«Билік пен халық арасына ши жүгірткен Божко депутаттықтан кетсін!»

0
1404

Бұл ашынған елдің үні мен үкімі

«Жүре берсең, көре бересің» демекші, ақылға сыймайтын небір істерге куә болып келе жатқанымыз өтірік емес. Қоғамда сан түрлі мінездегі адамдар болғасын шығар, тосын ойлардың да су бетіне қалтқыдай қалқып шыға келетіні бар. Ондай да онсызда жүйкесі жұқа халық, әлеуметтік желіні күзгі желдей қалтыратып жібереді. Сондай оқиғаның бірі өткен аптада қауға тиген өрттей лап ете қалды. «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі», «Екі елі ауызға, төрт елі қақпақ», «Ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле», «Таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді», «Отыз тістен шыққан сөз – отыз рулы елге тарайды», «Сөз ауыздан, отыз тістен шыққанша өзіңдікі, одан кейін ол өзгенікі» деген сияқты қа­зақтың ұлағатты ма­қал мәтелдерінен хабар­сыз, сөйте тұра Мә­жілісте депутат Божко Қазақстан хал­қы Ассамблеясы Кеңе­­сінің кеңейтілген оты­­­рысында «елдегі тұрақтылықты сақ­­тауда тұрғындар үкі­­мет­тің олар үшін не іс­теп жат­қанын түсінулері ке­рек» деген пікір білдір­ді. Дұрыс қой, жасалып жатқан жұмысты ел­ге бипаздап тәпсірлеп берсе кім қой десін! Алайда елдің ашуын туғызатын ызғарлы сөй­лем­дер арғымақтай ортаға ойнап шыға келмесі бар ма? Сүйегіне сөз сіңген қазақ бұған қа­лай шыдасын! Әдемі басталған әңгіменің аяғы сиырқұйымшақтанып барып, былайша аяқ­тал­ғаны көңілге одан сайын кірбің салғаны анық.
«Сіз биліктің не істеп жатқанын түсініп, көз­бен көрулеріңіз керек. Дәлел керек пе, бір ғана көр­сеткіш бойынша – халықтың әлеуметтік қол­дауы үш жылда 17 есеге өсті. Кешіріңіз, бірақ сол үшін тізе бүгіп, мемлекетке алғыс айту керек. Егерде адам ештеңе бітірмесе, өзіне бәрін беруін талап етсе, мұндай адамды тоқтататын, қораға тығатын қоғамдық пікір болуы керек», – деді Божко. Осы сөзі өзіне бәле болып жабысты. Әлеуметтік желі депутаттың бұл сөзіне қатысты оттай жанған пікірлер жазуда. Егер ол от-сөздер Бажко мырзаның киіміне тисе, лап еткелі тұр. Егер лап ете қалса «Нұр Отанның» алдында отқа оранған адамдай күйік шалып тастауы әбден мүмкін.
Қазақта «Аузы күйген үрлеп ішеді» деген тәмсіл бар. 2017 жылдың 19 қыркүйегінде (Осыдан тура бір жыл бұрын) үкімет отырысында мәжіліс депутаты Владимир Божконың ауыл жастарына қатысты айтқан пікірі желідегілердің ашуын туғызғаны еске түседі осындайда.
Сол жолы Үкімет отырысында сөз сөйлеген де­путаттың пікірінше, Абу-Даби Плазадағы қақ­тығыстың өршуіне Астанаға келген ауыл жастары себепші екен. Сондықтан да қалаға келетін ауыл жастарының санын төмендету керек деді халық қалаулысы. Депутаттың бұл пікірі желі белсенділерінің шамына тиді. Мәселен, бел­гілі саясаттанушы Айдос Сарым мұндай пікір айтқан депутаттың жалақысын азайту керек шығар деген ойымен бөлісіп, «Осындайларды депутат қылған бізге де обал жоқ» деп жазды саясаттанушы желі парақшасында. Ал астаналық журналист Серғали Балажан “Міне біздің депутаттардың түрі осындай» деп ашынды. Владимир Божконың бұл ұсынысы өзге де желі қолданушыларына жақпады. Тіпті бірі елдің ашуын туғызатын ойын жеткізген халық қалаулысын мандатынан айыру керек деп те ұсыныс айтты. «Қазақты, ауыл қазағын қалаға жолатпау саясаты деген барып тұрған сорақылық, мұны іске асыратын болса, билік жасырын істейді. Мына арада ашық айтылып қалған екен, енді сергектік керек, мұны болғызбауымыз қажет. Қазақтан қызғанған Қазақстан қаласы, әсіресе Астанасының көсе­гесі көгермейді, әлгі депутат сөзін қайтып алсын. Алмайды екен, депутаттығын доғарсын», «Нағыз қорқақтың, сатқынның аузынан шы­ға­тын сөз. Сонда шетелдіктерді қаптата берейік дегісі келіп тұр ғой, ол найсап. Ондай қара жұмысты қаланың балалары істемейді, тек ауылдың қара қазағы төзеді, ал олардың жағ­дайына көңіл бөлмей, әрі адами, ұлттық ар-намысын жерге таптап, қорлай беру ендігі жолда осындай наразылыққа жол аша береді… Сондықтан ар-намысты ұлтыңның қадірін біл, билік! Сосын сатқынның сөзін сөйлеген, өз халқынан қорыққан, жас қазақты қалаға жолатпау жөнінде сөз салған жалған депутаттардың мандатын алып, депутаттықтан айыру керек!» «Не деген топастық соларға да миллиондаған жалақы төлеп отырмыз-ау», «Ауылда жұмыс жоқ, жастарда басқа амал бар ма? Қалаға келуден басқа»,- деп ашынды желідегілер.
Бұл былтырғы оқиға. Одан шыққан қоры­тын­ды бүгінгі қылығы! Сонда елдің сөзін жырына да қыс­тыр­мағаны ма?
Халыққа қол жетімді әлеуметтік желі тағы да маздап тұр. Ондағы халықтың ашуы мен ызасы алабөтен. Егер Божко мырза қолға түссе сөз – қамшымен көкала қойдай қылуға дайын. Қазірдің өзін­де найзағайдай жарқыл­да­ған сөздер, Божко арқа сүйейтін билікке де сес көрсетуде.
Тіпті ашынған ағайын ҚР Парламенті Мәжілісінің тө­ра­­­ғасы Нұрлан Зайроллаұлына ашық хат та жазылыпты. Ол хатта «СІЗ БАСҚАРЫП ОТЫРҒАН МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ В.БОЖКОНЫҢ МЕМЛЕКЕТТЕН ЖӘРДЕМАҚЫ АЛАТЫН ТҰРМЫСЫ ТӨМЕН АЗАМАТТАРЫ МЕН КӨПБАЛАЛЫ ЖӘНЕ ЖАЛҒЫЗ БАСТЫ АНАЛАРДЫ ҚОРЛАП АЙТҚАН СӨЗІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӘРБІР АЗАМАТЫНЫҢ НАМЫСЫНА ТИДІ.
МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІҢ АҚШАСЫ – ХАЛЫҚТЫҢ АҚШАСЫ ЕКЕНІН, ӨЗІНІҢ ҰЙҚЫЛЫ – ОЯУ ОТЫРЫП, АЙ САЙЫН МИЛЛИОНДАП АЛҒАН ЖАЛАҚЫСЫ, ТЕГІН ПӘТЕРІ, ТЕГІН КУРОРТЫ, ТЕГІН ЖҮРІП-ТҰРҒАН ТРАНСПОРТ ЖОЛ АҚЫСЫ Т.Б. БАРЛЫҒЫ ХАЛЫҚТЫҢ МАҢДАЙ ТЕРІ ЕКЕНІН БІЛМЕУІ, ПРЕЗИДЕНТ ПЕН ПРЕМЬЕРДЕН БАСТАП, ҚАТАРДАҒЫ МЕМЛЕКЕТ ҚЫЗМЕТКЕРІНЕ ДЕЙІН, ХАЛЫҚТАН ЖАЛАҚЫ АЛАТЫН ЖАЛДАМАЛЫ АДАМДАР ЕКЕНІН БІЛМЕЙТІН “ӘҢГҮДҮКТІ” ДЕПУТАТ ЕТІП САЙЛАП, ОРТАЛАРЫҢЫЗҒА ОТЫРҒЫЗУ – БҮТКІЛ ПАРЛАМЕНТКЕ ДЕГЕН ХАЛЫҚТЫҢ СЕНІМІН ЖОЮ ЕМЕС ПЕ?
БИЛІККЕ ОСЫНДАЙ ЖАҒДАЙ ЖАСАҒАНЫ ҮШІН, ХАЛЫҚ НЕГЕ БИЛІКТІҢ АЛДЫНА ТІЗЕРЛЕП ОТЫРУЫ КЕРЕК?
ҚАЙТА ӨЗІ БІР ДЕ АШ, БІР ДЕ ТОҚ ЖҮРГЕН ХАЛЫҚТЫҢ АЯҒЫНА БИЛІК БАС ҰРЫП, ЖЫРТЫҚ ШАПАНЫНЫҢ ЕТЕГІНЕН СҮЮІ КЕРЕК!
В.БОЖКО АУЗЫНА ИЕ БОЛМАЙТЫН, ДАҢҒОЙ ЕКЕНІН БҰДАН БҰРЫНДА КӨРСЕТІП:
– АУЫЛ ЖАСТАРЫН ҚАЛАҒА КЕЛТІРМЕУ ТУРАЛЫ ҮСЫНЫС ЖАСАҒАН ЕДІ. СОЛ СӨЗІ ТУРАЛЫ ХАЛЫҚТАН ТАЛАЙ РЕНІШТІ ПІКІРЛЕР БОЛДЫ.
СІЗ ОҒАН ДА ҮНСІЗ ҚАЛЫП ЕДІҢІЗ. ЕНДІ МІНЕ БОЖКОҢЫЗ “БАШКАСЫ КЕТКЕНДЕЙ” АУЗЫНА КЕЛГЕНІН АЙТЫП ОТЫР.
МЕН СІЗДЕН ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТЫ РЕТІНДЕ, САЙЛАУШЫ РЕТІНДЕ – В.БОЖКОНЫҢ ДЕПУТАТТЫҚ МАНДАТЫН ҚАЙТАРУДЫ ТАЛАП ЕТЕМІН!
БҰЛ АУЗЫНАН “ҚАҒЫНЫП” ОТЫРАТЫН БАСҚА ДЕПУТАТТАРҒА САБАҚ БОЛАДЫ!» депті Бейсембеков Аймұханбет деген азамат.
«Газет – халықтың көзі мен құлағы» деп ұлт мақтанышы Ахмет Байтұрсынов айтпақшы, ел­дің сөзі мен төзімін халыққа жеткізу бізге сын! Бір емес, екі емес қарапайым халықтың жүйкесіне ши жүгіртіп, билік пен халықты біріктірудің орнына аражігін ашуға дайын тұратын шенеунікті енді қанша «еркелетуге» болады? Әркім өз сө­зіне жауап беріп, өз қателігін мойындағанда ғана, президент Тоқаев көксеген демократиялы қоғам орнамақ! Әйтпесе «Баяғы жартас бір жартас» болып қала бермек!

Нағашыбай Қабылбек

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.