Алла таңдаған АСПАНА батыр – Ер Шағаман

0
1257

  Алланың таңдаған ұлты – Қазақ халқы. Аллам өзім қалаған Ислам  дінімді қорғап, оны қорғататын  ұлтқа Қазақ деген ат қойып, мөр басып, оны да өзім қорғаймын,– деп уәдесін  берген. Алла ғана уәдесінде тұрады. Алланың құдірет қолдары ашық, қалағанынша береді. 

Жоңғарлармен біз дін үшін соғыстық. Қыз алып, қыз беріп отырған көрші ел бізге дінін тықпалап, үстемдігін жүргізгісі келді. Тұтқиылдан басып кірген жау момын мұсылман елін астаң-кестеңін шығарды.

Алласына сыйынып, рухын шақырып, аруағын айтып атқа қонған. Албан қолы жаудың 50 мың қолын ішке кіргізбей, үш ай жан беріп, жан алып шайқасты. Алла тауының күнгей жағына шегінуге мәжбүр болды. 1643 жылы Жоңғарлар 100 мың қолмен Іле жағалап Балқашты басып, Көкшеге дейін атының тұяғы ілікті. Таскент (Ташкент), Түркістан қоса кетті. Жау қолында қалды. Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама басталды. Есін жиған ел әр жерде қарсылық көрсете бастады. Алайда бәрі сәтсіз аяқталды. Алласына сыйынып дінін сақтаған Қазақ қайта көтерілді. Рухын шақырып атойлап жауға шапты. Шағын жеңістер ірі жеңістеге ұласа бастады.

Бірде аспан асты, үштерек түбіндегі офисінде отырған Төлеу ақсақалға амандасқанымда: – Әй, Белдемнің баласы сенің атаң Телібайды «біз Белдем дейтінбіз, ол Шағаманның Белі еді ғой. Сен білесің бе, Шағаман батыр қанша жасында батыр атанғанын? – деді. Жауап күтпестен сөзін бастап кетті. Төлеу аға өзі сұрақ қойып, өзі жауап беретін құн шежіре еді.

Асы жайлауы мен Алла (Ала) тауының күнгейі мен теріскейін жаз ортасына дейін жайлап, атын жаратып, өздерінде сақадай сайлаған қалың қол Ортатау арқылы Асының сағасына түсіп, Бақай таудың етегінде қалың жоңғарға килігеді. Сасқан жоғардың ханы Насыр Қалша жекпе-жекке шақырып, өзінің қас батыры, атан өгіз атанған Шағырды шығарады. Суырылып алға шыққан 18 жастағы Шағаман: «Ел ағалары, мен шығамын жекпе-жекке, жеңілсем Албан қолының сағы сынбайды. Мен әлі белгісіз, жас жігітпін ғой. Аллам қуат беріп жеңсем, жоңғар қолының сағы сынар» – деп жауап күтпестен, атойлап алға шығады. Насырқалша ханын қос батырын жер жастандырып, басын алады. Рухтанған қалың қол Насырқалша ханды Шелектегі бекінісіне бір-ақ тығады.

Жеңістен Рухы көтерілген игі жақсылар Шағаманды ортаға алып: «Қазақтың қос батыры –  Ер Шағаман» деп,  абыройын асқақта бата беререді.  Сонда Шағаман сөз сұрап: «Киелі игі жақсыларым, баталарыңды мына менің соңымнан ерген кенже інім – Найманбайға беріңіздерші» – деп өтініш айтып, көрегендігін танытады. Ол кезде Найманбай 9 жаста екен. Араға аз күн салып, Насырқалша ханының биік дуалдан қаланған қамалын қоршайды. Қара құлыпты қақпаның сыртынан салып, «өліспей беріспейміз» деп сес көрсеткен түрі еді, бұл жоңғардың.

Бала кезден досы – Еспер мергенге Шағаман батыр «мылтығыңды иығыма қойып, құлыпты атып бұз» деп өтініш айтады. Қара құлыпты дәлдеп  атып, қақырата бұзған Еспер мерген сол күннен бастап «қас мерген» атанады.

Осы шайқаста Шағаман батыр Насырқалша ханмен жекпе-жекке шығып, оның да басын алады.  Жау жеңіліп, тізе бүгеді.

Жеңістен Рухтанған Албан қолын басқарған Хангелді би жауға төрт жақтан шүйлігеді. Көкпек жақтан Райымбек батыр, Бұғытыдан Сатай батыр,  Түрген жақтан  Бақай батыр, қарсы алдынан Шағаман батыр жауды қыспаққа алады. Осы шайқаста Шағаман батырмен бірге Қорам батыр, Бекбау батыр ерекше ерлігімен көзге түседі. Албан жасағына қарсы тұрмақ болған жоңғар қонтайшылары есеңгірей жеңіледі. Бұл жер кейін ел аузында. «Жоңғарлар көрге кірген Көртоғай» деп аталып кетеді. Сол шайқаста Қазақ сарбаздары жаудың есін жиғызбастан жоңғарларды қуғаннан қуып, Текес өзенінен бір-ақ өткізеді. Хангелді қолбасшы қалың қолды тоқтатып: «Ары қарай жау жері. Біз Атамекенімізі азат еттік. Енді алдағы шешуші шайқастарға дайындалуымыз керек» деп, сарбаздарына ұран тастайды.

Албандардың осы бір ірі жеңісі қазақ даласына тез тарап, елдің еңсесін көтереді. Рухын асқақтата түсті. Қазақ халқы жаппай атқа қонады. Хангелді батырдың ұлы Әлмерек абыз бастаған Албанның 12000 қолы Абылай ханға келіп қосылады. Оың ішіндегі Райымбек батыр бастаған Албанның 600 батырын көргенде, Қызыр қонған, дарабоз – Қабанбай батыр: «Нағашы жұртым – Албандардың арландары келді. Жеңіс енді біздің қолымызда», – деп жігерлене түседі. Албан жасақтары үнемі алғы шепте Қабанбай батырмен бірге жауды жеңіп, алдағы Ұлы жеңістерге өз үлесін қосып отырады. Жоңғарлар Шу бойындағы шайқаста Қазақтардан ойсырай жеңіліп,  алды-артына қарамай, аңырап қашады. Бұл соғыс тарихта Аңырақай шайқасы деп аталады. Ал, ыңранып жатқан жаралы жаудың көптігінен осы мекен кейін Ыңранды атанып кетеді. Осы Ұлы жеңіске үлес қосқан Қазақтың қас батырларының ішінде Шағаман батыр да бар еді.

1743 жылы Ойрантөбе шайқасында Албандардың қолбасшысы Райымбек батырдың қарамағында Шағаман батыр Еламанұлы мың басшысы болады. Көртоғай шайқасында асқан ерлік көрсетіп, жауды ойсырата жеңеді. Жекпе-жекте жеңілмеген «Ер Шағаман!» атанады. Рух қонған әулие Райымбек батыр: «Ер Шағаман, сен қырғыздарға, мен қытайға сес болайын! Байсейіт батыр сен етектегі елге ие бол, оларға егін егуді үйрет!» деп өсиет айтады. Бұл күнде Райымбек баба айтқандай, Қырғыз Алатауында елдіктің белгісі болған Шағаман асуы бар, етекте егін егіп, дәулетімізді асырған Байсейіт ауылы бар. Бұл – бабалар аманатының орындалғаны.

Қазақ даласына анталап кірген жауға қарсы тұру жорығына Қабанбай батырды Бас қолбасшы етіп сайлайды. Сол кезеңде Қазақтың көк туын Ер Шағаманға сеніп тапсырған Төле би батыр бабамызды: «Алла таңдаған Аспана батыр деп әспеттеген екен. (Аспана сөзі Тянь-Шань тауының қазақша атауы. Бұл батыр бабамызың таудай биіктігін, әрі халқыңа аспандай пана бол дегенін білдірсе керек). «Сен білесің бе? Алла сүйікті құлдарына қай жерден топырақ бұйыратынын және екі дүниесін халқына қай заманда дәріптелетінін сыйға тартып, сездіріп отырған. Ер Шағаманның әулиелігі де осында. Оның дулығасында: «Алладан басқа тәңір жоқ», «Алланың семсері» деген жазу бар екен», деп құн шежіреші Төлеу ақсақалдың айтқанын көпшілік талай естіген. Данагөй ақсақалдың осы айтқандарын ұрпағы Сейсенбай Тәжі де растап жүр.

«Қазақтар жоңғар шапқыншылығынан әлсіреді, енді оларды тез жаулап аламыз» деген оймен қысық көз қытайлар 90 мың қолымен елімізге баса көктеп кіреді. Жүрген жерін жайпап, құрт-құмырсқасына, бақа-шаянына дейін теріп жеп, шөп-шалаға дейін тамырымен қопарып, жүрген жерін тып-типыл етіп отырды. Абылай ханынның шақыруымен Албандардың қолбасшысы Райымбек батыр мен Шағаман батыр жау әскерімен шайқасқа түседі. Соғыс үш жылға созылады. Жау ойсырай жеңіліп, он төрт мың әсекрімен шегінеді. Қытай әскерінің қатыгездігін, халыққа әкелетін қасіретін сезінген Хан Абылай: «Қытай – қайыс ноқта суға тиген сайын созылады, орыс – темір ноқта бірде болмаса бірде үзіледі» деп көрегендікпен, ерекше ескертіп айтқан еді. Осы Ұлы өсиетті бүгінгі ұрпақ естен шығармаса екен.

Сол жылғы сұрапыл соғыста Нұраның бойында Шағаман батыр ту сыртынан тиген садақ оғынан қайтыс болады. Ол сол жерде жерленіп, кейін батырдың құрметіне Шағаман ауылы аталады. Батыр Шағаман, әулие Шағаман деп халық басына барып түнеп, Алладан тілек тілеп, тілектері  орындалып жатады екен.

Әлден ақсақал, Төкен Ұзақов ағамыз бастап Елубай сынды  60-тай ер-азаматтарымыз қоштап, 2005 жылы басына үлкен  ескерткіш орнатылды. Ас беріп, бабалар рухына тағзым етілді.

Шағаман бабамыз батырлығымен қоса өте жомарт болған. Ол кісі жайлы ел арасында аңыз әңгімелер өте көп. Елі сыйға тартқан дүниелерді, өзінің қолындағы бар мүліктерді де ауыл ақсақалдарына, кедей-кепшіктерге қолма-қол таратып беріп отырған. Жомарттығында шек болмаған. Үйінен қонақ үзілмеген.

Бірде Шағаман батырдың досы, Адайдың игі жақсыларының бірі Әлменбет батыр Қытаймен қырғын соғыс үстінде екі ұлынан бірдей айырылады. Ауыр қайғыдан қан жұтып, төсек тартып, жатып қалады. Көңіл айтып келген игі-жақсылар мен басу айтқан батырларға бас көтермейді. Бұны естіген Шағаман батыр көңіл сұрай кірген беттен жон арқасына қамшымен тартып жібереді. «Сен Адайсың, танысаң Адайсың, танымасаң Құдайсың. Мен Албанмын, жон арқаңнан қамшымен салғанмын. Тұр, жатпай, жауды жеңіп, кек алайық!». Сонда басын көтерген досы: «Адай найзағайдай жарқылдағанда, Албан күндей күркірейді деген осы екен» -деп еңсесін тіктеп, орнынан тұрыпты.

Әлменбет батыр досы Шағаман батыр жау қолынан шейіт болғанда, өз қолымен жерлеп: «Батыр аңқау, Ер күдік» дегендей алды-артыңды тегіс қамтып, сақ жүруші едің, қапыда мерт болған Ер Шағаманым-ай!» –деп күңіреніпті. Кейін жеңіспен оралғанда досының есімін есте сақтау үшін немересіне Шағаман деп ат қойыпты. Осы оқиғаны Төлеу ақсақалдың үнемі тебірене айтып отыратынын батырдың ұрпағы Бақыт Міркәрімовте растайтын. Бабаларымыз бастаған Ұлы достық әлі жалғасып келеді. Біздің досымыз, арынды ақын Светқали Нұржановқа белгілі қаламгер Дүйсен Мағлұмов: «Свекеңнің  достары да, іздеушілері де кілең Албанның азаматары» деп қалжыңдап отыратын. Күмбірлеген көне дүниенің тылсым сырының құпиясы осы шығар!

«Шағаман батыр құрыштан құйғандай, мығым денелі, қара торы, көз жанары өткір, қыр мұрынды, ерекше ширақ қимылды, өте жылдам кісі  болған деседі. Шауып бара жатқан атқа қатарлай жүгіріп қарғып мінеді екен. Қос қолдап, қос қылышпен жауын кезек-кезек тураған» – деп Төлеу ақсақал айтып отыратын. Мына өлең жолдарына қоса шабыттанатын.

Арғымақпен жарысқан,

Жалына қол сап жабысқан.

Жауыменен алысқан,

Ер Шағаман арыстан.

Жауы қашып, шулаған,

Оңды-солды тураған.

Алла! -деп ұран сап,

Қылышы қында тұрмаған.

Қазақ халқы екі рет Ұлы Отан соғысын бастан кешті. Жоңғарлармен жүз жыл, қытайлармен үш жыл. Басқа жаулармен де жан беріп, жан алыстық. Отанымызды жау басқыншыларынан сақтап қалған бабаларымызға айтар алғысымыз шексіз. Олардың өспес ерлігіне бас иіп, тағзым етеміз! Ұлыларды ұлықтау парызымыз. Осы Ұлы Жеңістерді қолдан бермеу біздің ұрпақтық, Ұлттық парызымыз!

 

  Дәулет Телібаев,

                                 экономика ғылымдарының докторы, академик,    журналист.

Алматы қаласы.Ер Шағаманның суретін сыпыра

шежіреші Төлеу ақсақалдың айтқандары бойынша,

батырдың ұрпағы,  кәсіби суретші Нұрғалым Исабайұлы салды.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.