Абайды француз еліне тұңғыш танытқан тәржімашы

0
194

«Ұлттық аударма бюросы»

Қоғамдық қорының атқарушы директоры

Рауан КЕНЖЕХАНҰЛЫ мырзаның назарына!

 

 

Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай оның шығармаларын әлем тілдеріне тәржімалаған шетелдік ғалымдар, ақындар мен жазушылар, филологтар жуырда еліміздің «Достық» орденімен марапатталды. Бірқатар тілге ұлы ақын туындылары жолма-жол тәсілмен, түпнұсқаға түсініктеме дайындау арқылы «әдеби аудармашыға әр сөзді, әр атауды» ұғындыру жолымен аударылғаны, ал француз және басқа тілдерге тікелей тәржімалауға шама жетпей, ағылшын, орыс тілі арқылы жол салынғаны атап өтілді. Осы орайда Абай туындыларын қазақшадан тікелей француз тіліне осы лұғаттың маманы, талантты ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғалымжан Мұқанов бұдан ширек ғасырдан астам бұрын аударып, Францияда жария еткенін Сіздің назарыңызға салғымыз келеді.

Шығармаларын қазақ, орыс, француз тілдерінде жазып, негізінен көркем аударма саласында еңбектенген Ғалымжан Мұқановтың 1994 жылы қазақшадан тікелей француз тіліне ұлы Абайдың «Қара сөздері» мен «Ескендір», «Масғұт» поэмаларын, 1995 жылы француз ақыны К.Висантимен бірлесіп, ұлы ақынның таңдамалы жырларын, 1997 жылы Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» романын аударғаны ұлт өркениетіне қосылған өлшеусіз үлес болатын. Ол М.Әуезовтің шығармашылығы жөнінде 1997 жылы Парижде ЮНЕСКО аясында өткен халықаралық коллоквиумда материалдарды қазақ тілінде сөйлеткен еді. Ғалымжан Мұқановтың Абай шығармашылығы жөніндегі әдебиетттанушылық жұмысы 1999 жылы Францияда жарық көрген «L“ homme et la steppe» жинағына енгізілген-тін.

Ғалымжан Мұқановтың қазақ-француз әдеби байланыстарына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Ол сонау 1988 жылы француз ақыны Клер Клермонттың Парижде жарық көрген «Владимир мен Зара немесе қазақтар туралы» дастанын француз тілінен қазақшаға тәржімалап, «Жұлдыз» журналында бастырған. Сонымен қатар француз әдебиетінің көрнекті өкілдері, драматург П.Корнельдің «Сид» трагедиясын, жазушы Ги де Мопассанның әңгімелерін, ақындар П.Верленнің, Ш.Бодлердің өлеңдерін, қазіргі заман ақыны Ж.Жостың туындыларын қазақшалаған. 2003 жылы Махамбет Өтемісұлының таңдамалы өлеңдерін компакт-диск түрінде француз тілінде жарыққа шығарған.

Ұлы ойшыл шығармаларын Францияның әдеби-мәдени жұртшылығына араға ағайын тілдерді қоспай таныстырып, халықаралық әдеби байланыстарға өлшеусіз үлес қосқан талантты ақын, тәржімашы Ғалымжан Мұқановтың еңбегін ескеру елдігімізге, азаматтығымызға сын екенін атап өткіміз келеді.

 

«Qazaqstan dauiri»-нің Ақпараттық-талдау орталығы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.