Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесі 17 наурыз күні алаңдар мен саябақтарда, қоғамдық орындарда (сапаржай, темір жол вокзалы, сауда орталықтары т.б.)«ЕЛОРДА НАУРЫЗЫ-2021» акциясын өткізді.
Акцияның мақсаты – Ұлыстың Ұлы күні – «Наурыз» мейрамын насихаттау. Наурыздың маңыздылығын, ерекшелігін көпшілікке жеткізу. Ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрлерді дәріптеу. Халыққа мерекелік көңіл-күй сыйлай отырып, «Наурыз» дәстүрлерін санаға сіңіру. Қоғамды мейірімділікке, достыққа, бейбітшілікке баулу.
Шара барысында насихатшы жастар тобы халықты Наурыз мейрамымен құттықтады. Наурыздың дәстүрлеріне, ұлттық құндылықтарға қатысты сұрақ-жауап ойындарын өткізіп, белсене қатысқандарға құттықтау сыйлықтарын табыстады. Сондай-ақ жастар ел алдында өз өнерлерін паш етіп, оларды мемлекеттік тілде сөйлеуге, ұлттық құндылықтарды құрметтеуге, Наурыздың маңыздылығы мен ерекшеліктерін түсінуге, дәстүрлі мейрамды сезінуге шақырды.
Акцияға қатысқан көпшілік алғыстарын айтып, ризашылықтарын білдірді.