Оқушы қыз неге жылады?

0
1235

Өмір тұтқасы – ізгілікте. Бұл күнделікті тіршілікте талай мәрте дәлелденіп те жүр. Мектеп табалдырығын аттау балалар өміріндегі айтулы оқиға, ұмытылмас мереке. Бүгінгі күні бала оқытып, оны мектепке даярлау-ата-аналар алдындағы күрделі мәселелердің бірі. Көпшілікті толғандырар осынау түйінді мәселені жеңілдету мақсатында соңғы жылдары республика көлемінде «Мектепке жол» акциясының бастау алғандығы белгілі.

Еліміздің түкпір-түкпірінде бірінші тамыздан бастап “Мектепке жол” акциясы өткізіліп жатыр. Биылғы оқу жылында «Мектепке жол» республикалық акциясы ҚР Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бастамасымен 2019 жылдың 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында «Жақсылық жасауға асығайық» үндеуімен өтеді. Акцияның мақсаты: оқумен қамтылмаған балаларды анықтау, аз қамтамасыз етілген және көп балалы отбасынан шыққан оқушылардың, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың әлеуметтік себептермен мектепке бара алмауының алдын алу, қолдау көрсету және баланың әлеуметтік себептермен мектепке келмей қалуының алдын алу, барлық балалардың міндетті орта білім алу құқықтарымен қамтамасыз ету бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Бұл игілікті шара биыл да еліміздің барлық дерлік мектептерінде жалғасуда. Жылдан жылға бұл акцияға ерекше назар аударылуда. Ата-аналардың пікірі де түрліше.
– Қазына, 5 баланың анасы: Балаларымның төртеуі мектепке барады. Мектеп екі баламды мектепке дайындауға ақшалай көмек береді. Екі ба­лам мектептен тегін тамақтанады. Ол да болса біз­дің отбасымызға үлкен көмек. Тек ұстаздарының сынып­тастарының көзінше ерекшелеп, жасаған жақ­сылықтарын беттеріне басып, балаларымды ұялтпаса екен деймін.
Алма, жалғыз басты ана: Біраз жыл бұрын үл­кен қызым мектептен жылап келді. Оның се­бебі, мек­теп әкімшілігі сыныптастарының кө­зінше қыс­тық күртешені кигізіп, суретке түсіріп әке­тіп­ті. Сыныптастарының бір-біріне сыбырлап, «әкесі жоқ болғандықтан беріп жатыр», – дегенін ес­тіп қал­ған қызым ашуға булығып мектепке бар­май­мын, деп қиғылық салған.
Жақсылықты риясыз адами ниетпен және тек атын шығару үшін жасайтындардың барын да өмірден көріп жүрміз. «Жақсылық қылсаң жасыр, жақсылық көрсең асыр» деп халық даналығында айтылғандай, жариясыз қылған қайырымдылықтың сауабы мол. Көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созғансып, оған тілшілерді шақырып немесе әлеуметтік желілерге суреттерін салып, жариялайтындар көбейді. Бұл біріншіден, ізгі іспен келетін сауаптан қақса, екіншіден көмек ал­ған жандардың намысына тиеді. «Оң қолымның бер­генін сол қолым көрмесін» деген, үлгі етіп үйренуге тұрар­лық істері бар азаматтарды жарнамасыз–ақ халқы танып, біліп жатады. Мұқтаж жандардың риясыз алғысын, батасын алудың өзі түсінген жанға үлкен бақыт емес пе? Балалар – біздің болашағымыз. Бүгінде бұл болашақ біздің қолымызда. Әр балаға таным қабілеттерін, шығармашылық потенциалын дамыту және жан-жақты дамуына мүмкіндік беретін, қамқорлық құшағында тәрбиеленуге қажетті ең жақсы жағдайларды қамтамасыз ету үшін әлемде білім, ресурстар мен құқықтық аманаттар бар. Акция барысында әр елді мекенде қараусыз, қадағалаусыз, жағдайы жоқ отбасылармен мигранттар балаларын, сондай-ақ өзге де себептермен жүйелі түрде сабаққа бармай жүрген балаларды анықтау мақсатында рейдтер ұйымдастырылып, аз қамтамасыз етілген, асыраушысынан айырылған, жетім, жартылай жетім, көп балалы жанұялар туралы мәліметтер жинақталып, анықталған балалардың мектепке келуі қамтамасыз етілуде және оларға көмек көрсетуде. «Мектепке жол» акциясы барысында ішкі істер басқармасының кәмелеттік жасқа толмағандар бөлімшесімен бі­лім бөлімінің қорғаушы және қамқоршы органы және білім беру мекемелерінің қызметкерлерімен ұйымдастырылған рейд бойынша әр жанар-жағармай құю станцияларымен базарларды тексеріп, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Білім беру мекемелерінің өз мөлтек аудандарында рейд жұмыстарын жүргізіп әлеуметтік көмек көрсетуді қажет ететін отбасылардың балаларына мектептің жалпылама оқуға тарту қорынан көмек көрсетілуде. Баланы мектепке қабылдау мәселелері бойынша ата-аналарға кеңес беру жұмыстары ұйымдастырылып үгіт-насихат жұмыстары жүргізеді. Шат күлкі, шадыман тіршіліктен ешкім де қалыс қалмауға тиісті. Бұл – тәуелсіз мемлекетіміздің басты құндылығы. Әр жыл сайын өткізіліп келе жатқан республикалық «Мектепке жол» акциясының әлеу­меттік арнасы кеңігені де сондықтан. Отан өзінің кішк­ентай азаматтарын мейір-шапағаттан таса қал­дыр­майды. Балалар жүрегін қуанышқа бөлейтін дәс­түрлі акция ауданымызда да кеңінен өткізіліп, жомарт та жайсаң азаматтар мен мекеме, кәсіпорын бас­шылары бұл игі шарадан тыс қалмай, барынша өз үлес­терін қосады деген сенімдеміз. Кең жүрек қазақ азаматтары акция үшін ғана емес, кез келген уақытта қайырымдылықтың үлгісін көрсетері анық. Өйткені, біз жетімін жылатпаған, жоқты жоқ­татпаған, бір-бірімізге қол созып, ынтымағы жа­рас­қан елдің ұрпағымыз. Қайы­рым­ды ізгі жандарға Алланың нұры жаусын дейміз. Иманды, мұқ­таж жандарға қолұшын созуға әркез даяр тұратын аза­маттар қатары көбейе бергей!

Гауһар Тұрсынқожа

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.