ҚР Парламенті Мәжілісінің спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен халықты жұмыспен қамту және көші-қон мәселесі бойынша заң жобасының алғашқы оқылымы өтті. Онда депутаттар: «Заң жобасы бойынша жұмыссыздар екі рет ұсынылған жұмыстан бас тартқан жағдайда, сонымен бірге жергілікті атқарушы органдарға бұл туралы ескертпесе, жұмыспен қамту орталығы ол адамды есептен шығарып тастай алады»,— деген мәселені кеңінен талқылады.

Ал Мәжілісте «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуы және көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырған ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова: «Заң жобасында 3 Кодекске және 5 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек.

Бірінші, халықты жұмыспен қамтуға көмектесетін құралдарды жетілдіру көзделеді. Жұмыспен қамтуға жүгіну рәсімдері жеңілдетіледі. Жұмыс іздеушілер электронды үкімет веб-порталында ғана емес, халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы жүгіне алады. Жұмысқа орналасу рәсімін тездету үшін жұмыссыз азамат жұмысқа келісетіні не келіспейтіні туралы мәліметті үш жұмыс күні ішінде ұялы телефонмен немесе электронды түрде хабарлай алады.

Екінші өзгеріс — мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар аясында құрылатын бос жұмыс орындарына мониторинг жүргізу құзыреті орталық және жергілікті атқарушы органдарға беру мәселесі. Сондай-ақ министрліктің құзыреті бос жұмыс орындары туралы ақпарат ұсыну және оған мониторинг жүргізу қағидасын бекітумен толықтырылады.

Үшіншіден, студенттер мен жоғары сынып оқушылары жазғы демалыс кезінде ғана емес, оқудан бос уақытта да қоғамдық жұмыстарға қатысу мүмкіндігі кеңейтіледі. Бұған Еңбек кодексінде шектеу жоқ.

Төртіншіден, жұмыс берушілерді артық есептілік пен құжат тапсырудан босату мақсатында кәсіптік және қайта даярлықтан, өндірістік оқытудан өткен адамдардың саны туралы мәлімет беру міндеті, сәйкесінше осы заң нормасын орындамағаны үшін жұмыс берушілердің жауаптылығы алынып тасталады. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында заң жобасында жұмыспен қамту орталықтарын рефомалау және барлық бос жұмыс орны мен барлық елдімекен бойынша бірыңғай онлайн алаң құру көзделген. Еңбек нарығының бірыңғай ақпараттық базасын құрайтын электронды еңбек биржасы интернет-ресурсын құру көзделуде.

Бұл жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілерді бір алаңға тоғыстыратын алаң болмақ. Сондай-ақ, халықты жұмыспен қамту саласында аутсорсинг ұғымы енгізілуде. Бұл дегеніміз – жұмыспен қамту орталықтарының қызметін жеке агенттіктерге беру кешені. Сондай-ақ, заң жобасы бойынша министрлік құзыретіне мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен халықты жұмыспен қамту саласындағы қызметтерге арналған тарифтерді қалыптастыру әдістемесін, халықты жұмыспен қамту саласындағы қызметтерді аутсорсинг шеңберінде ұсынылатын қызметтер тізбесін әзірлеп, оны бекіту сынды функцияларды атқару құзыреті беріледі.

Аутсорсингке қатысатын жеке агенттіктерге біліктілік талаптары әзірленіп бекітіледі. Аутсорсинг министрлік анықтаған тәртіпте жүргізіледі. Үшінші бағыт бойынша Президент жарлығына сәйкес көші-қон саласындағы функцияларады бөлу қарастырылады. Көші-қон саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру функциялары Ұлттық экономика министрлігінен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне беріледі»,— деп барып, әзер тоқтады.

Ұзақ сонар есеаптен жалыққан болуы керек, Мәжіліс спикері Н.Нығматулин су жаңа министрге заң жобасын қарапайым адамға түсінікті етіп ұсынуды тапсырып: «Оны осы оқылымнан кейін реттеңіз, өтінемін. Қазір аудиторияға айтқаныңызды тыңдап отырғандардың жартысы түсінбей отыр. Жұмысқа орналастырудың ұзақтығы туралы критерийді айттыңыз. Бақылау қалай болатынын, зейнетақы аударымдары туралы айттыңыз — бұлар да түсініксіз. Барлық өлшемді анықтап алыңыз. Қарапайым адамға түсінікті болсын. Жұмыс істейтін жеке агенттіктерге де бұл ережелер түсінікті болуы тиіс, өйткені олар ережені сақтауға міндетті. Екінші тыңдалымда мұның бәрі түсінікті болатын болсын»,— деген сын айтты.  Нұрлан Нығматулин осы норма бойынша шенеуніктер арасында «ықылассыз» адамдардың барын айтып, оларға сай келмейтін жұмыстардан бас тартатынын біле тұра жұмыссыз азаматтарға ұсынатынын еске салды.

Ол шенеуніктердің «осылай есептен алып тастасақ, халықты жұмыспен 100 пайызға қамтыдық» деп шығатынын жасырмады. «Біз сіздермен бірге мұндай ықтимал жағдайды жоюға тиіспіз. Адамдар шенеуніктердің осындай әрекеттерінен зардап шекпеуі тиіс. Заң нормалары шынымен жұмыс істегісі келетін адамға тиісті жұмысына орналасуы үшін көмектесуі керек. Халықты жұмыспен қамту туралы «жылтыр» есеп керек емес», — деді Нығматулин ренішін жасыра алмай.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.