Жаңа дәуір тоғысындағы Түркістан

0
3091

Халқымыздың тарихының қай кезеңін алып қарамасақ та Түркістан атауы ерекше аталады. Бүгінде облыс орталығы болып отырған Түркістанның жаңа статусқа ие болғанына да бір жыл толып отыр. Аз ғана уақыт ішінде Үкімет пен облыс әкімдігінің бірлескен істерінің арқасында жаңа бас жоспар бекітіліп, нақты міндеттер қойылды. Алдағы уақытта атқарар істерде белгілі. Дегенмен, өткерген белестерге қатысты қоғам ойын таразылап, алдағы істерде ескерер дүниелерді сұрыптауда қажет деп ойлаймыз. Алдарыңызға өзінің пұшымды ойымен бөліскен бес бірдей тұлғаны ұсынғанды жөн санадық.


Сара Тоқтамысова, айтыскер ақын:

Өз бейнесін жоғалтпаса екен

Түркістан – түркі дүниесінің алтын бесігі, халқымыздың қасиетті мекені. Мұнда түркі халқы үшін аса қастерлі, құрметті, ислам дінінің көрнекті өкілі жұрт арасында Әзірет Сұлтан атанған Қожа Ахмет Яссауи кесенесі жатыр. Кезінде Ахмет Яссауи шәкірт тәрбиелеп, софылық іліммен шұғылданып, өмірден озғаннан кейін оған құрмет ретінде араға 300 жыл салып, даңқты қолбасшы Әмір Темір кесене орнатқан. Түркістанда Қазақ хандығының жиырма бір ханы, отызға жуық батырлары жерленген. Тәуке ханымыздан бастап,Әбілмәмбет,Жәңгір, Әбілпейіс,Барақ,Бөкей сынды хандарымыздың қорымдары осында. Алаштың ардақты ұлы Саттар Ерубаевтың өмір дастаны да осы бір шаһармен біте қайнасқан. Алаш арысы Мұстафа Шоқай дәл осы жерде Түркістан мемлекетін құрып, түркі дүниесін бір түлеткісі келген. Олимптің шыңына шығып, көк туды көкте желбіреткен, небәрі жиырма жасында өмірден өткен Бекзат Саттарханов ағамыз да осы бір киелі топырақта туып-өскен. Түркістан – қазақылықтың иісі аңқитын қаймана салт-дәстүріміздің ұлықтап, бабаларымызға құрмет танытатын құтты орда. Оның әр түйіршік тасы тұнған тарих. Бүгінде облыс орталығы болып, Түркістан облысы ретінде қайта аталған шаһар күн санап ажарлана түсуде. Үкімет пен облыс басшылығының бірлескен әрекеттерінің арқасында жаңа жоспар бекітіліп, тың жобалар бастау алуда. Қаланың өзіндік болмысын сақтау мақсатында барлық ғимараттар шығыстық стильге негізделіп, ұлттық нақышта салынатын көрінеді. Бұл тарихқа құрмет, елге көрсетілген мәртебе деп білемін.

Қазақ  халқы қашанда бір жеңген қол, бір жағадан бас шығарып, бірлік пен татулықта болған. Бұл жолы да жаңа құрылған облыстың орталығын түрлендіру мақсатында еліміздің басқа облыстарға Түркістанға сый ретінде бір-бір нысаннан тұрғызып бермекші. Оның өзі алдағы уақытта көне шаһардың жаңа заманның кербез қаласына айналуына септігін тигізеді деп сенемін. Бастысы ұлтымыздың мақтанышы болып отырған Түркістан өз бейнесін жоғалтпаса екен.

Жандос Базартай,Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқу-тәрбие ісі жөніндегі проректорының міндетін атқарушы:

Жаңа облыс  қарқынды даму үстінде

Еліміздің картасында пайда болғанына небәрі бір жыл толған Түркістан облысы қарқынды даму үстінде. Облыстың орталығы ретінде Түркістан қаласының бекітілуі де бекер емес. Жалпы Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы ретінде Түркістанның таңдалып, Шымкент қаласының жеке бөлініп шығуы тек уақыт еншісіндегі мәселе болатын. Бұл туралы ұзақ жылдар бойы талқыланып, қаншама ұсыныстар да көтерілді. Алайда осы бір қым қиғаш мәселенің соңғы нүктесін өткен жылы ҚР Тұңғыш президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қойды. Қабылданған арнайы Жарлық негізінде ҚР Үкіметі мен облыс басшылығының бірлесіп, өңірді дамытудың және Түркістан қаласын жаңартудың жаңа бас жоспарын бекітті. Мұндай шешім арқасында Түркістан облысында жаңа бес аудан бой көтерсе, Шымкент қаласы дербес дамуға мүмкіндік алды. Қазіргі таңда Түркістан қаласын жаңарту, көркейту және абаттандыру бойынша жүйелі жұмыстар жасалуда. Қалада су жаңа Халықаралық әуежай, сапаржай мен темір жол бекеті салынбақ. Мұнан бөлек, мәдени орталықтар мен спорт кешендері де бой көтереді. Бастысы, қалада салынатын барлық ғимараттар ұлттық нақышта болады. Бұл біріншіден ұлтымызға, екіншіден тарихымызға деген құрмет деп түсінемін.

Түркістан – түркі дүниесі үшін аса бағалы қала. Мұнда ислам дінінің көрнекті өкілі, софылық ілімнің белді тұлғасы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі жатыр. Кезінде жырға арқау болған Отырар қаласы да осы бір құт қонған мекенде орналасқан. Атақты хандарымыз бен батырларымыз да осында жан тыныштығын тауып, жерленген болатын. Тарихтың қатпар беттерінің әр кезеңінде ерекше аталатын Түркістанның осындай мәртебеге ие болуы өте орынды деп түсінемін. Геосаяси тұрғыдан да, саяси-экономикалық, мәдени-рухани бағыттан да маңызы болып табылатын көне қана алдағы уақытта Қазақстанның жетекші қалаларының қатарынан табыларына кәміл сенімдімін.

Серікбол Берікқожа,Жамбыл облысының “Рухани жаңғыру” жобалық офисінің басшысы, Тараз қалалық мәслихатының депутаты:

Келер ұрпаққа аманаттар — құнды жәдігеріміз

Түркістан облысының қайта құрылып, орталығының Түркістан қаласының болуы мемлекетіміз үшін де, халқымыз үшін де, бастысы келер ұрпақ үшін де дұрыс шешім деп білемін. Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы осыдан екі жыл бұрын қоғамдық сананы жаңғырту бағытында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жариялаған болатын. Бағдарламаның басты мақсаты өткен тарихымыз мен бүгінгі заманның жаңашылдықтарын әрбір қазақстандықтың бойына сыйдыра отырып, мықты ұлт қалыптастыру. Осы орайда Түркістанның алатын орны ерекше.

Біріншіден, мемлекетімізге ұтымды болған тұсы бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы болған бүгінде республикалық маңызға ие Шымкент қаласы экономикалық дербестіктік қажет етті және республикалық бюджет қаржысын бөлгенде өзге аудандарға қарағанда өзгеше бөлінуді талап етіп отырды. Қазіргі таңда Шымкент өз алдына бөлініп шыққанда оның тек экономикалық өсімі ғана емес, тың, жаңа жобаларды жүзеге асыруға ыңғайлы қала ретінде танылуға мүмкіндік алды.

Мұнан бөлек халық тығыздығы да сөзсіз маңызды рөл ойнады. Мемлекет те өз кезегінде бюджет бөлісін ендігі кезде жүйелі реттеуге кірісе алатын болды. Тағы бір артықшылық жаңа облыстың құрылуымен өңірде бес бірдей аудан пайда болды. Ол дегеніміз алдағы уақытта сол аудандарда жаңа кәсіпорындардың ашылуы, сәйкесінше жұмыс орындарының бөлінуіне әкеледі.

Бұл күнгі тұрақсыз геосаяси ахуал барысында да Түркістан таптырмас шешім. Мемлекетке осы тұрғысынан көптеген мәселенің басын қайыруға мүмкіндік туды. Халқымыз үшін ерекше қуанар жағдай тарихтың қайта түлеуі мен ұлттық болмысымызды сақтауда тағы бір батыл қадам жасалды. Себебі облыс орталығы болып табылатын қалаға қашанда ерекше назар бөлінбек.

Ал Түркістан болса мың жарым жылдық тарихы бар көне түркімен алғашқы қазақ хандығының сүрмелі кезеңдерінің бәрінде тарихи сахнада болған шаһар. Сондықтан мұражай қаланың жаңғыруы – санамыздың жаңғыруының бір алғы шарты деп түсінемін. Соңғысы, келер ұрпаққа мол тарихи мұрамызды қаз қалпында әрі түсінікті ретте дұрыс аманаттай алуымыз олардың өз түбін біліп өсуі елге деген ерекше махаббатын оятып, нағыз ұлтжанды азамат ретінде тәрбиеленіп, елімізді ұлы белестерге бастауға жол ашады.

Жоғарыда аталған дүниелерді ескере отырып, Түркістан облысының құрылуы мен оның орталығы Түркістан қаласы болуы дұрыс шешім деп есептеймін.

Әбубәкір Мұстафа,«Аңсар» компаниясының атқарушы директоры, риторика бойынша жетекші тренер:

Облыстың құрылуы болашаққа тарихи қадам

Түркістан облысының құрылып, Түркістан қаласының облыс орталығы болуы негізінен өте орынды шешім деп білемін. Бұл туралы көптен айтылып, талқыланып жүрген болатын. Алайда ақырғы нүктесін өткен жылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы қойып, арнайы Жарлық қабылдап, көпті бір қуантып қойды. Әуелі бұл шешімнің Шымкент қаласы үшін маңызын атап өткен абзал. Себебі республикалық дәрежесі бар қала атануы үшін тек осы бір шешім жетіспей тұрды. Ал жалпы қала экономикалық жағынан болмасын, әлеуметтік жағынан болмасын, тіпті, стратегиялық маңызы бойынша да толық даяр еді. Халық тығыздығы туралы айтпасақ та түсінікті деп ойлаймын. Келесі бір мәселе облыстың өзге аудандарына туындаған мүмкіндіктер. Олардың экономикалық тұрғыдан айтарлықтай тың бастамалар көтеріп, ілгері жылжуына әсер етті. Тіпті, облыс болған алғашқы жылының өзінде бес бірдей жаңа аудан бой көтеріп, ерекше маңызға ие болып отыр емес пе?! Ал Түркістан қаласының облыс орталығы болуы тарихи қадамдардың бірі. Себебі Түркістан кезінде хандарымыздың ордасы болды. Мың жарым жыл тарихында небір айтулы оқиғаларды басынан өткерді. Мұнда бүтін бір өркениеттің қайта түлеген кезеңдері де орын алды десек артықтық болмас. Бертін келе ел болып, бесігімізді түзеген шақтың өзінде түркі елдерімен қарым-қатынас орнатуда алтын көпірімізге айналды бұл шаһар. Бүгінде қарқынды құрылыс орталығы болып отырған Түркістан қаласы алдағы уақытта адам айтқысыз өзгереді дейді. Әрине, жақсы жағынан. Бастысы қаланың тарихи бейнесі сақталып қалады екен. Ғимараттар шығыстық дизайнға негізделіп, ұлттық нақышта салынбақ. Қазірдің өзінде шет елдік инвесторлар қызығушылық білдіріп, ауқымды жобаларды бастауды қолға алуда. Облыс шағын және орта кәсіп иелеріне де ұтымды әрі пайдалы ұсыныстар тастап, жағымды жағдай қалыптастырып отыр. Біз секілді шағын кәсіп иелеріне бұл таптырмас мүмкіндік деп түсінемін. Болашақта Түркістан еліміздің бетке ұстар облысына айналады деп толық сенемін.

Бердімұрат Хасенұлы, жеке кәсіпкер, сөз өнері бойынша тренер:

Ол  еліміздің мақтанышы

Түркістан жаңа дәуірімізде ұлтымыз бен ұлттық болмысымызды сақтауда ерекше үлес қосатын еліміздің мақтанышы, түркі дүниесінің рухани астанасы. Бұл қаламенен мың жарым жылдық тарих сабақтасып жатыр. Он ғасырдан астам тарихтың қолтаңбасы жатқан қала өткен жылы жаңа құрылған Түркістан облысының орталығы болып бекітілді. Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан болып, орталығының Түркістанға көшуі – стратегиялық тұрғыдан да, саяси-экономикалық жағынан да, бастысы рухани-мәдени жағынан өте орынды шешім болды. Бұл Шымкенттің республикалық қала статусын иеленуіне, Түркістан облысының басқа аудандарының дамуына жаңа серпін бермек. Қазақстанның экономикалық дамуы үшін, әрі геосаяси мәселеде ұтымды шешімдер қабылдауда Түркістанның облыс орталығы болғаны дұрыс. Көршілес елдермен тығыз қарым-қатынас орнатып, түркі елдерімен етене араласуда Түркістанның маңызы зор. Себебі түркі дәуірінің даму сатысының екінші көшпелі кезеңінде түркі жұртының атажұрты атанған дәл осы Түркістан еді. Жиырмадан аса хандарымыз бен атақты батырлардың қорымы жатқан жерде атақты Қожа Ахмет Яссауидің кесенесі орналасқан. Орта ғасырдың керемет сәулет ғимараты бүгінде көпшіліктің жыл сайын ағыла келетін тарихи-мәдени кешеніне айналды. Ежелде Шавгар деп аталған көне қалада ЮНЕСКО-ның қорғауындағы ғимараттар да жетерлік.

Бүгінде облыс орталығы атанған шаһар қайнаған құрылыс ортасы. Жаңа бас жоспар бойынша қалада бой көтеретін барлық нысандар шығыстық стильге негізделіп, ұлттық нақышта салынады екен. Оның өзі көңіл қуантады. Ұлттық бейнемізді жоғалтпай, жаңа дәуірдің жаһандану кезеңінде дамудың келесі сатысына батыл қадам басуға мүмкіндік беретін мұндай бастама әлі талай игілікті істерге әкеледі деп есептеймін. Мемлекетіміз үшін саяси-экономикалық тұрғыдан да, рухани-мәдени жағынан да пайдалы бұл шешім өзінің жемісін берсе, Тәуелсіз Қазақстанның картасында жаңа, келбетті әрі сәулетті дамыған өңірдің пайда болғандығын дәлелдейді деп есептеймін.

Бекарыстан Нұрланұлы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.