Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі

Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі

   

 Ақкүмiс Қапсихқызы Ихласова- 1961 жылы 22 ақпанда сол кездегi Орал облысы, Фурманов ауданы, Талдапан ауылында дүниеге келген. Мектепте оқып жүргенде анасы қайтыс болып, одан кейiн оқуын Алматыдағы №12 қазақ орта мектебiнде жалғастырады. Мектеп бiтiрген соң, 1978 жылы бауырларының жайын ойлап, бiрден еңбекке араласып кетеді. 1986 жылы Желтоқсан көтерілісіне қатысып, «Лениндiк ұлт саясаты жасасын!», «Қазақстанға қазақ басшылық етсiн!» деген ұранмен алаңға шығып, өз ойын батыл жеткізген  күрескер қыз. «Тәуелсіздік-1986-Желтоқсан» қоғамдық ұйымының мүшесі. Публицист жазушы, белгілі журналист Т. Айтбайұлының   Ақкүміс жайлы жазған «О дүниеден оралған қыз» атты деректі әңгімесін оқып,шошып, жағасын ұстамаған адам кемде-кем болар.

-Ақкүміс апай, сізді желтоқсан ардагері, қаһарманы, Тәуелсіздік үшін күрескен алғашқы қарлығаштарымыздың бірі ретінде танимыз. Сонау  1986 жылдың ызғарлы желтоқсанында болған оқиғаны ауыр да болса тағы еске түсірсек.  

-Алдымен халқыммен амандасып алайын. Ассалаумалейкум, баршаңызға қымбатты оқырман қауым! 1986 жылдың 16 желтоқсанында басталған оқиғаны еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін біледі десем артық емес. Бұл-әр үйдің, әр жанның жүрегін жаралаған, ар-намыстарын таптатпаймын деп құлындай дауыстары шырылдаған қазақ деген текті ұлттың ұлы мен қыздарының «еркін ел боламыз, қазақтың өзінің тілін, еркіндігін қайтарамыз. Кең-байтақ елдің иесі де киесі де қазақ!» деп үш күн, үш түн шыбын жандарын шүберекке түйген күн! Тәуелсіздіктің туын тіккен күніміз, Аллаға шүкір! Енді бұндайды қазақтың басына бермесін. 

 ...Мектеп бітірген соң Алматыдағы iргелi кәсiпорындардың бiрi саналатын Ю.Гагарин атындағы тiгiн фабрикасына жұмысқа тұрдым. Жақсы еңбек етіп, озат жұмысшылары қатарына қосылып, суретiм «Құрмет тақтасында» iлулi тұрды. Үлгiлi жастардың бiрi ретiнде Коммунистiк партияға мүше болып қабылдандым. Оқу мен еңбектi қатар алып, технология институтының 2 курсында сырттай оқып жүрдім. Желтоқсанның 15күнi кешкiлiк радионы сөндiрiп, ертерек жатып қалдым. Содан түс көрiп ояндым. «Түс – түлкiнiң боғы» дейдi бiреулер. Менің көрген түсiм өңiмде айнымай келетiн. «Апырмай, бұл не болды екен?» – деймiн. Орталық Комитет үйiнiң алдындағы алаңда жалғыз тұр екенмiн. Үстiмде қысқа жең көйлек. Аспанға қарасам, көк жүзi долы жауынның алдындағыдай түнере бұлттанып келедi. Үлкен үй жақтан Дiнмұхамед Қонаев атамыз көрiндi. Жалғыз өзi алаңға қарай баспалдақтармен баяу түсiп келе жатыр. Менiң жаныма тақағанда қалпағын қолына алды. «Қызым-ау, сен жеңiл тұрсың ғой, – дедi кiдiрiп. Содан кейiн мойнын үлкен үй жаққа бұрып: – Әйтеуiр бiр қызық жағдай болып жатыр, қызым. Артының қайырын бергей» – дейдi де, арқамнан қағады: «Қызым, сен жатақханаға қайтсаңшы» – дейдi. «Жоқ, ағай, қайтпаймын. Қазiр тағы да бiр кiсiлер келу керек едi, соларды күтемiн» деп, оянып кеттiм. Басыма бiрден: «Апыр-ау, бұл не болды сонда? Айнала ақ қар, көк мұз. Мен неге жалаңаш жүрмiн? Әй, мына түс бекер емес, бiр сұмдық болайын деп тұр-ау!» деген ой келдi.Содан жұмысқа келсем жұрт күбір-сыбыр етіп бірнәрсені айтып тұр. «Қазақтар орталық алаңда бәрін қиратып, бүлдіріп жатыр екен» деп.– Әй, қыздар,қалада қазақтар көтерiлiп жатыр дейдi ғой! Ендеше сендер не ғып отырсыңдар? Қане, тұрыңдар! – деп, бүкiл цехты басына көтердім. «Намыстарың болса, жүрiңдер! Не болса да өз көзiмiзбен көрейiк», – дедім. Сөйтiп бiр орнында тұрмай, цехтан цехқа зыр жүгiрiп жүргенде директорға ұсталып қалдымОл орыс ұлтынан болатын. «Сен елдi неге бүйтiп арандатып жүрсiң? Қазiр бұныңды қоймасаң милиция шақыртып, ұстатып жiберемiн!» – дедi ызғарын шашып. «Мен өзiмнiң ұлтым үшiн күйiп жүрмiн. Қазақтар кiмдi өлтiрiп жатыр, кiмдi соғып жатыр, барып, өз көзiммен көремiн. Олар балабақшалар мен мектептердi қиратып, өртеп жатса, оны да көрейiн. Соның бәрiн өз көзiммен көрмей, тыншымаймын!» – дедiмЖұмыстан айырылып қалам деп қорықты ма мені ешкім қостамады. «Батыстың қыздары жаужүрек болады» деп бекер айтпаған екен, маңғыстаулық Айғаным ғана iлестi.

  Сол кезде өз ұлтыма қара күйе жағып, ұлттық намысымды қорлағаны үшiн отқа да, суға да түсуге әзiр едiм. «Баруым керек, көруiм керек! Қазақтың қанiшер, жауыз емес екенiн дәлелдеймiн!» деп, менi тежегiсi келiп тұра-тұра ұмтылғандардың арасынан оқтай ұшып, екiншi қабаттың терезесiненсекiрiп кеттiм. Менiң соңымнан Айғаным да кетті.Екi өкпемiздi қолға алып жүгiрiп келемiз. Қай көшемен келе жатқанымызды, қай жерде жүргенiмiздi бiлмеймiн.  Алаңға барсақ көп адам жиналмапты. Әр жерде топтанып әңгімелесіп тұрЕртесі қайта келсек, алаң қара нөпiр халықтан теңселiп тұр екен. Бұл күнi негiзiнен қазақ жастары жиналған едi. Орталық Комитет үйiнің алды  мұздай қаруланған әскерге тола бастады. Олардың қатары көбейген сайын жағдай қатты шиеленiсiп келе жатты. Сағат бестер шамасында жастар алаңның бiр шетiнен ақ жаулықты әйелдi тепкiлеп, ұрып жатқанын көрiп қалды. Оны көздерi шалысымен жiгiттер солай қарай лап бердi. Олардан қаймыққан қарулы жасақ керi шегiндi. Бiр кезде су шашатын машиналар легi көрiндi. Бiрiнiң артынан бiрi жүрiп, бүкiл алаңды жауып, су шашып келедi. Әуелi көрген кезде қорқып кеттiк. Артынша шайқасымыз қайта қызды. Жазалаушы жендеттердi тас-кесекпен атқылап, Орталық Комитет үйiне қарай қуа жөнелемiз. Әудем жер ұзаған соң оларға тың күш қосылып, бiздi керi қуады. Әбден жауызданып алған, қуып жеткенiн аямайды. Дүрлiккен топпен iлесiп қашып келе жатқанымда көк желкемнен қатты соққы алып, ұзынымнан сұлап түсiппiн. Тұрайын десем, тұра алмаймын. Алаңда танысқан достарым Гүлжан мен Есен болмаса, құдай бiледi, сол жерде қалар едiм. Екеуi екi қолтығымнан сүйрелеп әкетiп бара жатқанда үшеумiз де қолға түстiк. Үдемелеген соққы мен тепкiнiң астында қалдық. Бас-көзге қарамай ұрып жатыр, соғып жатыр... Содан үшеумiздi де қоқыс таситын машинаның қорабына лақтырып-лақтырып жiбердi. Одан арғысын бiлмеймiн. Қайда апарғанын, не болғанын кейiн Гүлжаннан естiп-бiлдiм. Сөйтсем, 11 адамды тиеген машина Қаскелең жаққа шығып, жолдан жырақ төбешiктердiң арасына жеткенде, бәрiмiздi мал секiлдi лақтырып-лақтырып кетiптi. Жау шапқаннан кейiнгi жаралылар сияқты бiрi ақсап, екiншiсi қолын көтере алмай, үшiншiсi тағы да бiр ауыр халде қиналып-қыстыққанына қарамай, қатқақ қарда сұлап жатқан менi жабыла көтерiп, айнала төңiрек жарықтанған кезде үлкен жолға әзер iлiгедi. Бөтелке тасып жүрген сыған шалды тоқтатады. Бiздi арбаңызбен қаланың шетiне дейiн жеткiзiп тастаңызшы деп жалынады. Құдайға қараған кiсi екен, тиеген бөтелкелерiн жол жиегiне жинап, бәрiмiздi арбасына мiнгiзiп Сайын мен Жұбанов көшелерiнiң қиылысына дейiн әкеп тастады. Олар Жұбанов көшесiмен орталыққа қарай 100-150 метр жүрдi ме, жүрмедi ме, жан-жақтарынан анталап жүгiрген қарулы жасақтың қоршауында қалады. Бәрiн «ПМП» деген жазуы бар сары жолақ машинаға қайта тиейдi. Содан қаланың ортасындағы Совет (бүгiнгi Алмалы) аудандық iшкi iстер бөлiмiне жеткiзедi.

– Бiздi қамасаңыздар қамай берiңiздер. Ал мына сiңiлiмдi аясаңыздаршы. Бұл өледi ғой, ағатай, – деп Гүлжан шыр-шыр еткен соң, Амангелдi деген милиционер жiгiт «жедел жәрдем» машинасын шақыртыпты. «Жедел жәрдем» дәрiгерлерi мені №12 қалалық клиникалық ауруханаға апарыпты. Ауруларды қабылдайтын бөлiмдегi кезекшi дәрiгер оның қан-сөлсiз бозарып, қимылсыз жатқан түрiне қарап, Гүлжанға: «Мынауың өлiп қалыпты ғой. Әкетсең әкет, әкетпесең мәйiтханадан аласың», – дептi. Гүлжанның айтуынша, мен 18 желтоқсан күнi мәйiтханаға түсiппiн. Арада екi күн өткен соң өлiктердiң арасында отырғанымды лифт жүргiзетiн кемпiр байқап қалыпты. 

Мәйiтханада жатқанда бұрын-соңды көрмеген өзгеше бiр әлемде жүрдiм. Теңiздiң жағасында келе жатыр екенмiн деймiн. Сол кезде жаныма екi-үш жасар сүйкiмдi сәби жүгiрiп келдi. Келдi де қолыма жармасып, жағалаудан сәл алысырақта отырған кейуанаға алып барады. Оның айтуымен бала менi жетелей жөнеледi. Бір кезде «Сiз үйiңiзге келдiңiз»дейдi әлгi бала. – Мен ендi керi қайтамын. Мен оның соңынан қарап отырған кезiмде «Ох, одна живая!» деген таңданысқа толы үндi естiдiм. Осы не өңiм, не түсiм екенiн айыра алмай, мең-зең боп отырғанда, орыс кемпiр қолымнан ұстап тарта бастады. Сүйемелдей жүргiзiп арбасына жатқызды. Сонымен лифтiге кiргiзiп, 2-қабатқа шығарды. Сол кездегi түрiмдi көрсеңiз: жағым қарысып қалған, аузым кеуiп, тiлiм қозғауға келмейдi. Әйтеуiр кеудемде шықпаған жаным ғана бар. Кемпiрдiң жетелеуiмен iлбiп бiр бөлмеге кiрдiм. Қайдамын, мұнда қайдан келдiм, соның бiрiн де бiлетiн жайда емеспiн. 5-6 күннен кейiн ғана жанымдағыларға қарайтын халге жеттiм. Қай палатаға түскенiмдi де бiлмеймiн. Әйтеуiр терапия бөлiмiнде емделгенiм рас. Кiшкене ес жинай бастағанға ұқсаймын. Iшiмнен бұл жерге қалай келдiм деп ойланып жатыр едiм, дәрiгердiң «ыстық укол берiңiз» деген сөзiн естiп қалдым. «Сөмкем қайда қалды екен? Iшiнде күллi құжаттарым бар едi. Осыдан ай жарым уақыт бұрын ғана алған партбилетiм қай қоқсықта қалды екен? Көздерiм көгерiп, қанталап кеткен, бетiмнiң бiр жерi дақсыз болсайшы! Жара-жара, көкпеңбек iсiк, ерiндерiм тiлiм-тiлiм... Сонымен, 9- күнi әлi де жарақатым жаныма батып, қиналып тұрғаныма қарамай мені ауруханадан шығарып жiбердi. Бұл жаңа жылға 2-ақ күн қалған кез едi. Бетiмнiң домбыққан iсiгi қайта қоймаған, үстi-басым көкпеңбек, ауыр соққы алған басыммең-зең.

 Аурухананың тура алдында 39-автобус тоқтайтын едi, соған отырып, Жұмалиев пен бүгiнгi Төле би көшелерiнiң қиылысынан түсiп қалдымЖатақханаға кiру мен үшiн азаптың азабы болды... Вахтада отыратын Валя апай мені танымай қалды. Бөлмеме кірсем қасымда тұратын Анар бар екен. Менімен жылап көрісті. Дереу ваннаға жуындырып, ыстық шай берді. Жүрегi не деген жылы қыз едi! Сол үшiн де оған мың рахмет!  Айдалаға тастамаған Гүлжанға, бізді қалаға сүйреп келген сыған шалына, мәйiтханада аяғымдағы кендiр жiпке байланған қаңылтырды шешiп тастап, жоғарыға алып шыққан орыс кемпiрге айтар алғысым шексіз... Міне, әуелі Алла, сосын осындай жақсы адамдардың арқасында мен бұл өмірге қайта оралдым. Бұл күнде Анар құрбымның қайда екенiн де бiлмеймiн. Гүлжан өзiнiң туып-өскен жағында деп естiп едiм. Ал, орыс кемпiр бар ма, жоқ па?..Бәрi-бәрiне қарыздармын ғой! Әңгiме осымен бiткен жоқ едi. Күнде жиналыс, күнде жиын. Партия жиналысына салды. Партбилетiңдi жоғалтқаның үшiн жазалаймыз, жұмыстан қуыласың дедi. Одан кейiн кәсiподақ комитетiнiң жиналысында мәселемді арнайы қарады. Денсаулығым нашар, түнi бойы ұйқы көрмеймін. Ақ қар, көк мұзда қатты суықтаған екем, күрк-күрк жөтел бiр басылмайды. Соның өзiнде жұмысқа келем. Ақыры 20-қаңтар күнi қызуым қатты көтерiлiп, «жедел жәрдем» машинасын шақыртты.Тағы да №12 қалалық ауруханаға апарды. Бiр күн тексерiп, екi өкпесiне суық тиген деп, дереу өкпе ауруларын емдейтiн ауруханаға жiбердi. Мені Синявская Людмила Дмитриевна деген дәрiгер емдедi. Өте бiлімді, қатал кiсi екен. Соның арқасында дұрыс емделiп шыққан сияқтымын( ол кiсiге деген ризашылығын бiлдiргелi барсам, 1997 жылы қайтыс болып кетiптi). Желтоқсан көтерiлiсшiлерiне қарсы қолданған ауыр жазадан менi сол ауруым ғана құтқарды-ау деп ойлаймын.(Т. Айтбайұлының «О дүниеден келген қыз»әңгімесі бойынша үзінділер алынды).

-Қазіргі жағдайыңыз қалай, толық ақталдыңыз ба? Үй-ішіңіз, балаларыңыз жайлы айтып кетсеңіз.

  Мен 1992 жылға дейін құжаттарымды көтеріп, кімге барарымды білмей біраз жүрдімТүпнұсқасын желтоқсанның бір қоғамдық ұйымының басшысына беріп ем, жоғалтып алыпты. Неге екенін түсіме ылғи 12 деген сан кіре беретін. Содан ойлана келе 2010 жылы №12 қалалықауруханаға барып бас дәрігеріне жолықтым. 1986 жылы осында түсіп, емделді деген анықтама қағаз алдым. Осы бойынша өзім тұратын Алмалы ауданының сотына барып арыз жаздым. Сөйтіп олар мені бірден ақтап алды. Т. Айтбайұлының мен туралы жазған мақаласынан кейін өмірімнің қиын кезеңдері ескеріліп, жоғары жаққа хат жіберіледі. Ол кезде қала әкімі И.Тасмағамбетов болатын, маған үш бөлмелі баспана беруді бұйырды. Сол кездері тиісті орында отырған бір жас жігіт тек ордерді ғана көрсетіп, пәтер беруді қимай, ақыр аяғында жоқ болды. Жұмыс орным бойынша үй кезегiнде үшiншi боп тұр едiм. Бүгiнде үй кезегi тұрмақ, кәсiпорынның өзi де жоқ. Ендi «мен желтоқсан қаһарманы едiм» деп кiмге барып, кiмнiң алдында дәлелдемекпін? Қазіргі таңда көптің бірі болып қарапайым өмір сүріп жатырмыз. Аядай ғана жатақханада. Жолдасым Нәби Ниязбекұлы Оспанов та 86-ның желтоқсанында алаңда болған. Итке таланып, ауыр соққыға жығылған. Екеуміз де қазір зейнеттеміз. Бірақ еңбектен әлі қол үзген жоқпыз. Алла берген ұлдарым, келіндерім,немерелерім бар. Шүкір, бәрі жақсы. Мен 8 жыл ауырдым. Бірақ бір Алланың қалауымен емделіп, мойымай, басқа түскен қиындықты жеңдім. Тәубә деймін! 

«Қаһармандар» республикалық қоғамдық қорының президенті, қоғам қайраткері Сабыр Қасымов ағамыз «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссиясының мүшесі.  Көптен бері осы мәселені көтеріп келеді. Ол желтоқсан батырларына «Бостандық үшін күрескен қаһармандар» деген арнайы мәртебе беру керек дейді.

- Иә, «Бостандық үшін күрескен қаһармандар» атағын алуға Тәуелсіздік үшін қасық қанын қиып, алаңда күрескен әрбір желтоқсандықтар лайық деп білемін. 1986 жылдың желтоқсан көтерілісі күрескерлерінің бәрі батыр, қаһарман дер едім. С.Қасымов мырза өте орынды ұсыныс айтқан. Қос қолымды көтеріп қолдаймын. Осыны көзі ашық, көкірегі ояу билік көріп-біліп, қолдаса, кәнеки! Негізінде желтоқсандықтарды да саяси қуғын-сүргін құрбандарына жатқызуға болады. Қаншама батырларымыз қудаланып, сотталды,  отбасылары да азап шекті.Төрағамыз Бақыт Байниязовтың бастамасымен жоғары жаққа, Президентіміз Қ. Тоқаевқа сіздердің басылымдарыңызбен бірігіп, көптеген Үндеу,Ашық хаттар жазып жатырмыз, бірақ еш нәтиже жоқ! Еш жауап жоқ! 

-Қазір ақталған және ақталмаған желтоқсаншылар деп өзара бөлінетін болды. Осыған байланысты түрлі қоғамдық ұйымдар құрылып, жік-жікке бөлініп кетті.  Айтыс-тартыс, төрағалыққа, атаққа талас орын алуда. Бұған не айтасыз?

-Желтоқсан күрескерлерінің арасында бірін біріне айдап салып, өзара іріткі салатындар көп. Өте ыңғайсыз жағдай, сен ақталдың, сен ақталмадың дегенді бір-бірлеріне қалай айтады екен? Егер сол қанды төңкерістің ішінде болғандары рас болса, ондай нәрсені айтпауы тиіс еді. Төраға, төрайымдар қоғамдық ұйымдарды құрып алып, мүшелеріне ешқандай жағдай жасамайды. Тиісті орындарға барып, ақталуларына  көмектесуі қажет. Баратын жерлерге өздері барады, қолдарына мөр ұстағандарына мәз. Нақты алға қойған мақсат-мұраттары, жоспарлары жоқ. Көпке топырақ шашпаймын, «бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деген бар ғой. 

-Бүгінгі жаңа қазақ елінің болашағы қандай болуы керек, сізді не мәселелер толғандырып, қынжылтады?

  Қазақ елі жаңаша жаңғырған қазақ елі болуы керек. Қала, аудан, ауыл, көшелердің аты қазақыландырып, қайтарылуы тиіс. Президентіміз мемлекеттік тіл-қазақ тілі екенін айтса да, төмендегілер әлі бұрмалап отыр. Ұлтымыз ұлт болып қалуы үшін қазақ тілін заң жүзінде бекіту керек. Ел ішінде тәртіп ауадай қажет. Емін-еркін сайрандап жүрген босқындардың ойына келгендерін жасатпауымыз тиіс. Қазақстанға кіргендер кәсіп ашып алады да маңдайына өз тілдерінде (орыс, қытай, кәріс, ұйғыр, ағылшын, түрік, т.б) тақтайшалар іліп алады. Қазақ елінде тек қазақша жазылуы керек қой! Мемлекет тарапынан зауыт, фабрикалар ашылып, еліміздің болашағы жастар жұмыспен қамтылып, баспанасыздарға жатақханалар берілсе деймін. Желтоқсанда 3 күн, 3 түн қанға малынған батырларымызға, арасында шейіт болып кеткен боздақтарымыздың отбасыларына көп көмек беруіміз қажет. Баспанасыз бала-шағасымен қаңғырып жүргендер қаншама, соларға үй берілуі тиіс. Ел боп, жұрт боп көмектессек. Басқа мемлекетте зілзала, тасқын, т.б. табиғи апаттар болып жатса, біздің ел бірінші болып көмектеседі, миллиондаған қаржыны шашады. Алдымен өзіміздегі қиналып жүрген адамдарды жөндеп алайықшы, артылса сосын басқа көмектесерсің. Қазір билік өзімен өзі, халық өзімен өзі күн кешуде. Батырын батыр деп көтермесе, елін, халқын сыйламайтын биліктен не үміт, не қайыр?   Бізде шешілмей жатқан мәселелер өте көп. Соның бәрі ауызбіршілік, ынтымағымыздың жоқтығының кесірі. Үкімет халықтың үнін, жанайқайын естімейді. Бұзақылық, төбелес болса баяғы қазақ кінәлі деп шығады. Қазақстандағы шыққан заңның бәрі тек қазаққа ғана қатысты ма? Басқа ұлт өкілдері тамағымызды жеп, суымызды ішіп, ойына келгенін істеп кердеңдеп жүре бере ме сонда? Желтоқсан, Қаңтар көтерілістерінде алаңға шығып бас көтерген кім, баяғы қазақ! Қудаланып, түрмеге жабылып, азап шегуші де баяғы қазақ. Ел басына күн туғанда көрпесінің астына тығылып, бүркеніп жатып қалатын  Ассамблеяның да түкке де қажеті жоқ.Міне, мені осындай жағдайлар толғандырып, қынжылтады.

 -Ақкүміс апай, жүректен шыққан ашық әңгімеңізге рақмет!

                                                                       

Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы
02.06.2023

Ұқсас жаңалықтар

Алматыда өрттен 13 адам көз жұмды
Qazaqstan Ұлттық Телеарнасы - 30.11.2023 39
Өзгенің табысына ортақтасу – масылдық
Нұрым Сырғабаев nurymsyrgabaev28@gmail.com - 30.11.2023 16
🔰АНА МЕН БАЛАҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Жуалы ауданы әкімдігі - 30.11.2023 47
ЖЕҢІМПАЗ АТАНДЫ
Сарысу ауданы әкімдігі - 30.11.2023 35
КЕЗДЕСУ
Сарысу ауданы әкімдігі - 30.11.2023 37
ШЫМКЕНТТЕ 3 ЖЫЛДА 472 КӨШЕ ЖАРЫҚТАНДЫРЫЛДЫ
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі - 25.07.2023 1686

Топ жаңалықтар

1
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 4083
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 3752
3
Оразай би ҚОЖАГЕЛДІҰЛЫ. Әшімжанның әкесі.
Show more
Жанарбек Әшімжан ФБ парақшасынан - 2023-06-01 3908
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 3842
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 3914