Абай облысында төтенше жағдайлардың алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы орайда Алакөл жағалауында әмбебап құтқару бөлімшесі ашылып, Ақсуат ауданының Қызылкесік ауылында жаңа өрт сөндіру бекеті пайдалануға берілді.
Алакөл көлінің жағалауында ашылған әмбебап құтқару бөлімшесі туристік аймақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Нысан Қабанбай ауылы маңында орналасқан. Бір қабатты ғимарат арнайы техника мен жүзу құралдарына арналған бокстармен жабдықталған. Бөлімшеде 6 бірлік арнайы техника, оның ішінде 2 құтқару катері мен 2 гидроцикл бар.
Салтанатты шараға облыс әкімі Берік Уәли, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, азаматтық қорғау органдарының өкілдері қатысты. Аймақ басшысы жаңа нысанның маңыздылығына тоқталды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Сіздердің жұмыстарыңыз қауіп-қатерге толы әрі зор жауапкершілікті талап етеді. Мемлекет пен қоғам сіздердің антқа адалдықтарыңызды, қажырлы еңбектеріңізді жоғары бағалайды», – деп ерекше атап өткен болатын. Алакөл – еліміздің інжу-маржаны. Ұзындығы 4 шақырымды құрайтын жағалауда шомылу маусымы кезінде 230 демалыс базасы, 100-ден астам сауда нысаны, 50-ден астам қоғамдық тамақтану орны қызмет көрсетеді. Өткен жылы мұнда 100 мыңнан астам турист келді, оның ішінде шетелдік қонақтар да бар. Мұндай ауқымды туристік ағым қауіпсіздік мәселесіне ерекше жауапкершілік жүктейді. Бүгін ашылып отырған әмбебап құтқару бөлімшесі барлық қажетті техникамен жабдықталған. Сонымен қатар құтқарушылар жедел әрекет ету үшін капсулалық модуль іске қосылды. Сондай-ақ, Қабанбай ауылында өрт сөндіру депосының құрылысы басталған болатын. Премьер-министр Олжас Бектенов облысымызға келген сапарында құрылысын жалғастыруға қаржы бөлінетінін, Үкімет тарапынан тиісті қолдау көрсетілетінін айтты. Яғни, туристердің жайлы, қауіпсіз демалуына барлық жағдай жасалынуда. Өрт сөндіруші мен құтқарушы – кез келген сәтте өз өмірін қатерге тігіп, адам өмірі үшін күресетін мәртебелі мамандық иелері. Сіздердің еңбектеріңізді мемлекет пен қоғам әрқашан жоғары бағалайды. Бүгін ашылып отырған жаңа бөлім – сіздердің қызметтеріңізді жеңілдетіп қана қоймай, төтенше жағдайлардың алдын алуда тиімділікті арттырады деп сенемін», – деді Берік Уәли.
Шара барысында құтқарушыларға 7 арнайы автокөліктің кілті табысталып, бөлімше аумағына ағаш көшеттері отырғызылды. Бұдан кейін облыс әкімі мен министр құтқарушылардың жедел әрекет етуіне арналған капсулалық модульді көріп, жағалауды бейнебақылау және жасанды интеллект арқылы бақылау жобасымен танысты. Сонымен қатар Алакөл жағалауы катермен араланып, қауіпсіздік шаралары мен инфрақұрылымның жай-күйі қаралды.
Жалпы демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жағалауда 17 құтқару мұнарасы орнатылған, 35 құтқарушы-нұсқаушы даярланған. Өткен жылы 42 рейдтік іс-шара өткізіліп, 15 әкімшілік хаттама толтырылған.
Осы күні Ақсуат ауданының Қызылкесік ауылында «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында жаңа өрт сөндіру бекеті ашылды. Бекетте 1 өрт сөндіру көлігі, 1 жүргізуші және 2 қызметкер жұмыс істейді. Ол 2 тасымалды, 1 стационарлық және 1 мобильді радиостанциямен жабдықталған. Қызмет көрсету аймағына Қызылкесік, Егіндібұлақ, Үштөбе ауылдары мен 40-тан астам қыстақ кіреді. Жалпы 736 тұрғын үй мен 2072 адам қамтылған.
Облыс әкімі бұл нысанның да маңыздылығын атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз сөзінде: «Сіздердің жұмыстарыңыз қауіп-қатерге толы әрі зор жауапкершілікті талап етеді. Мемлекет пен қоғам сіздердің антқа адалдықтарыңызды, қажырлы еңбектеріңізді жоғары бағалайды», – деп айрықша атап өткен болатын. Бұл – сіздердің еңбектеріңізге берілген жоғары баға әрі үлкен сенім. Осыған орай, Абай облысында азаматтық қорғау жүйесін дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. 2023-2026 жылдар аралығында облыстық бюджеттен 3 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, материалдық-техникалық база айтарлықтай нығайтылды. Соның нәтижесінде заманауи, аса қажетті техникалар сатып алынды. Бүгін ашылып отырған Қызылкесік ауылындағы өрт сөндіру бекеті – осындай жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі. Заманауи талаптарға сай салынған бұл нысан өрт сөндіру техникасын, құрал-жабдықтарды және жеке құрамды орналастыруға толық мүмкіндік береді. Бекет қажетті техникамен және байланыс құралдарымен қамтамасыз етілген», – деді аймақ басшысы.
Шара барысында Төтенше жағдайлар министрі бірқатар азаматтарды марапаттап, облыс әкімі Алғыс хаттар табыстады. Бекет аумағына ағаш көшеттері отырғызылды.
Жалпы облыста 326 елді мекеннің 90-ы мемлекеттік өртке қарсы қызметтің, 170-і «Ауыл құтқарушылары» бекеттерінің қорғауында. Қазіргі таңда өңірде 75 бекет жұмыс істейді. Биыл жыл соңына дейін қосымша 12 бекет ашу жоспарланып отыр.













