Ұлытау – ұлттың жүрегі, тарихтың тірегі

Ұлытау – ұлттың жүрегі, тарихтың тірегі

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі,  ҚР Оқу-ағарту министрлігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «Ауыл» партиясы, «Ардагерлер кеңесі» РҚБ,  «ЕлАна» сайты, «Мөлдір бұлақ» журналымен бірлескен дәстүрлі «Цифрлық Қазақстан ауылы – ұлт руханиятының қайнар көзі: Жасанды интеллект, Жаңа Қазақстан, Әділетті Қазақстан, «Таза Қазақстан», «Заң мен тәртіп», Инновациялық даму, Ұлттық жад, Ұлттық рух – елді көркейту жолындағы Президентіміздің салиқалы саясаты – дәстүрлі экспедицияның алтын арқауы» атты экспедициясы Ұлытау облысында

 

Экспедиция жетекшісі – «Qazaqstan dauiri» ЖШС-ның бас директоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, қоғам және мемлекет қайраткері, ұстаз, публицист Сәуле Мешітбайқызының Ұлт ұясы атанған қасиетті мекенге табан тіреуінің өзінде үлкен мән бар. Өйткені Ұлытау – ұлтымыздың тарихи жадын жаңғыртатын, елдік пен ерліктің, бірлік пен берекенің символына айналған қасиетті өлке.

Сәуле Мешітбайқызының Ұлытау өңіріне бұл алғашқы сапары емес. Дегенмен, әр келген сайын аймақтың тыныс-тіршілігімен танысып, елдің дамуына бағытталған игі бастамаларды көріп, ерекше әсер алатынын айтады.

Бұл жолғы сапары Ұлытау облысының әкімі Есет Байкенмен кездесуден басталды. Кездесу барысында өңір басшысы облыстың алдағы даму жоспарлары, жүзеге асырылып жатқан жобалар мен аймақтың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған жұмыстар туралы баяндады. Мемлекет басшысының тарихи шешімімен құрылған Ұлытау облысы да соңғы төрт жыл ішінде еңсесін тіктеп, дамудың даңғыл жолына аяқ басты. Аз уақыт ішінде өңірдің экономикалық және әлеуметтік әлеуетін арттыруға бағытталған ауқымды жұмыстар қолға алынды. 

Бүгінде облыста жаңа жобалар жүзеге асырылып, инфрақұрылым жаңарып, өндіріс пен әлеуметтік саланы дамытуға тың серпін берілуде. Бұл жетістіктер – Қазақстан Республикасы Үкіметінің тікелей қолдауының, инвесторлармен және ірі өндірістік серіктестермен қалыптасқан тиімді әріптестіктің нәтижесі. «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры, «Қазақстан халқына» қоры, «Отбасы банк», еліміздің өндіріс алпауыттары – «Қазақмыс» корпорациясы, «Qarmet», «ERG» компанияларымен бірлескен жұмысымыздың аясында өңіріміз үшін маңызды әлеуметтік және инвестициялық жобалар қолға алынды.

Облыс үшін мұндай серіктестіктің маңызы зор. Өйткені инвестиция – тек қаржы салымы емес. Ол – жаңа өндіріс, жұмыс орындары, заманауи инфрақұрылым және тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға берілетін мүмкіндік. 

Ұлытау облысының әкімі Есет Байкенмен толық  сұхбатты газеттің алдағы санында оқисыздар.

Тәрбиемен берілген білім – ұлт байлығы

Бірнеше жылғы ғұмырын ұлт тәрбиесіне арнаған ұстаз Сәуле Мешітбайқызы Ұлытау облыстық Абай атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының ұжымымен кездесті. 

Мектеп 2017 жылы ашылған. Жалпы 900 балаға арналған білім ордасында бүгінде 600-жуық оқушы оқиды. Мектептің академиялық білім үдерісінің мәні қазақ тілі мен қазақ әдебиеті бейінін бөле отырып, қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы мамандандырылған жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыру арқылы білім берудің оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру. Абай мектептерінің әдіснамалық тұғыры Абай Құнанбайұлының «Толық адам» пікіріне негізделеді. Абай мектептері білім алушылардың тұлғасы, азаматтық ұстанымы, адами құндылықтары Абай шығармалары негізіндегі дүниетаным мен ой-сана қасиеттерін қалыптастыруға бағытталған. 2021 жылдан бастап мектеп «Ментор мектеп» жобасы бойынша Ұлытау ауданының мектептерімен жұмыс тәжірибесімен бөлісіп келеді. Аталған жоба мектептермен бірнеше бағыт бойынша жұмыс жүргізеді.

Мысалы, «Lesson study» сабағын зерттеу бойынша мұғалімдерге арналған оқыту семинарлары, мектеп педагогтеріне арналған «Super сабақ», жоғары сынып білім алушыларына арналған онлайн сабақтар, ҰБТ-ға дайындық, кәсіби бағдар беру жұмыстары, «Авторлық бағдарлама әзірлеу» семинарлары өткізіледі. 2022 жылдың 20 қазаны мектеп үшін ерекше күн болды. Осы күні Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мектепке барды. Оқушылармен кездесіп, естелікке суретке түскен.

Сәуле Мешітбайқызы – саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесі мен білім беру ісіне арнаған аяулы ұстаз. Шәкірт бойына білім нәрін сіңірумен қатар, олардың рухани дамуына, адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуына ерекше мән беретін ол үшін білім мен тәрбие – егіз ұғым. Ахмет Байтұрсынұлының «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы» деген тағылымды сөзін өмірлік ұстанымына айналдырған ұстаздың білім ордасына арнайы ат басын бұруы да тегін емес еді.

Мектеп қабырғасында Сәуле Мешітбайқызы 6-сынып оқушыларының сабағына қатысып, жас өрендердің білімге деген құштарлығымен танысты. Кездесу барысында дарынды оқушылардың арасынан болашақ жас тілшілерді тапты. Айтжан Алпысбай мен Ақниет Сүлеймен бұдан былай «Мөлдір бұлақ» балалар журналының жас тілшілері атанды. Бұл – жас қаламгерлер үшін үлкен сенім мен шығармашылық жолға бастайтын жарқын мүмкіндік.

Сапар барысында Сәуле Мешітбайқызы мектептің ізденімпаз оқушыларымен, болашақ ғалымдарымен де жүздесті. «Enactus Ulytau» командасының жас мүшелері қонаққа фогпоника әдісімен өсірілген өсімдіктерін таныстырып, өздерінің тың ізденістерімен бөлісті. Өңірдегі су тапшылығын ескеріп, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мен қоршаған ортаны таза сақтауды мақсат еткен команда бірқатар жобаларды жүзеге асырып келеді. Жас зерттеушілердің қоршаған ортаға жанашырлықпен қарап, ғылымды нақты мәселелердің шешіміне бағыттауы ерекше қуантты.

Ал мектептің телестудиясында болашақ журналистер үшін тағылымға толы сәттер жалғасын тапты. Жас тілшілер Сәуле Мешітбайқызынан сұхбат алып, оның өмір жолы, ұстаздық ұстанымы мен шығармашылық ізденістері туралы сыр шертті. Тәжірибелі ұстаздың өнегелі әңгімесі жас журналистерге шабыт сыйлап, таңдаған мамандықтарына деген қызығушылықтарын арттыра түсті.

Кездесу соңында Сәуле Мешітбайқызы мектептің тілек дәптеріне жүрекжарды лебізін жазып қалдырды. Ұстаздың жылы сөзі мен ақ тілегі білімге құштар жас буынға көрсетілген сенімнің, олардың болашағына деген ізгі ниеттің белгісіндей болды. Бұл сапар – білім мен тәрбиенің, ғылым мен шығармашылықтың тоғысқан тағылымды кездесуі. Жас ұрпақтың бойындағы қабілетті байқап, талабына қанат бітіріп, ізденісіне демеу болу – ұлағатты ұстаздың өмірлік ұстанымы екенінің тағы бір айғағы.

Ulytau Hub: Ұлытау облысындағы цифрлық технологиялар мен IT-кәсіпкерліктің орталығы

Экспедиция мүшелері келесі кезекте Жезқазған қаласында Astana Hub дербес кластерлік қорының ресми филиалы – Ulytau hub орталығына ат басын тіреді. Бұл орталық 2024 жылдың 6 қарашасында ашылған болатын. Ulytau Hub жас мамандарды, стартаптар мен инновациялық жобаларды қолдаудың маңызды функциясын атқарады. Ulytau Hub-та өңірдің технологиялық дамуын, жасанды интеллекті мен стартап-экожүйесін дамытуға бағытталған іс-шаралар жүзеге асырылады. Офлайн іс-шаралар аясында қауымдастық кездесулері, мемлекеттік органдар өкілдеріне арналған жасанды интеллект бойынша оқыту воркшоптары, мобилография бойынша шеберлік сыныптары, бизнес-жоспарлау және цифрлық маркетинг бойынша спикер-талк-сессиялар, тимбилдингтер, сондай-ақ студенттерге арналған IT-конференциялар ұйымдастырылды, онда қатысушылар өз жобаларын таныстырып, сараптамалық ұсыныстар алды. Білім беру бастамаларына ерекше назар аударылды: стартап-академиялар аясында воркшоптар, AI-стартапты нөлден құру курсы, сондай-ақ қатысушыларға бағдарламалаусыз цифрлық өнімдерді әзірлеу құралдарын меңгеруге мүмкіндік берген No Code технологиясы бойынша қарқынды буткемп өткізілді.

2026 жылы Ulytau Hub-та өңірдің технологиялық дамуын, жасанды интеллектісін және стартап-экожүйесін дамытуға бағытталған 72-ден астам іс-шара өткізілді. Негізгі іс-шаралардың бірі – «Baursaq pitch» іс-шарасы, оның аясында қатысушылар өздерінің стартап-идеяларын таныстырып, қазылар алқасының мүшелерінен сараптамалық пікір алды. Наурыз мерекесі аясында «Digital Nauryz» жобасы жүзеге асырылды, онда қалалық алаңда технологиялардың, инновациялардың және идеялардың кең аудиторияға ашық цифрлық киіз үй-кеңістігі ашылды. Сондай-ақ, Digital Kazakhstan Battle жартылай финалы өтті, оған үш стартап-жоба қатысты. Іріктеу қорытындысы бойынша қатысушылардың бірі Шымкент қаласында өтетін келесі кезеңде өңір атынан өнер көрсету мүмкіндігіне ие болды.

Сонымен қатар, хабта стартап академиясы аясында кәсіпкерлік дағдыларды дамытуға және жобаларды дайындауға бағытталған түрлі воркшоптар ұйымдастырылды. Білім беру бағдарламаларына ерекше назар аударылды – бағдарламалау дағдылары жоқ қатысушылар үшін де қолжетімді AI-стартапты нөлден құру курсы сәтті өтті. Сондай-ақ жақында Pizza Pitch шарасы өтті, оның аясында қатысушылар өздерінің стартап-жобаларын таныстырып, қазылар алқасының мүшелерінен сараптамалық кері байланыс алды. І-орынды Zhezguys командасының GastroDetect жобасы иеленді. Бұл – ауаны талдау негізінде асқазан обыры қаупін ерте анықтайтын портативті құрылғы. Тоғыз газ сенсоры мен машиналық оқыту алгоритмдерінің көмегімен құрылғы аурудың бар екенін көрсететін ұшпа органикалық қосылыстарды талдайды. Жоба әсіресе шалғай елді мекендердің тұрғындары үшін бастапқы скринингтің қолжетімді әдісін жасауға бағытталған. Екінші орынды топырақты пайдаланбай өсімдік өсірудің заманауи әдістеріне негізделген мектептік бизнес-жоба – «Альбион» жобасы иеленді. Жобада фогпоника технологиясы қолданылады, онда қоректік заттары бар су ультраұсақ тұманға айналып, өсімдік тамырларына тікелей беріледі. Үшінші орынды SEO Jarvis иеленді – бұл компаниялардың және олардың контентінің іздеу жүйелері мен AI қызметтеріндегі көрінуін арттыруға арналған SEO және GEO ілгерілетуді автоматтандыру үшін жасанды интеллектке негізделген сервис.

Сәуле Мешітбайқызы арнайы мекеменің тыныс-тіршілігімен, атқарып жатқан жұмыстарымен жақынырақ танысты. Оның сапары жастардың басын қосып, жаңа идеяларға жол ашқан ерекше сәтке ұласты.

Дәл осы күні хабта «Жастар Рухы» жастар қанатының Jasampaz AI «UPGRADE» мобилография және жасанды интеллект курсы бойынша оқыту сабақтары өтіп жатқан еді. Жастардың заманауи технологияларды меңгеріп, цифрлық мүмкіндіктерді игеруге деген ынтасын көрген Сәуле Мешітбайқызы қуанышын жасыра алмады. Жастармен жүздесіп, жаңашылдыққа ұмтылған, заманауи келбеті қалыптасып келе жатқан цифрлық Ұлытаудың тынысымен танысу оған ерекше әсер қалдырды.

Кездесу барысында ол жастарға жылы лебізін білдіріп, ізгі тілегін жеткізді:

«Міне, енді мен де хабтың немен айналысатынын білдім. Қандай тамаша! Жастар бас қосып, білім алып, жаңа дүниелерді үйреніп жатыр. Жасанды интеллект, цифрлық Қазақстан – мұның бәрі уақыт талабы. Ең бастысы, сіздер осы мүмкіндіктерді игілікке жаратып, жақсы мақсаттарға пайдаланыңыздар!» – деп ақжарма тілегін арнады.

Бұл кездесу – Ұлытау жастарының білімге құштарлығы мен жаңашылдыққа деген талпынысын айшықтаған тағылымды жүздесу болды. Осы тағылымды кездесуден қалған жылы әсер мен жүрекжарды тілектер жас буынға шабыт сыйлап, ізденіс жолында нық қадам басуға жігер бергені сөзсіз.

Гауһар тәж музейге қойылды

Сәуле Мешітбайқызының облысқа сапары мазмұнды кездесулерге, жүрекке жылу сыйлаған сәттерге толы болды. Сапардың дәл сол күні облыстық тарихи-археологиялық музейінде «Мөлдір өлең» ұлттық поэзия жобасының тұңғыш жеңімпаздары шығармашыл қауыммен жүздесіп, жырсүйер жұртшылықпен ой бөлісіп жатқан еді. Өнер мен өлең тоғысқан осы бір тағылымды басқосу руханиятқа жанашыр жандардың басын қосып, өңірдің әдеби өміріне ерекше серпін бергендей болды. Ұлттық жоба жайлы айтатын кететін болсақ, Қазақстан Жазушылар одағы мен ақын Мөлдір Айтбайдың бастамасымен қолға алынған «Мөлдір өлең» жобасы биыл алғаш рет ұйымдастырылды. Төрт айға созылған ұлттық поэзия додасына еліміздің 20 өңірінен 60 ақын қатысты. Мамыр айында басталған байқау бірнеше кезең бойынша өтіп, ақындар өзара сынға түсті.

Ұлытау өңірінің ақындары «Мөлдір өлең» ұлттық поэзия жобасында жыр додасының биігінен көрініп, туған өлкенің мерейін асқақтатты. Алғашқы айналымда Алматы облысының, екінші кезеңде Қостанай облысының, үшінші кезеңде Жетісу облысының ақындарынан басым түскен ұлытаулық өлең жүйріктері ақтық сында Қызылорда облысы мен Астана қаласының ақындарымен бақ сынады.

Нәтижесінде Бас жүлде – «Гауһар тәж» бен 3 миллион теңге Ұлытау ақындарының қанжығасына байланды. Осылайша, жыр додасында топ жарған жерлестеріміз туған өлкенің абыройын асқақтатып, ел мерейін үстем етті. Ал ақындық өнердің биік бағасына айналған ауыспалы тәж келесі жылға дейін облыстық тарихи-археологиялық музейде сақталатын болды. Руханиятқа олжа салған осындай айтулы шараның қадірлі қонақтарының қатарында Сәуле апай да болды. Әдебиет пен мәдениетке жанашыр қаламгер өңіріміздің өркендеуіне елеулі үлес қосқан ардақты азаматтар – Төлген Бүкіров, Береке Көшенов, Мұқаш Сейтқазинов, Ғалым Мұхамедин және Ғазиз Ештаевпен жүздесіп, елге еңбегі сіңген азаматтармен жылы шырайда әңгімелесті.

Ал Ұлытауға «Гауһар тәжді» сыйлаған жас ақындар – Абай Ораз, Жанат Әбдіғожин мен Мұқағали Сейтқазы жырдан шашу шашып, көрермен қауымды сырлы өлеңмен сусындатты. Жас ақындардың жалынды жырлары мен жүрекке жеткен жыр жолдары поэзияның құдіретін сездіріп, кештің көркін аша түсті.

Бұл басқосу – Ұлытау ақындарының жеңісін ұлықтаған мерейлі сәт қана емес, ұрпақтар сабақтастығы мен рухани құндылықтардың қадірін танытқан тағылымды жүздесу болды. Өлеңге құрмет көрсетіліп, сөз өнеріне тағзым етілген осындай кештер елдің рухани байлығын еселеп, жас таланттардың қанатын қатайта түсетіні анық.

Шығармашылыққа шабыт сыйлаған көрме

 Жезқазған қаласындағы Ұлытау облыстық тарихи-археологиялық музейінің көрме залында креативті индустрия өкілдерінің көрме-жәрмеңкесі өтті. Тағылымды шараға ҚР  еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, журналист Сәуле Мешітбайқызы да қатысты.

Көрме-жәрмеңкенің басты мақсаты – шығармашыл жандардың еңбегін насихаттау, отандық өнімдерді қолдау, қолөнер шеберлері мен креативті индустрия өкілдерінің шығармашылық әлеуетін таныту.

Көрмеде қатысушылар өздерінің бірегей туындыларын, қолөнер бұйымдары мен шығармашылық өнімдерін көпшілік назарына ұсынды. Әрбір жұмыстан шеберлердің ізденісі, талғамы мен ұлттық құндылықтарға деген құрметі аңғарылады. Мұндай бастамалар жергілікті өнер иелерінің еңбегін дәріптеп қана қоймай, олардың шығармашылық мүмкіндіктерін кеңейтуге де жол ашады.

Сәуле Мешітбайқызының көрмеге қатысуы шығармашылық ортаға қолдау білдірудің және өңірдегі тың бастамалармен танысудың маңызын айқындай түсті. Сондай-ақ бірнеше жас шебердің кәсібіне қолдау білдіріп тауарын сатып алды. Мәселен жас суретші Айшабибі І-топтағы мүмкіндігі шектеулі жан болса да оның салған суреттері көрмеге келушілерді таңқалдырды. Ол – республикалық шығармашылық байқауларда жеңімпаз атанып жүрген жас дарын. Ұстазы Жібек Өмірханқызы Айшабибінің талантын ашып, қоғамға бейімделіп кетуіне көп еңбек еткен. 

 

Жошы хан, Алашахан, Домбауыл кесенелері өңірдің туризмін дамытып отыр

Ұлытау облысы құрылғалы бері туризм жақсы дамып келеді. Үш жүздің басын қосқан киелі мекенде 800-ден астам тарихи-археологиялық және сәулет ескерткіші бар. Оның 13-і республикалық мәртебеге ие. XIII ғасырға жататын Жошы хан кесенесі қазақстандық туристермен қатар шетелдік туристерді қызықтырып отыр. Мәселен жыл басынан бері облысқа 5000-ға жуық турист келсе, оның 2000-ы шетелдік азаматтар екен. Олардың қызығушылығын арттырып отырған осы – Шыңғыс ханның тұңғыш ұлы, әйгілі қолбасшы әрі Жошы ұлысының негізін қалаушы Жошы хан кесенесі. Жошы ханның кесенесінің жанынан музей ашып, кешен салу туралы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы тапсырма берген. Кейін кесене маңында алыстан көз тартатын үлкен тарихи-мәдени кешен бой көтерді. 

Алашахан кесенесі құпияға толы, күні бүгінге дейін толық зерттелмеген ұлт мұрасы. Ортағасырлық сәулет өнерінің көрнекті, ерекше салынған ескерткіші мұнда келушілерді әлі де толғандырады. 

Халық арасында Алашахан елдің басын біріктірген билеуші ретінде суреттеледі. Дегенмен бұл кесенеде кім жерленгені туралы нақты мәлімет жоқ. Зерттеуге бағытталған бірнеше экспедиция сәтсіз аяқталған. 

Сарыарқаның сайын даласына айрықша сән беріп, тарихтың тереңінен сыр шертетін қасиетті мекенге Сәуле Мешітбайқызы да арнайы ат басын бұрды. Ұлытаудың ұлылығын ұғындыратын көне кесенелер мен кең даланың көркем көрінісі оған ерекше әсер қалдырды.

«Ұлытауға алғаш келуім емес. Десек те, әр келген сайын өзгеше әсер аламын. Мына сайын даланы қараңдаршы! Жошы хан жатыр, Алаша хан мен Домбауыл кесенелері қандай әдемі салынған! Бабаларымыздың басына бір соғып, перзенттік парызымызды өтеп, Құран бағыштамай кетуге болмайды», – дейді ол. 

Тарихы терең, тағылымы мол Ұлытау – ұлт руханиятының алтын бесігі, бабалар аманаты мен ұрпақтар сабақтастығы тоғысқан қасиетті өлке. Мұндай сапарлар өткенге тағзым етіп қана қоймай, туған жердің қадірін тереңірек сезінуге жетелейді.

 

«Qazaqstan dauiri» газеті партиямен бірге

Экспедиция мүшелерінің Ұлытау облысына сапары мазмұнды кездесулерге, тағылымды әңгімелерге толы болды. Сапар барысында ол өңірдің қоғамдық өміріне белсене араласып жүрген бірқатар азаматтармен жүздесті. Солардың бірі – «Әділет» партиясы Ұлытау облыстық филиалының жас басшысы Ақжол Құрмансейіт.

Ақжол Құрмансейіт шілде айында партия филиалының басшылығына тағайындалған. Бұған дейін мемлекеттік органдарда еңбек етіп, мол тәжірибе жинақтаған жас басшы жаңа қызметінде де жұмысты жүйелеп, ұжымның алдағы міндеттеріне тың серпін беріп келеді. 

Сондай-ақ ол Қазақстан Республикасы Құрылтайына кандидаттар қатарында болды. Білім-білігімен, іскерлігімен және өңірдің қоғамдық өміріне белсенді араласуымен танылған азаматтың алға қойған мақсаты айқын.

Сәуле апай мен Ақжолдың жүздесуі алғаш рет өткенімен, әңгімелері бірден жарасып, екеуі тез тіл табысты. Адамның болмысын бір ауыз сөзінен аңғаратын, өмірлік тәжірибесі мол, талай жақсы мен жайсаңды көрген Сәуле Мешітбайқызы жас басшының бойындағы іскерлік пен ізденісті, азаматтық ұстанымды аңғарып, оған ризашылығын білдірді.

Партия филиалында өткен кездесуде Ақжол Құрмансейіт қадірлі қонақты ұжыммен таныстырып, алдағы жұмыс жоспарларымен бөлісті. Әңгіме барысында өңірдің қоғамдық тынысы, ел мүддесі жолындағы міндеттер мен алдағы бастамалар сөз болды.

Ұрпақтар сабақтастығы мен тәжірибе алмасуының мәні осындай кездесулерде айқын көрінеді. Бірі – талай белесті еңсерген қаламгер, елге еңбегі сіңген қайраткер, екіншісі – қоғамдық қызметте өзіндік жолын қалыптастырып келе жатқан жас басшы. Екі буын өкілінің осылайша жүздесіп, пікір алмасуы – ел болашағына бейжай қарамайтын азаматтарды жақындастыратын жарасымды байланыс.

Партия филиалында болған кездесуде төраға ұжыммен таныстырып, алдағы жұмыстар жайлы жоспарларымен бөлісті. 

Газет бұған дейін де партиямен тығыз қарым-қатынаста болған. Алдағы уақытта да бірлескен достық жалғасын табады деп сенеміз. 

Басылымның еліміздің әр өңірін аралап, ел ішіндегі елеулі жаңалықтармен танысуға, халықтың тыныс-тіршілігін зерделеуге бағытталған дәстүрлі «Цифрлық Қазақстан ауылы – ұлт руханиятының қайнар көзі» атты экспедициясы әлі де жалғасуда. Бұл сапардың басты мақсаты – Қазақстанның әр аймағындағы өмір тынысын танып-білу, елдің өткені мен бүгінін сабақтастыра отырып, өңірлердің жетістіктері мен өзекті мәселелерін көпшілікке жеткізу.

Сапар барысында өңірдің тыныс-тіршілігімен танысып, ел өміріндегі маңызды мәселелерге назар аударылды. Жергілікті жұртшылықпен жүздесу, азаматтардың ой-пікірін тыңдау, аймақтың әлеуеті мен даму мүмкіндіктерін зерделеу – осындай экспедициялардың маңызды бағыттарының бірі. Әрбір кездесу жаңа ойға жетелеп, әрбір таныстық ел ішіндегі ізгі бастамалар мен игі істердің қадірін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.

Ұлытау сапары да мазмұнды кездесулерге, тағылымды әңгімелерге, тың әсерлер мен жаңа таныстықтарға толы болды. Қасиетті өлкенің тарихи маңызымен қатар, бүгінгі даму үдерісі, тұрғындардың тыныс-тіршілігі мен өңірдің келешегіне қатысты мәселелер де алдағы жарияланымдарға арқау болмақ. 

Ұлытау туралы мақалалар алдағы уақытта тұрақты түрде жарияланып, оқырман назарына ұсынылады. Қасиетті өлкенің тарихы мен тағылымы, бүгінгі тыныс-тіршілігі мен ертеңге бағытталған бастамалары баспасөз бетінде кеңінен қамтылмақ. Өйткені Ұлытауды тану – ұлт тарихын тану. 

Дәстүрлі экспедиция жұмысы бүгінде Батыс Қазақстан облысында жалғасуда. Бұл сапардың тағылымды сәттері мен қызықты кездесулері, өңірдің тыныс-тіршілігі туралы кең көлемді мақаланы газетіміздің алдағы нөмірлерінен оқи аласыздар.

Гүлден ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ, Ұлытау облысы
29.10.2026

Ұқсас жаңалықтар

Ұлытау – ұлттың жүрегі, тарихтың тірегі
Гүлден ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ, Ұлытау облысы - 29.10.2026 74
Еуропа  дүрлігіп жатыр
Ерғазы Сейтқали - 23.10.2026 265

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 28982
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 28534
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 45813
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 41452
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 46124