Заман жаңарсын, ұлттық құндылық жоғалмасын!

Заман жаңарсын, ұлттық құндылық жоғалмасын!

Мемлекеттің болашағы – айқын мақсат пен жүйелі жұмыстың, елдік мүдде мен қоғамдық бірліктің нәтижесі. Ал сол мақсат-міндеттердің халыққа кеңінен түсіндіріліп, әр азаматтың санасына жетуі – маңызды қоғамдық міндеттердің бірі. Осы орайда Қазақстанның даму басымдықтарын, ел алдындағы өзекті мәселелерді және Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауының мән-маңызын насихаттауды мақсат еткен арнайы экспедиция Атырау облысына ат басын тіреді.

Экспедиция аясында өңірге арнайы жұмыс сапарымен келген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетінің және республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналының бас директоры, «ЕлАна» қоғамдық қорының президенті Сәуле Мешітбайқызы Каспий өңірі көпсалалы жоғары колледжінің педагогтерімен және студенттерімен кездесті.

Алпыс жылға жуық уақытын журналистикаға, қоғамдық қызметке және елдік мәселелерді көтеруге арнаған қаламгермен жүздесуге жиналған жұртшылықтың қарасы қалың болды. Кездесудің басты мақсаты – Жолдауда белгіленген басым бағыттардың мәнін түсіндірумен қатар, қоғамдағы өзекті мәселелерді ортаға салып, ел болашағына қатысты ортақ ой қалыптастыру.

Әңгіме Мемлекет басшысының Жолдауында көтерілген міндеттер мен олардың қоғам өміріндегі маңызынан өрбіді. Сәуле Мешітбайқызы елдің дамуы тек экономикалық көрсеткіштермен өлшенбейтінін, оның негізінде білімді ұрпақ, жауапты азамат, берік отбасы және саналы қоғам тұруы керектігін атап өтті. Оның айтуынша, ел болашағына бағытталған әрбір бастама халықтың қолдауымен, азаматтардың белсенділігімен және ортақ жауапкершілігімен жүзеге асады.

Сондықтан Жолдауда айтылған міндеттерді тек мемлекеттік органдардың жұмысы деп қабылдамай, әр азамат өз саласында ел дамуына үлес қосуы қажет.

Басқосуда қоғам қайраткері өзі басқарып отырған басылымдардың да елдік мәселелерді көтерудегі рөліне тоқталды. Ақпарат айдынында отыз жылдан астам уақыт бойы оқырманымен бірге жасап келе жатқан халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетінің және республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналының қалыптасу тарихы, бүгінгі бағыт-бағдары мен негізгі ұстанымы туралы әңгімеледі. Басылымдардың басты мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу, ел ішіндегі өзекті мәселелерге үн қосу, жас ұрпақтың бойына ізгілік пен адамгершілік қасиеттерін сіңіру.

Сәуле Мешітбайқызының әңгімесі бір ғана журналистика саласымен шектелмеді. Ол өзінің өмір жолы, бала күнгі арманы, ұстаздыққа деген сүйіспеншілігі мен шығармашылық ізденісі туралы да сыр шертті. Бала кезінен ұстаз әрі журналист болуды армандағанын, сол арманға жету жолында талмай еңбек еткенін жеткізді. Жастарға білім мен еңбектің қадірін түсіндіріп, қандай салада жүрсе де, үздіксіз іздену мен табандылықтың маңызды екенін айтты.

Кездесу барысында бүгінгі қоғам өміріне дендеп енген цифрландыру мәселесі де назардан тыс қалмады. Қоғам қайраткері «Цифрлық Қазақстан» экспедициясы аясында Аналар кеңесінің өкілдерімен бірлесіп, бірқатар министрліктерде болған кездесулер мен көтерілген қоғамдық мәселелер туралы әңгімеледі. Атап айтқанда, оқу-ағарту, денсаулық сақтау, мәдениет және ақпарат, цифрлық даму салаларына қатысты өзекті мәселелер мен ұсыныстарға тоқталды.

Оның пікірінше, технологиялық даму – уақыт талабы. Алайда цифрлық өркениетке қадам басу барысында ұлттық болмысымыз бен рухани құндылықтарымызды назардан тыс қалдыруға болмайды. Жаңа технологияны меңгерген ұрпақтың бойында адамгершілік, үлкенге құрмет, кішіге ізет, салт-дәстүрге адалдық секілді қасиеттер де қатар қалыптасуы тиіс. Өйткені техникалық мүмкіндігі жоғары, бірақ рухани құндылықтан алыстаған қоғамның болашағы баянды болуы қиын.

Қоғам қайраткерін алаңдататын тағы бір маңызды мәселе – жастардың кітап оқуға деген қызығушылығы мен ана тіліне деген құрметі. Ол кітап оқудың жас ұрпақтың ой-өрісін кеңейтіп, сөздік қорын байытудағы, дүниетанымы мен зияткерлік деңгейін қалыптастырудағы маңызына тоқталды. Бүгінгі ақпарат тасқыны заманында жастардың тек әлеуметтік желідегі қысқа мәліметтермен шектелмей, терең білімге ұмтылуы қажеттігін жеткізді. Осы тұрғыда кітап оқуды насихаттау, балалардың әдебиетке қызығушылығын арттыру – отбасы мен білім беру ұйымдарының ортақ міндеті.

Сондай-ақ ана тілінің тазалығы мен сөйлеу мәдениетіне ерекше назар аударды. Қазақ тілінің қадірін білу, сөзді орнымен қолдану, сауатты сөйлеу – әр азаматтың мәдениетінің көрсеткіші. Тілдің шұбарлануына жол бермей, оның тазалығы мен байлығын сақтау, жас ұрпақтың ана тілінде еркін әрі сауатты сөйлеуіне жағдай жасау қажеттігін атап өтті.

Кездесудің негізгі өзегі бүгінгі қоғамды толғандырған әлеуметтік және тәрбиелік мәселелерге ұласты. Әсіресе отбасы институтының әлсіреуі, жастар тәрбиесі, қыз бала тәрбиесі, ерте жүктілік, суицид, ажырасу және жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық мәселелері кеңінен қозғалды.

Қоғам қайраткері ұрпақ тәрбиесінің тамыры отбасында жатқанын, ұлттық болмысты сақтауда ата-ана өнегесі мен үлкенге құрметтің орны айрықша екенін баса айтты. Бұрынғы буынның «ұят болады», «жаман болады», «обал болады», «сауап болады» деген тағылымды сөздерінің астарында тұтас бір тәрбиелік ұстаным жатқанын еске салды.

– Бүгінде ерте жүктілік, суицид, ажырасу секілді қоғамды алаңдататын мәселелер аз емес. Мұның бәрі бейжай қарайтын жағдай емес. Кешегі «ұят болады, жаман болады, обал болады, сауап болады» деген төрт ауыз сөзбен ұрпағын тәрбиелеген халық едік. Сол сөздердің астарында үлкен тәрбие, адамгершілік пен жауапкершілік жатты. Өкінішке қарай, бүгінгі ұрпақтың бойынан осы қасиеттердің әлсіреп бара жатқанын байқаймыз. Бұрын «атаң келе жатыр», «әкең келе жатыр» деген сөздің өзі үлкенге деген құрметті білдіретін. Қазір сол қадір-қасиетті қайта жаңғыртуымыз керек. Әке-шешесін қарттар үйіне тапсыратын ұрпақтың әрекеті де ойландырмай қоймайды. «Отан – отбасынан басталады» деген сөз бекер айтылмаған. Отбасы берік болмай, қоғамның да берік болуы қиын. Ертеңгі болашағымыздың мықты болуы үшін бүгінгі тәрбиеміз дұрыс болуы керек, – деді Сәуле Мешітбайқызы.

Ол қоғамдағы келеңсіздіктердің алдын алуда отбасы, білім беру ұйымдары мен қоғамдық ортаның өзара байланысы маңызды екенін атап өтті. Әсіресе қыз бала тәрбиесіне, оның болашағына жауапкершілікпен қарау қажеттігін жеткізді. Жастардың әлеуметтік желіге тәуелді болмай, оны білім алуға, дүниетанымын кеңейтуге және пайдалы ақпарат таратуға пайдаланғаны жөн екенін айтты.

 

Еркін форматта өткен кездесуде оқытушылар мен студенттер де өз ойларын ортаға салып, көкейлеріндегі сауалдарын қойды. Сәуле Мешітбайқызы қатысушылардың пікірлеріне құлақ түріп, мазалаған сұрақтарына жауап берді. Ашық пікір алмасу барысында білім мен тәрбие, тіл мен дәстүр, цифрландыру мен рухани құндылықтар төңірегінде өрбіген әңгіме көпшілікке ой салды.

 

Тоғжан ЕРМЕК

13.11.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 29422
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 28976
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 46235
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 41836
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 46555