Агроөнеркәсіптік кешенде бәсекеге қабілетті, экспортқа бағытталған ауылшаруашылық өнімі көлемін ұлғайту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері аса өзекті. Салада серпінді инновацияларды жүзеге асыру үшін гранттар бөлу, ғылыми-зерттеу жұмыстарына қаржы көлемін ұлғайту күн тәртібінен түспек емес. Баршаға мәлім бұған дейін агроөнеркәсіп кешенінің экономикалық тиімділігін жоғарылату үшін ғылыми зерттеулердің нәтижесін өндіріске енгізу, агробизнеске озық тәжірибе мен білімді тарту мәселесі жиі көтерілді. Мемлекет басшысы кезекті Жолдауында да саланы цифрландыру тәсілдерін жаппай енгізу арқылы өндірістің тиімділігін әлдеқайда арттыру мүмкіндіктеріне баса назар аударды.
«Қазір ауылшаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін бірқатар ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Оған отандық және шетелдік инвесторлар қатысуда. Инвестицияның жалпы көлемі 2 млрд доллардан асады. Үш мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Өнімдер әлемнің көптеген еліне тасымалданады. Мұндай жобалардың ауқымын кеңейту қажет. Әр аймақта дайын өнімді өндірістен дүкен сөресіне дейін жеткізетін әрбір өңірдің ерекшелігіне қарай біртұтас желі қалыптасуы керек», – деп атап өтті ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы «Қазіргі заман бұлыңғыр, тұрақсыз болса дағы, біз бәріміз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуіріне қадам бастық» дей келе, «Ауылшаруашылығын жаңа деңгейге көтеру қажет» деп қадап айтты. Ауылшаруашылығы саласында өзекті мәселелердің шешімін табуы мемлекет азаматтарының өмір сүру сапасына ғана емес, сонымен қатар, халықтың азық-түлік қауіпсіздігіне де зор ықпал етеді. Кейінгі 2023-2025 жылдары өңірдің ауылшаруашылығы секторында инвестициялық тың жобалар іске асуда. Ауылдағы шаруашылықтар ақылды технологияға жүгіне бастады. Шаруашылықтарды жаңа технологияға енгізіп, еңбек өнімділігін арттыру және өндіріске білікті мамандарды тарту мәселесі де жүйелі.
Инвестиция – игілік
Маңғыстау облыстық ауылшаруашылығы басқармасының мәліметіне жүгінсек, есепті кезеңде салада 21,2 млрд теңгенің өнімі өндірілді, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 14,6%-ға артық. Бүгінде ауылшаруашылығы өнімін шығарудан бастап, оны терең өңдеуге дейін тұтас өндірісті толығымен жолға қою бағытында бірқатар жобалар жүзеге асып келеді. Облыс аумағында ұн, нан, макарон, сүт, ет, балық өнімдерін шығаратын өндіріс орындары бар. Сондай-ақ, маусымдық кезеңде көкөніс, бау-бақша өнімдері өсіріледі. Өңірдегі азық-түлік нарығының импортқа тәуелділігін барынша азайту, сырттан келетін өнімді сөрелерден сырғытып тастау стратегиялық міндет болып тұрғаны мәлім. Инвестиция – игілік. Бүгінде қаржы тартуға баса көңіл бөлінуде. Айтып өтері, инвесторға талап қойылады, жобаның өңір үшін қажеттілігі ескеріледі. Өндірілетін өнім жергілікті нарықтағы шетелдік тауарды алмастыруы қажет. Сонымен қатар бұл бағыт жұмысшылардың жергілікті тұрғындардан түзілуіне септігін тигізеді. Маңғыстау облысы бойынша агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі 2025-2027 жылдары жол картасына сәйкес жалпы сомасы 23,6 млрд теңге болатын 15 жобаны іске асыру көзделген. Нәтижесінде 527 жаңа жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Оның ішінде 2025 жылы 1,9 млрд теңгеге 3 жобаны іске асыру жоспарланған, атап айтқанда, «Аташ Фиш Пром» – балық өңдеу цехын кеңейту, жоба құны – 0,3 млрд теңге; «Eurasia Translogistics» ЖШС – аралас жем зауытын жаңғырту – 0,8 млрд теңге және «Автолюкс Сервис» ЖШС – көкөніс қоймасын салу, жоба құны – 0,8 млрд теңге.
Мал шаруашылығы – агроөнеркәсіптік өсім нүктесі
Мал шаруашылығы – елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық маңызды сала. Маңғыстау облысында мал шаруашылығына аса назар аударып, саланың ішкі өндіріс көлемі артып, экспорттық әлеуеті нығайып келеді, жаңа қолдау тетіктерін енгізу тәсілдері де іске асып келеді. Алдағы уақытта мал шаруашылығын агроөнеркәсіп кешенінің басты өсім нүктелерінің біріне айналдыру жоспарланған. Саланы серпінді дамыту мақсатынла 2025 жылға 2,4 млрд теңге қаржы қарастырылған. Облыс бойынша статистикалық мәліметке сәйкес 2025 жылдың 1 қыркүйектегі жағдайы бойынша барлығы 546 813 мал басын құрады. Атап айтқанда, түйе 94 560 бас, жылқы 133 675 бас, қой мен ешкі 297 842 бас, ірі қара мал 20 736 бас.
Мал шаруашылығы жем-шөп базасының проблемаларын шешу үшін ауа райы факторларының әсеріне қарамастан саланың тұрақты дамуына кепілдік беретін жүйелі шаралар қабылдау әсіресе Маңғыстау өңірі үшін аса маңызды. Маңғыстау облысы бойынша ауылшаруашылығы жануарлары аналық басының азығына жұмсалатын шығындар құнын арзандатуға арналған субсидиялау бағдарламасына ағымдағы жылдың шілде айының 16 бастап өтінім қабылдау басталды. Нақты деректерге сүйенсек, 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 1150 агроөнеркәсіптік кешен субъектісі 2,3 млрд теңгеге субсидия алды. Өтінімді қабылдау биыл 20 желтоқсанға дейін жалғасады.
2025-2026 жылға қысқы мезгілге мал азығымен толық қамтамасыз ету үшін 83 000 тонна шөп және 26 200 тонна жем жоспарланды. Бүгінгі күнге облыс бойынша 73 500 тонна шөп жоспардың 88,5%, 22 000 тонна жем жоспардың 84% орындалды. Жергілікті жерден ағымдағы жылы 24 бригада, яғни 97 адам шөп шабуға ниет білдірген, 17,5 мың тонна шөп шабу жоспарланды. Бүгінгі күні 18 бригада 13 173 тонна шөп шапты. Былтыр 19 бригада, 80 адам 10,8 мың тонна шөп дайындады. Бұдан бөлек, 2025 жылғы 15 қыркүйектегі жағдай бойынша облыста 510 тонна шөп, 410 тонна жем мал азығы қоры бар.
Атап өтер жайт, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйке осы жылдың соңына дейін Мал шаруашылығындағы агробизнесті дамытудың кешенді жоспары қабылданады, оның шеңберінде 5%-дық жеңілдетілген кредит беру бағытын және кредиттік өнімдер желісін кеңейту жоспарлануда. «Даму» қоры агробизнестің қарыздарына 80%-ға дейін кепілдік беретін болады. Жақын уақытта жоғары өнімді асылтұқымды мал сатып алуға арналған «Игілік» бағдарламасы басталады. Бұл мал басының өсуін және генетиканың сапалы жаңаруын қамтамасыз етіп, саланың өнімділігіне оң әсерін тигізеді.
Өсімдік шаруашылығы – жаңа өнімділік стандарттары
Өңірде өсімдік шаруашылығы өндірістің тиімділігі мен тұрақтылығын арттыруға бағытталған жүйелі трансформациядан өтуде. Саланың негізгі міндеті – егіс алқаптарын әртараптандыру және су үнемдеу технологияларын енгізу. Маңғыстау облысында 2025 жылы егістік алқабы 1 057 гектарды құрады, оның 336 гектар – көкөніс, 613 гектар – бақша және 90 гектар – мал азықтық дақылдары. Одан 27,6 мың тонна көкөніс, бақша өнімдері алынды.
Шаруалар үшін елеулі қолдау құралы болып субсидиялау шаралары қала береді. Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес мемлекет элиталық тұқымдар құнын 70%-ға дейін, отандық өндірістегі минералды тыңайтқыштардың құнын 60%-ға дейін өтейді, сондай-ақ пестицидтер шығынын 50%-ға және биопрепараттар шығынын 40%-ға өтемақылайды. Үкімет 2025 жылы басым дақылдарды субсидиялауға 25,8 млрд теңге бөлініп, бұл фермерлерге өнімділікті арттыру үшін қосымша ресурс беретінін мәлімдеді.
Маңғыстау облысы бойынша 2025 жылы тыңайтқыштардың құнын субсидиялауға 34,5 млн теңге, су беру қызметтердің құнын субсидиялауға – 24,7 млн теңге және басым бағыттағы дақылдар өндірісін дамытуды субсидиялауға 26,0 млн теңге қаржы бөлінді.
Нақты деректерге сүйенсек, биыл 1 қыркүйектегі жағдай бойынша тыңайтқыштардың құнын субсидиялау бағытында 47 АӨк субъектісі 22,6 млн теңге және су беру қызметтердің құнын субсидиялау бағытында 6 АӨК субъектісі 8,3 млн теңге субсидия алды.
Тыңайтқыш құнын субсидиялау бойынша тыңайтқыштардың 602 түрлері мен нормаларының тізбесі облыс әкімдігімен бекітілді. Биыл өсімдік шаруашылығында егістік алқабына көкөніс, бақша дақылдарын 1100 гектарға, оның 98%-на тамшылата суару технологиясымен өсірілді және одан 28 500 тонна өнім алу жоспарланды.
Азық-түлік қауіпсіздігі – күн тәртібінде
Азық-түлік қауіпсіздігінің басты элементі – азық-түлік өнімдерінің экономикалық қолжетімділігін қамтамасыз ету. Негізгі міндет – ішкі нарық қажеттіліктерін қолжетімді бағамен қамтамасыз ету және азық-түлік тауарларын өткізу жүйесін тиімді ету. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Маңғыстау облысын 2025-2026 жылдар аралығында қысқы-көктемгі маусымаралық кезеңдеріне көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету үшін: картоп – 2830 тонна, сәбіз – 651 тонна, пияз – 453 тонна, қырыққабат – 679 тонна қорын қалыптастыру жоспары белгіленген.
«Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ ағымдағы жылғы маусым айында ауылшаруашылығы өнім өндірушілерімен картоп – 2900 тонна, сәбіз – 765 тн.; пияз – 491,6 тонна; қырыққабат – 700 тонна; көлемінде көкөніс түрлерін жеткізуге келісімшарт бар.
Павлодар облысының өнім өндірушілері «Ақтоғай Агро фирмасы» ЖШС-мен картоп – 1000 тонна, сәбіз – 300 тонна, «KazAgroStat» ЖШС-мен картоп – 1000 тонна, сәбіз – 300 тонна және Маңғыстау облысының өнім өндірушісі ЖК Мергенбаевпен сәбіз – 165 тонна көлемінде жеткізу келісілген.
Берешекті өтеу есебінен жеткізу шарты бойынша пияз – 291,6 тонна көлемде «РойалШади» ЖШС-мен келісімшартқа отырды. «ЖК Жумашев» келесі көкөніс түрлерін картоп – 900 тонна, қырыққабат – 700 тонна, пияз – 200 тонна көлемде тікелей жеткізу үшін келісімшартқа отырды.
Жайылымдық жерлерді тиімді игеру қажет
Елімізде соңғы жылдары қайтарылған жерлерді қайта бөлу және топырақтың деградациясына қарсы күресті күшейту арқылы өңір тұрғындарының жайылым орындары қажеттіліктерін қамтамасыз ету жұмыстары қарқын алды. Мемлекет басшысының кезекті Жолдауында игерілмей бос жатқан және заңсыз алынған ауылшаруашылығы жерлерін кері қайтарып, оны қайта бөлу туралы тапсырмасын нақтылай түсті. Иесін тапқан жер өндірістің ошағына, инвестиция көзіне, қайнаған еңбектің ортасына айналуы қажеттігін ескеріп, жер қатынастарына қатысты заңсыздық пен қағазбастылықты жойып, ауылшаруашылығы жерлерін беру тәсілдерін түбегейлі өзгерту керектігіне баса назар аударды.
«Жалпы жер қатынастары саласында цифрлық технологияларды қолдану айрықша маңызға ие. Қазірдің өзінде космомониторинг және геоталдау жүйесі пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтап, оның бәрін қайтаруға септігін тигізіп жатыр. Жасанды интеллектіні қолданып, ауылшаруашылығы жерлеріне спутникпен мониторинг жасаудың тиімділігін арттыру керек. Соның негізінде жердің сапасына, егіннің шығымына, дәнді дақылдардың жай-күйіне және қай жерге қандай дақыл егілгеніне терең талдау жасалуға тиіс», – деді ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
ҚР «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында, жер қатынастары саласы бойынша ақпараттар мен көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді цифрландыру шаралары орталық атқарушы органдар арқылы іске асырылуда. ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы №301 бұйрығымен бекітілген «Жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметтерді көрсету» қағидаларына сәйкес, жер қатынастары саласында көрсетілетін 12 мемлекеттік қызметтің 11-і автоматтандырылды. Олардың 4-уі баламалы түрде, 1 қызмет қағаз түрінде көрсетіліп отыр.
Маңғыстау облысында 8 жыл ішінде 4,2 млн гектар жайылымдық жерді шаруашылық айналымына қосу көзделген. Биыл соның ішінде 527,3 мың гектар жер конкурсқа шығарылып, бүгінде 41 мың гектардан астамы жеке және заңды тұлғаларға табысталды. Жер ресурстарын тиімді пайдалану арқылы ауылшаруашылығын дамытуға, жайылым тапшылығын болдырмауға және халық игілігін арттыруға үлес қосып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес алдағы 10 жылда ел бойынша 50 млн гектар жайылымдық жерді айналымға енгізу жоспарланған. Осы мақсатта шалғайдағы жайылымдарды игеру, құдықтар мен бұрғылау ұңғымаларын салу бағытында жүйелі шаралар атқарылуда.
Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, қазіргі кезде жер қатынастары саласы бойынша ақпараттар мен көрсетілетін мемлекеттік қызметтер «Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі», Qoldau.kz веб-порталы, www.gosreestr.kz, «Е.gov», «Е-лицензия» ақпараттық жүйелері арқылы көпшілікке қолжетімді.
«Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі» веб-порталында пайдаланудағы жер учаскелері туралы толық мәлімет берілген, сонымен бірге осы интернет ресурста жалпы бос жатқан жерлерді де көруге болады. Веб портал спутниктік картамен сәйкестендірілген.