Арман Шораев: Болашақта туристік магнитке айналатын орталық болады

1
5236

Назарларыңызға «Қазақстан барысы», Qazaq kuresi даму қоры Қамқорлық кеңесінің Төрағасы,
«Қазақстан барысы» жобасының авторы, белгілі журналист Арман Шораевпен болған сұхбатымызды ұсынамыз. Әңгімеміз отандық туризм жайында болмақ. Сонымен қатар, Арман мырза «Qazaqstan dauiri» газеті арқылы жаңа жобасының тұсауын кеспек.

Пайдасыз форумдар өткізгенше этноауылдар салайық

─ Жақында Ұлытауда президенттің қатысуымен «Жезкиік» музыка фестивалі өткен болатын. Осы шарада Қасым-Жомарт Кемелұлы туризмге, еліміздің тарихына қатысты, әсіресе Жошы ханға байланысты мәлімдеме жасады. Президенттің Ұлытауға баруы, Жошы ханды еске алуы нені меңзейді?
─ Ұлытау ─ қазақ халқы үшін қасиетті жердің бірі. Алайда біз осы тауда жатқан Жошы ханды да, Алаша ханды да өз деңгейінде бағалай алмай келеміз. Бұл екі ханды былай қойғанда Ұлытау қазақ хандарын ақ киізге орап, хан тағына отырғызған киелі жер. Президенттің фестивальге қатысып, сөз сөйлегені, қазақ тарихындағы Ұлытаудың ерекшелігін атап өткені тегін емес. Мұндай киелі өлкенің қадірін біліп, ғимараттар мен тарихи нысандарды жөндеп, туристік аймаққа айналдыруымыз керек-ақ. Біз осы күнге дейін қазақ халқының басын біріктірген, қазақты басқарған, ел тәуелсіздігіне үлесін қосқан хандарға ешқандай тағзым жасаған жоқпыз. Әрине, Жошы ханның уағында қазақ халқы деген ұғым болған жоқ, дегенмен біз сол кезеңнен тамыр тартамыз. Сол себепті де Ұлытау тарихын қазақ халқының тағдырынан бөліп қарай алмаймыз. Жошы ханның сүйегінің біздің елде жатуы біздің елге бүкіл түркі жұртын жинауға себеп бола алады. Әлемдегі түркі елдері Жошы ханға келіп зиярат етсе несі айып?.. Мәселен, бүгінгі фестивальге моңғол халқының өкілдері де келді. Бабаларының кесенесінде өздерінің әруаққа құрмет көрсететін ырымдарын жасады. Бұл осы кесенені туристік орын ретінде дамытуға болатынын дәлелдеп отыр емес пе?!..
─ Алтын орданың 750 жыл­ды­ғы да аталып өтетіндігі ай­тылып қалды. Татарлар бұл датаны тойлауды бас­тап кеткені қашан!. Арнайы ғы­лыми конференциялар ұйымдастырылып жатыр. Татарлар, соның ішінде қырым татарларын Алтын орданың мұрагерлері деп санайды. Сөзіңіздің жаны бар, Жошы ханды түркі халық­тарына ортақ тұлға ре­тінде қарастыру керек. Қазақстанда отырып алып, Жошы ханның «тікелей» ұр­пағымыз деп айтуға бола­тын шығар. Әлемді, түркі дү­ниесін мойындату қиын. Сіздіңше «Алтын орданың 750 жылдығы» қалай аталып өтілуі тиіс?
─ Әрқашанда үлкен бәйгенің соңында, қалың шаң ішінде шұба­тылып жүретініміз жасырын емес. Моңғолдар 90-жыл­дардың ба­­­сында Шыңғыс ханды жеке­ше­лендіріп алды емес пе? Татар, қырғыз бауырларымыз біздікі секілді қаражаты болмаса да, туристік салада үлкен нәтижеге жетті. Жуырда ғана АҚШ президенті Дональд Трамптың кенже ұлы 10 күндей Моңғолия мемлекетінде болып, киіз үйде қалды деген ақпарат шықты. Неге ол Қазақстанға келмеді? Біз де көшпенді халықтың біріміз ғой. Киіз үй ─ алғашқы баспанамыз, біздің ұлттық құндылығымыз. Алайда көш­пен­ділердің тұрмысын, салт-дәстүрін көру үшін, елестету үшін шетелдік туристер Моңғолияға барады. Біз қыруар қаржы бөліп, пайдасыз форумдарды жиі өткіземіз. Бізде көшпенділердің өмірін, тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін этноауыл да жоқ екен. Былайша айтқанда, туризм саласында жүйелі бір жұмыс жоқ…
Алтын орданың 750 жылдығына кеше, бүгін ғана емес, үш төрт жыл бұрын айтылып, соған қатысты дайындық жұмыстары жүргізілуі керек еді. Еліміздің идеологиялық жағының ақсап тұрғанын осыдан-ақ байқауға болады. Бізде тарих туралы фильмдер де аз. Ахан Сатаевтың «Жау жүрек мың баласынан» басқа нендей фильм көрсете аламыз? 750 жылдық тарихымыз бар деп жатырмыз. Кезінде Нижний Новгород, Мәскеудің князьдары жарлық алу үшін Ұлытауда, басқа жерлерде отырған хандардан келіп рұқсат алған тарихи оқиғалар болған. Оны кім біледі қазір? Осындай тарихи деректерді қамтитын киноларымыз көп болуы керек.

«Толерантты қазақ» деген сөз бізге лайық емес!

─ Тарихи даталар, мерейтойлар аталып өтілуі керек деп жатырмыз ғой. Оның негізгі функциясы белгілі бір идеологияны қалыптастыру үшін бе, әлде сақтық үшін, халық көшеге шығып кетпесін деп жасалынатын айла-амал ма?
─ 2014 жылы Путин Қырымды аннексия жасағанда, ол қазақтарда бұрын мемлекет болған жоқ деген пікір айтқан еді. Өзіңіз де білесіз. 550 жылдықты тез арада ұйымдастырып өткізуіміз Путинге берген жауап сияқты болатын. 550 жылдыққа өзі де шақырылды. Тарихи даталардың идеологиялық астары тереңде жатыр. Өкінішке орай, идеология саласында үлкен концепция жоқ. Қазақ өзін толық танып біткен жоқ. Сәйкестендіру коды (идентификационный код) дейміз ғой. Соның ішінде не жатыр? Қазақты қалай жаңғыртамыз?.. Әйтеуір «қазақ ─ толерантты халық» дегенді шығарып алған.

«Толерантты» сөзін қазақты әдейі араңдату үшін айналымға енгізген деп ойлаймын.

Төзімді, шыдамды, момын, қойдан да жуас деген мағына береді. Қазақ қойдан жуас болса, осындай ұланғайыр жерге ие бола ала ма? Қазақ халқы ешқашан жуас, момын халық болған емес. Өзі тиіспеген, тиіскендер тиісті жазасын алған. Қазақстанда көне зираттар көп. Ол жерде біздің батырларымыз жатыр. Қанша жылдық тарихымыз болса, сонша жыл батырларымыз жер үшін шайқасты. Қазір халық өзінің қайсар, батыр халық болғанын ұмытып та қалған сияқты көрінеді маған.
─ Алтын орданың 750 жылдығын аталып өтетін болсақ, кімдерге жауап болмақ?
─ Путин секілді президенттерге, Кеңес дәуірін аңсап жүрген сатқындарға жауап болар еді. Екіншіден, түркі халықтарының басын қосатын бір мүмкіндік туар еді. Өз басым ЕЭО, Кедендік одаққа қарсымын. Бізде бір одақ болса, алашордашылардың, Мұстафа Шоқайлардың арманы ─ түркі тілдес халықтарының одағы болуы керек.
─ Жақында Нұр-Cұлтанда «Қазақ туризм» ұлттық ком­паниясының ұйымдастыруымен туризм сала­сы­на қатысты шетелдік блогерлердің форумы өтті. Мұндай форумдар ел туризмінің дамуына қаншалықты үлес қоса алады?
─ Өткенде Жошы ханның кесенесіне жеткенге дейін жолда дені дұрыс әжетхана таппадық. Жиіркенішті, сау адам баласы кіре алмайды ондай әжетханаларға. Шетелден келген блогерлер де соны байқаған шы­ғар. Мұндай форумдарды өткізбес бұрын, алдымен дұ­рыс туризм жүйесін қалыптастыру керек. Елдің әжет­ханасынан бастап, қонақ үйіне дейін… Жалпы қызмет көрсету сапасы жақсармай, туристердің қауіпсіздігі реттелмей, туризм отанына айналамыз деу босқа әурешілік. Жақында Украинадан келген туристің Шымкентте соққыға жығылғанын, тоналғанын естідік. Өте ұятты жағдай! Велошабандоздың араламаған жері жоқ, мұндай жағдаймен бірінші рет кездесіп отырмын дейді. Мұны естіген шетелдіктер не ойлайды?

Әлемнің жеті кереметінің бірі болсын, адамның қауіпсіздігі бірінші орында ғой.

Заң күшейтілмей, мәселе шешілмейді.
─ Туристік полиция не үшін құрылды?
─ Атауы әртүрлі болғанмен, заты бірдей. Бізде құқық қорғау жүйесі жемқорлыққа әбден батқан. Одан ешқандай нәтиже күтуге болмайды.
─ Пекинде жүргенде бізді тасбақа көруге апарды. Ұзын сонар кезек екен. Мен бір тірі тасбақа кө­ремін деп бардым. Сөйтсем 200 жыл өмір сүрген тас­бақаның мүсіні екен. Қытайы бар, туристері бар, кезек-кезегімен тасбақаның басын сипап өтіп жатты. Тасбақа секілді ұзақ өмір сүреміз деп ырымдайды ғой. Күлкілі, әрине. Дегенмен кімді, қалай алдаса да ақшасын тауып отыр. Бізге қайтпек керек?
─ Жоқтан бар жасаған түрлері ғой. Энтузиастың ойлап тапқан жасанды дүниесі болса да, өте сәтті шыққан дер едім. Жалпы жұртты алдап-суламай-ақ, құлық-сұмдықты араластырмай, көптеген нысандарды туризм ордасына айналдыруға әбден болады. Бізде де түрлі аңыздар жетеді ғой. Қыз Жібек пен Төлеген, Қозы Көрпеш─Баян Сұлу деп жатамыз. Мүсіндерін орнатып, бейнелерін «тірілтіп», жақсылыққа жорып, жаңа дүниелерді жасауға болар еді. Кім білсін?! Мәшһүр Жүсіптің басына жаман ауруларынан құтылу үшін, емделу үшін, бала сүю үшін келіп жатқан ресейліктер көп. Ал сол Мәшһүр Жүсіптің басына жету үшін жолды жөндеу керек. Айналып келгенде не нәрседе ифраструктураға келіп тіреледі.

Қазақ күресін намыстанғаннан көтердім

─ Келер жылы Қазақ күресіне 10 жыл толады деп отырсыз. Қазақ күресі бренд ретінде қалыптаса алды ма?
─ Бұл жобаны намыстанып жасағаным жасырын емес. Моңғолияға барғанда, олардың өмірімен, тұрмыс-тіршілігімен таныстым. Көшпенді халық қой, діні болмаса, бізден аса бір айырмашылығы жоқ. Олар да ұлттық күрес бар, әрі ең биігі, төрде тұрғаны да сол ұлттық күресі екен. Елге қайтқан соң, белсенді, қалталы азаматтардың басын қосып, қазақ күресін жандандыруға бел будым. Ол кезде қазақ күресін әлемдік аренаға шығару деген ойда болған жоқ. Ата-аналар балаларын қазақ күресіне дайындыққа аса бермейтін де. Грек-рим секілді күрестердің көлеңкесінде тұрған, тек қана тойларда дәстүрді жандандыру үшін орындалатын дәстүрлі спорт түрі еді. Үш-төрт жылдың ішінде көне күресіміз қазақ күресін жарқыратып шығардық. Кейіннен Xалықаралық қазақ күресі федерациясы құрылды. 30-ға жуық елде қазақ күресі федерациясының филиалдарын аштық. Әлем чемпионаты, Еуропа чемпионаты өтті. 17-18 тамызда Ұлан-Батырда Азия чемпионатын өткіздік.
─ Шетелден келген қонақтар үшін Қазақстан несімен қызықты? Сізге сондай мүмкіндік берілсе, алдымен нені көрсетер едіңіз?
─ Қазақстанның әр аймағында көруге тұрарлық орындар көп қой. Әр аймақтың өз ерекшелігі бар. Бурабай, Баянауыл, Шығыс Қазақстан аумағындағы Зайсан, Марқакөл, қазақстандық Алтай, Оңтүстік Қазақстан жеріндегі Батыс, Солтүстік Тянь-Шань, Алтынемел таулары, киелі Түркістан, Жетісу алабы, Батыс Қазақстандағы Үстірт, Мұғалжар, Каспий ойысы, Жайық өңірі, Орталық Қазақстандағы Қарқаралы, Қызыларай, Бектауата, Ұлытау сияқты табиғи, тарихи нысандар көп.

Қызғалдақтың отаны Қазақстан деп айтамыз. Көктемде қызғалдақтар гүлденген уақытта неліктен «Қызғалдақтар фестивалін» өткізбеске? Осы шараға шетелдік журналистер, блогерлер шақырылсын мәселен. Тіпті туризмге қызығатын тревел-блогерлер өздері-ақ келеді. Алманың отаны да біздің жер деп жар саламыз. Апорт алмасының піскен уақытында да түрлі шаралар өткізуге болады.

Одан бөлек ұлттық ойындарымыз қаншама! Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарында әр ауылдың қасында қазандық бар. Көкпарды да көрсетуге болар еді. Осы тұста қырғыз бауырларыма қызғанышпен қараймын. Жыл сайын «Көшпенділер ойының» өткізеді. Алыс-жақын шетелден қаншама туристер келеді. Блогерлер ешкімнің шақыртуынсыз-ақ өз қаражатына келіп жатыр. Бізде ақбөкеңдер жайлы да деректі фильмдер жоқтың қасы. National Geographic, Nat geo wild, Animal planet секілді арналармен келісіп, деректі фильмдер түсіруге болады ғой. Біз «Қазақ күресін» өткізгелі он жылдай уақыт болды. Бізге өз еркімен келіп жатқан француздар, ағылшындар, жапондар, корейлер бар. Мемлекет тарапынан қолдау болса, келер жылы «Қазақ күресіннің 10 жылдығын» әлемдік деңгейде атап өтуге болады. Арнайы тур, фестивальдер ұйымдастыруға болады. Жезкиікте бір зерттеуші әйелмен таныстым. Екі жыл бойы елді аралап, екі жүзге жуық ұлттық тағамдардың түрін анықтап, кітап етіп шығарғалы жатыр. Бұл да туризмге қосқан үлес деп білемін. Әлем тұрмақ қазақтың өзі ұлттық тағамдарды айт десең, тағамдардың ары кетсе он бес шақты түрін айтар. Қазір шетелден қонақтар келсе, Алматының өзінен ұлттық мейрамханаларды әрең табасың. Әлемде қазақ мейрамханалары бар ма? «Қазақ асханасы» деген түсінік қалыптасқан ба? Өзбектің шайханаларын төрткүл әлемнің әр жерінен кездестіресің…

Халықаралық байқау
жариалаймын

Қазақтың жері кең, дегенмен Өзбекстан, Түркиямен салыстырғанда, көне заманнан қалған ғимараттар жоқтың қасы. Елімізде туристік зәкірлерге айналатын мемориалдар, мұражайлар болуы керек. Қазақты басқарған хандар көп. Хандарға арналып жасалған небір шаралар бір жұмадан кейін ұмытылып қалады. Жастарды тәрбиелеу үшін, туристерді тарту үшін жасанды ескерткіштер, мұражайларды неге салмасқа?! Жоңғар агрессиясына қарсы күрескен хандардың бірі Абылай ханға арнап мемориалдың эскизін (жобасын) дайындадық. Айдар Жамхан деген жас мүсіншіге, сәулетшіге ойымды айтып, осындай жоба жасасақ деген идеямды айттым. Бұл ─ жай ғана жоба. Дәл осындай бола ма, әлде басқаша бола ма, алдағы пікірталаста, шығармашылық сайыста анықталар.

Бұл Абылай хан бола ма, әлде Жошы хан бола ма, мен үшін айырмашылығы жоқ. Ең бастысы біздің хандарымызға жасалынып жатқан бір тағзым, құрметіміз болуы керек. Ол Алматыда, әлде Астанада, бәлкім, Бурабайда бола ма, оны уақыт көрсетер. Эскизден көргеніңіздей, ескерткіштің төменгі жағында тарихи мұражай, қазақ тарихын қамтитын көрмелер, түрлі конференция залдары болады. Шоқпарда бір немесе екі лифт орнатылады. Жоғарыда арнайы көрме залы болады. Егер біз LRT үшін 2 млрд доллар жұмсайын деп жатсақ, бұған 15 есе аз ақша кетеді. Әрі өлі жоба емес, жеті-сегіз жылдың ішінде өзін-өзі ақтай алады. Болашақта туристік магнит, зәкірге айналатын орталық болады. Бұл жобаның презентациясын алғаш сіздердің газеттеріңіз арқылы жасап отырмын.

Осы бір презентация арқылы халықаралық байқау жариялағым келеді. Арнайы жүлдеқоры да тағайындалады. Осы бір жобаны елестетіп, белгілі сәулетшілер өз көзқарастарын, пікірлерін білдірсе, эскиз түрінде өз жобаларын жыл соңына дейін ұсынса дер едім.
─ Сұхбат бергеніңізге рахмет! Сәттілік!

Сұхбаттасқан Бауыржан Карипов

1 Пікір

  1. ДЮСЕМБАЕВ Эрик Серикович Менде еш таптырмас жоба бар оны YouTub желісінен “QAZAQ Villa” деп теріп аяғынадиін көріп танысыңызшы ИНСТАГРАМ: erik_dyussembayev_84 ПОЧТАМ: erik_dyussembayev@mail.ru ТЕЛ.: +7 (707) 230-30-10 ватсап

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.