ТОҚАЕВТЫҢ ҚЫТАЙҒА САПАРЫ. ҮМІТ ПЕН КҮДІК…  «Көне достың» жаңа келбеті

0
1970

   ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапары ел ішін елеңдеткен жаңалықтардың бірі болды. 1974 жылдың тамыз айында алғаш рет дипломдық тағылымдамадан өту үшін Бейжіңнің топырағын басқан жап жас жігіт күндердің күні болғандаөз тәуелсіз отанының президенті ретінде Қытайға ресми сапармен баруды ешқашан ойламаған да шығар. Алайда тағдыр оның маңдайына осы абыройлы да сынға толы сапарды нәсіп етті. Қазақ елінің саяси жағдайын жіті бақылап отыратын ҚХР- саясаткерлері, Қасым-Жомарт Кемелұлы ресми түрде Ақорда билігін қолына алған кезден бастап «Қытай елінің көне досы, Қазақстанның Президенті болды» деп жар салғаны бар. Бұлай дейтіні, Қазақстан олар үшін аса маңызды стратегиялық әріптес саналады. Қытайдың Еуропаға шығар құрлықтық жолының маңызды өткелі саналатын қазақ елін «Орталық Азиядағы маңызды көршіміз» деп әспеттеуі де тегін емес. Онан бөлек екі ел арасында, күн санап артып келе жатқан экономикалық қатынастар мен көпжақтылы әріптестік, Қазақ-Қытай дипломатиясын тереңдете түскені белгілі.

Қасым-Жомарт Тоқаев 11-12 қыркүйектегі Қытай сапары қарсаңында, CCTV-4 (Қытайдың орталық телеарнасының халықаралық каналы) телеарнасының тілшісін қабылдаған. Қытайлық журналистің «Сіз қазіргі кездегі Қазақ- Қытай қарым-қатынасына қалай баға берер едіңіз? Алдағы уақытта біздің елдеріміз қай салада әріптестік пен істестік орнатады деп ойлайсыз?»- деген сауалына Қасым-Жомарт Кемелұлы қазақ және қытай тілдерінде қанағаттанарлықтай жауап берді. Екі елдің арасындағы мұнай-газ, экономикалық байланыстар мен гуманитарлық саладағы қатынастарды тілге тиек еткен Президент мырза, сөз соңында «Қытай елі Азияға, тіпті күллі дүниеге үлгі бола алады. ҚХР-дың құрылғандығының 70 жылдық мерейтойымен құттықтаймын! Ұлы Қытай халқына жеңіс пен табыс тілеймін!» ─ деп ағынан жарылды. Әрине, «Ақордадан ескен қоңыр самал» сол сәтте-ақ тұтас Қытайды шарлап кетті…

Қасым-Жомарт Тоқаевтың екі күндік ресми сапары табысты өтті. Ол ең алдымен ҚКП ОК Саяси бюросының мүшесі, ҚКП Сыртқы істер жөніндегі басқарушы топ Канцелярының бастығы Ян Цзечимен кездесті. Келесі кезекте Қазақстан-Қытай Іскерлік кеңесінің 6-шы отырысына қатынасқан мемлекет басшысы, ол жерде маңызды сөз сөйледі. Мұнан соң, ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Кэцянмен кездесті. Келесі бір маңызды шара Президенттің Қытай қоғамдық ғылымдар академиясында оқыған лекциясы еді. Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің дипломатиялық қызметін дәл осы Бейжіңде бастағанын айтып, сол кезде ұлы мемлекет қайраткері Дэн Сяопиннің ашықтық пен реформалар саясатына куә болғанын жеткізді. Кеңес одағының ҚХР-дағы елшілігінде тағылымдамадан өткен Тоқаевтың, араға біраз жыл салып Бейжіңдегі Қытай тілін оқытатын институттан білімін жетілдіргені, 1985-1991 жылдар аралығында Бейжіңдегі елшілікте қызмет істегені белгілі. Қасым-Жомарт Кемелұлы осында маңызды қызметтерде жүргенде, Қытайдың ұлы реформаторы Дэн Сяопин мен Кеңес одағының жоғары дәрежелі басшыларының кездесулеріне куә болғаны бар. Бір қызығы қазақ елінің болашақ Президенті маңызды дипломатиялық мекемнің табалдырығын аттаған кезінде, Қытайдың болашақ басшысы Си Цзиньпин мырза төменге түсірілген жерінен «еңсе көтеріп» Син Хуа университетіне оқуға түскен екен. Ал 1980 жылдардың екінші жартысында, Қасым-Жомарт Кемелұлы Кеңес дипломаты ретінде Бейжіңде маңызды қызметтер атқарып жүрген шағында «Си Цзиньпин жолдас» оңтүстіктегі Фу Жиян провинциясының әкімшілігінде қызмет ете бастапты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың реформадан кейінгі кезеңдегі оң өзгерістері мен түрлі саяси шиеленістерін жіті бақылаған адам. Бейжіңдегі тартысқа толы саяси өмір мен Кеңес одағы сынды алып елдің «қайта құру» жолындағы қадамдарын да жақсы салыстырған саясаткер. Оның «Беласу» атты кітабын оқыған адам бұған анық көз жеткізер еді. Қазақстан Президентінің ең маңызыд кездесуі, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен жүргізген келіссөздері болды. Жоғары деңгейде өткен кездесуден кейін екі ел басшылары бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Біздегі БАҚ ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы жүргізген келіссөздер қорытындысы бойынша қол қойылған 10 түрлі құжаттың тізімін жария етті. Бұл мақалада оларды қайталаудан гөрі, екі ел басшыларының бірлескен мәлімдемесінің ішнара мазмұндарына тоқтала кетуді жөн көрдік. Осы арада ескере кететін бір жәйіт Қытайдың «Син Хуа» агенттігі таратқан ресми ақпаратта «мәңгілік стратегиялық серіктестік жөніндегі бірлескен мәлімдеме» деп көрсетілсе, «Ақорданың» сайтында «ұзақ мерзімді серіктестік» деп жарияланды. Бұл екі сөзідің саяси салмағы мен ара-жігі туралы ресми мекеме өкілдерінен түсінік берілген жоқ…

  «Ұлы даланың баласы» Қытайды неге «ұлы» көреді?

    Екі ел басшыларының бірлескен мәлімдеменің ішіндегі кейбір маңызды тұстары мынадай:

Екінші бөліктің бірінші тармағында «екі жақтылы сауда көлемін ұлғайту, жоғары құнға ие жаңа технологиялы өнімдер саудасын дамыту, саудадағы теңдік принципін ұстану көзделген. Сонымен қатар «энергетика саласындағы әріптестік пен инвестициялауды дамыту, мұнай-газ саласындағы қазірге дейін қол қойылған құжаттарды онан ары жетілдіріу, уран өндірісін бейбіт мақсатқа пайдалану, электр энергиясы, қайта туындайтын энергия көздерін зерттеуді бірлікте дамыту қарастырлыған» екен. Бұдан түсінгеніміз- қазақтың  мұнай-газын экспортқа шығаруда басты тұтынушы, Қытай елі болып қала беретіндігі еді. Сондай-ақ,  «Трансшекаралық эдектрондық коммерция құрлымын орнату, екі ел арасында цифрлық экономиканы дамыту жоспарын құру» мәселесі қарастырылған. Біз бұл тармақтарға үңіле отырып, болашақта «дәстүрлі сауда-саттықтың» орнын басатын электронды сауда әлемінде,«Қазақстан нарығының басты ойыншысы Қытай болады» деген жорамалға келдік. Ал, «ауыл шаруашылығы саласындағы байланысты дамыту, негіздік инфрақұрлымды, инвестицияны ілгерлету, әскери өнеркәсіп пен сауда саласын дамыту, ғарыш саласындағы селбестікті ілгерлету және тәжірибе алмастыру» деген тармақтарға қарай отырып,  қазақ еліне тиімді дүниелердің де қағыс қалмағандығын аңғардық. «Халыққаралық транспорт пен темір жол тасымалын дамыту, Қытай-Қазақстан, Қытай-Қазақстан-Орталық Азия,  Қытай-Қазақстан-Еуропа, Қытай-Қазақстан-Парсы шығанағы бағытындағы контейнерлік жүк тасымалын дамыту, кедендік бақылау рәсімдерін оңтайландыру, Қытай тауарларының Қазақстан шекарасы арқылы тасымалдануына тиімділік жарату» делінген тармақтары да біздің ел үшін пайдалы болар деген үміттеміз. Оған себеп- Қытайдың «Бір белду, бір жол», «Жібек жолы экономикалық белдеуі» сынды Еуропа нарығына жол ашатын стратегиялық жоспарларын жүзеге асыруда Қазақстанның маңызды қақпа рөлі анағұрлым көрнектілене түсетіндігі аңғарылғандай.\

Үшінші бөлекте қарастырлыған маңызды түйіндердің бірі ─  «екі ел арасындағы трансшекаралық өзендерді пайдалану және қорғау жөніндегі бірлескен комитеттің қызмет қортындысына жоғары баға беру. Екі ел тең дәрежеде, тату көршілер арасындағы өзара тиімділік негізінде трансшекаралық өзендерді пайдалану және қорғауда селбестікті арттыру, «ҚХР үкіметі мен ҚР үкіметі арасындағы трансшекаралық өзендердің су мөлшерін бөліп пайдалану келісімі» жобасын белсенді дамыту»  түйіндері біздер үшін аса маңызыды екені даусыз. Су мөлшері азайып кеткен Ертіс пен Іле дариясы төңірегінде Қазақстанның да өзіндік «өкпесі» бар. Бұл мәселе алдағы уақытта халықаралық келісімдер мен тәжірибелер және заңдар аясында реттеледі деп ойлаймыз. Бірлескен мәлімдеме мәтінінің арасында Қорғас кеденін дамыту мәселесі де қарастырылған.«Қорғас еркін сауда қаласын дамыту және ондағы қоғамдық тәртіпті бірлесе бақылау» деген жолдарға да үмітпен қарап отырмыз. Оған себеп  өткен жылдары осы сауда қалашығы аумағына барған Қазақстан азаматтарының Қытай полицейлеріне қолды болуы туралы еміс-еміс дақпырттар шыққан болатын. Алдағы уақытта бұл аймаққа екі елдің құқық қорғау қызметкерлері «әмірін тең жүргізсе» халық үшін пайдалы болар деп ойлаймыз…

PS: Мемлекеттік тұрғыдан алғанда «көршіні ауыстыра алмайтынымыз» шындық. Бағзыда өткен бабалар «Табығаш халқының сөзі тәтті, жібегі жұмсақ еді» деп тасқа қашап кетсе, күні кеше өткен Мағжан ақын «Алыста орыс, Қытай ауыр салмақ» деп жыр төккені есімізде. Дегенмен саны да салмағы да басым осы көршімен тең құқыты, өзара тиімді дипломатиялық қатынасты сақтай білуді, «кәнігі дипломат» әрі «қытайтанушы» Қасым-Жомарт Тоқаев мырза да дұрыс арнаға салатынына сенімдіміз. Дегенмен, «Ұлы дала баласының» бір сапары аясында «Ұлы Қытай халқы» деген сөзді екі мәрте қолдануы былайғы жұртқа беймәлім күйінде қала бергендей…

 Ерқазы Сейтқали

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.