.
Жасыл қанат жапырағы сыңғырлап
Маған енді сырын шертпес теректер.

Аласа там менсіз жерге шөгулі,
Кәрі төбет көрмей кетті көмуді.
Мың бұралаң көшесінде Мәскеудің
Құдай маған жазған шығар өлуді…»-деп басталатын С.Есениннің өлеңін,қаладан көңілі қалғанда айтып отыратын. Періште «Әумин!» дедіме, өзі де сол Алматы да шырғалдап қалды.Өкінбесе керек. Өресі биік, деңгейі асқақ. Ғылым мен білім,саясат, өнер жолындағы Маңғыстаулық жастар белгілі бір мерзімде осындай ортада болып, ысылып, өміршеңдікті үйрену керек.Туған өлкеге тура әкелік қамқорлық жасайтын ұл мен қыздар керек. Мен, мұны орталықтан шалғай болғасын Маңғыстаулық жастарға әдейі айтып отырмын.Сағынтайдың -өмірі ұзақ, дені сау болсын.
Ақынның дәрежесін көтеретін қағидалы халық, ойлы оқырман, ұлт жүрегіндегі алғаусыз сүйіспеншілік.Қандай жақсы, қандай мақтаныш. Қасымызда жүргесін көрмейміз, бағаламаймыз. Академик Салық Зиманов:«Күнде-күнде алыптарды туып ала береміз деп ойлаймыз, соның салдарынан өз ұлдарымызды рәсуа қыламыз»-деп, әңгіме айтқанын талай жерде еске салып жүрмін.Ескеріп, еселеп пайдамызға асыратын өсиет.Болмаса, бізде кімдер жоқ, ей, Маңғыстау, қарғатамыр қазақ. Ой..! Тағы да, Ой!..Сағынтай болса қаңтарда жараған бурадай Хақтың мейір-Рахымынан жаралған, періштелер перделеп жеткізген әлгіндей жырдың ләззатынан айыға алмай, өз сезімімен мігірсіз, толассыз жағаласып алшақтап кетіп еді,мінтіп басып маған қайта жақындай түсті де, Рекеңнің(Р.Оңғарбайдың) тағы бір өлеңін өрден тасқындатып, тоғанын алған дарияның суындай ағытып жіберді.
– Осы келбет,осы қайрат күшімде,
Мен өзімді жиі көрем түсімде.
Жүрегімді қолыма ұстап ылғи да,
Қалқып жүрем ақ бұлттардың ішінде.
Жап-жарық қып қолдарыма күн іліп,
Жерге сосын қарап қоям үңіліп…
Ақынның бұл өлеңі осылай басталады.Ақ бұлттардың ішінде қалқып жүрген кіршіксіз сезімнің, кірсіз көңілдің азабы аз, жазары көп болғай.Қолдарына күн іліп, қауырсын қанатымен жыр себездеп, сәулелі жарық дүниенің шуағын туған елге төккісі келіп, өңі түгіл түсінде міндет арқалап, парызын өтеп жүрген таудай талантқа,тарыдай інілік тілегімізді білдірдік.Рекеңнің лирикалық туындыларытөрттағандары, әнге арналған мәтіндері, аудармашылық қыры, әлеуметтік және қоғамдық белсенділіктері, журналистік талғам мен талабы, ауыл әкішілігіндегі қызметтері өз алдына, бір мақала.Азамат, кісілігі мол, қарапайым!Сұлу жыр, сырлы көңіл, адал ниетті ағамызға, жетпіс жас меретойыңыз құтты болсын демекпіз.Сәния жеңгеміздің де үлесі көп.Отбасына алғыс айтамыз.Қарапайым пікір-баянымызды қабыл ал, Аға!Сағынтайдың сәлемін жеткіздім.Ол мені Ақтауға аттандырып тұрып:- Сіздің өлкеде дәстүрлі өмір бар, өлең бар және мінез бар, бақыттысыңдар ғой, – деді.Біз солай қоштастық.Барды бағалайық, жоғымызды іздейік!

 

Сабыр  Адай ҚР.Қайраткері.

07.08.2019ж. Ақтау қаласы.

 

 

 

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.