Елімізде жарияланған төтенше жағдай аясында Батыс Қазақстан облысының орталығы – Орал қаласында да көптеген іс-шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылуда. Бұл туралы жергілікті Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында болған қала әкімі Абат Шыныбеков баяндап берді.

Өз мәлімдемесінде қала әкімі шаһар тұрғындарының денсаулығын сақтау, коронавирус инфекциясының кеңінен таралуына жол бермеу мақсатында жасалып жатқан жұмыстармен таныстырды.

– Күшейтілген карантин кезінде облыс орталығына кіріп-шығуды шектеу шаралары  тұрғындардың денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтауға бағытталып отыр. Облыстық жедел штабтың шешімімен азаматтарға арналған толық ақпараттар мен карантин кезінде орындалуы тиіс нұқсаулықтар орналастырылған, ең қажетті функциялар жүзеге асырылатын www.stopcovid.kz веб-сайты іске қосылды. Бұл бірыңғай жүйелі электронды база арқылы қызмет аясы шектелген кәсіпорындардың өтініштері тіркеліп, жұмыс істеуге рұқсат алады және қажетті мәліметтер базасы блок-бекеттерге беріледі. Бұл сайтты іске қосу арқылы біз көптеген кәсіпорындардың өз таныстары мен туыстарына анықтама алып беру сияқты заңсыздықтарға тосқауыл қоя алдық, – деді Абат Абайұлы.

Аталған сайтқа осы жылдың 8 сәуірінен бастап күні бүгінге дейін 7338 кәсіпорын-ұйымнан сұраныс түскен. Солардың ішінде 1732 өтініш мақұлданса, 3647-сі қарастырылу үстінде екен, ал 1959 өтініштен бас тартылған. Қала әкімі бұл өтініштер салалық басқармалар арқылы жіті зерделеніп, қорытындылар беріліп жатқанын айтты. Оған қоса азаматтардың қала ішіндегі қозғалысы да осы сайт арқылы тексеріледі.

Күні бүгін өңірде COVID-19 коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 11 адамға жетті. Облыстың бас мемлекеттік сантитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес 31 наурыздан бастап жарияланған карантиндік режім бойынша Орал қаласы аумағында 9 блок-бекет жұмыс жасауда. Олардан өту ережесі, тәртібі, мерзімі жасақталып, соған сәйкес жұмыстар жүргізілуде. Елдегі соңғы өзгерістерге орай облыс аумағында карантиндік режім 30 сәуірге дейін ұзартылды. – Осы орайда, жұқпалы індеттің алдын алу шаралары бойынша блок-бекеттерде ауысыммен жұмыс атқарып жүрген полиция қызметкерлері мен эпидемиолог мамандардың жұмысы оңай емес екенін айтқым келеді, оларды лайықты бағалайық білейік, – деген қала әкімі Абат Шыныбеков блок-бекеттер орналасқан аумақты тұрғындарға тағы бір мәрте ескертті. Аталған блок-бекеттерден азаматтар арнайы анықтамамен ғана өте алады. Сол себепті облыс аудандарынан бекеттерден өтуге рұқсат берілген 2114 тізім алынып, қала аумағындағы бекеттерге берілген. Ал қала маңындағы елді мекендердің тұрғындары блок-бекеттерден өтерде жұмыс орнынан берілген рұқсатнамаларын қолдана алады.

Қала басшысы облыс орталығы аумағынан өтетін транзиттік жүк көліктерінің қозғалысы туралы да айтып өтті. Олардың тоқтаусыз өтуін облыстық полиция департаментінің патрульдік полиция батальоны қызметкерлері қадағалайды. Яғни, қала аумағындағы блок-бекеттерден 300 метр қашықтықта барлық транзиттік жүк көліктері жинақталып, патрульдік полиция батальонының екі автокөлігімен бір бекеттен екіншісіне колоннамен тоқтаусыз өткізіледі.

Сонымен қатар карантиндік режім кезінде тұрғындар мен жеке көліктердің қала ішіндегі қозғалысы да шектелді. Атап айтқанда, 8 сәуірден бастап шаһардағы күшейтілген карантин режімінің тәртібін сақтау мақсатында көшеде жаяу жүргіншілер мен жеке көліктер қозғалысы кешкі сағат 21.00 мен таңғы 06.00-ге дейін шектелді. Қалалықтардың көктем-жаз мезгілінде саяжайына барып, тыныққысы әрі шаруа жасасығысы келетіні белгілі. Қала әкімдігі бұл мәселені де қаперге алып, оралдықтарға саяжайларға сенбі және жексенбі күндері баруға рұқсат етті.  Оралдағы бау-бақша қауымдастықтары туралы да мәлімет берген шаһар әкімі: – Қала аумағында 176 (28 мың учаске) бау-бақша серіктестігі орналасқан, оның ішінде тұрақты жұмыс істейтіні – 150 (20 мың учаске). Бау-бақша серіктестіктерінде 18 мың адам, яғни 5,8 мың отбасы тұрақты тұрып жатыр, – деді.

Бұдан әрі Орал қаласының әкімі А.Шыныбеков карантин кезінде шаһар мен облыс аумағындағы бағбандық шеңберінде жасақталған азаматтардың қозғалыс алгоритміне тоқталды. Сөз соңында Абат Абайұлы: – Карантиндік режім барысында қаланың тыныс-тіршілігінде маңызы зор кәсіпорындардың ғана жұмыс жасауына рұқсат беріледі. Барлық азаматтарды карантиндік мерзімнің талаптарын сақтауға шақырамыз. Себебі жүріс-тұрысты, қозғалысты шектеу – бүгінгі таңда коронавирус індетіне тосқауыл қоюдағы ең тиімді тәсіл. Сонда ғана осы қиындықты бірлесе еңсеріп, қалыпты тыныс-тіршілігімізге тезірек көшеміз деген ойдамын, – деді.

Ләззат ҚАЖЫМОВА,

«Qazaqstan dáýiri» газетінің

БҚО бойынша меншікті тілшісі

 

 

 

 

 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз