27-28 маусым күндері Үржар ауданының Таскескен ауылында «Ауыл – ел бесігі» атты мәдени-спорттық фестиваль өтті. Дәстүрлі шара белгілі меценат Талғат Сақанның бастамасымен және облыс әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Фестиваль аясында республикалық деңгейдегі айтыс, 70 шақырымдық аламан бәйге, 15 шақырымға созылған «Таскескен жүйрігі» жарысы, қыз қуу, теңге ілу, қой көтеру, садақ ату, киіз үй тігу сынды ұлттық ойындар мен сайыстар өткізілді. Сонымен қатар, «Топжарған» этно-мәдени орталығы көрермендерге акробатикалық өнер мен ұлттық дәстүр үлгілерін көрсетті.
Мерекелік шара аясында Таскескен ауылында қоғамдық сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында салынған нысан бір мезетте 100 адамға дейін қабылдай алады.
Фестивальдің салтанатты ашылуына Абай облысының әкімі Берік Уәли қатысып, ауылды дамыту жолындағы жеке азаматтардың еңбегін жоғары бағалады.
– Абай өңірінде Атымтай жомарттық пен туған жерге қызмет ету қашанда асыл мұрат болып келген. Осы дәстүрдің жарқын үлгісін көрсетіп жүрген азаматтар өңірімізде аз емес. Солардың бірі осы жердің тумасы, ел перзенті, белгілі кәсіпкер, туған ауылдың жанашыры Талғат Сақан екенін ерекше атап өткім келеді. Бұл ел мен жерге деген сүйіспеншілігін сөзбен емес, нақты іс арқылы көрсеткен азамат, – деді аймақ басшысы.
Берік Уәлидің айтуынша, Таскескен ауылының кіреберіс аркасы орнатылып, 2024 жылы екі көшеге асфальт төселген. Сонымен бірге, қоғамдық сауықтыру кешені пайдалануға беріліп, 100 орындық балабақшаның құрылысы жүріп жатыр.
Облыс әкімі Үржар ауданында жеке инвесторлардың қаржысына бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылып жатқанын да атап өтті. Мәселен, қытайлық тараппен бірлескен «Шың Жан Жуо Анг – Сункар» ЖШС күнбағыс майы мен ұн өндіретін және мал азығын дайындайтын кешен салып жатыр. Жобаның жалпы құны – 5,5 млрд теңге. Бұдан бөлек, «Urdjar Agro Trade» ЖШС тәулігіне 100 тонна майлы дақыл өңдейтін зауыт құрылысын жүргізуде. Инвестиция көлемі – 800 млн теңге.
Фестиваль барысында аймақ басшысы арнайы тігілген киіз үйлерді аралап, ұлттық нақыштағы көрмелерді, қолданбалы өнер бұйымдарын, ауыл кәсіпкерлері мен шаруалардың өнімдерін және киіз үй ішіндегі дәстүрлі тұрмыс үлгілерін тамашалады.