Қызылорда облысының суармалы жерлерінің тозуы мен суару кезеңінде су тапшылығының өсуі ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділіктерін төмендетуде. Сырдария өзенінің минералдылығының артуы және гидротехникалық құрылымдардың тозуы, суармалы жерлердің тұздануы мен сортаңдану үдерістерін жеделдетті. Қызылорда облысының гидрогеолого-мелиоративтік экспедициясының мәліметі бойынша, облыстың суармалы жерлерінің барлығы (100%) тұзданған. Осы жағдайда, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыру, топырақтың тамыр өсетін қабының сортаңдану мен сорлану дәрежесін шекті мөлшерге дейін төмендетуді қажет етеді.
Топырақ қабатындағы тұз қорының мөлшерін күріш дақылын өсіру арқылы төмендетуге болады. Себебі көптеген ғалымдардың пікірінше, күріш дақылы өсіп дамуы барысында көп мөлшерде (20000-25000 м3/га) суды қажет етуі топырақ қабатындағы тұздың шайылуын қамтамасыз етеді. Сондықтан Сырдария өзенінің төменгі ағысында орналасқан суармалы жерлерде күріш дақылы бірден-бір топырақтың мелиоративтік жағдайын жақсартатын дақыл болып саналады.
Бірақ та күріш жүйелеріндегі кәріз-қашыртқылардың конструкциялары мен параметрлерінің ерекшеліктері жер асты суының деңгейін жедел жер бетіне дейін көтеріп жібереді. Осыған байланысты топырақ қабатынан тұз шайылу үдерісінің қарқыны төмендейді және күріш егілмеген көршілес суармалы жерлердің сорлануы мен сортаңдануы байқалады.
Күріш жүйелерінде мелиоративтік үдерістердің тұрақсыздығы және соған байланысты күріш егілмеген суармалы жерлердің жедел тұздануы мен сортаңдануы, оларды шекті дәрежеге дейін мелиорациялауды қамтамасыз ететін әдістерді жасауды қажет етеді. Бұл бағытта Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері көп жылдан бері ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Зерттеу нәтижелерін талдау, қазіргі қолданыстағы қашыртқы-кәріз жүйелері, Сырдария өзенінің минералдылығы 0,5-0,7 г/л, ал кәріз суының мөлшері суару суының 12,5-15% құрап, 2500-3000 м3/га болған жағдайға арналған. Осы жағдайда, күріш жүйесіндегі суармалы жерлердің мелиоративтік тұрақтылығы жоғары деңгейде болды. Ал қазіргі суару суының минералдылығы 1,2-1,5 г/л, қашыртқы-кәріз суының орташа минералдылығы 3,5-4 г/л жағдайында, мелиоративтік жағдайларды тұрақтандыру, қашыртқы-кәріз суының мөлшері суару суы мөлшерінің 40 пайызын құрап, 8000 м3/га болғанда орын алады. Бұл кәріздер арасын екі есе жақындатуды қажет етеді. Қазіргі кезде бұл жұмыстарды іске асыру көп қаражатты және күріш жүйелерін қайта құрылымдауды қажет етеді. Осыған байланысты тозған, құнарлылығы төмен жерлер айналымнан шығарылды. Суару суы сапасының төмендеуі және жетіспеушілігі жағдайында, айналымнан шығарылған жерлер, «құрғақ кәріз» міндетін атқарып, топырақтың тұздануы мен сортаңдануын тежейді.
Күріш жүйелерінің тұрақты жұмыс істеуін, кәріздің жұмыс істеу қабілетін арттырумен қатар қолданыстағы суару режимін оңтайландыру арқылы қамтамасыз етуге болады. Осы шаралар арқылы жер үсті және ыза суларын бірегей басқаруға мүмкіншілік жасалады. Бірақ бұл жағдай суару барысында орын алатын табиғи ортадағы жеке компоненттердің өзера байланыстарының тепе-теңдігінің бұзылуы, органоминералды қоспалардың қозғалу бағытының өзгеру бағыты мен жылдамдығына әсері төмен болғанда орын алады. Сондықтан бұл мәселені топырақ қабатынан тұз шаю механизмін күшейту мен қоректік элементтердің шайылуын кеміту, суару суы мен тастанды су мөлшерлерін азайтып, жер асты суын субирригацияға, қашыртқы суын ауыл шаруашылығы дақылдарын суаруға пайдалану арқылы шешуге болады. Қарастырылып отырған шаралар ирригациялық жүйелерде экологиялық жағдайдың бұзылу қарқынын төмендетеді.
Сонымен, экологиялық тұрақты ирригациялық жүйе құру, олардың техникалық жағдайына, жер асты суы мен суару суының сапасына, суармалы аумақтың кәріздену дәрежесіне байланысты. Себебі олар суару суын су көзінен суарылатын жерге дейін тасымалдау барысында орын алатын технологиялық шығындардың мөлшерін анықтайды. Ал суару каналдары мен гидротехникалық құрылымдарды инвентаризациялау, су тасымалдайтын жүйелердің тозуы 50%-дан асқанын, ал кәріздердің тозуы 100% жетіп қалғанын көрсетті.
Каналдар мен кәріздердің тозуы мен суару суы сапасының нашарлауы мелиоративтік үдерістердің бағытын өзгертеді. Сондықтан күріш суландыру жүйелеріндегі топырақ пен жер асты суының тұзсыздануының орнына оларда тұз жиналу үдерісі басым болды. Сол себепті суармалы жерлердегі ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі кеміп, олардың өніміне керек су мөлшері артып, суармалы жердің тиімділігі кемиді.
Суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайларының жедел нашарлауының басты себебі — суармалы жер мен гидротехникалық құрылымдарға меншік иелерінің өзгеруі. Орын алған жағдайда, жер игерушілермен гидротехникалық құрылымдардың егелерінің арасындағы қарым-қатынас, суды сату-сатып алу негізінде жүргізілуде. Ауыл шаруашылығы дақылдарына және суару жүйелерін пайдалануға, баға қалыптасуының бұзылуы, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушінің, суару суын су көзінен алуға, суармалы жерге дейінгі тасымалдауға, су тасымалдайтын суару желілерін және кәріз жүйелерін жөндеуге керекті эксплуатациялық шығындарды өтеуге шамасы келмейді.
Сырдария өзені алабында орналасқан суармалы жерлердің өнімділігін төмендететін тағы бір үдеріс — топырақтың сортаңдануы. Сортаңдалған сілтілі топырақтарды химиялық мелиорациялау арқылы құрылымын жақсартып, құнарлылығын арттыруға болады. Химиялық мелиорациялау барысында, мелиорант ретінде құрамында кальций катионы бар заттар қолданылады. Мысалы, ондай мелиоранттарға гипс, кальцийлі хлор, дефекат (қант өндірісінің қалдықтары), фосфогипс (фосфор өндірісінің қалдықтары), күкірт қышқылы және т.б. көптеген заттар қолданылады.
Қазақстан жағдайында ең тиімді және арзан химиялық мелиорант фосфогипс болып саналады. Фосфогипстің құрамында кальций катионынан басқа, топырақ құнарлылығына тікелей әсер ететін, өсімдік пайдаланатын жылжымалы фосфор P2O5 бар. Мысалы, сортаңдалған топыраққа 5 т/га мөлшерде фосфогипс қолданылса, онымен қоса 120-150 кг/га мөлшерде фосфор тыңайтқышы енгізіледі. Қазіргі кезде «КазФосфат» ЖШС фосфор тыңайтқыштарын өндіретін зауыттарының маңында 10 млн. тоннадай фосфогипс бар.
Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері, әртүрлі топырақтарда жүргізілген зерттеулер негізінде, фосфогипсті сортаңдалған топырақтарда қолдану технологиясын жасады. Бұл технология негізінен, күзде егінді жинап болған соң, топырақтың сортаңдығы мен сілтілігін анықтау мақсатында топырақ үлгілерін химиялық сараптамаға алуды және жерді 25-30 см тереңдікке жыртуды қарастырады. Жыртылған жерге, жаппай жауын-шашын жауар алдында, есептеген мөлшер бойынша фосфогипс енгізіледі. Фосфогипсті топырақ бетіне біркелкі енгізу үшін РУМ – 5 немесе 1 – РМГ – 4 қолданылады. Топыраққа енгізілген фосфогипс жауын-шашын суында еріп, топырақтың сіңірімділік кешеніндегі натрий немесе магний катионын ығыстырып, оның сортаңдығын төмендетеді.
Сонымен, Қызылорда облысының суармалы жерлерінде орын алған жағдай ауыл шаруашылығы дақылдарынан мол өнім алу үшін қарастырылған шараларды кешенді түрде қолдануды қажет етеді. Бұл — «жасыл экономиканың» негізі және шаруа қожалықтарының табыстарын арттырудың бірден-бір кепілі.
Манат Алтынсариева,
ғылыми қызметкер, экология
магистрі, Қазақ су шаруашылығы
ғылыми-зерттеу институты

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз