Қуыршақ театры жаңа 91-маусымының шымылдығын түреді

Қуыршақ театры жаңа 91-маусымының шымылдығын түреді

1935 жылы қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтың бастамасымен негізі қаланған Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры өзінің 91-ші маусымын жаңа шығармашылық жобалармен бастамақ. 90 жылдан астам тарихы бар өнер ордасы биылғы маусымда көрермендердің барлық жас ерекшелігін қамтитын, түрлі бағыттағы төрт жаңа спектакльді 15-18 қыркүйек аралығында өткізілетін премьералар апталығы аясында ұсынады.

Жаңа маусымның басты ерекшелігі – қойылымдардың тақырыптық және жанрлық алуандығында. Театр ұжымы балаларға арналған классикалық туындыны жаңаша сахналап, экологиялық мәдениет, туған қала тарихы және ұлттық құндылықтар тақырыптарын қуыршақ өнері арқылы көрерменге жеткізуді мақсат етіп отыр.

Солардың бірі – көрермен назарына 15 қыркүйек күні 15:30-да ұсынылатын «Алты жасар Алпамыс» спектаклі. Балаларға арналған таңдаулы туындылардың қатарындағы Абдолла Қарсақбаевтың көркем фильмі негізінде сахналанған адаптация алғаш рет қуыршақ бейнесінде театр сахнасына жол тартты. Білімге деген құштарлық пен арманға адалдықты арқау еткен спектакль 5 жастан асқан көрермендерге арналған. Спектакль режиссері – Шохан Құлназаров, инсценировка авторы – Жазира Ахметова. Суретшісі – Юлия Чернова, музыкамен көркемдеуші – Давид Литвинов. Спектакльде Толқын Тлеулиева, Гүлім Рахимова, Рауан Укарова, Эльмира Кумарова, Мейрхан Батырханов, Ханшайым Серікова, Ұлан Адамбаев және Бота Табылдиева өнер көрсетеді.

Ал ұлттық құндылықтарды заманауи бағытта дәріптеуге арналған кезекті премьера – «Жақсылық пен жамандық» спектаклі. Премьерасы 16 қыркүйек күні сағат 14:00-де өтеді. Қойылымның негізгі мақсаты – жас көрерменге қазақ халқының рухани мұрасын таныстырып, оның ішінде қасиетті домбыра аспабының маңызын насихаттау. Ұлттық өнерді заманауи сахналық шешімдермен ұштастыра отырып, спектакль өскелең ұрпақтың ұлттық мәдениетке деген қызығушылығын арттыруды көздейді. «Жақсылық пен жамандық» спектаклінің режиссері – Антон Зайцев, инсценировка авторы – Назерке Ұзақбек. Қойылымның суретшісі – Юлия Чернова, композиторы – Альфия Земскова, хореографы – Салтанат Беймишева. Спектакльдегі рөлдерді Сабила Абуева, Еркеш Жүнісова, Марал Тауекелова, Алтай Тауекелов, Эльвира Сүлейменова, Айдын Жақыпбаев, Гүлвира Бейсембаева, Ұлбосын Момынжанова, Гүлбаршын Өнімбай, Ерсұлтан Тезекбай, Ернар Оралов, Бақыт Дәулет, Лаура Айтқалиева және Жандос Тайлақов сомдайды.

91-маусымның тағы бір жаңа туындысы – «Taza.kz» спектаклі. Премьера уақыты – 17 қыркүйек, сағат 14:00. 6 жастан асқан көрермендерге арналған буффонада жанрындағы туынды республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының маңызын дәріптеуге бағытталған. Спектакль қоршаған ортаға, туған жерге деген сүйіспеншілікті арттырып, табиғатқа жауапкершілікпен қарауға тәрбиелейді. Спектакль режиссері әрі идея авторы – Алияр Нұраділ, суретшісі – Юлия Чернова, хореографы – Меруерт Кализатова. Рөлдерді Бақытжан Қаюов, Асемгүл Мансұрова, Арайлым Байырбекова, Ернар Оралов, Өркен Жұма, Дәулет Бақыт, Мадияр Ұлдахан және Аружан Абдуғали сомдайды.

Ал Алматы қаласының тарихы мен мәдени болмысын арқау ететін «Алматының алмасы» спектаклі де жаңа маусымның премьералары қатарынан орын алды. Аталмыш қойылым 18 қыркүйек күні сағат 14:00-де премьералар апталығын тәмамдайды. Бұл спектакль еліміздің мәдени астанасы саналатын Алматы қаласының туған күніне орай ұсынылған қойылым шаһардың тарихын, өзіндік ерекшелігін және туған жерге деген сүйіспеншілікті жас көрерменге ертегі әлемі арқылы таныстыруды көздейді. Спектакль 6 жастан бастап көрермендерге арналған. «Алматының алмасы» спектаклінің авторы әрі режиссері – Григорий Лайко, суретшісі – Ануар Бүркітбаев, композиторы – Давид Литвинов. Қойылымда екі актерлік құрам өнер көрсетеді. Бірінші құрамда: Болат Момынжанов, Эльмира Кумарова, Мейрхан Батырханов, Дәулет Бақыт, Бота Табылдиева және Ұлан Адамбаев; екінші құрамда: Алтай Тауекелов, Арайлым Байырбекова, Өркен Жұма, Ернар Оралов, Лаура Айтқалиева және Жандос Тайлаков.

Осылайша, төрт түрлі тақырыпты қамтыған жаңа қойылымдар театрдың шығармашылық ізденісінің жаңа бағыттарын айқындап, қуыршақ өнерінің тек балаларды қызықтыратын жанр ғана емес, тарихты, ұлттық құндылықтарды, экологиялық мәдениетті және қоғамдағы маңызды мәселелерді жеткізетін өнер алаңы екенін тағы бір мәрте көрсетеді.

 Ұлпан ШЕРІХАН

11.09.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 27566
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 27071
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 44413
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 40155
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 44757