ҚАЗАҚ БАСПАСӨЗІ МЕРЗІМДІ БАСЫЛЫМДАРЫ
БАСШЫЛАРЫНЫҢ ҮНДЕУІ
Қадірлі Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Әрқашанда сіз баспасөзге қолдау көрсетіп, қамқорлық жасап келесіз. Журналистердің мерекесінде өзіңіз арнайы шақырып, Ақордада марапаттар тапсырып, жылы лебізіңізді білдіресіз. Бұл журналистер қауымына зор рух береді. Әсіресе соңғы жылдары баспана мәселесінде көмектесіп, жүздеген журналистерді қуанышқа бөледіңіз. Өзіңіз білесіз, қазақ баспасөзі осы көрсеткен ілтипатыңызға, қолдауыңызға орай бұрын да, қазір де жанкештілікпен жұмыс істеп, мемлекетіміздің гүлденуі мен өркендеуіне зор үлес қосып, халық пен биліктің арасында алтын көпір болып келеді. «Біз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құруды қолға алдық. Бұған дейін айтқанымыздай, бұл мемлекеттік органдар тек азаматтардың күнделікті мәселесіне жауап қатуы деген сөз емес. Бұл ең алдымен билік пен қоғам арасындағы диалог» деп Жолдауыңызда айтқандай, алдағы уақытта да осы парызымыз пен міндетімізді орындай береміз.
Сол алтын көпір Қазақ баспасөзінің жағдайы қазір аса мәз емес. «Қазақ баспасөзіне зор қауіп төніп тұр!» деген тақырыпта Қазақ баспасөзі мерзімді басылымдарының басшылары кезінде онлайн дөңгелек үстел жасап, өзіңізге ашық хат жолдағанбыз. (Дөңгелек үстел 20 ақпанда («Qazaqstan dauiri» №36 (1319) 10 қыркүйек 2020 жыл тышқан жылы Әлеуметтік желіде: https://www.elana.kz/qazaq-baspasozine-zor-qauip-tonip-tur/ «ҚАЗАҚ БАСПАСӨЗІНЕ ЗОР ҚАУІП ТӨНІП ТҰР!») өткенмен, қатыспай қалған мерзімді басылымдардың басшыларымен онлайн байланыс арқылы жалғасты https://qazdauiri.kz/?p=16721). Одан аса нәтиже болған жоқ. Рас, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Алматыға арнайы келіп, біздің өкілдермен кездесті. Біраз мәселелер шешілді. Алайда таралымымыз азайып, жағдайымыз одан әрмен нашарлай түсті. Егерде осылай кете берсе, Қазақ баспасөзінің халықпен байланысы нашарлап, онсыз да қатары селкеуленіп қалған басылымдар жаппай жабылуы әбден мүмкін. Сондықтан Қадірлі Президент мырза, Қазақ баспасөзін өз қамқорлығыңызға алуыңызды өтінеміз.
Қазір ел ішінде «Газеттің болашағы жоқ» деген негізсіз пікір кең тараған. Алайда, адамзат өзі жоғалтып алған құндылықтарды белгілі бір уақыт кезеңінде қайта іздей бастайтынын тарих әлдеқашан дәлелдеп қойған. Интернет желісі өте жақсы дамыған, ақпараттық технологияның көш басында тұрған алпауыт елдерде миллиондаған газет-журналдың таралуы және оқылуы – осының айғағы. Сіздің Жолдауыңызда айтылған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын қалыптастыру бағытында БАҚ саласына жүктелетін міндет зор. Қоғамдағы ашықтықты қамтамасыз ету, бұқара мен билік арасында алтын көпірге айналу, қордаланған мәселелерді сыни тұрғыдан сараптау – бізге қойылып отырған бүгінгі күннің талабы.
Ғаламтор, әлеуметтік желі әсерлерін айтпағанда, соңғы кездері әкім-қаралар, мектеп директорлары, басқа да мемлекеттік қызмет саласындағылар «Баспасөзге жазылуға мәжбүрлемеңіздер!» деген желеу айтуы салдарынан мерзімді басылымдарға теріс көзқарас қалыптасты. Баспасөзді оқымау надандыққа, бейжайлылыққа, рухани жаңғырмауға, сауатсыздыққа деген тікелей жол салу деп білеміз. Өркениетті, дамыған мемлекеттерде мұндай теріс көзқарас мүлдем жоқ. Оларда газет, журнал оқу мәдениеті әрқашанда жоғары. Қазір ақпаратқа деген халықтың сұранысы артып отыр. Мерзімді басылымдарға қаржылай және рухани жағынан олар қамқорлық жасап отырады. Ол мәселені шетелдерде көп зерттеген сіз жақсы білесіз. Баспасөзге жазылу науқаны алдында қайтадан өзіңізге хат жазуға мәжбүр болып отырмыз. Бұл хатымыз нәтижесіз, аяқсыз қалмайды деп сенеміз. Біз мерзімді басылымдардың таралымын көбейтудің және басқа да көптеген көкейтесті мәселелері жөнінде өтінішімізді өзіңізге жолдап отырмыз.
1. Басылымдардың, соның ішінде қазақ газет-журналдарының таралымын көбейтуге еліміздегі кітапханалар жүйесі айрықша ықпал етеді. Нақты санын айтар болсақ, 11 мыңдай кітапхана бар. Оның сыртында мектептерде де 7 мыңдай кітапхана жұмыс істейді. Оларға қазақ тіліндегі мерзімді басылымдарды жаздырып алуға бөлінетін қаржыны Үкіметіміз көбейту керек. Бір-бірден жазылғанның өзінде тек кітапханалар жүйесі арқылы таралымымыз 18 мыңға жетер еді. Осы мәселеге өзіңіз тікелей ықпал еткеніңізді қалаймыз. Себебі бұл жол халықпен байланысудың нақты да сара жолы.
2. Мәдениет және ақпарат министрлігінің жанынан «Ақпараттық-сараптамалық комиссия» құрылса жөн болар еді. Сонда ол комиссия бізбен тікелей жұмыс істер еді. Журналистердің Бірлестігі немесе Ассоциациясы құрылып, барлық талаптарымыз осы қоғамдық ұйым арқылы шешілсе деген өтінішіміз бар. Сондай-ақ қазақ басылымдарының қажетін қамтамасыз ететін қор ашылса, нұр үстіне нұр.
3. Қазір мемлекеттік тапсырыс мәселесі шешіліп келеді. Дегенмен басылымдардың шығынын өтей алмайды. Оның сыртында тапсырыс берілгенде газет-журнал таралымы жөніндегі шарты алынып тасталып, дотация беру жағын қарастыруға ықпал етсеңіз дұрыс болар еді. Әсіресе мемлекеттік тапсырыстың талаптарын жеңілдеткен жөн. Мәселен бұрын мемлекеттік тапсырысты алу үшін таралым (газет) саны 10 мыңнан кем болмауы тиіс болатын. Бұл санды соңғы кездері 5 мыңға азайтты. Мұның өзі де бізге ауыр жүк болып тұр. Себебі, жоғарыда айтқанымыздай, «Баспасөзге жазылуға мәжбүрлемеңіздер!» деген бұйрық шыққалы басылымдардың таралым саны күрт азайып кетті. Облыстардан, министрлік тарапынан тапсырыс көлемі арттырылса және ол конкурстан тыс болғаны жөн. Ол сонда бүгінде қиындық қыспағында қалған қазақ басылымдарына оң ықпал етері даусыз. Сондай-ақ, өңірлерден мемлекеттік тапсырыс алуда бір жүйеге көшсе. Өңірлер тапсырыс көлемін ұлғайтып, 20-30 беттен (А2) асырмаса кем қылмайды. Бұл газетіміздің мазмұнының төмендеуіне зор әсер етеді. Соңғы жылдары кейбір облыстар шығатын материалдарды қазақ және орыс тілінде беруді талап етіп отыр. Бұл мемлекеттік тапсырысты бермеудің амалы ғой деп отырмыз.
4. Кеңес өкіметі кезінде мерзімді басылымдар арнайы ғимарат орындарымен қамтамасыз етілді. Мәселен, республикалық деңгейде «Дәуір кешенді баспасы» үйі болды. Онда газет-журналдардың редакция ғимараты, арнаулы баспахана, спорт залы, мәдениет үйі бар болатын. Жекешелендіру кезінде республикалық басылымдардағы журналистердің маңдай тер қаржысымен салынған осы кешенді Баспа үйі әлдекімнің меншігі болып кетті. Сондықтан да бұл мәселе қайта қаралып, өзімізге қайтарылуы қажет. Немесе жаңа Кешенді Баспасөз үйлері Астана, Алматы қалаларында бой көтерсе құба-құп болар еді. Осыған ықпал етуіңізді сұраймыз. Себебі газет журналдардың кеңсе, баспанасы өте қымбат. Әсіресе бұл тәуелсіз басылымдарға өте ауыр екенін жеткізгіміз келеді.
5. Газет-журналдарды таратуға «Қазпошта» қызметі айрықша үлес қосады. Өкінішке қарай, бүгінде оның жер-жердегі мыңдаған бөлімшелері дұрыс жұмыс істей алмай отыр. Бұл газет-журналдың уақытында бармауы баспасөзге деген көзқарастың теріс болуына ықпал етуде. Пошта тасушылардың еңбекақылары мүлде төмен. Соның көлемін ұлғайту үшін аудандардағы пошта қызметкерлерінің еңбекақысын жергілікті бюджетке енгізген өте дұрыс жол болар еді. Сонда олар ауыл әкімдігінің құрамындағы қызметкерлер қатарына еніп, күнделікті пошта жұмысын Кеңес үкіметіндегідей қалыпқа келтірер еді. «Қазпоштаның» қызметі, газет тарату бөлімдерінің қызметтері биыл өте қымбаттап, шарықтап кетті. Сондай-ақ баспахананың басу және қағаз бағасы да уақыт өткен сайын қымбаттап барады. Бұл қымбатшылыққа «Егемен Қазақстаннан» бастап барлық басылымдар наразылығын білдірді. Бірақ бұл әлі өз нәтижесін берген жоқ.
Ең бастысы мәселелердің бірі «Қазпошта» АҚ өткен жылдардан бері басылымдарын тарату тарифін үнемі көтеріп келеді. Тасымалдау құнын 17 теңгеден 41,7 теңгеге дейін аспандата көтерді. Бұл тарифтің 2,45 есеге, яғни 145 пайыздан астамға қымбаттауы. Биыл тағы да 5 теңге қымбаттатылды. Бұл және баспахананың бағасының өсуі министрлік бөлген қаржы біздің қажетімізге толыққанды жетпеуіне әсер етіп отыр.
6. Газет-журналдарға салынатын қосымша құн салығы мүлде алынып тасталғаны да біздің жұмысты жандандыруға ықпал етеді. БАҚ-тың жаңа заң жобасында осындай жақсылық бар деп естідік. Өңірлік әкімшіліктер мемлекеттік тапсырысты алалап барып, неғұрлым бермеуге тырысады. Соңғы мемлекеттік тапсырыс талабы тіптен сорақы болып кетті.
7. Қазір нарық заманы болғандықтан, газет-журнал сататын дүңгіршектер жұмыс істегені жөн. Тіпті, Алматы мен Астана қалаларының өзінде де дүңгіршектер жоқтың қасы. Осы мәселені де назарға алып, әрбір облыс орталығында дүңгіршектерді қайта өмірге әкелуге ықпал етуіңізді сұраймыз. Қазіргі дүңгіршектерге өнімімізді өткізгіміз келгенмен, олар да өз бағаларын шарықтатып отыр.
8. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің бұйрығымен бекітілген ережеге сай еліміздің барлық облыстарында және республикалық маңызы бар қалаларда мемлекеттік тапсырысты ұйымдастыру облыстық ішкі саясат басқармасының құзіретіне берілгендігі ақпарат құралдарына біршама қиындықтар тудыруда. Өйткені аталмыш ережеде мемлекеттік тапсырыс конкурстарына біркелкі талаптар қойылған. Соның ішінде бір аудан көлемінде таралымы жоғары және жергілікті оқырмандармен біте қайнасқан, тарихы терең басылым мен басқа қаладағы немесе аудандағы газет мемлекеттік тапсырыс конкурсына қатысуына ешқандай шектеулер қойылмаған. Яғни ауданның тынысын күнделікті жарыққа шығарып отырған, редакция құрамында 10 адамнан кем емес қызметкері бар газет ұжымымен өзге қала немесе аудандағы басылымның артықшылығы аталған ережеде ескерілмеген. Одан бөлек жыл сайын «ҚР Мемлекеттік сатып алу» Заңына сәйкес аудан аумағында жыл көлемінде игеретін қаржының 20 пайызына дейінгі көлемін алдын ала қосымша келісім арқылы аударатын. Себебі мемлекеттік тапсырыс конкурсының өтетін мерзімі шамамен 2 айға жоспарланған. Осы уақыт аралығында редакция ұжымы айлық жалақы мен өзге де шығындарынан қысылмайтын. Ал бүгінгі таңда қаңтар айының басында қол жеткізетін 20 пайызға дейінгі қаржымыздың нақты қай мерзімде берілетінін білмей дал боламыз.
9. Журналистке және мемлекеттік басылымдарға мәртебе берілсе. Жалақы мәселесі көтерілсе. Зейнет демалысына шыққан журналистерге көтеріңкі зейнетақы тағайындалса. Үй алу мәселесі де оңтайландырылып жеңілдетілсе. Үкіметтік ауруханаларда тегін емделуге, қаралуға журналистерге мүмкіндік жасалса. Әсіресе баспана мәселесінде тәуелсіз басылымдар шет қалмаса...
10. Елімізде ресейлік БАҚ-тар үлес салмағы басым. Жеке мемлекет ретінде олардың жұмысын тоқтатып немесе мейлінше шектеу қажет. Олар біздің мемлекетіміздің ұлттық-ақпараттық қауіпсіздігіне қауіп-қатер төндіретіні сөзсіз. «Жаңа Қазақстан» жүйесін құрған кезде осы мәселені арнайы қарап, олардың біздің елімізде таралуы тоқтатылса деген талабымыз бар.
11. Балалар басылымдары үшін, соның ішінде біздің «Мөлдір бұлаққа» биліктен қолдау керек! «Қазақ газеттеріне» қарасты балаларға тән төрт басылым министрліктің тізімінде болғандықтан, оларға жазылу үшін жоғарыдан нақты тапсырма бар. Ал, ол тізімге қосылмаған басылымдар тасада қалады. «Әділетті Қазақстан» болғандықтан мектептерде насихаттау, журналға жазылуға тең қарау керек. Өйткені, барлығы бір мақсатпен тәуелсіз елдің ұрпақтары үшін қызмет етеді. Тендер берген кезде осы принципке көңіл бөлген дұрыс.
Міне, көріп отырсыз, бұл айтқан мәселелер мемлекетке аса көп жүк, ауырлық түсірмейді деп ойлаймыз. Тек бізге деген ниет, ықылас түзелсе, бәрі де жүзеге асатын мәселелер. Бізге де қаржы табуға жанталаспай, шығармашылықпен айналысуға зор мүмкіндік туар еді. Сөйтіп, еліміздің даму деңгейін арттыруға, «Жаңа Қазақстанның» экономикалық және рухани жағынан гүлденуіне, өркендеуіне біз барынша үлес қоса алар едік.
Зор құрметпен:
1) Сәуле Мешітбайқызы, «Qazaqstan dauiri» ЖШС бас директоры, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері.
2) Мағира Қожахметова, Балалардың республикалық «Балбұлақ» журналының, «Дертке дауа» медициналық-танымдық, республикалық газетінің бас редакторы.
3) Марат Тоқашбай, «Президент және халық» газетінің бас редакторы, Қазақстанның педагогикалық ғылым академиясының академигі, профессор.
4) Талғат Айтбайұлы, республикалық «Жыл – он екі ай» журналының бас редакторы, ұлт қайраткері.
5) Досымбек Өтеғалиев, «Заң» медиа корпорациясы, ЖШС басшысы, («Заң» газеті, «Юридическая газета»).
6) Ертай Айғалиұлы, халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі.
7) Дәурен Қуат – «Жұлдыз» журналының бас редакторы.
8) Қымбат Әбілда, Республикалық «Айгөлек» журналының автор-редакторы, ҚР Мәдениет қайраткері, Түркі әлемінің ақпарат саласының үздігі.
9) Бауыржан Жақыпов, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы мен түркі халықтарының М.Қашқари атындағы сыйлығының лауреаты, «Ақпарат саласының үздігі» медалінің иегері.
10) Құлтөлеу Мұқаш, «Қазақ үні» газетінің бас редакторы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, ҚР Мәдениет қайраткері.
11) Болат Батыр, Республикалық «Үш қоңыр» газетінің бас директоры, бас редакторы.
12) Нұрлыбек Саматұлы, Республикалық «Таңшолпан» әдеби-көркем көпшілік журналының бас редакторы, жазушы.
13) Гауһар Тұрсынқожа, «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы, «ҚР Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісінің иегері.
14) Ерік Рахым, «Жас Алаш» газетінің директоры-бас редакторы.
15) Жадыра Нармаханова, «Ұлан» балалар газетінің бас редакторы.
16) Балжан Мұратқызы, «Ақжелкен» журналының бас редакторы
17) Ерғали Бақаш, «Балдырған журналының бас редакторы
















