Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі

Алты алаштың басы қосылса,  төр – мұғалімдікі

«Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі» деген керемет сөз бар. Бірақ бүгінде біз оны тәрбиешіге өзгертіп отырмыз. Өйткені мұғалімнен бұрын баланың фундаментін құятын – тәрбиеші. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейнов: «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден», – деген. Ендеше, сол білімнен бұрын мінез қалыптаспай ма? Еліміздің ертеңі саналатын келешек ұл-қыздарымыздың болмысы мен мінезі балабақша жасында қалыптасады екен. Яғни қоршаған ортаның балаға әсері орасан зор. Моцарттың үш жасында концерт бергенін, Джон Стюарт Миллдің сол жаста латын тіліндегі классикалық әдебиетті оқығанын естігенде таңғалмаймыз. «Олар ерекше қабілетпен жаратылған» деп ойлаймыз. Жалпы алғанда, біздің қоғам «адам данышпан болып туады» «туа біткен талант» деген пікірді берік ұстанады. Ал жапон ғалымы Масару Ибука бұл пікірмен келіспейді. Оның ойынша, адамдардың барлығы бірдей қабілетпен дүниеге келеді. Кімнің қандай адам болатыны, негізінен, ортасы мен тәрбиесіне байланысты. Үш жасқа тола қоймаған бала Масару Ибуканы әкесі техника музейіне апарғанды жақсы көреді екен, соның әсерінен болар, кейіннен осы Масару Ибука әлемге танымал кәсіпкер әрі инженер болды, «Sony» корпорациясының негізін қалаған адам ретінде әлемге танылды. Оның  айтуынша, 3 жасқа дейінгі уақыт адамның ғұмырында өте маңызды саналады. Себебі адам миы үш жасқа дейін ерекше қарқынмен дамиды. Бұл кезеңде миымыздың шамамен 70-80 пайызы қалыптасады.

Одан кейін баланың миын жетілдіру қиынға соғады. Алайда балаңызды уақытында, яғни сәби кезінде дұрыстап тәрбиелесеңіз, қоршаған әлемді тануына көмектессеңіз, оның данышпан болып шығуы әбден мүмкін! Адамның күні адаммен. Сондықтан тек әке-шешесі немесе бірге туған бауырларымен ғана емес, басқа балалармен де араласу, ойнау баланың көкжиегін кеңіте түседі.  Мұндай дағды балдырғанның ақыл-ойына оң әсер етіп, оның бойына көпшілдік қасиетін дарытады, бәсекелестік түйсігін жетілдіріп, жеңімпаз болуға талпындырады. Бүгінде қалада ойын ойнап, далада секіріп аунап жүрген балалардың саны азаюда, себебі балаларымыз үйде болса қолына телефон беріп қойып, тыныш отырса болды деп, баланың болашағына балта шауып жатамыз. Кейде ата-аналар баланы балабақшаға беруден де қорқады. Ал бала ақпараттың барлығын ойын арқылы алатынын ескерейік. Мектепке дейінгі балалардың жан-жақты дамуы үшін ойынның рөлі ерекше. Ойын – жалпы адамзат мәдениетінің бірегей феномені, оның қайнар көзі мен шыңы. Мәдениет феномені ретінде ойын оқытады, дамытады, тәрбиелейді. Баланың өмірге қадам басардағы алғашқы қимыл-әрекеті – ойын, сондықтан да оның мәні ерекше. Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбаев: «Ойын ойнап, ән салмай, өсер бала бола ма?» – деп айтқандай, баланың өмірінде ойын ерекше рөл атқарады. 

Ойын – мектеп жасына дейінгі баланың жеке басының дамуына игі ықпал ететін жетекші, басты құбылыстың бірі. Ойын арқылы баланың дене құрылысы жетіліп, өзі жасаған қимылына сенімі артады. Баланың бойында ойлау, тапқырлық, ұйымдастырушылық, шыдамдылық, белсенділік қасиеттер қалыптасады. Ойын дегеніміз – жаттығу, ол арқылы бала өмірге бейімделеді. Ойын арқылы өзінің күш-жігерін жаттықтырады, қоршаған орта мен құбылыстардың ақиқат сырын ұғынып, еңбек дағдысына үйрене бастайды. Былайша айтқанда, болашақ қайраткердің тәрбие жолы, тәлімдік өнегесі ойыннан бастап өрбиді. Аса көрнекті Кеңес педагогі А.С.Макаренко ойынның балалар өмірін ұйымдастырудағы ролін жоғары бағалай келіп, тәрбиешінің ролі туралы былай деп жазды: «Мен де педагог ретінде олармен аздап ойнауға тиіспін. Егер мен тек қана үйретіп, талап етіп, айтқанымды істетіп тұрсам, онда мен, бәлкім, пайдалы, бірақ жақындығы жоқ бөгде күш қана боламын. Мен міндетті түрде аздап ойнауға тиіспін және мен өзімнің барлық әріптестерімнен осыны талап еттім», – дейді. 

Елімізде көптен бері балабақша тәрбиешілеріне көңіл бөлінбей жүргенін де айтып өту керек. Осыны қолға алып, балалар тәрбиесінде еңбек етіп жүрген тәрбиешілерге деген көптеген мүмкіндіктер сыйлаған «Mangilik el jastary» қоғамдық қорының жасап жүрген еңбектері орасан зор. аталмыш қор «Сулейман Демирель» университетінде балабақша тәрбиешілеріне арналған «Бала дамуындағы ойынның маңызы» атты семинар-практикум өткізді. Шара пленумаралық отырыста құрметті қонақтардың сөздерімен басталды. Қонақтар арасында Раушан Тумаева, Күләнда Батырбекова, Алмагүл Батырханова, Гаухар Киикова сияқты осы салада талай еңбек етіп, дамуына үлестерін қосып жүрген білікті мамандардың ізгі тілектерімен бастау алды.  Семинарға 200-ге жуық тәрбиеші топқа бөлініп, алты сағаттан тұратын теория-практикалық сабақтарға қатысты. Семинардың спикерлері балабақша саласында елімізге белгілі білікті мамандар         

    

«Мектепке дейінгі білім беруді жүзеге асырудағы әдістемелік қызмет» тақырыбында Раушан Тумаева, «Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы сөйлеу тілінде бұзылыстары бар балалармен жұмыс жасау және сөйлеу тілін түзетудің тиімді әдіс-тәсілдері» туралы Жұлдыз Таңбаева, «Мектепке дейінгі ұйым педагогтерінің «Soft skils» және «Hard Skils» дағдыларын ұйымдастырудың жолдары» тақырыбында Күлбаршын Метербаева мен Гүлмира Мышбаева өткізді. «Мектепке дейінгі ұйымдарда ойын технологияларын ұйымдастыру» тақырыбында Ұлмекен Төлешева, «Мектепке дейінгі ұйымдарда заттық дамытушы ортасын модельдеу» тақырыбында Ұлжан Қайсанова, соңғы уақытта өзекті болып жүрген мәселелердің бірі «Эмоционалды интеллекті дамыту және басқару»  тақырыбында Ақбота Қоңырова сабақтарын жүргізді. Осылайша еліміздің түкпір-түкпірінен келген тәрбиешілер біліктіліктерін арттырып, тәжірибелерін шыңдай түсті. Сұлтанмахмұт Торайғыров: «Балалықтың қанына ойын азық», – деп бекер айтпаған. Алдағы уақытта да «Mangilik el jastary» қоғамдық қорының тәрбиешілермен бірлескен жұмыстары жалғасын таба бермек. Еліміздің ертеңі, ұлтымыздың болашағы – бүгінгі ұрпақтың өмірді танып, ой-өрісінің өркен жайып, рухани жетілуі үшін ойынның бала өміріндегі маңызы  зор. Балабақшадағы тәрбиешілері мен мектептегі мұғалімдерге ғана иек артпай, өз үйіміздегі балаларымызға да көңіл бөлейік, өйткені келешек үшін бәріміз жауаптымыз!  

АҚҚУ СӘЛІМБЕК
12.06.2024

Ұқсас жаңалықтар

Абысын-ажындар сахнада сайысты
Кәмила САПАРХАЙЫР, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі Алматы облысы Іле ауданы филиалының төрайымы - 25.09.2024 772
Алаш жұрты  Ғарифолласынан айырылды
«Qazaqstan dauiri» газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналының ұжымы - 25.09.2024 618
13 жасар оқушы  бес түрлі қамшы өреді
Бағдәулет Нұрмат, Түркістан облысы - 25.09.2024 663
530 өлең жолынан  тұратын кітап
НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК - 25.09.2024 596
Ұстаздар 8 перзент  тәрбиелеп отыр
Бағдәулет Нұрмат, Түркістан облысы - 25.09.2024 621

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 5595
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 5039
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 8206
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 6020
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 7233