ҮКІМЕТ ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫН ІСКЕ АСЫРУҒА БЕЛ ШЕШЕ КІРІСТІ

0
1758

Осы аптадағы ең елеулі жаңалық Мемлекет басшысы Қасым жомарт Тоқаевтың халыққа жолдаған жолдауы болып тарихта қалмақ. Онда елдегі хал-ахуал, әлеуметтік мәселе, жер мен тіл тағдыры, білім саласына қатысты өзекті проблемалар айтылды. Енді игі бастаманың әрі қарайғы өміршеңдігі, қолданысқа енуі, үкіметтің оны әрі қарай іліп әкетуі басты сұрақ. Айтпақшы, жолдауды елдің қолдауы да маңызды түйін.

ҚР премьер-министрінің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының “Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі” жолдауын іске асыру шаралары қаралды.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында 2025 жылға қарай жалпы ішкі өнімнің жыл сайынғы өсуін кемінде 5 пайыз етіп тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін құрылымдық өзгерістерді іске асыру қажеттігі туралы атап өткені белгілі. Бюджеттік-қаржы бағыты бойынша ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смайыловтың айтуынша, бұл үшін Үкімет экономиканы әртараптандыру жөніндегі жұмысты жалғастырады және мемлекеттік органдардың да, квазимемлекеттік сектордың да қызметіне функционалдық талдау жүргізуді жандандырады. Сондай-ақ, қазақстандық және шетелдік сарапшылардың зерттеулері мұқият талданады. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Жолдауда мемлекеттік қызметкерлердің жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында олардың қатарына дағдыларды меңгерген жас мамандарды тарту қажет екенін атап өтті. “2020 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілер санын біртіндеп қысқартуға бағытталған жұмыс жүргізіледі, ал босатылған қаражат неғұрлым пайдалы қызметкерлерді материалдық ынталандыруға жұмсалатын болады. 2024 жылға қарай мемлекеттік қызметшілер мен ұлттық компаниялар қызметкерлерінің саны 25 пайызға қысқаратын болады”, – деді Смайылов.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республи­ка­сы­ның президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында «Қазір жұмыс істейтін адам зей­неткерлікке шықпайынша, қорға жиған ақшасын пайдалана алмайды. Бірақ адамдардың зейнетке шықпай тұрып жаратқысы келетіні түсінікті. Сондықтан үкіметке жыл соңына дейін зейнетақы қорына жинаған қаражатының бір бөлігін мақсатты түрде пайдаға жаратуын қарастыруды тапсырамын», – деген болатын Үкіметке қарата.
Үкімет отырысынан кейін журналистер жол­дау­дағы президент тапсырмасының қалай іске асатынын білуге асықты. Вице-премьер Бердібек Сапарбаев бұл сауалға «Президент тапсырма берді. Үкімет мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, бұл мәселе бойынша жұмыс жүргізуде. Зейнетақы қорындағы ақшаны берген кезде, адамның жасы мен жинаған сомасына қараймыз. Бірінші кезекте тұрғын үй, білім беру және медициналық қызметтерді сатып алуға қаражаттың жұмсалуын қарастырамыз. Бұл мәселе мұқият зерделеуді талап етеді, соның негізінде нақты ұсыныстар әзірленетін болады. Біз қарауымыз керек, бұл зейнетақы қорындағы жинақталған қаражатқа байланысты. Бұл жерде азаматтардың өмір бойына зейнетақы төлемдерін қамтамасыз ету үшін және тұтастай зейнетақы жүйесінің тұрақтылығын бұзбау үшін нақты шешім қажет», – деді ол.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында әуебилеттерінің бағасы қымбат болуына байланысты халықтың жиі шағымданатынын да еске салған болатын. Журналистердің осы орайдағы сауалдарына Премьер-министрдің орын­басары Жеңіс Қасымбек жауап берді. Ол қазақ­стандық әуетасымалдаушылар билеттерінің ба­ғасы қымбат болуының себебін былайша түсіндірді. “Билеттердің жоғары құнының негізгі проблемалары тасымалдау сыйымдылықтарының тапшылығы және қолда бар сұранысты қанағаттандыру үшін әуе кемелерінің жетіспеушілігі болып табылады. Тарифтердің құнын төмендету мақсатында мамыр айында алғашқы отандық Fly Arystan лоукостері іске қосылды. Әуекомпания жыл соңына дейін күніне орындалатын рейстер санын екі есе (14-тен 28-ге дейін) ұлғайтуды көздеп отыр. Үкімет “Самұрық-Қазына “ҰӘҚ” АҚ-мен бірлесіп әуе кемелері паркін ұлғайту мақсатында Air Astana және Qazaq Air авиакомпанияларын қосымша капиталдандыруды жоспарлауда. Сондай-ақ, қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртуды аяқтауды ескере отырып, авиа отынының бағасын төмендету бойынша жұмыстар жалғастырылатын болады”, – деп уәде берді вице-премьер. Сонымен қатар ол темір жол би­лет­терінің тапшылығы мен заңсыз делдалдық әдістердің алдын алу мақсатында билеттерді сатуды цифрландыру жүргізіліп жатқанын, сату тәртібін реттейтін норма енгізілгенін де атап өтті.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.