Ашхабад қаласында Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының (МСШҮК) 91-отырысы өтті. Онда Түрікменстанның Су шаруашылығы мемлекеттік комитетінің төрағасы Дурды Генджиев, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Өзбекстан Республикасының Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев және Тәжікстан Республикасының Энергетика және су ресурстары бірінші орынбасары Джамшед Шоди Шоимзода бос қосты. Бақылаушы ретінде Қырғыз Республикасының Түрікменстандағы Елшілігінің кеңесшісі Эмиль Шадыханов қатысты.
Отырыста тараптар 2025 жылғы вегетация кезеңінің қорытындыларын талқылады. Сондай-ақ 2025-2026 жылдардағы вегетацияаралық кезеңге арналған Нарын-Сырдария су қоймалары каскадының болжамдық жұмыс кестесі бекітілді. Осы кестеге сәйкес Шардара су қоймасына келетін болжамды су көлемі келісілді.

Бұдан бөлек, тараптар Аралды құтқару халықаралық қорының негізін қалаушы мемлекеттер басшыларының саммиттерінде берілген тапсырмалардың орындалу барысы туралы есеп берді. Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының келесі, 92-отырысы келесі жылы Тәжікстанда өтеді.
«Өткен суару маусымы күрделі климаттық жағдайда өтті. Алайда МСШҮК құрамындағы мемлекеттердің өзара үйлесімді әрекеттесуі вегетация кезеңін тұрақты өткізуге мүмкіндік берді. Осындай кездесулер арқылы ортақ келісімдер жасалып, алдағы ынтымақтастықтың негізі қаланады. Орталық Азия елдеріндегі әріптестерімізбен бірге трансшекаралық су ресурстарын барлық тараптың мүддесін ескере отырып, әділ бөлуге ниеттіміз», – деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.















