Ата қазақ есіміне лайық нар тұлға

1991 жылдың 1 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Президентінің жалпыхалықтық сайлауы өтті. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ел сайлаушылары берген 98,78 пайыз дауыспен тұңғыш рет Қазақстанның Президенті болып сайланды. Осы тарихи сайлаудың өткізілуіне аудандық сайлау комиссиясы құрамында отырып, тікелей қатысқаным әлі есімде. Ол кезде бұл тарихи кезең екенін біріміз білсек, біріміз білмедік. Бір сыйлы ақсақалдың айтқаны жадымда қалыпты:
— Үш жүздің басын қосқан Абылайдан кейін халықтың дәстүрі бойынша ақ киізге көтеріліп, хан тағына отырған екінші адам Нұрсұлтан Назарбаев болды, — деп қатты қуанған еді.
Тұңғыш Президенттің ұлықтау рәсімін теледидардан тамашалап, бүкіл ел-жұрт болып мерекеледік. Президент ақ киіздің үстіне көтеріліп, қолын Конституцияға қоя тұрып, ант берді. Бұл күн қазақ елінің тарихына мәңгі жазылып қалған қасиетті күн болды. Бүкіл халықтың жауапкершілігін иығына артып, елінің Тәуелсіздігіне сара жол салған, болашақты болжап, алысты қырағы көзімен көре білген, ақылы мен ар-абыройы асқан азаматтың Президент болып сайланғаны зор бақыт дер едім. Көңілі көк жайлау болып, табалдырығынан аттаған жақынға да, жатқа да ақ дастарқанын жайып, дәм-тұзын ұсынатын кең пейілді ұлтымыздың төріне Тәуелсіздікті алып келген осындай тұлғаның бақ болып қонғаны шарттылық шығар.
Ең бастысы, ғасырлар бойы ата-бабамыз армандаған еліміздің Тәуелсіздігінің ақ таңы атты. 16 желтоқсан күні тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңға қол қойды. Дүниеге жаңа мемлекет — тәуелсіз Қазақстан Республикасы келді. Тәуелсіз Қазақстанды әлем мемлекеттері арасында бірінші болып бауырлас түрік елі таныды. Сол 16 желтоқсан күні қуанышты хабарды естіген түрік билігі уақыттың кеш болғанына қарамастан, түнде жиналып, шұғыл шешім қабылдаған. 1992 жылдың алғашқы айларында ғана АҚШ, Қытай, Ресей бар, 30-дан астам мемлекет таныған.
Иә, тәуелсіздіктің тар жол, тайғақ кешулі жауапты да қиын жолы басталды. Осындай азаттық үшін қасиетті сапарда Елбасымыз ешқашанда ағаттық жіберіп көрген жоқ. 1986 жылдың соңында жастардың қаны жазықсыз төгілген Алматыдағы Республика алаңына шығып, 1991 жылы 17 желтоқсан күні мыңдаған адамдар қатысқан митингіде Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі. Сол кезде айтылған жүрекжарды сөздерінің барлығы дерлік жүзеге асты.

Талдықорған облыс орталығы болды

Біздің Елбасымыздың көрегендігі мен батылдығына кей кезде таң қаласың. Ол кісінің кез келген бастамасының түкпірінде бір қасиетті сыр, елдің ертеңгі күнінің жүріп өтер жарқын жолы сайрап жатады. Қандай шаруа бастамасын, халықтың алдына шығып, өзі батыл айтып, түсіндіріп береді. Талай қиын-қыстау күндері көрші елдермен қарым-қатынасын жақсарта отырып, өзіне үлкен үмітпен қараған халықтың мүддесін бір сәт те ұмытып көрген емес.
Оның бір мысалы бұрынғы Талдықорған облысы мен Алматы облысы 1997 жылы біріктірілді. Таратылған бұрынғы облыс аумағында орналасқан бір кездегі Жетісудың көрікті қаласы қаңырап бос қалды. Тұрғындары босып көшіп кеткен көп қабатты үйлері иесіз қалып, жарығымыз өшіп, өндірістер тоқтады. Өңірді жұмыссыздық жайлады. Әрине, осындай келеңсіз жағдайлар Елбасына жетті. Халықтың пікірін ескерген Нұрсұлтан Әбішұлының шешімі де оңтайлы болды.
Ол Алматы облысының орталығын Талдықорғанға көшіріп, көрікті қаланың тіршілігін қалпына келтіру еді. Қарсы шыққандар жетерлік болды. Елдің қамы емес, қарабастың тірлігін күйттегендер де табыла кетті. Ұйысқан халқы қалың, ірі мегаполис, жанға жайлы Алматыдан көшу жекелеген лауазым иелері үшін тіпті трагедияға айналды. Алайда ел-жұрттың қамын ойлаған Қазақстан Республикасы Президенті 2001 жылы 14 сәуірдегі өзінің Жарлығымен Алматы облысының орталығын Талдықорған қаласы деп белгіледі. Осындай қуанышты хабарды жеткізу үшін Нұр-ағаның өзі Жетісу жеріне ат басын бұрғаны өңірді мекендеген 103 ұлт пен ұлыстың мерейін тасытты.
Әлі есімде, төрт жылдың ішінде тыныс-тіршілігі төмендеп, жұмыссыздық белең алған, тұрғындарының әлеуметтік жағдайы нашарлап кеткен Талдықорған қаласының орталығындағы алаңға Нұр-ағаның көлігі келіп тоқтап, ішінен ақ маңдайы жарқырап, күлімсіреп түскен Елбасыны көргенде, жиналған халықтың қошеметінде шек болмады.
— Нұр-аға, рақмет! Аға, аға, көп жасаңыз! Рақмет сізге! — деп, ризашылық сезіммен жарыса айғайлаған жиналғандардың ішінде көздерінің жасын ірке алмай, жылап жібергендері де болды. Елбасы халыққа жылы жүзбен қол бұлғап, мінбеге шығып, ақ тілекпен шешімін жеткізді. Бұл да бір керемет тарихи сәт еді. Нұр-аға тек қана Талдықорғанды облыс орталығы жасаған жоқ, мемлекет тарапынан қаржы бөлгізіп, қайта түлетті. Одан бері өткен 15 жыл ішінде көркі келіскен ұлан-байтақ Отанның шығысында орналасқан Талдықорған шаһарының келбеті адам танымастай өзгерді. Көп қабатты үйлер, сәулетті ғимараттар, оқтай түзу көшелер, Тіл сарайы, Достық сарайы, Оқушылар сарайы, «Жастар» спорт сауықтыру кешені, жаңа мектептер мен балабақшалар, көп салалы аурухана, жасыл желекті саябақтар мен демалыс орындары және тағы басқа толып жатқан заман талабына сай бой көтерген ғимараттар жедел дамыған қаланың көркіне көрік қосып, мәртебесін асқақтатты.

Нағыз әкімді көре білді…

Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы әрдайым Елбасының назарында екенін жақсы білеміз. Тағы бір елеулі оқиғаны айтқым келіп отыр. 2014 жылдың тамыз айында Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Алматы облысына жұмыс сапарымен келді. Ақиқатын айтсақ, Елбасының назарынан ешбір шаруа тыс қалмайды ғой. Өзге өңірлерге қарағанда алар асуы, шығар биігі жағынан мүмкіншілігі мол Жетісу жеріндегі атқарылып жатқан шаруалар барысы мемлекет басшысының көңілінен шықпады.
Елбасы жұмыс сапарының екінші күні өңірге жаңа әкім Амандық Ғаббасұлы Баталовты мәслихат депутаттарының келісімімен тағайындап, он шақты күрделі тапсырмаларды жүзеге асыру туралы нұсқау берді. Осы өңірде қызмет атқарып келген Амандық Баталов ол тапсырмаларды орындау үшін бар күш-жігерін аяған жоқ. Арада екі жыл өткенде Елбасы Жетісу жеріне қайта жұмыс сапармен келді. Өзінің беріп кеткен тапсырмаларының орындалу барысын өз көзімен көрді. Оның ішінде қант қызылшасын өсіріп, күтіп-баптау, жүгері дақылы алқабын кеңейту, бір кезде алма, жидегімен аты белгілі болған бау-бақшаны қалпына келтіру, Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы мен мемлекеттік және өңірлік бағдарламалардың орындалуы сияқты күрделі мәселелер бар еді.
Иә, Елбасы Баталовты өңірге әкім қылып тағайындағанда ағаттық жіберген жоқ. Қысқа мерзім ішінде атқарылған Амандық Баталовтың шаруасына көңілі толған Нұр-аға өңір жұртшылығымен кездесіп, өзінің оң бағасын берді. Халық Елбасына деген өздерінің ризашылық сезімдерін білдірді. Мемлекет басшысының жақсыны жаманнан, ақты қарадан, адалды басқадан айыра білетін қабілетіне ерекше тәнті болдық.

Ұлттың бірлігін ойлаған Елбасы

Тәуелсіздіктің туы желбіреген алғашқы сәттен бастап ұлттың бірлігін ойлаған Нұрсұлтан Әбішұлының кемеңгерлігіне, азаматтығына, көрегендігіне, елжандылығына, ақыл, қайрат, ақ жүректігіне қайран қаласың. Бір күнін емес, алдағы мың күнін болжап біліп отыратын Елбасының басты міндеттері елдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту, мемлекеттің тәуелсіздігін нығайту, саяси-экономикалық қуатын арттыру болды. Сонау аумалы-төкпелі 90-жылдары, қиын-қыстау 2000 жылы, тасадан тас атуға дайын тұратын кертартпа оппозиция, кез келген реформаға тежеуіш қоюға ұмтылған жекелеген адамдар, нарықтық экономикадағы өтпелі күрделі кезеңдер, қарама-қайшылықтар — бәрі де болды. Алайда Елбасының ақыл-ойы, күш-жігері, ірі саясаткер таланты ұлтының бірлігіне, халықтың игілігіне, мемлекеттің абыройын көтеруге жұмсалды. Қазақстанның Тәуелсіздігінің іргесі бекітілді. Ел мен жерін қорғайтын қарулы күштер жасақталды. Қазақстанның шекарасы айқындалды. Қабылданған заңдар мүлтіксіз орындала бастады. Елде тәртіп орнады.
Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қарудан бас тартуы, Семей полигонын жабуы, сөз жоқ, ірі мемлекеттер арасындағы Қазақстанның беделін арттырды. Алғашқы күннен-ақ экономикалық реформаның бағытын ұстаған, елдегі демократиялық процестерді орнықтырған, ұлтаралық татулық пен ауызбірлікті нығайтқан Елбасының мемлекеттің қоғамдық-саяси ахуалының тұрақтылығын қалыптастырудағы рөлі ерекше болды. Халық өздері сайлаған Президентке сенді. Сөзі мен ісінің арасында алшақтығы жоқ Елбасының тарихи тұлғасы қалыптасты.
Тәуелсіздік жылдардағы тағы бір жақсылық әкелген елеулі оқиға — шетелдерде тұрып жатқан қандастарымызды, бауырластарымызды іздеуге мүмкіншілік туғаны. 1992 жылы Президентіміз Дүниежүзі қазақтарының І құрылтайында сөз сөйлеп, атажұртқа оралу туралы жақсылық хабарды жеткізді. Арнаулы «Нұрлы жол» бағдарламасы қабылданып, жүзеге асырылды. Осындай игілікті істердің арқасында елімізге 1 млн. жуық қандасымыз оралып, қазақтың қасиетті жеріне қоныстанды. Әрине, әлі күнге шейін сыртта жүрген 5 млн. қазақтың тағдыры біржолата шешіле қойған жоқ. Алайда олардың барлығы жұмыр жерде өздерінің арқа тұтар Қазақ елі бар екенін жақсы біледі.
Тағы бір еліміздегі тың жаңалық — Қазақстан халқы Ассамблеясы — 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен құрылған мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган. Ел Президенті Н.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын алғаш рет 1992 жылы тәуелсіздіктің бірінші жылына арналған Қазақстан халқының бірінші форумында жариялады. Мұндай институтты құру қажеттілігі саяси тұрғыдан, сондай-ақ жаңадан құрылған, тәуелсіз, полиэтносты, поликонфессиялық мемлекеттің тұрақты дамуы тұрғысынан туындаған еді. Аталған бастама мәдениет аралық диалогты нығайтудың жаңа кезеңінің негізін қалап, этносаралық қатынастарды дамыту мәселелерін жоғары деңгейде шешуге мүмкіндік жасайтын әлемдік тәжірибедегі тың бағыт болып табылды. Жиырма жылдық тарихында Ассамблея қарқынды дамып, елеулі өзгерістерді бастан кешірді. Оның дамуы барысында Н.Назарбаевтың этносаралық толеранттылық және қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі қалыптасты. Осы жылдар ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының институционалдық құрылымы нығайып, қоғамды ұйыстырушы әлеуеті толысты, ол халық дипломатиясының маңызды күретамырына айналды. Бүгінде Ассамблея ел Президенті Төрағалық ететін конституциялық орган болып табылады. Еліміздегі 130 ұлт пен ұлыстың құқықтары теңдей сақталып, халықтар арасындағы достық пен сыйласымды қарым-қатынас нығайды.
Тағы бір тарихи оқиғаға тоқталғым келеді. 1997 жылы Елбасының батыл шешімімен астана Ақмолаға көшірілді. Мұндай батыл қадамға Нұр-ағаның барғанының өзінде үлкен мәні бар мақсат жатты. Оны сол уақытта бірі түсінсе, бірі түсінбеді. Алайда айналдырған үш-төрт жылдың ішінде Қазақстанның картасында жаңа қала пайда болды. Бұл шешімнің дұрыстығына уақыт өте келе халықтың көзі әбден жетті. Сән-салтанатты ғимараттары көкпен таласқан ғажап сұлу қала көркі бүгін көз тартады. Тәуелсіздіктің бір көрінісіндей елдің азаттығы үшін күрескен Кенесары, Қабанбай батыр, Бөгенбай батыр, Керей мен Жәнібек және тағы басқа да 78 тарихи ескерткіш бой көтерді. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін тұғырға қондырылған Ұлы тұлғалар қалаға тек қана сән беріп тұрған жоқ, тарихтың шежіресін шертіп тұр. Тәуелсіздік пен Елбасының сарабдал саясатының арқасында тарихымыздың сарғайған беттері ашылып, ұлттық рух қазақтың Ұлы даласына қайта оралды десе де болады.
Бір кезде есімін ауызға алуға болмайтын ата-бабаларымыздың көміліп, елеусіз қалған тарихы қайта қаралып, ұрпаққа тәлім-тәрбие болатын талай көне ғасырлар оқиғалары зерделенді. Астананың Тәуелсіздік сарайында Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуына байланысты салтанатты жиын өтті. Түркі тектес мемлекеттердің басшылары қатысып отырған биік мінберден «Қазақ хандығы Еуразияның ұлы даласында орнаған арғы дәуірдегі сақ, ғүн, үйсін мемлекеттерінің, бергі замандағы Ұлы Түрік қағандығы, Дешті Қыпшақ пен Алтын Орда мемлекеттерінің заңды мұрагері болды» деген Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мәлімдемесін естіген қазақтың жақсы-жайсаңдары бұл салтанатты жиыннан қатты толқып шықты. Елбасының жүрегін жарып шыққан әрбір қанатты сөзінен Тәуелсіздік сарайында асқақтаған ұлттық рухқа қанат бітірді.
Нұрсұлтан ағаның қайырымдылығы

Мен тарихшы да, философ та емеспін, қолына қалам ұстаған, елім, жерім деп жүрегі ерекше соғатын қазақтың бір қарапайым әйелімін. Отбасымызда жеті-сегіз бала тәрбиелендік. Әкем Дәнтай теміржол жұмысшысы, анам Уәтай үй шаруасындағы әйел еді. Алайда жақсы тәлім-тәрбие көргендіктен бе, жұмысшы отбасының ұл-қыздары білімді болуға ұмтылдық, ғұмырдағы жолымызды өз бетімізше тауып, халқымызға адал қызмет жасадық. Арамыздағы жалғыз бауырымыз Жақсылық Новосібір қаласындағы кұрылыс институтын бітіріп, жолдамамен Алматыға келіп, сол 1983-1990 жылдары Қазақ ССР-інің Министрлер Советінің құрылыс бөлімінде жауапты қызмет атқарды. Ол жылдары Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің Министрлер Советінің төрағалық қызметінде болғанын жақсы білеміз.
Әңгіменің төркіні 1986 жылғы желтоқсан оқиғасынан туындайды. Жазықсыз төгілген жастардың қанын мойнына жүктеген Қазақ ССР-нің Орталық партия комитетінің бірінші хатшысы Геннадий Васильевич Колбин «демократия» ойынын ойнап, халықпен бірдей өмір сүремін деп, көп қабатты үйден пәтер алып, қоныстанатын болды.
Сол жылдары Алматы қаласының Төлебаев пен Шевченко көшесінің қиылысында құрылысы аяқталған элиталық көп қабатты үй пайдалануға берілетін болды. Шаш ал десе, бас алатын науқанның қызып тұрған уақыты, Колбин қоныстанатын үйден жат пиғылды адам пәтер алып кетпесін деген нұсқау берілгендіктен, кезегі келген қызметкерлердің өмірбаяны, туған-туыстары майшаммен тексеріле бастады. Олардың қатарында пәтер алуға кезегі келген менің Жақсылық бауырым бар еді. Тәуелсіздіктің көлеңкесі де жоқ кез, қарсы сөйлеуге, ауыз ашуға болмайды. Жұмған аузымызды ашпадық. Шынын айту керек, бүкіл отбасымыздың мүшелерінде қорқыныш пен үрей басым болды.
Арғы атамыз Бектемір бай да, кедей де емес, бір ауылдың бетке ұстар ауқатты шаруасы қатарында болған көрінеді. Ата қонысы қазіргі Алматы облысы, Қаратал ауданының Тастөбе деген ауылы, қыс қыстауында әлі күнге шейін Бектемірдің қайнарынан су бұрқылдап шығып, әрі-бері көшкен малшылар бұрылмай кетпейді екен. Менің айтайын дегенім, сол Бектемір атамыздың шеттерінен атқа мініп, домбыра тартатын, суырып салма ақындықтары бар, жандары жайсаң алты ұлы болыпты. Қазан төңкерісінен кейін өз беттерінше малдарын өсіріп, бейбіт өмір сүріп жатқан қазақтың даласында да дүрбелең басталды емес пе? 1920-1922 жылдары қазақтың ауылдарына біресе жалаулатып қызылдар келіп, біресе ақтар келіп, берекелерін ала бастаған екен. Олардың шошаңдатқан мылтықтарынан қорыққан ауылдың үлкендері Бектемір атамызға келіп:
— Көрші ауылдар Қытай асып көшіп жатыр, біз де қозғалмаймыз ба? — деп қолқа салыпты. Сонда жетпістің үстіндегі Бектемір ата аппақ сақалын салалап отырып:
— Бөгде елге көшіп, қызымды күң етпеймін, ұлымды құл етпеймін. Туған жерімізден көшпейміз, — деп, өз шешімін айтқан екен. Алайда ауылға баса-көктеп келіп, озбырлық көрсете бастаған қызылдарға да, ақтарға қарсы шыққан атамыздың сол сайдың тасындай ұлдары бірінен соң бірі оққа ұшып, жер жастаныпты. Ал басбұзардың әкесі деп, Бектемір атамызды әлгі орыстар ауыл ортасындағы ома ағашқа аппақ киімімен байлап-матап қойыпты. Мұны кейіннен бізге сол ауылға 13 жасында келін болып түскен үлкен әже айтып берді. Күн ұзақ аппақ күмістей сақал-шашы желмен желбіреп, Бектемір атамыз басын иемей қасқайып тұрған екен. Анадай жерден әкесіне қарай жүгіріп келе жатқан сегіз-тоғыз жас шамасындағы біздің әкемізді көрген ата қараша үйден сығалап қарап тұрған жігітке:
— Жалғыз қалған ұрпағымды алып кет! — деп әмір етіпті. Кедей жігіт жүгіріп шығып, баланы көтеріп алып, шеттегі үйге ала жөнеледі. Сонымен Бектемір ата қызылға да, аққа да қарсы шыққан ұлтшыл бай-манап ретінде жазықсыз атылған екен. Ал сол атамыз еліміздің тәуелсіздігін аңсаған жоқ деп айтуға аузымыз бар ма? Туған жерін, туған елін қимаған қаншама текті отбасылары осылайша өмірден көшті? Қайран қазақ елінің көрмегені бар ма? Бүкіл әулеттің жалғыз тұяғы — әкеміз Дәнтай ғұмыр бойы балаларыма сол оқиғаның зияны тиіп кете ме деген қорқыныш, үреймен өмір сүргенін білеміз.
Сонымен, біздің әулеттің тұқым-тұяғы Колбин мырзаға байланысты толық тексерілді. Ол кезде мен Киров аудандық атқару комитетінің жауапты хатшысы болып қызмет атқаратынмын. Тексеруші органдарда бір жақсы таныс жігіт бар еді. Бір күні: «Неғып сізді тексертіп жатыр?» — деп, маған келді. Шынымды айтқан жоқпын, біз ата-тегін арқалап жүрген Бектемір атаның ұлтшыл деп атылғанын білсе, пәтер тұрмақ, бауырым қызметтен де кететінін ішім сезіп отыр. Қолдан келер дәрмен жоқ, ақырын күттік. Одан әрі жоғарғы жаққа қандай мәлімет-ақпар жеткенінен де хабарсызбыз. Бір күні бауырым Жақсылық маған қуанып, телефон шалды.
— Нұрсұлтан Әбішұлы пәтерді жұмысшының баласы екен деп маған бергізді, — дейді. Қуанған мен қорыққан бірдей екен. Көзімнен жасым шығып кетті. Бір пәтерге екі-үш қызметкер үмітті болса керек, алайда Нұрсұлтан аға Жақсылыққа бергізіпті. Осылайша үлкен ағаның қайырымдылығын көрдік.
Тарихи тұлғаның қол астында қызмет атқарған Жақсылық бауырым:
— Біздің Нұрсұлтан Әбішұлы әлі-ақ Қазақстанды басқарады. Өте іскер, білімді, ақылды адам, — деп айтып жүрді. Айтқаны келді, дәл солай болды. Бір өкініштісі, Жақсылық Бектеміров Астанаға барып қызмет атқара алмады. 58 жасында өмірден көшті. Сол Алматыдағы Нұр-ағадан алған пәтерінде үрім-бұтағы көктеп, өсіп-өніп жатыр.
Ал мен туған жерімнен кетпеймін, еліммен бірге боламын деп ұлтшыл атанып, атылып кеткен Бектемір атаның ұрпағы екенімді мақтаныш тұтамын. Қасиетті атамның тегін арқалап жүрмін. Бүкіл ғұмырым халқыма қызмет етумен өтіп келеді. Бірталай шетелдерді де аралап көргенім бар. Алайда кең-байтақ қасиетті қазақ жеріне жететін, көңілдері кең сарайдай халқыма жететін еш нәрсе жоқ. Шет жақта Қазақстанды айтсаң, Нұрсұлтан Назарбаевты сұрайды. Сонау Египетте біздің Қазақстаннан екенімізді біліп, бір топ арабтар:
— Назарбаев, Назарбаев! — деп айғайлап, қол шапалақтады.
Қазақ елінің теңдесі жоқ тарихи тұлғасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі мәңгі жасай береді. Жан-жақтағы елдерде не болып жатқанын телеарналардан, ғаламтордан көріп біліп отырмыз. Ал қазақ жерінің ашық аспанына, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» бейбіт заманына шүкіршілік етуіміз керек.
Биылғы жылғы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарлама іспеттес мақаласы — жүрегі қазақ деп соққан әрбір азаматтың жарқын болашаққа жеткізер аспалы баспалдағын айқындап берген дүние. Кемеңгер басшы ұлттың сапасын арттыратын үшінші рухани жаңғырудың уақыты келгендігін білген. «Мәңгілік ел» болудың басты талабының бірі күн сайын бояуы құбылған, жүрісі жылдам мына айналмалы заманда бұқаралық сананы өзгерту, жаңа тұрпатты жаңғыртудың ең басты шарты сол ұлттың кодын сақтай білуінде екен. Бұл біз үшін тәлім-тәрбие құралы болуға тиіс.
Жуырда еліміздің 18 миллионыншы тұрғыны Талдықорған қаласында өмірге келді. Жетісу жерінің қасиетті топырағында дүниеге келген сәбидің бақыттың бесігінде тербелетініне сенімдіміз. Тәуелсіз елдің ұландары асқақ рухты болсын! Басымыздағы бақты бағалай білуіміз керек. Ата-бабаның байтақ жерін гүлдендіріп, келер ұрпаққа мирас етіп қалдыру жолындағы игілікті істер жүзеге аса берсін! Осындай жарқын өмірге жеткізген Нұр-аға бір ғасыр өмір сүрсін! Нұрсұлтан Назарбаевқа Атақазақ деген есім әбден лайық. Өйткені барша қазақтың атасы атануға өте лайық нар тұлға. Ғасырдан ғасырға көшетін «Мәңгілік елдің» ұрпақтары «Ата қазақ Нұрсұлтан» деп атаса, қазақ деген ұлттың мерейінің үстем болатыны ақиқат.

Нұрила Бектемірова,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз