Кез келген елді мекеннің даму деңгейі тек әлеуметтік-экономикалық бағыттағы көрсеткіштермен емес, сонымен бірге оның тұрғындарға жайлылығымен де өлшенеді. Адамның өмір сүру сапасының жоғары болуы үшін өзіне, ұрпағына жайлы ортаның болуы басты шарттардың бірі.
Ақтөбе облысының орталығы – Ақтөбе шаһары жыл сайын көркейіп, аулалар мен көпшілік орындар абаттандырылып, жаңадан гүлзарлар мен аллеялар салынып жатыр.
Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекеттің айтуынша, қала тұрғындары үшін демалыс орындарын абаттандыру жұмыстарына жергілікті кәсіпкерлер де белсенді қатысып жатыр.
– Қаланы көркейтуге жанашыр кәсіпкерлер мен ірі кәсіпорындар да үлес қосуда. Олар облыс әкімінің қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, тозығы жеткен саябақтарды жаңарту туралы тапсырмасын орындау мақсатындағы жобаларымызға демеуші болып келеді. Үш жылдан бергі оңтайлы тәжірибе биыл да жалғасын тауып, кемінде 26 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр.
Атап айтқанда, Әлия Молдағұлова даңғылы бойындағы «Мәңгілік алау» монументіне жалғасатын скверді «Вибромастер» компаниясы абаттандырып, бар нысандарды қалпына келтіреді. «Қазпошта» алдындағы алаңды «Стандарт Строй» серіктестігі жасақтап береді. Өздеріңізге белгілі, қаланың орталық даңғылында тұрған бұл учаске күтімді қажет етті.
Мәңгілік ел көшесі бойындағы аллеяны «Nomad Qurlys» компаниясы абаттандыруды міндетіне алып отыр. Есет батыр көшесінде орналасқан Гуманитарлық колледж алдындағы алаң «Рамазан Құс» кәсіпорны есебінен жөнделіп, сол жердегі субұрқақ қалпына келтіріледі, – дейді Азамат Бекет.
Шаһар басшысының айтуынша, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру жұмыстары қаланың әр бөлігінде жүріп жатыр. Бұл жұмыстар ескі қаланы да қамтитын болады. Мәселен, вокзал маңындағы «Ретро паркті» «Слар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жаңартатын болады. Ол жерде асфальт төселеді, жарықтандырылады, өзге де парк жиһаздары жаңартылады.
Ал Бөгенбай батыр көшесіндегі автотұрақтың орнына «BD Kair» компаниясы тұрғындардың демалысына арналған заманауи рекреациялық аймақ салып беретін болды.
– Қаланың көнекөз тұрғындарына белгілі Алтынсарин көшесіндегі бұрынғы мұражай қасындағы бос жатқан шағын учаскені де демалыс аймағына айналдыру жоспарланды. Ол жерді абаттандыруды «Жол Алға Систем» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі міндетіне алып отыр.
Қаланың тарихи аудандарының бірі – Жилгородок ауданы да назардан тыс қалмады. Қалалық Мәдениет үйі алдындағы сквер жаңартуды қажет етіп тұрғаны белгілі. Бұл скверді «Қала транс» серіктестігі қалпына келтіретін болады.
Бұдан бөлек, «Жилгородок» базары ауданындағы талдар өсіп, бос жатқан аумақты саябаққа айналдыру туралы тұрғындар тарапынан ұсыныс түсті. Тұрғындардың қалауын «Алихан-Ойл» серіктестігі қолдап, биыл жаңа саябақ салып беретін болды. «Нұр Ғасыр» мешітінің алаңындағы тозығы жеткен брусчатка төсенішті «Зерде Керамика» компаниясы жаңасына ауыстырып беруді міндетіне алып отыр.
5-ші шағынауданда орналасқан «Бақыт аллеясы» да жаңартуды қажет етті. Сондықтан бұл жерде «Автомаркет-04» кәсіпорны жұмыс жүргізіп, аллеяға жаңа дем береді, – дейді қала басшысы.
Қаладағы негізгі көшелердің бірі саналатын Ә.Молдағұлова даңғылында орналасқан теннис корты ауданындағы бос жатқан кеңістікті «BS Holding» компаниясы аллея ретінде салып бермек. Аталған мекеме былтыр учаскенің бірінші бөлігін абаттандырып, тұрғындар игілігіне тапсырған болатын. Бұл жер қазір сол жердегі тұрғындар үшін жайлы ортаға айналып отыр.
Чернышевский мен Рысқұлов көшелерінің қиылысындағы бос кеңістік Ақтөбе облысы кәрістер ассоциациясының демеушілігімен абаттандырылатын болады.
– Бұлардан өзге де рекреациялық аймақтарды жаңарту, жөндеу жұмыстары «Бабек-Құрылыс», «GranParkShymkent», «АНВАР», «Дина», «Sadu Business Group», «Ақжайық автопарк», «Rakhmet Group» және басқа да кәсіпорындардың қолдауымен іске асырылып жатыр. Қазіргі таңда аталған учаскелердің бірқатарында санитарлық тазалау және инженерлік жұмыстар атқарылуда. Өз міндеттеріне алған саябақ-скверлерде абаттандыру жұмыстарын бастап кеткен кәсіпорындар да бар. Жекелеген жобалар бойынша орындалу деңгейі 40 пайызға дейін жетті. Барлық жобалар жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс, – дейді Азамат Бекет.
Биыл қала тұрғындары күткен жобалардың бірі – «Қоныс» спорт кешені ауданындағы сквердің құрылысы толық аяқталады. Қазіргі таңда мердігер компания «Интерстиль» анықталған кемшіліктерді жою бойынша жұмыстарын жүргізуде.
Ал ERG компаниясының қолдауы арқылы Тәуелсіздік даңғылы бойынан салынып жатқан саябақтың бес бөлігінің үш бөлігі бүгінгі күні пайдалануға берілді. Саябақтың Мұстафа Шоқайдан Ғазиза Жұбанова көшесіне дейінгі бөлігіндегі жұмыс биыл жалғасады.
М. ТАБЫН,
Ақтөбе қаласы















