Жақында өзбекстандық БАҚ-тарда «Өзбекстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» толықтырылған заң жобасының күшіне енгені хабарланып жатты.
Заңға сәйкес, иммунитет пен қол сұғылмаушылыққа құқығы бар адамдар шеңбері, оларға қатысты іс жүргізу тәртібі және осы құқықтарды бұзғаны үшін жауапкершілікке тарту мәселелері қарастырылған екен. Біз сөзіміздің басында ресми БАҚ-тарда жарық көрген мәтіндерді толығымен келтіре кетуді жөн көрдік.
Мұнда: Қол сұғылмаушылыққа құқығы бар адамдар: Олий Мәжіліс Заң шығару палатасының депутаттары және Сенат мүшелері; адам құқықтары жөніндегі өкіл (омбудсмен); балалар құқықтары жөніндегі өкіл; судьялар; прокурорлар, тергеушілер және анықтаушылар; адвокаттар; Орталық сайлау комиссиясының мүшелері; президенттікке кандидаттар (кандидаттық кезеңінде) және т.б. Президент Әкімшілігінің әкімшілік қызметкерлері жұмыстан босатылғаннан кейін бес жыл бойы – Президент Әкімшілігіндегі міндеттерін орындауға байланысты емес әрекеттері немесе әрекетсіздігі үшін;
Қол сұғылмаушылыққа құқығы бар адамдар: Өзбекстан Республикасының Президенті; Президент Әкімшілігінің лауазымды тұлғалары және олардың отбасы мүшелері; Президент Әкімшілігінің әкімшілік қызметкерлері – Президент Әкімшілігіндегі міндеттерін орындауға байланысты қабылданған шешімдері, әрекеттері немесе әрекетсіздігі үшін. Парламент депутаттары дауыс беру және пікір білдіру құқығына ие;
Ұстауға тыйым салынады: иммунитеті бар адамды ұстауға және құқық қорғау органына әкелуге болмайды, Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 221-бабының 1-тармағында көзделген негіздер бойынша үш сағатқа дейін ұстау жағдайларын қоспағанда;
Қылмыстық қудалау: иммунитеті бар адамдарды қылмыстық қудалау үшін тиісті палатаның, Президенттің немесе басқа уәкілетті органның келісімі қажет. Мысалы, депутаттар үшін – тиісті палатаның ұсынысы негізінде Президенттің жазбаша келісімі, Президент Әкімшілігінің әкімшілік қызметкерлері үшін – Бас прокурор;
Дәлелдемелер: иммунитет және иммунитет талаптарын бұза отырып алынған дәлелдемелер жол берілмейді деп саналады және іс материалдарынан алынып тасталады;
Әкімшілік жауапкершілік: иммунитеті бар адамдарды сот ісін жүргізуде әкімшілік жауапкершілікке тарту тек Әкімшілік жауапкершілік туралы кодекстің жаңа XXIII³ тарауында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады. Сот ісін жүргізу кезінде иммунитеті бар адамдарға қатысты әкімшілік жазалар қолданыла алмайды;
Жедел іздестіру: иммунитеті бар адамдардың телефон арқылы сөйлесулерін тыңдау және хат алмасуын бақылау тек сот шешімімен немесе Бас прокурордың жазбаша рұқсатымен жүзеге асырылады.
Иммунитет және иммунитет құқықтарын бұзғаны үшін қылмыстық жауапкершілік: Конституцияға немесе заңға сәйкес иммунитеті бар адамды көрінеу заңсыз ұстау, күштеп әкелу немесе тергеу әрекеттерін жүргізу, сондай-ақ осындай әрекеттер үшін бұйрық немесе тапсырма беру: белгілі бір құқықтардан айыруға, үш жылдан бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады;
Бірнеше рет, адамдар тобымен жасалған, күш қолданып немесе күш қолдану қаупін төндіріп, дәлелдемелерді бұрмалап жасаған немесе қамауға алу немесе қылмыстық жауапкершілікке тарту арқылы жасалған әрекеттер – бес жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Президент Әкімшілігінің лауазымды тұлғалары мен басшылық қызметкерлерінің өз міндеттерін орындауға байланысты шешімдерінен, әрекеттерінен немесе әрекетсіздігінен келтірілген залал мемлекеттік бюджет есебінен өтеледі және оларға кері талап қою құқығы қолданылмайды.
«Ортақ жол» деп нені меңзейміз?
Көрші елдің заңы, олардың саяси шешімдері туралы өзгеше пікір айтудан аулақпыз. Дегенмен осы ақпараттарды оқығанда, сонау 2000 жылдары қабылданып, кейін толықтырулар енгізіліп, біраз жыл күшінде тұрған «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңы есімізге түсе кетті. Аталмыш заңда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың және оның отбасы мүшелерінің құқықтық жағдайы, артықшылықтары мен кепілдіктері белгіленген еді. Ол бойынша ең әуелі Елбасыға мемлекеттің негізін қалаушы ретінде ерекше саяси және құқықтық статус берілді. Тұңғыш Президентке және оның отбасына қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тартудан, ұстаудан, жауапқа алудан толықтай иммунитет (қолсұғылмаушылық) қарастырылды. Оның және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің жеке мүлкіне қол сұғылмайтын болды.
Жасыратыны жоқ, «Қаңтар оқиғасынан» кейінгі еліміздің саяси жүйесінде бірқатар елеулі өзгерістер орын алғаны белгілі. 2022 жылғы маусымдағы жалпыхалықтық референдумнан кейін барып Ата заңымыздан Тұңғыш Президентке қатысты нормалар алынып тасталды.
Мұндай заң Тәжікстанда 2015 жылы қабылданды. Заңның атауы – «Бейбітшілік пен ұлттық бірліктің негізін қалаушы – Ұлт көшбасшысы туралы» заң деп аталады. Мұндағы белгілемелер бойынша Эмомали Рахмонға «Ұлт көшбасшысы» (Пешвои миллат) ресми титулы берілген. Ол және оның отбасы мүшелері толық өмір бойғы қолсұғылмаушылық құқығына ие. Ақпараттардан белгілі болғанындай, оларды тұтқындауға, тінтуге, жауапқа тартуға болмайды. Сондай-ақ Ұлт көшбасшысы мен оның отбасына тиесілі барлық жылжымалы және жылжымайтын мүліктерге заңды түрде қол сұғуға тыйым салынған. Олар мемлекет тарапынан толық күзетпен және әлеуметтік көмекпен қамтамасыз етіледі.
Түркіменстанның жағдайы көпшілікке белгілі болса керек. Билік тізгіні экс-президент Гурбангулы Бердымухамедовтен оның ұлы Сердар Бердымухамедовке өткеннен кейін, отбасылық кланды қорғайтын жаңа конституциялық заң қабылданды. 2023 жылдың қаңтарында «Түркімен халқының Ұлттық Көшбасшысы туралы» конституциялық заң қабылданды. Онда бұрынғы президент Гурбангулы Бердымухамедовке «Аркадаг» (Түркімен халқының ұлттық көшбасшысы) мәртебесі бекітілді. Сондай-ақ Аркадагтың өзіне, оның отбасы мүшелеріне және олардың меншігіндегі барлық мүлікке өмір бойғы тиіспеушілік (иммунитет) берілді. Бұған қоса, заң бойынша бұл отбасы мүшелерін мемлекеттік қауіпсіздік қызметі тек қана тегін күзетіп қоймайды, оларға жоғары деңгейдегі медициналық, сервистік және тұрғын үй жеңілдіктері толықтай мемлекет бюджетінен төленеді.
Шавкаттың шапағаты
2016 жылы қыркүйекте Өзбекстанды ұзақ жыл басқарған Ислам Каримов Құдай ажалынан өліп, өзбектер жаңа Президент сайлау мүмкіндігін алған еді. Бұл орынға сол тұста Үкімет басқарып тұрған Шавкат Мирзиеев келіп жайғасты. Ол билікті қолына алғаннан кейін Каримовтың тұсындағы тоң болып қатып қалған қағидаларды жібітуге, елде нарықтық қоғам құруға кірісті. Сөйтіп, өзбектердің өмірінде елеулі өзгерістер орын ала бастады. Дегенмен жылдар өте келе билік трансформациясына бел шеше кіріскен Шавкат Мирзиеев билік мерзімін ұзартудың Конституцияға өзгерістер енгізу арқылы жаңа «кәнігі тәсілін» таңдады. 2023 жылы Өзбекстанда конституциялық референдум өтіп, президенттік мерзім 5 жылдан 7 жылға ұзартылды. Жаңа Конституцияның белгілемелері бойынша Мирзиеевтің алдыңғы екі мерзімі «нөлге түсті». Осылайша, 2023 жылы мерзімінен бұрын сайлау өткізіп, теориялық тұрғыдан 2037 жылға дейін билікте қалуға мүмкіндік алды. Ал мұндай кәнігі тәсілден Қазақстан өзбектерге тәлім бере алатындай деңгейге жеткен еді. Нұрсұлтан Назарбаев 1995 жылдан бері қарай конституциялық өзгерістер арқылы мерзімін бірнеше рет ұзартты немесе Тұңғыш Президент ретінде өзін сайлауға түсу шектеулерінен босатқан болатын. Яғни өмір бойына қайта-қайта сайлауға түсе беруге Ата заң арқылы кепілдік алғаны белгілі еді.
Сарапшылар сонымен қоса Ш. Мирзиеевтің экономикалық реформаларға көбірек ден қойғанын жоғары бағалай келе, Н. Назарбаевтің «алдымен экономика, сосын саясат» дейтін ұстанымын еске алатыны бар. Дегенмен Ш. Мирзиеевтің ашықтығы, көрші елдермен болған ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған қадамдарын бағаламауға болмайды. Ол баспасөз еркіндігіне біршама жол ашқан басшы ретінде танылып келеді. Осы мүмкіндікті пайдаланған кейбір өзбекстандық саясаткерлер Президенттің отбасы мүшелері мен жақындарының лауазымды қызметтерге тағайындалуы, жіліктің майлы басын иемденіп алуы сынды жайттарды ара-тұра қозғап қалатыны бар... Өз кезегінде мұны да ортаазиялық «ортақ жолға» жатқызуға болатын шығар деп ойлаймыз.
PS: Ашық дереккөздерде Президенттің отбасы мүшелері мен жақын туыстарының лауазымды қызметтерде отырғандығы айтылады. Мәселен, президенттің жұбайы Зироатхон Хошимова мен оның туыстары түрлі мемлекеттік ірі қайырымдылық қорларын басқарып, елдің экономикалық, денсаулық сақтау және фармацевтика салаларындағы шешімдерге ықпал ететіндігі айтылады. Шавкат Мирзиёевтің үлкен қызы Саида Мирзиёева қазір Өзбекстан Президенті Әкімшілігінің басшысы қызметін атқарады. Сонымен қатар Ұлттық қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары және Ташкент халықаралық қаржы орталығының басқарушысы лауазымдарын иеленген. Оның күйеуі Ойбек Турсуновтың Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары лауазымына тағайындалғаны туралы ақпарат бар. Ол сонымен қатар елдегі байлығы жылдам көбейіп келе жатқан ірі кәсіпкер ретінде танымал адам. Ойбектің әкесі Батыр Турсунов – Мемлекеттік қауіпсіздік саласындағы ең ықпалды ардагерлердің бірі. Ол Өзбекстанның Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі төрағасының орынбасары.
Шавкат Мирзиёевтің кіші қызы Шахноза Мирзиёева Өзбекстан Президенті жанындағы Ұлттық әлеуметтік қорғау агенттігі директорының бірінші орынбасары қызметінде. Оның күйеуі Отабек Умаров Президент қауіпсіздік қызметі басшысының орынбасары ретінде белгілі және спорттық ұйымдарда (Азия Олимпиадалық кеңесінің вице-президенті) басқарушылық қызметтер атқарады.














