Солтүстік Қазақстан облысы, Шал ақын ауданы, Жаңасу ауылына ОҚО-дан көшіп барғандар сусыз отырамыз деп ойламаған. Мұнда қоныс аударғандар ғана емес, сол жердің тұрғындарының да ауызсусыз отырғанына бақандай жарты жыл болған. Осы орайда: «Егер ауылдың болашағы жоқ болса, онда неге ол жерге болашақ іздеп келгендерді қоныстандырады?» — деген заңды сұрақ туындайды. Бұған шенеуніктер: «Оңтүстіктен адамдарды көшіргенде, Жаңасуда су болған», — деп ақталады. Аталған ауылда су көктемде таусылған. Жаз бойы мәселе шешілмеген, міне, қара күз туды. Облыс орталығынан 150 шақырым жердегі Жаңасу мекенінде бүгінде 34 түтін бар. Халық саны аз болса да, ауыл әлі күнге дейін болашағы бұлыңғырлардың қатарына жатқызылмаған. Елді мекенде медициналық бекет, мектеп, балдырғандардың орталығы да бар. Шалғайда орналасқанымен, ауылға апарар жол жаман емес. Халық кәсіптерін дөңгелетіп, тірліктеріне тәубе етіп отыр. Алайда бірнеше ай бұрын дүйім жұрт тұтынып жүрген тіршілік көзі табан астынан таусылып қалды. Бүгін ауылдықтарды ауызсу зәрулігі қысып отыр. 2004 жылы «Ауызсу» бағдарламасы аясында Жаңасу ауылының маңайынан ұңғыма қазылып, суды тазартатын сүзгі қойылған. Нысан көктемге дейін мінсіз жұмыс істеп келген. Алайда жерасты қорының да шегі бар, ондағы су таусылған. Ауылдықтар: «Билікке енді басқа жерден ұңғыма қазу керек десек, ол жерге жарық тарту, трубаны қосу үшін 1,5 миллион теңге қаражат керек екен. Шенеуніктер соны алты айдан бері таба алмай отыр. Көлігі бар тұрғындар тіршілік көзін көрші ауылдан тасып әлек. Ал мүмкіндігі жоқтар мал ішетін суды тұтынуға мәжбүр. Құдықтың суы тұзды. Соңғы жарты жылда бүйрек пен бауыр ауруымен сырқаттанғандардың саны күрт көбейді. Организмді тазартуға жауап беретін дене мүшелері лай суға шыдас бермей жатыр. Әсіресе ауылдың ақсақалдары мен қарт аналары зардап шегіп отыр», — дейді.
Ал СҚО Шал ақын ауданы әкімінің орынбасары Жанат Оспанов болса: «Біз геологиямен айналысатын бір көкшетаулық компаниямен келістік», — дейді.
Жалпы, Шал ақын ауданында 44 ауыл бар. Оның үшеуі орталықтандырылған су жүйесіне қосылса, тоғыз елді мекенде ұңғымалар орнатылған. Ал қалғандары өткен ғасырдағыдай, әлі күнге дейін құдықтың суын тұтынып жүр. Демек, орталықтандырылған су жүйесі атымен жоқ.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз