Алыптар аманаты

0
399

Көзден кетсе де көңілден кетпейтін, бүгінгі күнімізден алыстаған сайын бітім-болмысы, бет-бейнесі айқындалып, айшықтана, сомдана түсетін біртуар тұлғалар болады, солардың бірі біздің Жүнісбек Қабыкейұлы Сұлтанмұратов досымыз, бауырымыз еді. Бұл орайда маған өткен шақпен сөйлеу оңайға тимеуде, дегенмен Жүкеңнің рухани келбетінің бізге белгілі сыр-сипатының тереңде жатқан қатпарлары туралы қысқаша сөз қозғағым келіп отыр.

Кез келген пенде-еңбек майданының майталманы да, ел аузына ілінген ақиық та ата-ана, ауыл-аймақ, жолдас-жора ықпалымен қалыптасып, азамат ретінде бұғанасын бекітіп, бойын тіктейді ғой. «Адамды Заман билейді» деп Абай атамыз айтқандай, әркім өз Заманының, Уақытының перзенті. Осы Уақыт туралы ой өрбіткенде  көбіне ағайындарымыздың өмір жолын кезеңге бөліп, қайнаған тірлікке араласқан сәттерін бейнелеуден әрі аспай жатамыз. Ал, ақиқатына жүгініп, болар ұлдың алмастай өткірлігі мен өжеттігінің, алымды-шалымдылығының немесе қарапайым, біртоға баланың қақ-соққа жоқтығы мен момындығының түп-төркіні тал бесік пен жер бесік аралығындағы Уақыт ықпалында ғана емес, Замана билігінде жатқандығына мән бере қоймаймыз.  «Жақсыдан жаман туса да, жаманнан жақсы туса да, тартпай бір қоймас тегіне» дегендей, кісінің жан жомарттығы мен батыр-бағландығын немесе тақуалық тағылымдылығын ауыл-үй арасынан емес, сонау тарих қойнауынан, Заман белестерінен іздеуіміз керектігі, міне сондықтан.

Жүкең – ұлт тарихында өзіндік орны бар Тобыл-Торғай өңірінің, ұлы Шәкәрім «Кіші жүз ішіндегі» ат төбеліндей ағайынына балаған жұрттың тумасы. Ұлы Даланың Бетпаққа ұласатын сілемінде орын тепкен осынау елдің (көне мағынасындағы) бітім-болмысы да, тіпті ән-күйі де   Сарыарқаның  өзге жерлеріндегі үлгілерден өзгешелеу, бөлектеу. Әсіресе бұл мақамдар сарынындағы екпін мен ырғақтың ерекшелігінен айқын байқалады. Мұны кезінде Ақселеу ағамыз ауылы аралас, қойы қоралас тірлік кешкен қазақ ұлыс-тайпаларының рухани, мәдени бірлігіне балаған-тын.

Осынау тұғырлы тұжырым курстасымыз, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одақтарының мүшесі Света Қайырғалиеваның бұдан он жылдай бұрын «Егемен Қазақстан» газетінде  жарияланған «Дала шежіресі» атты танымдық мақаласымен үндесіп жатқанын айта кеткелі отырмын. Жүкең де, Света да оқуды тәмамдасымен бірі Алматы мен Астанада, бірі Атырауда бір терінің пұшпағын илеп, өмір белестерінен қатарласа өткен қайраткерлер болып табылады. Атап айтқанда, ақпарат көрігі-мерзімді баспасөздегі, мемлекеттік билік мекемелеріндегі жауапты қызметтері, соның ішінде екеуінің  де бірінің ел, екіншісінің аймақ ауқымында  жұртшылықпен байланыс-баспасөз қызметін басқарып, негізін қалауы тілге тиек етуге тұрарлық. Алла қаласа, бұл дерек пен дәйек баспаға дайындалып жатқан оқулығымда көрініс табады деген үміттемін. Ал, ендігі әңгіме айтулы курстастарымыздың өмір жолдарының, елге сіңірген еңбектерінің ұштасуы мен ұқсастығының Уақыт табы бар осынау белгісі олардың Замана тереңінен бастау алатын рухани бауырластығымен біте қайнасуында. Бұл ой Светаның жоғарыдағы мақаласынан көрініс тауып, Ақселеу ағамыздың  пікірлерімен қойындасып жатқандығын атап өткім келеді.

Қаламгер мақаласының мазмұны Кіші жүздің биі Бөкен мен Орта жүздің батыры Өтейдің достығы, рухани бірлігі хақында. Деректерге сүйенсек, Бөкен би елге Әз-Тәукенің «Жеті жарғы» заңы бойынша билік айтып, оның халық арасындағы сенімді жаршысы, белсенді насихатшысы болған екен. Қазақтың дарабоз батыры, ділмәр шешені Сырым Датұлы жас кезінде Бөкен биден бата алған. «Арқаң қара нардай жауыр болсын, Мінезің қара жердей ауыр болсын, Өкпең жоқ-бауыр болсын» деген Бөкен би батасын білмейтін қазақ баласы кемде-кем. «Жұртты руға, жікке бөлмейтін, жігітті күндемейтін, сынамайтын, мінемейтін Алаштың азаматы» деген сөз осы Бөкен биден қалыпты. Света Қайырғалиева былай деп жазады: «Аттың желі болады» деп, өмір бойы атқа мінбей, өгізге мініп күн кешкен ол өмірден өгіз мінген Бөкен би болып өтеді. 93 жыл ғұмырында алыс-жақын жердегі талай дауға барып, билік айтқан. Билікті сөз қуып айтпай, жол қуып айтқан оның бар ойлайтыны жарлы-жақыбай мен жоқ-жітіктің қамы. Өзім тарығып қалам демей, қолындағының бәрін маңындағыларға бөліп беретін жомарттығымен ел есінде қалыпты. Бөкен би шешуін күткен даудың бәріне де жанына атқосшысын ертіп, қолына жуан ақ тұсауын ұстап, жалғыз баратын көрінеді. Бөкен барған жерде қандай ма дау болмасын, ұрыс-керіссіз, барымта-қарымтасыз, қан төгіссіз, тек бейбітшілікпен аяқталып отырыпты. Мылтықтарын кезеніп, атысып-шабысқалы отырған дауласушы жақ Бөкен барғаннан кейін бар қаруларын тастап, оның мойнына тұсау салып тұрып айтқан билігіне көніп, өзара бітімге келіп, тарасады екен. «Бөкен барған жерде даудың түйіні қылышпен кесілмей, тұсаумен кесіледі» деген сөз содан қалса керек».

Бөкен би бұ дүниеден өтер алдында елдің жайсандары мен жақсыларын шақырып алып: «Біздің Қосалдың қорымы Сәдір ғой, бірақ Сәдірде Қосалдың месқарын, пеш көмей жалмауыздары жатыр. Оларға тірлігімде жақындаған жоқ едім, өлгенде де жолағым келмейді, Өтейге жерленген жетім-жесірлермен бірге жатайын, мені Өтейге қойыңдар» деп, өсиет айтыпты, деп сабақтайды сөзін қаламгер. «Мен өлгенде ат шаптырып, ас бермеңдер, асқақтата там салмаңдар, тас қоймаңдар, оның бәрі мақтаншылық, маған белуардан келетін лай қорған соқсаңдар, сол жарайды. Мен сендерге ғана Бөкенмін, құдайға Бөкен емеспін ғой», – депті. Қасында отырған Есентемірдің бір ақсақалы «Би, заман бір қалыпта тұрмайды, күндердің күнінде атыңыз жойылып кетпей ме, бір өшпес белгі қойсақ қайтеді?» – дегенде Бөкен тағы да: «Тау да құлайды, тас та мүжіледі, мұхит та сарқылады, құламайтын, сарқылмайтын халық, менің атым таста қалмай, халықтың есінде қалса болды» деген екен.

Жазушы «тірлігінде адалдықтың, тазалықтың жаршысы болған Бөкен бидің ақырет алдындағы таңдауы болған қорым аты берілген Өтей кім еді?» деп сауал тастап, оған «ең алдымен, Өтей жердің аты емес, кісінің аты» деп жауап береді. «Он жетінші ғасырдың басында Еділ бойы қалмақтары қазаққа шабуыл жасап, Ойыл өзеніне дейінгі жерді алғанда Орта жүзден Кіші жүзге келген әскербасы осы Өтей болатын. Соғыс Қарабау өңірінде өтеді. Небәрі отыз бес жаста қалмақтардың қолынан қаза тапқан батырды сарбаздары Қарабауға жерлеп кетеді. Айдаладағы жалғыз бейітті мұндағылар кейін Өтей бейіті деп үлкен құрметпен атайды» деп толымды жауап береді. Өтей батыр Тобыл-Торғай өңірінің перзенті екен. Өтей батырдың осынау ерлік жолын ізбасар інілері түрлі тарихи оқиғаларда жалғастырып отырыпты. Он екі ата байұлының Бөкен, Малайсары секілді беделді билерінің, әлімұлы елінен шыққан Ақсуат би және жетірудың басшысы қарт батыр тама Есет Көкеұлының өтініші бойынша Орта жүз көсемдері Кіші жүзге  Бөгенбай батыр Қожекеұлы, Бармақ батыр, Қолшыман батыр сынды атақты үш батыр жібергенін тарихи деректер дәлелдейді. Бұлар қол бастап, қаптаған жауға қарсы шығып, соғыста ерен ерлік көрсетеді.

Қазақтың тастүйін бірлігінің, бауырмалдығының белгісіндей бұл баһадүрлердің даңқты дәстүрлері тар жол, тайғақ кешулі алмағайып сәттерде ұрпақтары тарапынан бедерлі көрініс тауып отырды. Шәкір, Иман, Сары Қошқар батырлардың, Төлек ер Жәукенің, кешегі Кейкі батырдың қаһармандығы тарихымызда алтын әріптермен жазылып қалды. Сондай-ақ жаңа дәуір болмысына бейімделуге үндеген Ыбырай Алтынсариннің, ұлттық идеология мен ғылымның негізін қалаған Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтың, Мұхамеджан Сералиннің қазақ өркениетіне сіңірген еңбегі өлшеусіз. Осынау ұлы тұлғалар Бөкен би мен Өтей батыр, Сырым мен Исатай, Махамбет баһадүрлер аманат етіп кеткен қазақ мемлекеттілігі идеясына адалдық танытып, туған елдің тағдыр-талайы үшін ғұмырларын қиғаны бүгінгі отаншыл жастарға үлгі-өнеге.

Жазушы Света Қайырғалиеваның тілге тиек етіліп отырған бұл туындысы бүгінгі болмысымызға, азаматтарымыздың қадір-қасиетіне Замана биігінен көз салуға үндейді. Бұл  пайымды Жүнісбек Қабыкейұлының тұлғалық өмірбаяны, осынау кешуде Бөкен би бабамыз сипаттаған Алаш азаматы, халқымыздың біртуар көшелі перзенті Иманғали Тасмағамбетовпен достығы, тонның ішкі бауындай аралас-құраластығы айғақтай түскендей.  Осылайша Бөкен би мен Өтей батырдың бауырластығы мен бірлігі  Заманымызға ұластырылып, лайықты жалғасын таба білді.

Тоқсан ауыз сөзді түйіндей отырып, ұлтық ақпарат кеңістігінің, журналистикамыздың көрнекті өкілдері, курстас достарымыз Жүнісбек пен Светаның Замана қойнауынан бастау алатын рухани үндестігі Алыптар аманатына адалдықтың жарқын көрінісі болып табылатынын атап өтемін.

Жетпісбай  Бекболатұлы,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры

 

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.