9 МАМЫРДЫ ТОЙЛАУДЫҢ САЯСИ АСТАРЫ БАР МА?

0
567

Кім не десе, о десін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тұғырынан түсетін жаста емес. Әлі тың. Әлі де көп жылдық тәжірибесін шенеуніктермен бөлісуге дайын. Әлі де бұйрық беруге, тапсырма жүктеуге қауқарлы. Оған заңдық құқы да басым. Соңғы уақыттағы жоғары лауазымдағы шенеуніктерді қабылдап, олардың жұмыс барысына талдау жасап отырғаны сөзімізге дәлел.

Иә, ел ішінде гу-гу әңгіме көп. Кімнің аузына қақпақ қоя аларсың. «Ит үреді, керуен көшеді» дейміз – дағы. Бәзбіреулер, тіпті шетелдік саясаткерлер Қазақстанды екі президент басқарып отыр деп ашық жазып жүр. Бірақ әлі буыны қатпаған мемлекетімізге сын айтатындар, қазақтың салт-дәстүрінен ада, мақал-мәтелдерінен жұрдай адамдар ғой. Әйтпесе қазақтың «Аға тұрып іні сөйлегеннен без», «Ұстазы мықтының – ұстамы мықты», «Уәде – құдай сөзі» деген тәрізді даналықтарын ескерер еді. Махамбет батырдың өзі «Исатай басшы мен қосшы» деп жырлаған жоқ па? Біздің елдегі саясатта осы тұрпатта жүргізіліп жатқаны анық.
Сонымен 3 қыркүйек күні Қауіпсіздік Кеңесінің төра­ғасы, Елбасы Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевты қа­былдады. Оған келесі жылы елордада Жеңістің 75 жылдығы және Отан қорғаушы күніне арналған Әскери парадтың сапалы өткізілуін қамтамасыз етуді тапсырды.
Сонымен қатар кездесу барысында Елбасыға елі­міз­дің қорғаныс қабілетін нығайту, Қарулы Күш­тер­дің бөлімшелері мен құрамаларының жауынгерлік даяр­лы­ғын арттыру бойынша жүргізіліп жатқан жұ­мыстар туралы баяндалды. Бұларға қоса осы уақытқа дейін өткізілген және жыл соңына дейін жоспарланған ау­қымды жаттығулар туралы ақпарат берілді. Кездесуде басшылық лауазымдардың санын қысқарту және бас­қару құрылымын оңтайландыру бойынша жұмыс нәти­желеріне ерекше назар аударылды.
Сөз соңында Нұрлан Ермекбаев Қазақстан ар­мия­сы­ның құрылыс және даму бағдарламаларының орындалуы туралы баяндады. Қорғаныс министрінің ақпараты бойынша қазіргі уақытта әскери техниканың заманауи үлгілері және жүйелерімен жабдықтау жалғасуда, Қарулы Күштерді жан-жақты қамтамасыз ету жүйесі жетілдірілуде, оқ-дәрілерді қауіпсіз сақтау бойынша шаралар қабылдануда.
«Ел құлағы елу» дейді қазақ. Елбасының қорғаныс министріне «елордада Жеңістің 75 жылдығы және Отан қорғаушы күніне арналған Әскери парад» өткізу туралы тапсырмасы көпшіліктің құлағына жетері анық. Ұлтжанды азаматтардың бұл сөзге бей-жай қарамасы тағы белгілі. Өйткені бұған дейін де 9 мамырды мерекелеу «құлдық сана белгісі» деген аттанға бергісіз сөздер айтылған. Бұл күнді жай ғана марқұмдарды еске алу күні дейік деген ұсыныстар да хатталып тұр. Және жеңіс күнін ТМД аймағында кешегі 15 республиканың ішінде дәл қазақтардай тойлайтын ешкім жоғы да сан мәрте ескертілген. Жазылған. Сыналған. Алайда халықтың жан айқайы жоғарыға жетпейтін болуы керек, әзірге дейін бұл сөзден қорытынды шығара алмай келеді. Елбасы да жұмысы көп адам ғой, дұрыс ақпараттың жетпеуінен, елдің тең жарымының 9 мамырға қатысты өз пайымы бар екенінен хабарсыз болуы әбден мүмкін…

Нағашыбай Қабылбек

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.