Ауылда тұрып кемелдік шыңына шыққан жазушы Нағашыбек Қапалбек туралы сыр

0
172

Орыс халқының көрнекті жазушылары Лев Толстой мен Михаил Шолохов өздерінің  әлемге әйгілі шығармаларын деревняда тұрып жазғанын жақсы білеміз. Қаланың біреуді-біреу біліп болмас ию-қию өмірінен гөрі ауылдың тып-тыныш мамыражай тіршілігі шығармашылық адамына өте қолайлы болса керек. Біздің қазақ жазушыларының да басым көпшілігі ауылда туып, ауылда өсіп, ұлтымыздың уыз тілі мен қазақи мінез-құлқын, адами асыл қасиеттерін, ізгілік пен әдепке толы салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын бойларына сіңіріп, қазақ даласының қайталанбас табиғатынан, жұпар ауасынан, ұлан-ғайыр даласынан, өзен-көлдерінен, өсімдіктері мен жануарлар дүниесінен рухтанған қаламгерлер екені бізге бұрыннан мәлім. Шерхан Мұртазаның шығармаларын ыждахаттап оқып: «Туу, мына Шерхан қазақ даласының өсімдіктер дүниесін қалай жақсы білген осы?!» – деп таңырқаған классик жазушымыз Ғабит Мүсіреповтің таңданысынан кейін Ш.Мұртаза шығармаларында 500-ден аса шөптер мен шөптесін өсімдіктердің, бұталардың атауы кездесетінін зерттеп шыққан оқырмандарымыз да болыпты. Шынымен де Ш.Мұртаза шығармаларынан сайын даланың лебі есіп, жусан мен сан алуан гүлдердің, жалбыздың, киікотының исі аңқып, жан сарайыңды аша түсетіні анық. Міне, бұл ауылда туып-өсіп, қасиетті даланың ауасымен тыныстап, суынан нәр алған қаламгердің ерекше қасиеті болса керек. Қазақ әдебиетінің жанашыры Г.Бельгер өзінің бір естелігінде Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясын орыс тіліне аударар кезде Арал теңізінің жағалауына барып, сол өңірдің табиғатымен, өсімдіктермен және жануарлар дүниесімен, адамдардың мінез-құлқымен танысып, үш ай бойы үйден-жайдан, отбасынан безіп, кең далада, теңіз жағасында отырып жазу жазғанын айтқаны бар…

Шын мәнінде ауыл өмірін білмей, ауыл туралы, оның жайсаң адамдарының тағдыры жайлы жақсы шығармалар жазу мүмкін емес. Мен бүгін сөз еткелі отырған белгілі жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы да ауылда тұрып, ауыл мінезді әдемі шығармалар жазғаны бекер емес-ті. «Ақындар мен батырлар өлкесі» атанған, Сүйінбай мен Жамбылдай жыр алыптарын, Қарасай, Сұраншы, Саурық сияқты халық батырларын дүниеге әкелген Алматы облысы Жамбыл ауданында өмірге келген, орта мектептен кейін, 1968-1970 жылдары Кеңес әскері қатарында Ресейдің Қиыр Шығысында, Приморье өлкесінде жауынгерлік борышын өтеп, 1969 жылғы Даман соғысына қатысқан Нағашыбек Қапалбекұлы ұзақ уақыт ауылда тұрып қызмет істеді. 1971 жылдан құрылысшы, автоклуб меңгерушісі, Жамбыл аудандық «Екпінді еңбек» газетінде корректор, әдеби қызметкер, жауапты хатшы, редактордың орынбасары, газеттің бас редакторы сияқты қызметтер атқарып, ауылда ұзақ отырған оның бүкіл шығармашылық және жазушылық қызметі ел арасында қалыптасқанына күмәнім жоқ. Аудандық газеттегі қызметінде күнделікті баспасөз мақалаларын жазып жүрсе де, ол көркем прозаға да осы тұста түрен салған қаламгер. Алғашқы әңгімелер жинағы «Еңлікгүл» деген атпен 1980 жылы Республикалық «Жалын» баспасынан шықса, бұдан кейін «Дос жүрегі», «Қызыл елік» деп аталатын жинақтары кітап болып басылды. «Таудан түскен тұман», «Махаббатсыз өмір жоқ», «Бойтұмар», «Жер ошақтың түтіні», «Біздің ауыл тау жақта», «Құт пен жұт», «Ақ шымылдық» сияқты повестер мен әңгімелер жинақтары жарық көрді. Шығармадан шығармаға өсіп, толысқан қаламгер ауылда жүріп-ақ кемел жазушылар қатарына қосылды. Ауылдың тұнық ауасы оның шығармашылық тынысын кеңейте түскенін осыдан-ақ аңғаруға болады.

«Бала Жамбылды» қайта тірілткен күй

Оқырман ретінде бір байқағаным, Н.Қапалбекұлы ең алдымен өзі алған тақырыбын жан-жақты зертеп, ұңғыл-шұңғылына дейін зерделеп, кейіпкерлерінің мінез-құлқына, жан-дүниесіне терең үңіліп, оқиғалар мен құбылыстардан ой түйіп барып қолына қалам алатын жазушы. Тақырып терең ашылмай, шынайы да шыншыл дүние тумайтыны белгілі. Осы арада Н.Қапалбекұлының «Бала Жамбыл» деп аталатын повесіне аз-кем тоқтала кетсем деймін. 100 беттің арғы жақ, бері жағындағы шығарманың көлемі шағын болса да, айтар ойы ауқымды. Бір жағынан Қоқан хандығының зорлығы меңдеп, екінші жақтан Ресей империясының қанды шеңгелі бүріп келе жатқан ХІХ ғасырдың бел ортасында осы өңірде болып жатқан саяси-әлеуметтік жағдайларды ұзына бойына арқау еткен шығарма «ХХ ғасырдың Гомері» атанған ұлы жыршы Жамбылдың балалық шағы өткен тарихи кезеңнің шындығын шеберлікпен суреттейді. Қоқанның қандықол ханы Құдиярдың зорлығымен үдере көшкен ел бір кездері Шу алқабын паналаса, кейін өз елдеріне қарай үдере көшкен кезде ақпанның қақаған аязы мен боранында Жамбыл тауының баурайында дүниеге келген болашақ жыр алыбының Жамбыл атануы бекер емес-ті. Повесте сонымен бірге Жамбылдың өскен ортасы, нағашы атасы Қанаданның күйін тыңдап, домбыра үйренуі, Сүйінбай ақынның алдында нөсерлете жыр төгіп, атақты ұстаздан бата алуы, ақындық жолға түсуі, Бөлтірік шешенмен кездесуі, Саурық, Сұраншы батырларды, Сарыбай биді көріп әсерленуі, осы арқылы жас ақынның бойында елдік, отаншылдық рухтың қалыптасуы повесте өте әсерлі баяндалады. Жазушының тілі шұрайлы да көркем. Жазу мәнері шебер. Мысалы, бала Жамбыл қатты ауырып, тілден қалып жатқанда дәулескер күйші, шебер қобызшы Қанадан нағашысының күй тартып, жиеншарының көңілін аулайтын сәтін жазушы былай деп суреттейді. «Жамбыл шалқасынан түсіп сұлық жатады да қояды. Тек мына түп нағашы атасы келгелі ғана сәл есін жиып, қалқиып басын көтеретін күйге жетті. Бірақ тіл-ауыздан қалған, бірдеңе сұрасаң құр уілдейді де қояды. Жәудіреген көздерін домбыра мен қобызға қадай береді. Қанадан атасының қолынан домбыра түспейді. Жүрек діріліндей, қарасудың иіріміндей жан тебірентер тәтті әуен, шертпе күйді кәрі саусақтар тулатып-тулатып, бунақтан-бунақ қуалатып, сыңқ-сыңқ, сылқ-сылқ қақтырады дерсің. Үзілмейтін, үздіктіріп сағынта түсетін, буында тұрып қалатын қылықты сылқым әуен толқи жөнелгенде науқас баланың жүзіне лып етіп қан жүгіргендей болды, жаңағы күй жанына балдай жағып, буын-буынын сылап-сипап балбыратқандай байыз тапты. Қақ төрде сексеннің ішін мол аралап кетсе де,  әлі кесек бітімді, аппақ сақалы омырауын жапқан, қабағына дейін аппақ Қанадан атасы домбырасын қытықтай шертіп отыр»…  – Міне, әдемі әсер мен көркемдік кестеге тұнып тұрған осы сурет жүрегіңе шым-шымдай сіңіп, сұлу сезімге бөлейді. Бұл сурет шығарманың көркемдік қуатының мол екенін көрсетеді.

Бала Жамбыл қатігез молданың алдындағы сабағын тастап, атақты Сүйінбай ақынды іздеп келген сәті де повесте қызғылықты баяндалады. «Алатаудың асқақ ақыны, сұңқар берені, сізге пайғамбардың сәлемін берейін деп келдік… Ақын аға, тау белсіз болмайды, су елсіз болмайды, ну көлсіз болмайды. Алдыңа келген балаңа ақ батаңды бергейсің, өнерін сосын көргейсің. Хан Жамбылда туыппын, аязбен бетті жуыппын, ақын аға, тұсауымды кескейсің», – дейді бала Жамбыл Сүйінбайдың алдында. Тақылдап тұрған мына баланың талантын шын таныған Сүйінбай оған риза көңілмен ақ батасын беріпті.

«Ау, Жамбыл, бата дедің, бердім саған,

Бақытты, өмірлі бол, жүргін аман.

Батасын ат орнына берді ғой деп,

Қоймағың былай шыға кінә маған.

Соңынан Сүйінбайдың орнын басып,

Тіліңнен балың тамсын сорғалаған.

Аллаһу әкпар, аумин!

— Ал енді сен Жапаның жаман баласы емес, Сүйінбайдан бата алған ақынсың. Көтер кеудеңді! Бас дауысқа! Дауылша соқ, ыстық желше ұйытқы, тереңнен толға, телегей теңіздей тасы, биікке самға, айналайын! Жорытқанда жолың болсын!» – деп Сүйекең алдына кеп тізерлеген шәкіртінің маңдайынан иіскеді. Міне, ұлы Жамбылдың ақындық жолы осылай басталған еді. Ол өмір бойы әділдіктің ақ жолымен жүріп, туған халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтады. Ел тәуелсіздігі үшін алысқан Қарасай, Саурық Сұраншы батырлар сияқты халқының қаһарман ұлдарын жырға қосып ел еңсесін көтерді. Неше бір аламан айтыстарда маңдайы жарқырап, топты жарды. Ал Кеңес өкіметі орнаған соң жаңа дәуірді жырға қосып, Мәскеудің Кремілінде   ұлы отанымызды шалқыта жырлап, зор абыройға бөленді, «ХХ ғасырдың Гомері» деп атағы жалпақ жұртқа жайылды. Анау алапат соғыс жылдарында жау құрсауында қалған Ленинград қаласының тұрғындарына жалынды жырларын арнап, оларды жау қыспағынан мойымай, зұлым басқыншылармен аямай күресуге шақырып, Ленинградтықтардың рухын көтерді. Кавказдағы грузиннің атақты жыршысы Шота Руставелидің 700 жылдық мерейтойына барып, «Жолбарыс тонды жаһангездей» атақты дастанның мерейтойына жыр шашуын шашқан 100 жасаған Жамбылдың ұлылығы төрткүл дүниеге танылды. Повесте ақынның тек балалық шағы ғана суреттелгенімен, оның осындай үлкен өмір жолына қадам басқан алғашқы ақындық жолы шынайы баяндалады.

Поэзия алыбының өмірі мен шығармашылығын ұзақ уақыт және терең зерделеген Н.Қапалбекұлы «Дана Жамбыл» деп аталатын әңгімесінде ақын өмірінің ең соңғы кезеңінен сыр шертеді. 1945 жылғы 9 мамырда ел-жұрты «Жеңіс» деп шаттанып сүйінші сұрағанда көптен төсек тартып жатқан Жамбыл орнынан қарғып тұрып: «О, айналайындар, бәрін алыңдар, Жеңіс келді десеңдерші!» – деп бума-бума ақшаны үлестіреді. Өзі де атқа қонып, айналадағы елді жеңіс мерекесімен құттықтау үшін ауыл-ауылды аралап кетеді.

Әңгіме шағын болса да, онда Жәкеңнің ел алдындағы абыройы, өмірінің соңында өзін төңіректеп жүретін қызыл-шұбар жолбарыс киесінің тауға қарай кетіп қалуы, ел-жұртының ақынға деген сүйіспеншілігі өте шынайы суреттеледі. «Кезек-кезек сәлем беріп, алқа қотан отырған ағайын, бауыр, балаларына сынай қарады да: «Басымды көтеріңдерші, – деді.

— Немене бәрің суға түскен көжектей үрпиісіп ұсқындарың түсіп кеткен? Аталарың, міне, алдарыңда отыр. Құдайға шүкір, асарымды асадым, жасарымды жасадым. Бәріне де тәубе. Маған еріп жүретін қызыл жолбарысым жаңа босағамнан шығып Алатауға қарай көтеріліп кетті. Үш рет айқайлап шақырып едім, бұрылып қарамады. Сірә, маған да кезек келген болар, енді мен мәңгілік орныма барамын, қарақтарым»… Жамбыл тауының бөктерінде атамекеніне көшіп келе жатқан кезде туған нәресте 99 жылдан кейін Майтөбенің бауырында, Шотай өзенінің жағасында, өз ауылының қақ ортасындағы алма бағының ішінде тамылжыған жазда жерленді. Жамбыл тауының атын иемденген сол сәби кейін алып тұлға – әлемнің Жамбылы атанды, ұлы ақын болып қазақты төрткүл дүниеге танытты. Міне, әңгіме осылай әсерлі аяқталады.

35 кітап – сан түрлі тағдырлар тоғысы

Жалпы, Нағашыбек Қапалбекұлы әр алуан тақырыпқа қалам тербеген жазушы. Әрбір шығармасының айтар ойы, көтерер жүгі, көркемдік шешімі бар дүниелер. Мысалы, «Бір тілім нан» деген әңгімесі өткен ғасырдағы алапат ашаршылық, соғыс кезінде ел басына түскен ауыртпалық, бір үзім нанның қасиеті туралы ой толғайды, бүгінгінің адамдарын бауырмашылыққа, мейірімділік пен қайырымдылыққа шақырады. Әңгіме кейіпкерлері отанға, оның болашағына сенімі күшті қайратты да жігерлі адамдар. Олар басқа түскен қиындыққа мойымайтын қайсар жандар. Шығармада кейіпкерлердің психологиясы, ішкі сезімі терең ашып көрсетілгін. Кейіпкер демекші, Н.Қапалбекұлының қай шығармасын алып қарасаңыз да, ондағы оқиғаға қатысушылар өз мінездерімен, кескін-келбетімен, іс-әрекетімен дараланып, жеке-жеке образдар галереясын құрайды. Жазушы адам жанының әрбір қалтасына дейін үңіліп, оның жүрегінің әрбір лүпілін шығармашылық сүзгісінен өткізеді. Сондықтан ол жасаған образдар бір-біріне ұқсамайды, Жамбыл Жамбыл күйінше, Сүйінбай ақын Сүйінбайша, Қарасай, Саурық, Сұраншы батырлардың әрқайсысы өздерінше ойлап, өздеріне тән мәнермен сөйлейді және әрекет етеді. Қаламгер қолданған халықтың мақал-мәтелдері, даналық сөздері, қиыннан қиыстырылған теңеулер, суреттеулер оның шығармаларының ішкі-сыртықы сұлулығын айшықтай түсетіні сөзсіз.

Белгілі жазушы Смағұл Елубай Нағашыбектің шығармашылығы туралы былай деп ой түйеді: «Нағашыбек бүгінге дейін 35 кітап шығарыпты. Оның бәрі прозалық шығармалар емес. Тарихи-танымдық кітаптары мол. Алайда ол халқына ең алдымен жазушы Қапалбекұлы ретінде қымбат. Бізге де. Ендеше оның сыры неде? Басты ерекшелігі – қаламгердің қазақша ойлау қабілетіне сызат түспегені. «Орыс тілін орыстан артық меңгерген» жазушыларымыздың ой жүйесінде өзгерістер орын алады. Ол өзгерістердің шығармашылық майданында оң да, теріс те жақтары бар. Әсіресе, қазақша жазған кезде теріс зардабы көп. Өз тілдік ортасынан қол үзбей Нағашыбек көрегендік жасаған. Қала дегеннің «қызығын» ол соңғы 15 жылда ғана көре бастаған. Нәтижесінде ақ қағазға ауыл жайлы Нағашыбек салған нақыштар мейлінше мөлдір, табиғи, тірі қалпында жүр»…

Нағашыбек Қапалбекұлы шығармаларында тарихи тақырып алдыңғы орында тұр. Халық қаһармандары Қарасай батыр, шапырашты Наурызбай батыр, Өтеген, Райымбек, Саурық, Сұраншы, Сыпатай, Бекболат секілді дулығалы батырлар, Төле би, әл-Фараби мен Абай, Балуан Шолақ, Сарыбай би, Аңдас датқа, Тезек төре, Медеу, Мақыш балуан, Құртқа тәуіп, Түктібай қобызшы, Сәт болыс, Қырбай сал сияқты кейіпкерлері өз дәуірінің ірі тұлғалары. Н.Қапалбекұлының кітаптарында осы кейіпкерлердің өмір сүрген, қызмет еткен ортасы, сол кездердегі саяси-әлеуметтік жағдайлар мен халық тағдыры шынайы суреттеледі.

Журналистік, жазушылық қат-қабат жұмыстармен қатар Н.Қапалбекұлы тәуелсіз еліміздің қоғамдық әлеуметтік өміріне де белсене араласып келе жатқан қайраткер азамат. 1986 жылдан бері Жамбыл аудандық «Отан» қоғамының төрағасы, халықаралық Жамбыл қорының бас директоры, «Қарасай батыр» қоғамдық қорының директоры, Қазақстан Жазушылар одағы Алматы облыстық филалының директоры, ЮНЕСКО-ның 2 санаттағы Мәдениеттерді жақындастыру орталығының бас ғылыми қызметкері, «Бәйдібек баба» республикалық қоғамдық қорының призденті сияқты әр алуан қызметтерді қажымай атқарып келген оның абырой-беделі де биік.

Ұзақ жылғы еңбегі мен шығармашылық қызметі әділ бағаланып Н.Қапалбекұлы «Құрмет» орденімен, оннан астам мемлекеттік медальдармен марапатталды. Алматы облысының, Жамбыл және Еңбекшіқазақ аудандарының Құрметті азаматы деген атақтары бар. Халықаралық экология академиясының, Қазақ ұлттық салт-дәстүр академиясының, Құртқа тәуіп атындағы қоғамдық академияның мүшесі, Т.Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясының, Д.Қонаев атындағы Заң – гуманитарлық университетінің, Статистика және экономика академиясының, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің Құрметті профессоры. Оның үстіне ҚР Мәдениет қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының, ТҮРКІСОЙ халықаралық ұйымы сыйлығының, Қазақстан Журанлистер одағы сыйлығының, халықаралық Жамбыл сыйлығының лауретаты, Чуваш елінің 2019 жылғы әдебиет жөніндегі сыйлығының иегері деген атақтары да Н.Қапалбекұлының еңбектегі табыстарын айшықтай түсері сөзсіз.

Осыншама атақ-абыроймен 70 жастың асқаралы асуына шығып отырған кемел ойлы зерделі жазушы, ел азаматы Н.Қапалбекұлына мерейтойыңыз құтты болсын, Жамбыл жәкеңіздің жасына жете беріңіз демекпіз.

Такир Балықбаев,

Абай атындағы Қазақ ұлттық

педагогикалық университетінің

ректоры, педагогика ғылымдарының

докторы, профессор

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.