1940 жылы Қытай Халық Республикасында туылып, Үрімжідегі мұғалімдер даярлайтын институттың қазақ тілі мен әдебиеті факультетін бітірген Теміртас Әбдіыбырайұлы, кейіннен Шыңжаң халық баспасында корректор болып қызмет атқарыпты. Бүгінде Алматы облысы, Жамбыл ауданының Қарасу ауылында тұратын ақсақалдың төмендегі өлеңдері ақынның бұрынырақта шыққан шағын кітабынан алынып отыр. Оны редакциямызға ақынның рухани жанашыры, қолдаушысы Гауһартас атты қарындасымыз әкелген болатын.
«Ел іші — өнер кеніші» демекші, өлеңдері анда-санда аудандық, облыстық газеттерде жарияланып қалатын қарияны танылмай қалған тағдырлардың қатарынан тапқандаймыз. Көзі ашық, көкірегі ояу қарт ақынның өлеңдері ширақ әрі тартымды.

КӨҢІЛ ТОЛҚЫНЫ

Бұл өмірде салмағы жоқ самалмын
Түйреуішке түйрелгендей адаммын.
Қас қағымда жолдан тайып құласам,
Қара жерден мекенімді табармын.

Ұйқы қашып дөңбекшимін түнімен
Баяны жоқ тіршіліктен түңілем.
Өзімді өзім кінәлаған кезімде
Көңілімнің айнасына үңілем.

Қара түннен жаным менің үркеді.
Көрінбейді көңілімнің Үркері.
Ауыр ойдың азабынан сергітіп,
Ақ жаңбырмен бетін аспан бүркеді.

Мен біреуге жағынып та көрмегем,
Өгейліктің омырауын ембегем.
Мүсіркеген алақаннан жалтарып,
Көлгірсіген көңілдерге сенбегем.

Талай жолдың басып өттім бұраңын,
Шалқайғанға шалқаятын ұраным.
Туған жердің шақпақ тасы, аптабы
Намысыма қайрақ болған құралым.

Көңіл — теңіз, шалқысын да, толқысын,
Толтыра алмай жүрмін ойдың олқысын.
Жазылмаған ақ қағаздың бетіне
Өлеңімді еске алғанда оқырсың.

Жақыным жоқ айтып тынар өкпемді,
Қозғамаймын өткен менен кеткенді.
Талай сыннан сүрінбеген жалғызбын
Жел өтіне ашып тастап кеудемді.

КӨЗІНЕ ҚАРАП ӘРКІМНІҢ

Ашпын ба, әлде тоқпын ба,
Қаңбақпын ба, доппын ба?
Бұл өмірдің төрінде
Бармын ба, әлде жоқпын ба?
Бәрін бердім керектің,
Енді кімге керекпін?
Жел шайқаса құлайтын
Мен шіріген терекпін.
Баяғы сарын, бір сарын
Тұсаулы атқа ұқсадым.
Түйіле-түйіле үміттің
Үзіліп, жібі қысқардың.
Дүние жалған, далбаса,
Менің тауым аласа.
Көзіне қарап әркімнің
Алданамын балаша.
Туған айым қараша
Дей алмаймын тамаша.
Теріс қарап жатырмын
Өкпелеген балаша.

ГАУҺАРТАСЫМА

Қалың шөптің ішінен
Жалғыз шыққан гүлдейсің.
Ақша бұлттың арасын
Жарып шыққан күндейсің.
Сенің жаның әр күннің
Шуағынан нәр алған.
Қос жанарың бұлақтың
Мөлдірінен жаралған.
Қазыналы қартымның
Аузындағы сөзісің.
Ұнтағындай алтынның
Артында қалған көзісің.
Ердің күшін қазағым
Түсірмеген арзанға.
Гауһардың құнын қазағым
Түсірмеген маржанға.
Кілеміндей көктемнің
Көңілің сенің көк болсын,
Мінезі мамық қазақтың
Өзіңдей қызы көп болсын!

ЖИЫРМА БЕС ЖАС

Өргізе алмай өлеңнің қозы-лағын
Жиырма бестің жоғалттым көз-құлағын.
Жылдардың сыйлап берген сыбағасы
Деп білемін самайдың боз қырауын.

Қол жетпеген кешегі арманды айтып
Енді бүгін несіне сөз қыламын?
Жапырағы төгіліп селдіреген
Сары күздей сабырлы сезім деген.

Гүлді көрсе үлбіреп дірілдеген
Ықыласы жүректің сезілмеген.
Жиырма бесім араны алыстатты
Мысықтабан бұл уақыт сеніменен.

Қайдасың, қайда демей жиырма бесті
Талпыныңдар, жігіттер, жинап есті.
Тастағандай құрсаулап жібермейтін
Құлың емес жиырма бес құлақ кесті.

Тойға айналдыр, жігіттер, дүрілдетіп
Қайта айналып келмейтін жиырма бесті.

ИТТЕ ЖАЗЫҚ ЖОҚ
(мысал)

Иесі жоқта үрмейді
Таяқпен түртсе білмейді.
Қарғып мінсең де
Саған тимейді.
Иесі болса үйінде
Кешегі мыңқ етпес қалыптың
Көрсетпейді бірін де.
Еңкейсең жерден тас алып,
Жеп қоярдай бас салып.
Итте бірақ жазық жоқ
Жағынбаса, азық жоқ.

ПАЙДА МЕН АЙЛА
(сықақ)

Шақырсаң, берері жоқ
Туыстың керегі жоқ.
Тойға өзім шақырғаннан
Басқаға сенерім жоқ.
Қалталыны шақырмасаң,
Қалтасыздан ұтыласың.
Тойға келген шығыннан
Қайтіп қана құтыласың?
Осындайда сайлап ал
Күні бұрын айлаңды.
Шайнауда қалар бармағың
Ойламасаң пайдаңды, —
Деді әйелі, — қалтасызды
Есіктен қарап отыр.
Тойға келген қалталыны
Күйеуі санап отыр.
Қалталы болсаң ауқатты,
Төрде отырған төресің.
Қалтасыз болсаң, жақының
Көрсетпейді төбесін.

ЖҰБАЙЛАР АЙТЫСЫ
(сықақ)

Күйеуі:
— Әйел едің көп-көрім,
Болып алдың көк бөрім.
Кешегіні ұмытып,
Бүгін мені жек көрдің.
Бүлк етпейді бетіңіз,
Үйренді оған етіңіз.
Шыдамның да шегі бар,
Шектен шығып кеттіңіз.
Әйелі:
— Бай емессің, бақырсың,
Шаңы шыққан тақырсың.
Шөптің басын сындырмай,
Үйде бекер жатырсың.
Бағым менің ашылмай,
Сорым жатыр аршылмай.
Табанына азаптың
Жүрмін әлі жаншылмай.
Таусылды енді шыдамым
Сөніп бара жатқандай.
Менің жаққан шырағым
Кекірейген кердеңсің,
Ар-ұяттан безгенсің.
Үш ұйықтасам ойда жоқ,
Маған қайдан кез келдің?

Сырттан қарап біреулер
Түрт, шайтаным, түрт дейді
Жұбайлардың айтысы
Бүгін-ертең бітпейді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз