Қазақтың штурман-ұшқыш қызына ескерткіш орнатылды

0
1243

  Атырау халықаралық әуежайына Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың ескерткіші орнатылды. 16 қыркүйек күні салтанатты жағдайда ашылған атаулы шараға Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев бастап бірқатар зиялы қауым өкілдері арнайы қатысты.

Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен қаршадай қазақ қызының өмір жолына тоқталсақ, Хиуаз Доспанова Құрманғазы ауданының тумасы. Жұмысшы отбасынан шыққан ол бала күнінен ұшқыш болуды армандайды.  Соғыс басталған жылдары Мәскеудегі Жуковский атындағы әскери-әуе академиясына қабылданбай қалса да, медицина институтынан алған білімімен тылда еңбек етіп, кейін ұшқыштар дайындайтын училищеге түседі. Өрімдей жас қыздың қайсарлығына тәнті болған атақты ұшқыш әйел Марина Раскова сол кезде-ақ оған зор үміт артқан. Есімдері кең тараған ұшқыш әйелдер – Гризобудова, Осипенко, Расковаларға еліктеген Хиуаз Доспанова үмітті ақтайды.

Жаумен аспандағы шайқаста 300 рет әуеге көтерілген Хиуаз ұшақтан 14 рет құлапты. Төрт мәрте ауыр жарақат алып, есін жиа салысымен ұрыс даласына қайта оралып отырған. Жаумен шайқаста қазақтың қаршадай қызы Марина Раскова басқарған 46-гвардиялық түнгі бомбалаушы-ұшқыштар полкінде штурман қызметін абыроймен атқарды.

Аңыз адам – Хиуаз Доспанованың ескерткішін ашу салтанатына арнайы қатысқан Атырау облысының басшысы Нұрлан Ноғаев айрықша датаның тарихта мәңгі қалатынын атап өтті. «Ел басына күн туған сәтте сонау Тұмар ханшадан бастап, Әлия, Мәншүк, Хиуаз апаларымыз ерлермен бірге атқа қонды. Және олар қан майданда жүріп Отанды сүюдің ерекше үлгісін көрсетті. Еліне ескерткіш болып «оралған» Хиуаз Доспанованың есімі мәңгі жасай береді» деді облыс басшысы Нұрлан Ноғаев.

Қазақтан шыққан тұңғыш штурман-ұшқыш Хиуаз Доспанованың ескерткішін салтанатты жағдайда ашу құрметі жергілікті ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов, облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Мұрат Өтешов, батыр қыздың інісі Ертарғын Доспанов және бастамашыл топ жетекшісі Тұрсын Қалмиоваға бұйырды. Салтанатты шара барысында бір топ азаматқа Хиуаз Доспанова атындағы медаль тапсырылды. Олардың арасында ескерткіш композициясының авторы Бақытбек Мұхамеджанов, «Парасат» орденінің иегері Ханбибі Есенқарақызы, жазушы Сара Латиева, «Қазақстан» ұлттық арнасының продюсері Жаңылхан Асылбекова, бастамашыл топтың белсенді мүшесі Әлия Бекқожиева бар.

Ескерткіштің биіктігі тұғырымен есептегенде 5,5 метр болады.  Айрықша туындының авторы Бақытбек Мұхамеджанов ескерткішті жасап шығаруға бір жылдан астам уақыт кеткенін айтады. Қола мен граниттен құйылған өнер туындысы осылайша Атыраудың халықаралық әуежайына айрықша сән беріп тұр.

 Хиуаз Доспанова 1922 жылы 15 мамырда Құрманғазы ауданы, Құрманғазы ауылында дүниеге келген. Ұшқыштық өмір жолын Оралдың аэроклубында бастап, кейін әйгілі ұшқыш Марина Раскова басқарған 46-гвардиялық полкінің құрамында 300-ден астам әуе шайқастарына қатысқан. Қызыл Жұлдыз, І және ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы, Қызыл Ту ордендерімен, «Кавказды қорғағаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін» медальдарымен марапатталған. Ұшқыш қыз екі рет ауыр жараланады, бірақ екеуінде де қатарға оралып, Берлин түбінде Жеңісті қарсы алады. Соғыстан кейін комсомол және партия органдарында жұмыс істейді, бірақ майданда алған жарақаттары мен контузиясы сыр беріп, 1959 жылы зейнеткерлікке кетуге мәжбүр болады. 2008 жылы 86 жасында қайтыс болды.  

Бақытбек МҰХАМЕДЖАНОВ, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, мүсінші:

  • Композицияны жасамас бұрын Хиуаз Доспанованың өмір жолымен таныстым. Ескерткіште батырдың жас кезіндегі сәтін бейнеледік. Яғни, мақсат – жастарға рух беретіндей дүние жасау болды. Ескерткіш композициясында Халық қаһарманы, ұшқыш қыз Хиуаз Доспанованың ұшақтан түсіп келе жатқан сәті бейнеленген.

Қатимолла РИЗУАНОВ, Атырау облыстық ардагерлер  кеңесінің төрағасы:
Сұрапыл соғыс жылдарынан кейін қарапайым ғана тіршілік кешкен Хиуаз Доспанова өзінің бекзат болмысымен ұрпаққа үлгі бола білген тұлға. Сонау қырық бірдің қырғынында Хиуаз апамыз қатарлас жауынгерлердің алды болған. Мәселен, сол кездегі генерал Гречконы Сталинге тікұшақпен апарып-алып келу міндеті  Хиуаз Доспановаға жүктелген екен. Осы жайттың өзі оның даралығын айқындап тұр.

Ертарғын ДОСПАНОВ, Хиуаз Доспанованың інісі:
Қайсар мінезді қазақ қызы Хиуаз апа сонау сұрапыл соғыс жылдарында жау үстінен 300 мәрте ұшып шыққан екен. Сырт көзге қаталдау көрінгенімен, оның жүзінен шын мәнінде мейірім төгіліп тұратын.
Бұл күн – тарихта алтын әріптермен сақталатын ерекше дата. Себебі, менің әпкем Хиуаз Доспанованың құрметіне бой көтерген бұл ескерткішті ел шетіне жау тигенде қасқайып қарсы тұрған батыр қыздарымыздың барлығына жасалған тағзым деп қабылдаймын.

Тұрсын ҚАЛИМОВА, журналист, Атырау халықаралық әуежайына Хиуаз Доспанова есімін беру туралы бастама иегері және бастамашыл топтың жетекшісі:

2012 жылы Атырау халықаралық  әуежайына Хиуаз Доспанова есімін беру туралы ұсыныстың алғышарты ретіңде ұшқыш, «Құрмет» орденінің иегері  Тоты Әміровамен сұхбат ұйымдастырдым.  Алайда, бұл кезде қолданыстағы заңға өзгерістер енгізілуіне байланысты, нысандарға адам атын беруге мораторий жарияланды.Әлемнің өзге мемлекеттерінде, мәселен Парижде Шарль де Голль, Белградта Никола Тесла, Тегеранда Имам Хомейни, Мәскеуде Домодедова  атындағы халықаралық әуежайлар  бар. Жуырда Ресей мемлекетінің Президенті В. Путин  елдегі 40  әуежайдың атын өзгертіп, елдің атын шығарған қоғам қайраткерлері мен шығармашылық тұлғалардың атын беру туралы Жарлық  шығарды.  Осы тұрғыдан алғанда,  біз Атырау халықаралық әуежайына Ұлы Отан соғысы кезінде қатты жараланғанына қарамастан, жауынгар сапына қайта тұрып, өшпес ерлік көрсеткен, соғыстан кейінгі бейбіт өмірде халық шаруашылығын қалпына келтіру ісіне белсене араласқан Хиуаз Доспанованың есімін беру лайықты деген ортақ пікірге келіп отырмыз. 2012 жылы бір топ атыраулық журналистің ұсынысымен «ЭйрАстана» әуекомпаниясы тұңғыш жекеменшік ұшағының алғашқысына, яғни «Эмбраэр» ұшағына Хиуаз Доспанова есімін берді. Ендігі жерде Атырау халықаралық әуежайына ұшқыш қыздың атын беру және Хиуаз Доспанова туралы деректерді мектеп бағдарламасына енгізу мәселесімен айналысудамыз.

 

Қосұйым Мұқашев

 

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.