ПАВЛОДАРДЫҢ CАРЫАРҚА АТАЛУЫ МҮМКІН БЕ?

0
373

«Павлодардың атауы ауысады екен» деген ақпарат ғаламторда желдей есіп тұр. Алайда облыс әкімдігі бұл ақпаратты жоққа шығарды, «Биыл Павлодар атауын ауыстыру мәселесі қарастырылмайды». aikyn.kz сайтының жазуынша, «2019 жылдың маусым айындағы Үкімет қаулысына сәйкес биыл ұлттық санақ жүргізіледі. Сол себепті республика аймақтарында 2020 жылғы 1 қаңтардан 31 желтоқсанға дейінгі халық санағын уақытылы және сапалы жүргізу мақсатында ономастикалық мәселелер, оның ішінде облыс орталықтарының атауын өзгерту қарастырылмаған», – дейді Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі. Бірқатар қоғамдық бірлестіктің өкілдері мен ақсақалдардың Павлодардағы кездесуі әкімдіктің осылай мәлімдеуіне себеп болып отыр. Басқосуда белсенділер Павлодар қаласының атауын Сарыарқа деп өзгертілуін қолдаған еді. «Ақсақалдардың Сарыарқа атауын қолдағанына қуаныштымыз. Енді біз қала тұрғындарынан ғана емес, облыс, республика тұрғындарынан да қолдау жинамақпыз» дейді қоғам белсендісі Сұңғат Сәрсембаев. Оның сөзіне қарағанда, Сарыарқамен қатар, Ертіс, Тәшенов атауларын ұсынғандар да болыпты. Павлодар атауын ауыстыру туралы тақырып биыл көтеріліп отырған жоқ. Бұған дейін де Jebe қоғамдық ұйым өкілдері депутат Айзада Құрмановамен кездесуінде Павлодарға Ертіс атауын берейік деп ұсыныс тастаған еді. Депутат оң көргенімен, әлеуметтік желіде бұл ұсыныс қолдау таппады. Кейін Павлодар әкімдігі қала тұрғындарын бұл тақырыпты талқыламауға шақырып, мұның ресми түрде қарастырылмағанын айтқан болатын. Бұған дейін де Кереку, Қимақ, Нұршахар, Нұркент деген атаулар ұсынылған. 2018 жылдың қараша айында Павлодар қаласының атауын өзгерту мәселесі қайта көтерілді. Бұған аймақтық билік органдары бұл мәселенің өзекті емес екенін айтып, әңгімені жылы жауып қойған еді. Ал қала Павлодар атауын 1861 жылы иемденген еді. Одан бері де бір жарым ғасыр өтіпті.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.