Өткен аптаның бейсенбісінде Алматы облысы әкімдігі біздің редакцияның басшыларын екі үлкен шараға құрметті қонақ ретінде шақырды. Газетіміздің басшысы Сәуле Мешітбайқызы Астанадан арнайы келді. Оның біріншісі – «Болашақты бірге отырғызайық!» деген оқушылардың акциясы. Мұндағы өңірдегі 439 мектептің оқушылары осы акцияда бір мезетте 360 мыңнан аса шыбық пен ағаш дәнектерін егеді екен. Екінші шара – «Сөз құндылығы – цифрлық дәуірде» атты жобасының қорытынды салтанаты. Осы екеуіне де облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысты. Осы тамаша екі шараға қатысып, біз де риза көңілмен қайттық.

Алматы облысының оқушылары бір мезетте 360 мың көшет отырғызды
Мамыр айының сол күні шуақ шашып, ауа райы да әдемі болып тұрды. Іле ауданының №124 лицейіне біз барғанда, жоғарыдағы шараға дайындалып жатыр екен. Көп ұзамай облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев та келіп, алдымен оқушылардың өнерлерін тамашалады. Иә, XXI ғасыр – технология мен цифрландыру дәуірі. Оқушылардың неше түрлі роботтарды жасаған шеберліктері көңіл қуантады. Олардың ішінде күл-қоқысты пайдалы нәрсеге айналдыратын машина жасаудағы, сондай-ақ экологияны тазартудағы әрқилы макет жобалары болашақта осы оқушылардың қолдарымен жүзеге асатынына сендік.
Енді біз осы шараға байланысты мәселеге егжей-тегжейлі тоқталғанды жөн көріп отырмыз.
Алматы облысында бір мезетте өңірдегі 439 мектепте 360 мыңнан астам оқушы «Болашақты бірге отырғызайық» акциясына қатысып, ағаш дәнегін екті. Шара «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында 2024 жылы бастау алған. Алғашқы жылы 340 мың, өткен жылы 350 мың тұқым себілген. Оның 60%-дан астамы өніп шығып, бүгін мектеп аулаларына отырғызылды. Игі шараға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев те қатысып, Іле ауданындағы №24 лицей оқушыларымен бірге Шренк шыршасы, қайың, арша, жиде, туя (бозаша), қарағаш, Сиверс алмасының дәнектерін екті. Ал өңірдің өзге аудандарындағы оқушылар акцияға онлайн форматта қосылды. Сондай-ақ білім ордасының аумағына жеткіншектер өздері өсіріп, баптаған көшеттерін аймақ басшысымен бірге отырғызды. Марат Елеусізұлы бұл тек көгалдандыру жұмысы емес, жас ұрпақ бойына жанашырлық пен жауапкершілік сезімін дарытатын маңызды жоба екенін айтып, оқушыларға ізгі тілегін арнады.

«Бұл бастама Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бағдарламасымен тығыз байланысты және өңірімізде жыл сайын дәстүрлі түрде жүзеге асып келеді. Ағаш дәнегін егу, көшетін отырғызу – қоршаған ортаға қамқорлықтың айқын үлгісі. Бұл жұмыстар еңбекқорлық пен ұқыптылыққа тәрбиелейді. Осындай игі істерге белсенді қатысып, үлгі көрсетіп жүргендеріңіз үшін алғыс білдіремін. Алдағы уақытта да табиғатты аялау өмірлік дағдыларыңызға айналады деп сенемін», – деді аймақ басшысы.
Шара барысында оқушылар экологиялық бағыттағы ғылыми жобаларын таныстырды. Жас зерттеушілердің бірі күн батареясымен қуатталатын көлік жобасын көрсетті. Енді бірі қалдықты тыңайтқышқа айналдырудың тың әдісін зерттеуге кіріскен. Сонымен қатар су үнемдеу, экологиялық әрі қауіпсіз саябақтар мен бекеттер құру бойынша жұмыстарын таныстырған оқушылар да болды.
Осылайша, оқушылар бірнеше жыл бойы өздері өсірген көшеттерін мектеп айналасына отырғызып, білім ордасының көркін аша түсті. Сондай-ақ тың жобалары арқылы экологиялық мәселелерге бейжай қарамайтынын көрсетті. Бұл – өңірдегі мектептер тек білім беріп қана қоймай, оқушылардың бойына экологиялық мәдениет ұғымын терең сіңіріп жатқанының көрінісі. Сондықтан «Болашақты бірге отырғызайық» акциясы алдағы уақытта да дәстүрлі түрде жалғасын табады.

«Сөз құндылығы – цифрлық дәуірде»
Алматы облысында «Сөз құндылығы – цифрлық дәуірде» жобасының қорытынды шарасы өтіп, қазақ тілін дамытуға үлес қосып жүрген өзге ұлт өкілдері, кәсіпкерлер, мемлекеттік қызметкерлер, мұғалімдер мен жастар марапатталды. Бастама еліміздегі тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес қолға алынған. Жоба Талғар ауданынан басталып, Қарасай, Еңбекшіқазақ, Жамбыл аудандарында жалғасты. Іле ауданында қорытындыланып, өз мәресіне жетті.
Іс-шара аясында тіл мен технологияны ұштастырған жобалардың көрмесі ұйымдастырылды. Облыс жастарының тіл меңгеруге қатысты танымдық курстары, мұғалімдердің жасанды интеллект арқылы іске асырылып жатқан ерекше бастамалары таныстырылды. Салтанатты жиынға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев те қатысып, жобаның мән-мазмұнына тоқталды. Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырып, ұлттық құндылықтарды ұлықтаудағы ерен еңбегі үшін бірқатар азаматқа марапат табыстады.
«Бұл жоба Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында белгіленген стратегиялық бағыттарға сай іске асуда. «Тіл мәртебесі – ел мәртебесі» дейді халық даналығы. Ал цифрлық кеңістікте тіліміздің табиғи тазалығын сақтай отырып, оны заманауи талаптарға бейімдеу – уақыт талабы. Бұл ретте қазақ тілінің ғылыми, техникалық, цифрлық терминологиясын жүйелеу, контент сапасын арттыру және мемлекеттік тілдің цифрлық ресурстардағы үлесін көбейту маңызды бағыттардың бірі болып қала береді.

Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы тіл мәдениетіне жаңа талаптар қойып отыр. Әлеуметтік желілер, онлайн платформалар, жасанды интеллект жүйелері тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, сонымен қатар оның сапасына, нақтылығына және сауаттылығына деген жауапкершілікті күшейтуде. Осындай жағдайда сөздің құндылығын сақтау – тек тіл мамандарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті деп білемін», – деген аймақ басшысы мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту үшін атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндады. Мәселен, Алматы облысының Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы «Көп тіл – бір әлем» байқауын өткізіп, нәтижесінде өңірде 110 азаматтың 5 тіл білетіні анықталған. Марат Елеусізұлы бірнеше тілді меңгеру – жеке тұлғаның бәсекеге қабілеттілігін арттыратын негізгі факторлардың бірі екенін айтып, алайда бұл үдеріс ана тілінің мәртебесін әлсіретуге емес, керісінше, оны нығайтуға бағытталуы тиіс екенін жеткізді. Сонымен қатар «Алатау дарыны» бағдарламасы аясында Қытай елінде білім алып жатқан үздік түлектер жайын сөз етті. 2024 жылы Қытай Халық Республикасымен облыс арасында жасалған меморандум негізінде Синьцзянь университетінде 30, 2025 жылы 27 түлек тегін оқуға жолдама алған. Ал биыл 65 дарынды талапкерге грант беріледі. Қазіргі таңда өңірдің 513 студенті шетелде білім алуда.

Аймақ басшысының айтуынша, облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы тегін тіл үйрену курстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді. Мәселен, өткен жылы 2653 адам аталған курстарда мемлекеттік тілді меңгерген, оның 723-і – этнос өкілі. 674 адам ағылшын тілін, 120 адам орыс тілін үйрену курсына қатысқан. Сонымен қатар қандастардың тілдерді тез үйренуі үшін өткен жылы 3 айлық курс ұйымдастырылып, 302 қатысушыға сертификат тапсырылған. Шара барысында Алматы облыстық цифрлық технологиялар басқармасы дайындаған платформалар халық назарына ұсынылды. Мәселен, «iProtocol» – хаттамалық тапсырмалар мен кеңестердің орындалуын бақылауға арналған жоба. «QazaqLaw» және Ұлттық ЖИ платформасы ресми құжаттар мен хаттарды сауатты дайындауға көмектеседі. Ал «MangiSoz» жүйесінде аудио мен мәтінді жеңіл әрі тиімді өңдеуге мүмкіндік бар. Бұл бастамалар – қазақ тілінің қолданыс аясы кеңейіп келе жатқанының дәлелі.

Мазмұнды шара концерттік бағдарламаға ұласып, тіл меңгерудің маңызы, ана тілін ұлықтаудың мәні, ұлттар достығы мен бірлігін дәріптеген қойылымдар сахналанды. Тіл тек қарым-қатынас құралы емес. Тіл – ұлттың жаны, болмысы. Кез келген халықты тілі арқылы ғана толық тануға болады. Технология қарыштап дамыған заманда оны меңгерудің заманауи тәсілдерінен де хабардар болған жөн. Ең бастысы, тілді жасанды интеллект пен инновацияларға икемдеп, жаңа платформаларды ана тілімізде еркін қолдана алуымыз маңызды. Алматы облысында бұл бағыттағы жұмыстар басты назарға алынған. «Сөз құндылығы – цифрлық дәуірде» жобасы – соның айқын дәлелі. Алдағы уақытта да тіл саясатын жетілдіру маңызды міндеттердің бірі болып қала береді.

Іле ауданының орталығында Нұрғиса Тілендиев атындағы мәдениет сарайында өткен шараға біздің редакция өкілдерінен басқа республикаға аты танымал тіл жанашыры Асылы Осман және басқа да тұлғалар қатысты. Асылы апайымыз мемлекеттің тіл мәселесіндегі түйткілді жағдайларға тоқталып, оған қажеттілікті арттыруды баса айтты. «Ұлттық рухтың қозғаушысы – тіл мәселесінде кім болсын, мейлі, жігерлілік керек. Көптеген этностарды құшағына сыйғызған қазақ халқына деген құрметіміз оның тілін біліп, бір тудың астында ынтымақ-бірлікте болсақ, бізді ешқандай жау алмайды», – деп ол сөзін қорытындылады. Шынында да, облыс әкімшілігінің осы жобасы жай көзбояушылық емес екендігіне біздің көзімізді жеткізіп, өзінің шынайылығымен тәнті етті.

Шаргүл ҚАСЫМХАНҚЫЗЫ















